Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

6-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Мінсіздіктен таймаңыз!

Мінсіздіктен таймаңыз!

“Өле-өлгенше мінсіздігімнен таймаспын!” (ӘЙҮП 27:5).

34-ӘН Мінсіздік жолымен жүру

АҢДАТПА *

1. Ехобаның үш қызметшісі қалай адал болып қалды?

КЕЛЕСІДЕЙ үш жағдайға кезіккен Ехоба куәгерлерін елестетіп көріңізші. 1) Бір кішкентай қыздың сыныбында мұғалімі бір мейрамға қатысатындарын айтады. Кішкентай қыз бұл мейрамның Құдайға ұнамайтынын білгендіктен, қатыспайтынын ілтипатпен айтып жеткізеді. 2) Ұялшақ бір бозбала үйден үйге уағыздап жүріп, мектептес бала тұратын үйдің қасына келеді. Бұған дейін ол Ехоба куәгерлерін мазақ еткен болатын. Сөйтсе де бозбала сол үйге барып, есікті қағады. 3) Отбасын асырау үшін тер төгіп еңбектеніп жүрген бір отағасынан бастығы заңсыз бір нәрсені істеуді сұрайды. Жұмысынан айырылып қалатынын білсе де, ол шыншыл болып, заңға бағыну керектігін, өйткені мұны Құдай талап ететінін айтып түсіндіреді (Рим. 13:1—4; Евр. 13:18).

2. Қандай сұрақтарды қарастырамыз және неге?

2 Осы үш адамның бойынан қандай қасиеттерді байқадыңыз? Бәлкім, ойыңызға бірден келгені батылдық, шыншылдық шығар. Алайда оларға ортақ бір айрықша қасиет бар. Бұл — мінсіздік. Үшеуі де Ехобаға деген адалдықтарынан таймады. Құдайдың талаптарынан аттап өту тіпті ойларына да келген жоқ. Мінсіздіктің қозғаушы күшімен олар жоғарыдағыдай әрекет етті. Ехоба үшеуін де мақтан тұтатыны сөзсіз. Біз де көктегі Әкеміздің мақтанышы болғымыз келеді. Олай болса, мына сұрақтарды қарастырайық: Мінсіздік деген не? Ол бізге не үшін қажет? Осы қиын күндері мінсіздігімізді сақтап қалуға не көмектеседі?

МІНСІЗДІК ДЕГЕН НЕ?

3. а) Мінсіздік деген не? ә) Мінсіздіктің мағынасын түсінуге қандай мысал көмектеседі?

3 Құдайдың қызметшілері үшін мінсіздік дегеніміз — Ехобаны бар жүрекпен сүю, оған мызғымас берілгендік сақтау. Осындай адам шешім қабылдаған әр жағдайда Құдайдың еркін бірінші орынға қояды. Мінсіздік сөзінің мағынасына үңіле түссек, Киелі кітаптағы бұл сөз бүтін, еш кемістіксіз я тұтас деген мағыналарды береді. Мысалы, Мұса Заңы бойынша исраилдіктер Ехобаға арнап еш кемістігі жоқ мал шалулары керек еді * (Мұс. 3-ж. 22:21, 22). Оларға бір аяғы, құлағы не көзі жоқ, я болмаса ауру малды әкелуге болмайтын. Ехоба үшін малдың бүтін, еш кемістіксіз болғаны маңызды еді (Малх. 1:6—9). Малдың еш кемістіксіз я бүтін болғанына Ехобаның неге мән бергені түсінікті. Өзіміз де бір нәрсе сатып алғанда, ол жеміс, кітап не қандай да бір зат болсын, оның бүтін, тұтас, кем-кетіксіз болғанын қалаймыз. Сол сияқты Ехоба да оған деген сүйіспеншілігіміз бен адалдығымыздың бүтін, еш кемістіксіз я тұтас болғанын қалайды.

4. а) Қалайша кемелсіз адам мінсіздік сақтай алады? ә) Зәбүр 103:12—14 тармақтарға сай, Ехоба нені талап етпейді?

