Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Киелі кітап және сіздің болашағыңыз

Киелі кітап және сіздің болашағыңыз

ЕЛЕСТЕТІП КӨРІҢІЗШІ, сіз күн батқан соң, қараңғы көшемен келе жатырсыз. Бірақ адасып қаламын деп қорықпайсыз, себебі қолыңызда қуатты қолшамыңыз бар. Оның жарығын жерге түсірсеңіз, аяғыңыздың астында не жатқанын анық көресіз. Ал егер оны көтеріп, алға бағыттасаңыз, оның өткір жарығы алыс жолды да көрсетіп береді.

Киелі кітапты да осындай қолшаммен салыстыруға болады. Алдыңғы мақалалардан білгеніміздей, Құдай Сөзі аяғымыздың астында жатқан, яғни мына тұрақсыз заманда күн сайын бетпе-бет келетін проблемаларды шешуге көмектесе алады. Алайда Құдай Сөзінің құдіреті мұнымен шектелмейді. Ол болашаққа сәуле шашып, бақыт пен қанағатқа толы баянды өмірге апаратын жолды көрсете алады (Зәбүр 119:105). Қалайша?

1) Өмірдің мәнін табуға және 2) Жаратушымен мәңгі дос болуға көмектесу арқылы Киелі кітап жарқын болашаққа деген берік үміт береді.

1. ӨМІРДІҢ МӘНІ

Киелі кітапта өмірдің қиындықтарын шешуге көмектесетін ақыл-кеңестер көп-ақ. Бірақ ол тек адамның өзіне пайдалы болатын кеңестерден ғана тұрмайды. Киелі кітап бізді өз уайымымызбен ғана алыспай, өзгелерді де ойлауға шақырады. Солай етсек қана өміріміздің мәні кіреді.

Мысалы, Киелі кітапта: “Алғаннан гөрі берген бақытты”,— деген қағида бар (Елшілердің істері 20:35). Сіздің біреуге қаржылай көмек көрсеткен кезіңіз болған ба? Досыңыз сізге жүрегін ақтарғанда, оны бар зейінмен тыңдағансыз ба? Сіздің арқаңызда басқа адамның күні тамаша өтсе, бұл сізді зор бақытқа кенелтеді, солай емес пе?!

Есесіне еш нәрсе күтпестен жақсылық жасасақ, қуанышымызда шек болмайды. Бір жазушы былай деген екен: “Жақсылық жасаған адамға қарымтасы міндетті түрде екі есе боп қайтады. Бірақ бұл үшін ол есесіне ештеңе күтпей беруі қажет”. Әсіресе қайтаруға шамалары жоқ адамдарға жақсылық жасасақ, мұның қарымтасы бізге таудай болып қайтады. Өйткені Жаратушымыз мұндай қайырымды істерді өзіне қарыз бергендей қабылдайды және мұны өзімен бірге иық тіресе еңбектену деп біледі (Нақыл сөздер 19:17). Ол көмекке мұқтаж жандарға жасаған жақсылығымызды жоғары бағалайды және жер бетінде орнайтын жұмақта мәңгілік өмірге жеткізіп, қарымтамызды қайтаруды уәде етеді. Бұл неткен керемет үміт десеңізші! * (Зәбүр 37:29; Лұқа 14:12—14).

Алайда Киелі кітап үйрететіндей, өмірдің мәнін табудың ең басты жолы — жалғыз шынайы Құдай Ехобаға ғибадат ету. Киелі кітап бізді Құдайды мадақтауға, құрметтеуге және мойынсұнуға шақырады, өйткені ол бұған әбден лайық (Уағыздаушы 12:13; Аян 4:11). Осылай еткенімізде, бір керемет нәрсе орын алады: біз Жаратушымызды қуанышқа бөлейміз! Оның өзі де бізге: “Ақылды бол, балам, жүрегімді қуант”,— дейді (Нақыл сөздер 27:11). Егер Киелі кітаптағы қағидаларды ескеріп, өмірде дұрыс шешімдер қабылдайтын болсақ, көктегі сүюші Әкеміздің жүрегі қуанады. Өйткені ол біз үшін қам жейді, әрі үйреткен тәліміне құлақ асып, пайдасын көргенімізді қалайды (Ишая 48:17, 18). Расымен де, Әлемнің Әміршісіне ғибадат етіп, оның жүрегін қуантатын жолмен жүрсек, өмірдің бұдан артық қандай мәні болуы мүмкін?!

2. ЖАРАТУШЫМЕН ДОС БОЛУ

Киелі кітап Жаратушымызбен дос болуға шақырады. Онда былай делінген: “Құдайға жақындаңдар, сонда ол да сендерге жақындайды” (Жақып 4:8). Кейде пенденің құдіретті Құдаймен дос болуы мүмкін бе деп ойланатын шығармыз. Бірақ Киелі кітапта күмәнімізді сейілтетін сөздер бар. Егер Құдайды іздейтін болсақ, оны міндетті түрде табамыз, себебі “ол әрқайсысымыздан алыс емес” (Елшілердің істері 17:27). Киелі кітаптың шақыруын қабыл алып, Құдаймен дос болу болашағымыз үшін өте маңызды. Қалай дейсіз ғой?

Мысалы, бәріміз де еш қашып құтыла алмайтын өлім деген жаудың құлдығындамыз (Қорынттықтарға 1-хат 15:26). Бірақ біздің Жаратушымыз — мәңгілік. Ол ешқашан өлмейді. Ол достарының да мәңгі өмір сүргенін қалайды. Өзін іздейтін адамдар үшін Ехоба Құдайдың қандай тілегі бар екенін Киелі кітап мынандай әдемі сөздермен жеткізеді: “Лайым олар мәңгілік бойы өмірдің рақатын көрсін!” (Зәбүр 22:26).

Құдаймен мәңгі дос болу үшін не істеу керек? Оның Сөзі Киелі кітаптан ол туралы әрі қарай да білім ала беру қажет (Жохан 17:3; Тімөтеге 2-хат 3:16). Оқығаныңызды түсіну үшін оның көмегіне жүгініңіз. Киелі кітапта Құдайдан бар жүрекпен даналық сұрай берсек, ол “еш жазғырмай беретіні” айтылған * (Жақып 1:5). Алған біліміңізге сай жүріп-тұруға күш сала беріңіз. Сонда Құдай Сөзі қазір де, мәңгілік бойы да “аяғыңызға жарығын, жүрер жолыңызға нұрын шашады” (Зәбүр 119:105).

^ 8-абзац Мәңгі өмір сүру үміті жайында Ехоба куәгерлері басып шығарған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабының 3-тарауынан біле аласыз.

^ 13-абзац Ехоба куәгерлері Жазбаларды түсінуге көмектесетін тегін Киелі кітап курсын ұсынады. Бұл туралы “Киелі кітап зерттеу сабағы қалай өтеді?” деген бейнероликтен біле аласыз. Ол үшін jw.org сайтына кіріңіз.

Құдай — мәңгілік. Ол достарының да мәңгі өмір сүргенін қалайды.