Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Жүзеге асқан пайғамбарлықтың үнсіз жаршысы

Жүзеге асқан пайғамбарлықтың үнсіз жаршысы

ИТАЛИЯНЫҢ РИМ ҚАЛАСЫНЫҢ ОРТАЛЫҒЫНДА ЕЛ-ЕЛДЕН КЕЛГЕН ҚОНАҚТАРДЫ ТАҢ-ТАМАША ЕТЕТІН ЕҢСЕЛІ САЛТАНАТ АРКАСЫ ТҰР. ОЛ РИМНІҢ СҮЙІКТІ ИМПЕРАТОРЫ ТИТТІҢ ҚҰРМЕТІНЕ САЛЫНҒАН.

Тит аркасының екі жағындағы үлкен бедерлерде тарихта болған бір елеулі оқиға суреттеледі. Көп адам біле бермесе де, осы арка мен Киелі кітаптың маңызды бір байланысы бар: арка Киелі кітапта алдын ала жазылып кеткен сөздердің туралығын үнсіз дәлелдеп тұр.

ҮКІМ ШЫҒАРЫЛҒАН ҚАЛА

Сонау I ғасырда Рим империясының қол астына Британия мен Галлиядан (қазір Франция) бастап Мысыр жеріне дейінгі елдер кіретін. Бұл мамыражай тыныштыққа кенелген, өркендеп жатқан аймақтар еді. Бірақ шалғайдағы бір ел Римнің мазасын ала берді. Бұл тынымсыз Яһудея провинциясы болатын.

“Ежелгі Рим энциклопедиясында” былай делінген: “Римнің қол астындағы елдердің ішінде империямен Яһудея сияқты өштескен халық болмапты. Яһудилер салт-дәстүрлеріне мүлдем құрмет көрсетпеген шетелдік билеушілеріне ызаланса, римдіктер яһудилердің қыңырлықтарына әрең төзіп жүрген еді”. Яһудилердің көбісі саяси көсемдері пайда болып, жаулары римдіктерді қуып шығады, сөйтіп Исраил еліне алтын дәуірді қайта орнатады деп күтті. Бірақ б. з. 33 жылы Иса Мәсіх Иерусалимнің басына қасірет төнгелі тұрғанын айтты.

Иса былай деді: “Жауларың айналдыра үшкір бөренелер орнатып, сені қоршауға алып, жан-жағыңнан қыспақтайтын күндер басыңа туады. Сені жермен-жексен етіп, ішіңдегі балаларыңды да қырып тастайды. Бірде-бір тасыңды қалдырмай күл-талқаныңды шығарады” (Лұқа 19:43, 44).

Шәкірттері Исаның бұл сөздерін толық түсінбесе керек. Бұдан екі-ақ күн өтісімен, олардың бірі Иерусалимдегі ғибадатхананы көргенде: “Ұстаз, қараңызшы, қандай керемет тастар! Қандай керемет ғимараттар!”— деп тамсанған. Расында да, зерттеулер бойынша, ғибадатхананың кейбір тастарының ұзындығы 11, ені 5, ал биіктігі 3 метр болған екен! Алайда Иса шәкірттеріне мынаны айтты: “Өздерің көріп тұрған осылардың бәрі бірде-бір тасы қалмай күл-талқан болып қирайтын күндер келеді” (Марқа 13:1; Лұқа 21:6).

Иса сөзін жалғап былай деді: “Иерусалимді әскерлер қоршап алғанын көргенде, оның қаңырап бос қалатын кезі жақын қалғанын білесіңдер. Сонда Яһудеядағылар тауларға қашсын. Иерусалимдегілер қаладан шықсын, ал маңындағылар оған кірмесін!” (Лұқа 21:20, 21). Сонымен, Иерусалимге қатысты сөздер орындалды ма?