4 Мінсіздік сақтау үшін мінсіз болу шарт па? Негізі, біз өзімізді мінсіз емес, керісінше, мін-кінәраты көп күнәкар сезініп жатамыз. Мінсіз болу шарт емес екеніне екі себеп бар. Біріншісі — Ехоба біздің кемшіліктерімізге қадалып қалмайды. Оның Сөзінде былай делінген: “Ехоба, егер сен күнәларымызды байқай берсең, Онда алдыңда кім тұра алады, уа, Ехоба?” (Зәб. 130:3). Ол біздің кемелсіз пенде екенімізді ескеріп, есепсіз кешіреді (Зәб. 86:5). Екіншісі — Ехоба шама-шарқымызды жақсы білгендіктен, қолымыздан келмейтінді талап етпейді (Зәбүр 103:12—14 оқыңыз). Олай болса, Құдай алдында бүтін, еш кемістіксіз я тұтас болу деген нені білдіреді?

5. Ехобаның қызметшілеріне мінсіздік сақтау үшін неліктен сүйіспеншілік керек?

5 Сүйіспеншіліктері болса ғана Ехобаның қызметшілері мінсіздіктерін сақтай алады. Көктегі Әкемізге деген сүйіспеншілік пен шын берілгендік бүтін, еш кемістіксіз я тұтас болу керек. Сын сағаттарда да сүйіспеншілігіміз осындай күйде болса, мінсіздік сақтай аламыз (Шеж. 1-ж. 28:9; Мат. 22:37). Кіріспеде айтылған үш Куәгерге оралайықшы. Олар неге сондай шешім қабылдады? Кішкентай қыз мектепте ойнап-күлгісі келмейді дейсіз бе? Жас жігіт есік алдында ыңғайсыз жағдайға қалып, ал отағасы жұмыстан айырылғысы келеді дейсіз бе? Әлбетте, жоқ. Бірақ олар Ехобаның әділ талаптарын біледі, әрі бар ойлары көктегі Әкелеріне ұнамды болуға бағытталған. Олар Ехобаны жақсы көргендіктен, шешім қабылдарда әрдайым оның ойын ескереді. Осылай мінсіз екендерін көрсетеді.

МІНСІЗДІК БІЗГЕ НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?

6. а) Мінсіздік бізге не үшін қажет? ә) Адам мен Хауа неге мінсіздік танытпады?

6 Мінсіздік неліктен маңызды? Неге ол әрқайсысымызға қажет? Себебі Шайтан Ехобаға және әрқайсысымызға кінә тақты. Бұл періште сонау Едем бағында бүлік шығарып, Шайтанға, яғни “Қарсыласқа” айналды. Ол Ехобаны жаман, өзімшіл, әділетсіз Билеуші деп қаралап, кіршіксіз есіміне дақ түсірді. Өкініштісі, Адам мен Хауа да Шайтанға еріп, осы бүлікке қосылды (Мұс. 1-ж. 3:1—6). Ойлап қарасақ, Едем бағында Ехобаға деген сүйіспеншіліктерін нығайтуға олардың қаншама мүмкіндіктері болды! Бірақ Шайтан кінә таққан сәтте олардың сүйіспеншіліктері бүтін, еш кемістіксіз я тұтас болмай шықты. Сонда “Ехобаны сүйетін, оған адал болып қалатын адам табыла ма?” деген сұрақ көтерілді. Басқа сөзбен айтқанда, мінсіздік сақтау адамдардың қолынан келе ме? Әйүптің жағдайында дәл осы сұрақ көлденең тұрды.

7. Әйүп 1:8—11 тармақтарда жазылғандай, Әйүптің мінсіздігіне Ехоба қалай қарады? Ал Шайтан ше?

