Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | ТӨРТ САЛТ АТТЫ ҚАЙДА ШАУЫП БАРАДЫ?

Атқа қонған төртеу: ол кімдер?

Атқа қонған төртеу: ол кімдер?

Төрт салт атты жайындағы аян түсініксіз әрі жантүршігерлік болып көрінер. Бірақ оның берер мәні басқа. Киелі жазбалар мен қазіргі заман тарихы әр салт аттының нені бейнелейтінін ұғуға көмектеспек. Шауып келе жатқан аттар жердегілерге қасірет төнетінін ескерткенмен, бұл аян сіз үшін де, жақындарыңыз үшін де жақсылықтың жаршысы бола алады. Қалайша? Бұл үшін, алдымен, әр салт аттының нені бейнелейтінін көрейік.

АҚ БОЗ АТҚА МІНГЕН САЛТ АТТЫ

Аянның сөздері былай басталады: “Мен қарадым да, ақ боз атты көрдім. Атта отырғанның қолында садағы бар екен, сондай-ақ оған тәж берілді. Ол жолындағы жауларын жеңіп, ақырында, толық жеңіске жету үшін аттанды” (Аян 6:2).

Ақ боз атта отырған кім? Мұны Аян кітабының басқа бір тарауынан анықтаймыз. Онда көкте шауып келе жатқан бұл салт атты “Құдай Сөзі” деген есіммен аталады (Аян 19:11—13). “Сөз” деген лауазым Иса Мәсіхке тиесілі, себебі ол — Құдайдың атынан сөйлейтін өкіл (Жохан 1:1, 14). Жазбаларда Иса “патшалардың Патшасы, иелердің Иесі” деген атпен де сипатталып, оның “Адал да Шынайы” екені айтылады (Аян 19:11, 16). Ол шынымен де жауынгер патша болуға билігі бар және бұл билігін ол ешқашан теріс қолданбайды. Десе де біраз сұрақтар туындауы мүмкін.

Мысалы, Исаға жауға аттанып, жеңіске жетуге кім билік берді? (Аян 6:2). Даниял пайғамбар көрген бір аянда Иса Мәсіх “адам ұлына” ұқсатылады. “Ежелден бар Тәңір Ие, яғни Ехоба Құдай *, оған “билік, даңқ пен патшалық” тапсырады (Даниял 7:13, 14). Көргеніміздей, Исаның қолына билік беріп, үкімді жүзеге асыруға қуаттап отырған — Құдіреті шексіз Құдайдың өзі. Ал аттың ақ түсі Құдай Ұлының әділ соғыс жүргізетінін білдіреді. Өйткені Жазбаларда ақ түс жиі әділдіктің бейнесі ретінде сипатталады (Аян 3:4; 7:9, 13, 14).

Салт аттылар қашаннан бастап шауып келе жатыр? Аян кітабында айтылғандай, олардың біріншісі Иса тәж алғаннан кейін аттанған (Аян 6:2). Ал қай кезде Иса көкте тәж киіп, Патша болды? Бұл оның қайта тірілген соң көкке оралған кезі емес еді. Киелі кітапта айтылғандай, көкке оралғанда, оған бірталай уақыт күту қажет болған (Еврейлерге 10:12, 13). Жерде болған кезінде Иса шәкірттеріне күтетін уақытының аяқталғанын және көкте билік ете бастайтынын қалай айқындауға болатынын түсіндірген еді. Мәселен, ол көкте таққа отырғаннан кейін дүниедегі жағдай күрт нашарлап кететінін айтты. Жер бетін соғыстар, ашаршылық пен індет жайламақ еді (Матай 24:3, 7; Лұқа 21:10, 11). 1914 жылы Бірінші дүниежүзілік соғыс бұрқ еткенде, адамзаттың “соңғы күндер” деп аталатын ерекше қиын уақытқа аяқ басқаны анық болды (Тімөтеге 2-хат 3:1—5).

