Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Жұлдызжорамал мен бал ашу болашақтың айнасы ма?

Жұлдызжорамал мен бал ашу болашақтың айнасы ма?

ЖҰЛДЫЗЖОРАМАЛ

Жұлдызжорамал — сәуегейліктің бір түрі. Ол жұлдыздар, Ай мен планеталар адамдардың өміріне ықпал ете алады деген сенімге негізделген. Жұлдызжорамалшылардың айтуынша, адам туылған кездегі аспан денелерінің орналасуы оның белгілі бір тұлға болып қалыптасуына және болашағына әсер етеді.

Жұлдыздарға қарап жору сонау Вавилоннан бастау алғанына қарамастан, әлі күнге дейін кеңінен қолданылады. 2012 жылы АҚШ-та жүргізілген сауалнама бойынша, қатысушылардың үштен бірі жұлдызжорамалды “ғылымның бір саласы” деп, ал 10 пайызы оны “ғылымның нақ өзі” деп білетіні анықталды. Бұл расында солай ма? Қазір мұны жоққа шығаратын бірер жайтқа көңіл бөлейік.

  • Аспандағы жұлдыздар мен планеталардың адам өміріне әсер ететін күші жоқ.

  • Жасалған жорамалдар тым жалпы болғандықтан, олар кез келген адамға сай келе береді.

  • Бүгінгі жұлдызжорамалдық есептер ескі түсініктің — планеталар Жерді айналады деген тұжырымның — негізінде жасалады. Алайда планеталар Күнді айналады.

  • Жұлдызжорамалшылардың бір адамға қатысты айтқан болжамдары бір-біріне сәйкес келмей жатады.

  • Жұлдызжорамал бойынша, адамдар туылған күндеріне қарай 12 топқа, яғни 12 зодиак белгісіне жатқызылады. Алайда ғасырлар бойы Жердің кеңістіктегі орны өзгеретінін ескерсек, зодиак белгілеріне жатқызылған күндер бұдан былай сол белгілерге сай келмей қалады.

Көпшілік зодиак белгілері адамның болмысын сипаттайды деп сенеді. Бірақ өмірде адамдардың туылған күндері бір болғанымен, мінез-құлықтары әртүрлі болады. Адамның туылған күні оның болмысы туралы ештеңе айтпайды. Адамды қандай болса сондай етіп қабылдаудың орнына, жұлдызжорамалшылар адамға өз болжамдарына қарай мінездеме береді. Бірақ бұл адамды білмей жатып, сыртынан тон пішуге жатады емес пе?!

БАЛ АШУ

Балгерлік ежелден бері бар. Адамдар мал мен мәйіттің ішкі мүшелеріне, әтештің жемін шоқып жегеніне қарап бал ашқан. Басқалары шайдың не кофенің тұнбасына қарап адамның болашағын жорыған. Бүгінде балгерлер таро картасын, кристалл шарын, құмалақты қолданады. Бірақ бал ашу болашақты білудің сенімді жолы ма? Жоқ, олай емес. Мұның себептеріне тоқталып өтейік.

Біріншіден, болжамдар бірізді бола бермейді. Түрлі тәсілдердің көмегімен жасалған болжамдар жиі бір-біріне қайшы келеді. Бір тәсілді қолданғанның өзінде жорамалдар әртүрлі болып шығады. Мысалы, әлдебіреу бірдей карталарды қолданатын екі балгерден болашағы жайлы сұраса, жауаптары бірдей болу керек емес пе?! Бірақ жиі бұлай болмай шығады.

Екіншіден, балгерлердің тәсілдері де, ниеттері де күмән тудырады. Сыншылардың айтуынша, карталар мен кристалл шарлары жай ғана көзбояушылық болып табылады. Балгерлер құралдарына емес, адамның өзін қалай ұстағанына қарап болжам жасайды. Мысалы, шебер балгер адамға жалпы сұрақтар қойып, оның сөздері мен қимылдарын мұқият бақылайды, сөйтіп, ол жайлы біраз мәліметті біліп алады. Сосын адамның өзі аңдамай айтқандарын балгер оның өзіне қайта айтады. Ал адамның сеніміне әбден кіріп алған соң, оның қалың қалтасын қағып алады.

КИЕЛІ КІТАПТЫҢ АЙТАРЫ

Жұлдызжорамал мен балгерлік адамның тағдыры шешіліп қойылған деген ой тудырады. Бұл шынымен солай ма? Киелі кітапта жазылғандай, біз неге сенетінімізді, қалай әрекет ететінімізді таңдауға еріктіміз әрі осы шешімдеріміз болашағымызға әсер етеді (Ешуа 24:15).

Құдайдан қорқатын адамдардың жұлдызжорамал мен балгерліктен бас тартуларының келелі себебі бар. Құдай сәуегейліктің кез келген түрін айыптайды. Киелі кітапта былай делінген: “Ешкім сәуегейлік, сиқырлық, бал ашу, бақсы-балгерлік, дуалау, тәуіпке жүгіну, көріпкелдік, аруақтарды шақыру дегендермен айналыспасын. Мұндаймен айналысатындар Ехобаға * жеркенішті” (Мұсаның 5-жазбасы 18:10—12).

^ “Бүкіл жер бетін билейтін жалғыз Құдай Тағаланың” есімі (Зәбүр 83:18).