7 Әйүп Исраил халқы Мысырда жүрген уақытта өмір сүрді. Ол өз заманында бірегей мінсіздік танытты. Әрине, ол да біз сияқты кемелсіз болғандықтан, қателік жасайтын. Десе де Ехоба оны мінсіздігі үшін жақсы көрді. Бұған дейін Шайтан Ехобаға кінә тағып, ешбір адам оған мінсіздік сақтамайтынын айтқанға ұқсайды. Сондықтан Ехоба оның назарын Әйүпке аударды. Әйүптің бүкіл өмірі Шайтанның өтірікші екенінің дәлелі еді! Шайтан оның мінсіздігін сынап көруді талап етті. Ехоба досы Әйүпке сенім артқандықтан, бұған жол берді (Әйүп 1:8—11 оқыңыз).

8. Шайтан Әйүпке қалай шабуылдады?

8 Шайтан — жауыз әрі кісі өлтіруші. Ол Әйүпті бүкіл қазына-байлығы мен қызметшілерінен, жұрт алдындағы абырой-атағынан айырды. Ол — ол ма, Шайтан оның отбасына қол сұғып, аялап өсірген он баласын мерт қылды. Сосын ол Әйүптің тәніне көшті. Оны табанынан қақ төбесіне дейін сыздатқан шиқан қаптатып, жанын азаптады. Адам төзгісіз қасіретті көтере алмай есеңгіреп қалған әйелі оған Құдайды қарғап, өле сал деді. Әйүп те өзіне өлім тілеген шығар, бірақ мінсіздігінен еш таймады. Сонда Шайтан басқа амалға көшті. Ол Әйүптің үш танысын қолшоқпар етті. Олар Әйүптің қасында бірнеше күн болса да, оны жарытып жұбатпады. Қайта, оны сөгіп, аяусыз жазғырды. Олар “Әйүптің басына қара бұлт үйірген Құдайдың өзі”, әрі “оның мінсіздігінен Құдайға келіп-кетер еш пайда жоқ” деді. Бұдан да сорақысы, Әйүп осы қасіреттің бәріне жасаған зұлымдығы үшін ұшырап отыр дегенге сайды (Әйүп 1:13—22; 2:7—11; 15:4, 5; 22:3—6; 25:4—6).

9. Көп азап көрсе де, Әйүп не істемеді?

9 Осыншама азапты Әйүп қалай көтерді? Ол кемелді болмаған. Жұбатуға келген доссымақтарын ол ашумен жекіп тастады, ашына сөйлеп, артынан өкінетін сөздер айтты. Ол Құдайдың емес, өз әділдігін қорғаумен әлек болды (Әйүп 6:3; 13:4, 5; 32:2; 34:5). Десе де өмірінің осындай көлеңкелі тұсында Құдайы Ехобадан теріс айналып кетуді ол ойына да алмады. Әйүп жалған достарының жалған айыптарына сенген жоқ. “Сендерді әділдердің қатарына еш жатқызбаспын! Өле-өлгенше мінсіздігімнен таймаспын!”— деді ол (Әйүп 27:5). Бұл сөздердің мәні орасан зор! Әйүп берілмеді. Бұл біздің де қолымыздан келеді.

10. Шайтанның Әйүпке таққан айыбының сізге қандай қатысы бар?

10 Шайтанның Әйүпке таққан айыбының сізге де қатысы бар. Шайтан сіз туралы да: “Ол Ехобаны шын сүймейді, өмірін сақтап қалу үшін Құдайдан бас тартып кетеді. Оның мінсіздігі — жай ғана көзбояушылық”,— дейді (Әйүп 2:4, 5; Аян 12:10). Бұл сөздер көңіліңізге тиді ме? Сірә, жаныңызға батқан шығар. Бірақ мына жайлы ойланып көріңізші: Ехоба сізге үлкен сенім артып, мінсіз екеніңізді дәлелдеуге керемет мүмкіндік беріп отыр. Иә, Ехоба Шайтанға мінсіздігіңізді сынауға жол беруде. Себебі ол мінсіздігіңізден айнымайтыныңызға, Шайтанның өтірікші екенін дәлелдеуге көмектесетініңізге сенімді. Сондай-ақ бұл істе сізге өзі-ақ көмектесетінін уәде етеді (Евр. 13:6). Әлемнің Әміршісінің сеніміне ие болу неткен абырой! Мінсіздіктің қаншалықты маңызды екенін байқадыңыз ба? Сол арқылы біз Шайтанның айыбын жоққа шығарамыз, Әкеміздің кіршіксіз есімін қорғаймыз және оның билігін қолдаймыз. Осы бір маңызды қасиетті қалай бекемдейміз?