ҚАЛАНЫҢ КҮЙРЕУІ

Иса бұл сөздерді айтқаннан бері 33 жыл өтті. Яһудея Римнің езгісіне зорға шыдап жүрген болатын. Бірақ Яһудеяға прокуратор болып тағайындалған римдік Гессий Флор б. з. 66 жылы қасиетті ғибадатхананың қазынасынан ақша алғанда, яһудилердің қаны бастарына шапты. Содан қаруланған олар Иерусалимдегі римдік әскери бөлімге шабуылдап, қырып тастады да, Римнен тәуелсіз екендерін жариялады.

Үш айдай өткен соң Цестий Галл бастаған 30 000-нан астам римдік сарбаз бұл бүлікті басуға келді. Олар Иерусалимге тез-ақ кіріп, ғибадатхананың сыртқы ауласын қоршаған қабырғаның түбін қаза бастады. Бір кезде белгісіз бір себеппен олар кері шегінді. Яһудея бүлікшілері атой салып, әскердің соңынан қуа кетті. Екі жауласушы жақтың жоқтығын пайдаланып, мәсіхшілер Исаның айтқан ескертуіне сай, Иерусалимнен қаша жөнелді. Олар Иордан өзенінің арғы жағындағы тауларды паналады (Матай 24:15, 16).

Келесі жылы Рим империясы Яһудеяға қарсы жорығын қайта бастады. Бұл генерал Веспасиан мен оның ұлы Титтің бастауымен болды. Бірақ б. з. 68 жылы император Нерон қайтыс болып, Веспасиан таққа отыру үшін Римге қайтты. Ал жорықты баласы Тит пен 60 000-дай сарбазға қалдырды.

Б. з. 70 жылының маусымында Тит сарбаздарына Яһудеяның айналасындағы ағаштарды кесіп, бөренелерден қаланы айналдыра 7 километр қабырға тұрғызуды бұйырды. Ал шамамен үш айдан кейін римдіктер Иерусалим мен ғибадатхананы талан-тараж етіп, отқа орады. Иса айтқандай-ақ, олардың бірде-бір тасын қалдырмай жермен-жексен етті (Лұқа 19:43, 44). Есепке сай, Иерусалим мен елдің қалған аймақтарында “жарты миллионға жуық адам қаза тапқан”.

ЖЕҢІСТІ ТОЙЛАУ

Б. з. 71 жылы Италияға жеңіспен оралған Титті римдіктер үлкен қошеметпен қарсы алды. Астаналары Римде бұрын-соңды мұндай салтанатты шеру болмаған еді. Күллі жұрт бұл оқиғаны атап өтуге кірісті.

Жұртшылық Римнің көшелерімен шеруде алып өтілген олжаның молдығына таң-тамаша болды. Олар басып алынған кемелерді, соғыс көріністері бейнеленген өте үлкен арбаларды, Иерусалимдегі ғибадатханадан олжаға түскен бұйымдарды көріп қайран қалды.

Тит б. з. 79 жылы әкесі Веспасианның орнын басып, император болды. Бірақ екі жылдан кейін күтпеген жерден көз жұмды. Таққа оның інісі Домициан отырып, Титтің құрметіне салтанатты арка тұрғызды.

АРКАНЫҢ БҮГІНДЕГІ РӨЛІ

Римдегі Тит аркасының бүгінгі көрінісі

Титтің аркасы жыл сайын Римді тамашалауға келетін жүз мыңдаған туристің назарын жаулап алады. Біреулер үшін бұл арка сәулет өнерінің туындысы болса, басқалары үшін Рим империясының құдіреттілігіне берілген сый. Ал басқа біреулері арканы күйреген Иерусалим мен ондағы ғибадатханаға қойылған құлпытас деп көреді.

Киелі кітапты мұқият оқитындар үшін Титтің аркасының мәні бұдан тереңде жатыр. Ол Киелі кітаптағы пайғамбарлық сөздердің сенімді де тура екенін және Құдай рухының жетелеуімен жазылғанын үнсіз дәлелдеп тұр (Петірдің 2-хаты 1:19—21).