Неге Исаның 1914 жылы таққа отыруы жер бетіндегі жағдайды жақсартпай, керісінше ушықтырып жіберді? Себебі Иса ол уақытта жерде емес, көкте билік ете бастады. Содан көкте соғыс болып, жаңадан Патша болған Иса (оның тағы бір аты — Микайл) Шайтан мен оның жын-перілерін жерге лақтырды (Аян 12:7—9, 12). Билігі тек жердің төңірегімен шектелген Шайтан өз уақытының аз қалғанын біліп, қатты ашулы. Көп ұзамай Құдай жер бетін де Шайтаннан тазартады (Матай 6:10). Ал енді қалған үш салт атты біздің ерекше қиын уақытта, яғни “соңғы күндерде” өмір сүріп жатқанымызды қалай дәлелдейтініне назар аударайық. Бірінші салт атты нақты бір тұлғаны бейнелесе, қалған үшеуі жер-жаһанды демде-ақ шырмап алған оқиғаларды бейнелейді.

ҚЫЗЫЛ АТҚА МІНГЕН САЛТ АТТЫ

“Сонда оттай қызыл басқа ат шықты. Адамдар бір-бірін өлтіру үшін, атта отырғанға жер бетінен тыныштықты жою билігі беріліп, үлкен семсер табыс етілді” (Аян 6:4).

Жүйткіп келе жатқан бұл салт атты соғысты білдіреді. Байқасаңыз, ол кейбір халықтың емес, бүкіл жер бетінің тынышын алуда. 1914 жылы тарихта ешқашан болмаған ғаламдық көлемде соғыс басталып кетті. Артынша одан да залалды Екінші дүниежүзілік соғыс бұрқ етті. Кейбір есептерге сай, 1914 жылдан бері соғыс пен қақтығыстарда өлген адамдардың саны 100 миллионнан асады екен! Бұған қоса, оңалмастай жарақат алған адамдар да аз болған жоқ.

Ал біздің күнімізде соғыс қаншалықты қатерлі күшке ие? Адамзаттың бүгінде жер бетінен жан атаулыны қырып жібере алатын бұрын-соңды болмаған күші бар. Тіпті бейбітшілікті ұран еткен БҰҰ сияқты ұйымдар да оттай қызыл атқа мінген салт аттыны тоқтата алмай жатыр.

ҚАРА АТҚА МІНГЕН САЛТ АТТЫ

“Қарадым да, қара атты көрдім. Атта отырған қолына таразы ұстап алыпты. Сонда төрт тіршілік иесінің арасынан: “Бір килограмдай бидай бір динар, үш килограмдай арпа бір динар болсын, ал зәйтүн майы мен шарапты бүлдірме”,— деген дауысты естідім” (Аян 6:5, 6).

Бұл салт атты аштықты бейнелейді. Тармақта азық-түліктің тапшы болатыны сонша — 1 килограмдай бидайдың құны 1 динар тұратыны айтылған. Бұл І ғасырда бір күндік еңбекақының құнына тең еді (Матай 20:2). Я болмаса әлгі 1 динарға 3 килограмдай арпа алуға болатын. Себебі арпаның бидайдан сапасы төмендеу саналатын. Осындай жоқшылық заманда үлкен отбасылар қалай күн көрмек еді? Халыққа сол қоғамда негізгі азық түрі болып саналған зәйтүн мен шарапты қатаң үнемдеу ескертілді.

Қара атта отырған осы салт аттының 1914 жылдан бері шапқылап келе жатқанына дәлел бар ма? Әлбетте! Аштық ХХ ғасырда 70 миллиондай жанның өмірін қиып кетті. Бұл жайында бір билік өкілі: “2012—2014 жылдар аралығында 805 миллион адам, яғни шамамен дүниежүзі бойынша халық санының тоғыздан бірі асқа жарымай жүр”,— деп мәлімдеді. Ал басқа бір есепте: “Жыл сайын ЖИТС, безгек пен туберкулезден көз жұматындарды қоса алғанда, ашаршылықтан одан да көп адам өлуде”,— делінген. Аштықта жүргендерге көмектесуге қанша күш жұмсалып жатқанмен, қара ат шабысын баяулатар емес.