МІНСІЗДІГІМІЗДІ БҮГІННЕН БЕКЕМДЕЙІК

11. Әйүптен не үйренеміз?

11 Түртпектеген осы соңғы күндері Шайтан да кері шегінер емес (Тім. 2-х. 3:1). Осынау қилы заманда мінсіздігімізді қалай нығайта аламыз? Бұл ретте де Әйүптің үлгісі көмекке келеді. Бақытсыздыққа ұшырамас бұрын да Әйүп мінсіздігінен еш айныған емес. Қазір оның үлгісінен мінсіздікке жетелейтін, үйренеріміз мол үш жайтқа тоқталып өтейік.

Мінсіздігімізді нығайтудың қандай жолдары бар? (12-абзацты қараңыз) *

12. а) Әйүп 26:7, 8, 14-те оқығанымыздай, ол Ехобаны қастерлеуді, құрметтеуді қалай үйренді? ә) Ал біз жүрегімізді қастерлі сезімге қалай толтыра аламыз?

12 Әйүп Ехобаны қастерлеу арқылы сүйіспеншілігін арттырды. Әйүп Ехобаның таңғажайып жаратылыстарына көз жіберіп, ой жүгіртуге уақыт тапқан (Әйүп 26:7, 8, 14 оқыңыз). Ехобаның қолынан шыққан Жер, аспан, бұлт пен найзағай сияқты туындылар жайында ойланғанда, қастерлі сезімнің құшағына еріксіз еніп кететін. Осындайда ғаламат туындылар жайлы білетінінен білмейтіні көп екенін түсінетін. Сондай-ақ ол Ехобаның аузынан шыққан әр сөзін құнды көретін. Әйүп: “Айтқандарын... жоғары бағаладым”,— деген (Әйүп 23:12). Ехобаға таң-тамаша болған Әйүптің оған деген құрметі де еселенген үстіне еселене түсетін. Ол Әкесін жақсы көріп, оған ұнамды болуды қалайтын. Сондықтан да “мінсіздігімді сақтаймын” деген шешімі шегелене түсті. Біздің Әйүптен үйренеріміз мол. Әйүптің замандастарының таңғажайып жаратылыстар жайлы білімдері аздау болса, біздің кезімізде мұндай білім мол. Бұнымен қоса, қолымызда Ехобаның қандай Құдай екенін аша түсетін Киелі жазбаларымыз бар. Білген-түйгеніміздің бәрі жүрегімізді қастерлі сезімге толтырады емес пе?! Ал бұл сезім құрметпен қатар өрілгенде, Ехобаны сүюге, оған мойынсұнуға талпыныс береді. Сонымен қатар мінсіздігімізді сақтауға деген ынтамызды бекемдей түседі (Әйүп 28:28).

Порнографиядан бас тарту арқылы мінсіздігімізді нығайта аламыз(13-абзацты қараңыз) *

13, 14. а) Әйүп 31:1-де айтылғандай, Әйүп мойынсұнғыш екенін қалай көрсетті? ә) Біз оны қалай үлгі ете аламыз?

13 Әйүп әр жағдайда мойынсұну арқылы мінсіздігін қатайтты. Мінсіздік мойынсұнудан туындайды, мұны Әйүп жақсы түсінген. Расымен-ақ, әр мойынсұнғанымыз мінсіздік сақтаймын деген шешімімізден таймауға күш береді. Әйүп күнделікті өмірінде Құдайға мойынсұну үшін еш аянбаған. Мысалы, әйелдермен өзін қалай ұстайтынына ол қатты мән берген (Әйүп 31:1 оқыңыз). Үйленген ер-азамат болғандықтан, жарынан басқа жанға сезім білдіру дұрыс емес екенін ол жақсы түсінетін. Бүгінгі заманда жыныстық азғырулар жан-жақтан жаудай анталап тұр. Әйүпке еліктеп, жұбайлық байланысымыз жоқ адамға орынсыз көңіл білдіруден біз де аулақпыз ба? Ұятсыз я порнографиялық суреттерді көруден ат тонымызды ала қашамыз ба? (Мат. 5:28). Күн сайын күш салып ұстамдылық танытсақ, мінсіздігіміз қатаяды.

