Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Өмір ӨМІР СҮРУГЕ тұрарлық

Өмір ӨМІР СҮРУГЕ тұрарлық

Фархад әйелінен айырылғаны аздай, бір жылдан кейін өзі де ауруға душар болып, шұғыл түрде жүрегіне ота жасалады. Ол былай дейді: “Әйүп кітабын оқығанда, Ехоба бұл кітапты текке жаздырмағанын түсіндім. Киелі кітаптан өзіңдікіне ұқсас бір оқиға табылғанда, жаралы жүрегіңе ем қонғандай болады. Расында да, өмірден күдер үзудің еш қажеті жоқ екен”.

Тоғжан анасынан айырылғанда өрімдей жас қыз еді. “Жаратушымызға сенгендіктен, бар қиындықтарыма қарамастан өмірім мән-мағыналы, үміт пен қуанышқа толы. Ехоба әр күнімізді өткеру үшін бізді қолдап, күш береді”,— дейді ол.

АЛДЫҢҒЫ мақалалардан түйгеніміз — өмірдегі түрлі жағдайлар адам үшін қара нар көтере алмастай ауыр болуы мүмкін. Батпандай жүгіңізді арқалай жүріп, мына сынды сұрақтар көкейіңізді тесіп, маза бермей жатқан болар: “Өмір сүрудің қажеті қанша? Біреуге керегім бар ма?” Көктегі Құдай жүрегіңізді жаншып жатқан қиындығыңызға көз жұма салмайды. Өйткені Жаратқан сізді жақұттай көреді.

Зәбүрдің 86-жырын жазған жыршы Құдайға деген сенімін былай жырлады: “Басыма күн туғанда өзіңді шақырамын, Өйткені сен жауап бересің” (Зәбүр 86:7). Бәлкім, сіз “басыма күн туғанда Құдай қалай жауап береді екен” деп ойлайтын шығарсыз.

Құдай басыңызға түскен бар қиындығыңызды бірден шешіп тастамайтын шығар. Алайда ол өз Сөзінде жаныңызға тыныштық сыйлайтынын уәде етеді. Оның сөздеріне назар аударыңызшы: “Еш нәрсені уайымдамаңдар, барлық өтініштеріңді дұға етіп, жалбарынып, ризашылықпен Құдайға білдіріңдер. Сонда Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығы жүректерің мен ой-саналарыңды Мәсіх Иса арқылы сақтайды” (Філіпіліктерге 4:6, 7). Ал қазір Құдай қамыңызды ойлайтынына көзіңізді жеткізу үшін Киелі кітап үзінділеріне ден қоюыңызды сұраймыз.

Құдай қамыңызды ойлайды

“Құдай [торғайлардың] бірде-біреуін елеусіз қалдырмайды... Сендер көп торғайдан әлдеқайда қымбатсыңдар!” (Лұқа 12:6, 7, сілтеме).

ОЙСАЛАР. Құдай үшін тарыдай құстың да таудай маңызы бар. Тіпті ұсақ торғайдың өзі Құдайдың назарынан тыс қалмайды. Олардың әрбіреуі ол үшін бағалы. Ал адамдар болса Құдай үшін торғайлардан әлдеқайда қымбат. Адамдар жасампаз Жаратушының қолынан шыққан жер бетіндегі ең ғажап та ғаламат туынды. Құдайға “ұқсас етіп” жаратылғандықтан, олар оның асыл қасиеттерін өз бойларында жетілдіріп, оларды өмірлерінде таныта алады (Мұсаның 1-жазбасы 1:26, 27).

“Уа, Ехоба, сен мені мұқият тексердің, мені жақсы білесің... Ойларымды да алыстан ұғасың... Мені тексеріп, мазалайтын ойларымды білші” (Зәбүр 139:1, 2, 23).

ОЙСАЛАР. Құдай сізді өте жақсы біледі. Жан баласына көрінбейтін жүрек түкпіріндегі ой-сезімдеріңіз оған аян. Уайымдарыңызды өзге жан түсінбесе де, Құдай түсінеді. Ол сізге көмектесуге әр кезде даяр. Бұл өмірден күдер үзбей, алға ұмтылуға себеп емес пе?!

Өмір мәнсіз емес

“Уа, Ехоба, дұғамды естіші, Көмек сұрап жалбарынған даусым саған жетсінші... Еңкейіп маған құлақ салшы, Шақырғанымда тезірек жауап қатшы... Ол қаріп-қасерлердің дұғасына ден қояды” (Зәбүр 102:1, 2, 17).

ОЙСАЛАР. Адамзат қасіретке душар болған кезден бастап Құдай олардың әрбір көз жасын байқайды (Зәбүр 56:8). Оның ішінде сіздің де көз жасыңыз бар. Әр қиындығыңыз, төккен әр жасыңыз оның жадында, себебі сіз ол үшін ерекше қымбатсыз.

“Еш абыржыма, мен сенің Құдайыңмын. Мен сені нығайтамын, саған көмектесемін... Мен, Құдайың Ехоба... саған: “Еш қорықпа! Мен саған көмектесемін!— деймін” (Ишая 41:10, 13).

ОЙСАЛАР. Құдай сізге көмек қолын созуға асық. Жығылған шағыңызда, ол сізді демеп тұрғызады.

Жарқын болашақ жаныңызға жалау болсын

“Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, өзінің жалғыз Ұлын құрбан етті. Енді оған сенген әркім жойылмай, мәңгілік өмірге ие бола алады” (Жохан 3:16).

ОЙСАЛАР. Құдайға сіз сондай қымбатсыз, ол тіпті өз Ұлы Иса пайғамбарды сіз үшін қиды. Осының арқасында сіз мәңгілік бойы бақытты да мәнді өмір сүре аласыз a.

Өміріңіз адам төзгісіз болып көрінсе, Құдай Сөзін мұқият зерттеп, оның уәделеріне деген сеніміңізді шыңдаңыз. Сонда бақытыңыз еселеніп, өмірдің өмір сүруге тұрарлық екеніне сеніміңіз нығаяды.

a Иса пайғамбардың төлем құрбандығының сіз үшін қандай игілігі бар екенін білу үшін www.pr418.com сайтына кіріп, “Иса пайғамбардың өлген күнін еске алу” деген бейнероликті көріңіз (БІЗ ЖӨНІНДЕ/ЕСКЕ АЛУ КЕШІ деген жерге кіріңіз).