СҰР АТҚА МІНГЕН САЛТ АТТЫ

“Қарадым да, сұп-сұр атты көрдім. Атта отырғанның есімі “Өлім” еді, оның соңынан өкшелеп көр келе жатты. Оларға ұзын семсермен, ашаршылықпен, індетпен және жыртқыш аңдармен жердің төрттен бір бөлігін өлтіруге билік берілді” (Аян 6:8).

Төртінші салт атты індетпен не басқа да себептермен адамзатты жалмап жатқан өлімді бейнелейді. 1914 жылдан кейін “испан тұмауы” деген жойқын індет ондаған миллион адамның өмірін әкетті. Бұл тұмауды шамамен 500 миллион адам, яғни сол дәуірде өмір сүрген адамдардың әр үшіншісі жұқтырған екен!

Алайда испан тұмауы адамзатқа төнген қасіреттің тек бастамасы еді. Сарапшылардың айтуынша, ХХ ғасырда шешек ауруынан 300 миллионнан аса адам қаза болды. Медициналық жетістіктерге қарамастан әлі де миллиондаған адам ЖИТС, туберкулез бен безгек ауруларынан өмірінен айырылуда.

Не керек, соғыс, аштық пен індет адамдарға аяусыз ажал құштырып келеді. Ал еш тойымсыз “Көр” болса арттарынан жүріп, марқұмдарды жалмауда.

АЛДА ТЕК ЖАҚСЫЛЫҚ!

Жақында қайғы-қасіреттің тамырына балта шабылады. Мына жайтты есте тұтқан жөн: Иса 1914 жылы Шайтанды жерге лақтырып, “толық жеңіске жету үшін аттанды”. Бірақ толық жеңіске ол әлі жеткен жоқ (Аян 6:2; 12:9, 12). Жуырда Иса ақырғы Армагеддон шайқасында Шайтанның билігіне тоқтау қояды да, оның шашбауын көтеріп жүрген адамдарды біржола жояды (Аян 20:1—3). Сонда Иса қалған үш салт аттыға бөгет қойып, олар әкелген барлық залалдың орнын толтырады. Қазір осыған қатысты Құдай Сөзінде қандай уәделер жазылғанын көрейік.

Соғыстың орнын бейбіт заман басады. Ехоба Құдай “күллі жержүзіндегі соғыстарды тоқтатады, садақты сындырып, найзаны да быт-шыт қылады” (Зәбүр 46:9). Бейбіт адамдар “керемет тыныштық орнағанын көріп, шаттыққа кенеледі” (Зәбүр 37:11).

Ашаршылық тоқтап, азық-түлік ағыл-тегіл мол болады. “Жер бетіне астық мол шығады, таулардың басында да ағыл-тегіл болады” (Зәбүр 72:16).

Иса жақында үш салт атты әкелген барлық залалдың орнын толтырады

Індеттер мен өлім ұмыт болады. Адамдар ауырмай, сырқамай, мәңгі жасайды. “Құдай олардың көзіндегі әрбір жасты сүртіп тастайды, енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды” (Аян 21:4).

Исаның жерде болғанда жасаған игі істері болашақта адамзат үшін не істейтінінің көрінісі болды. Мысалы, ол басқаларды бейбітшілікке баулыды, керемет түрде мыңдаған адамды тамақтандырды, ауруларды сауықтырды, тіпті өлгендерді қайта тірілтті (Матай 12:15; 14:19—21; 26:52; Жохан 11:43, 44).

Аяндағы салт аттылар шабуды тоқтатқан уақытқа қалай дайын бола алатыныңызды Ехоба куәгерлері көрсетіп беруге әзір. Осы жайлы біле түскіңіз келер ме еді?

^ 7-абзац Ехоба — Киелі кітапта жазылған Құдайдың есімі.