Дүние-мүлікке бейтарап қарау арқылы мінсіздігімізді нығайта аламыз (14-абзацты қараңыз) *

14 Әйүптің дүние-мүлікке деген көзқарасынан да Ехобаға мойынсұнғанын байқауға болады. Өз қазына-байлығына сенім артуды ол жазалауға лайық ауыр қылмыс деп білген (Әйүп 31:24, 25, 28). Бүгінде біз дүние-мүлікке құныққан заманда өмір сүріп жатқандықтан, ақша мен мүлікке бейтарап қарауға қатысты Киелі кітаптың айтқандарына мойынсұнғанымыз дұрыс. Сонда мінсіздік сақтаймын деп мықтап буған беліміз еш босап кетпейді (Нақ. с. 30:8, 9; Мат. 6:19—21).

Үмітімізді сөндірмеу арқылы мінсіздігімізді нығайта аламыз (15-абзацты қараңыз) *

15. а) Әйүпке мінсіздігін сақтауға тағы не көмектесті? ә) Ехобаның берген үмітін ойда ұстағанымыздың қандай көмегі бар?

15 Әйүп Құдайдың жарылқайтынына үмітті болғандықтан мінсіздік сақтады. Әйүп мінсіздігі Құдай үшін бағалы екеніне күмәнданған жоқ (Әйүп 31:6). Қиындығы оны жаныштаса да, Ехоба оны ақырында жарылқайтынына нық сенді. Сондықтан да ол мінсіздігіне таскенедей жабысып, еш айырылмады. Әйүптің мінсіздігіне сүйсінген Ехоба оның кемелсіздігіне қарамай батасын үйіп-төгіп берді (Әйүп 42:12—17; Жақ. 5:11). Алда оны бұдан да зор баталар күтіп тұр. Ехоба сіздің де мінсіздігіңізді жарылқайтынына үмітіңіз үзілместей мықты ма? Құдайымыз Ехоба — еш өзгермейтін Құдай (Малх. 3:6). Ол мінсіздігімізді қазынаға балайтынын ұмытпасақ, жарқын болашаққа деген үміт сәулесін өшірмейміз (Сал. 1-х. 5:8, 9).

16. Сіз не істеуге бекіндіңіз?

16 Мінсіздік жолына түсіп, одан еш таймаңыз. Кей кездері бұл жолда жалғызбасты сезінуіңіз мүмкін. Бірақ сіз ешқашан жалғыз қалмайсыз. Өйткені жер жүзіндегі миллиондаған мінсіздіктің иегері сізге серік болады. Сондай-ақ сіз мінсіздігінен бір елі таймаған ежелдегі ер мен әйелдердің қатарын толықтырасыз. Олар өлім алдында да мінсіздіктерінен таймаған (Евр. 11:36—38; 12:1). Ендеше, “мінсіздігімнен таймаспын” деп айтқан Әйүптің сөзіне қосылып, алған бетімізден қайтпайық. Бұл қасиетіміз Ехобаны мәңгілік бойы даңқтай берсін!

124-ӘН Әрдайым адалдық танытайық

^ 5-абзац Мінсіздік деген не? Қызметшілерінің бойындағы осы қасиетті Ехоба неге бағалайды? Мінсіздік неліктен бәрімізге қажет? Осы мақалада бұл сұрақтарға Киелі кітаптың қалай жауап беретінін көреміз. Мінсіздігімізді күннен-күнге шыңдай түсу үшін не істей алатынымызды да білеміз. Бұлай еткеніміз бізді мол батаға кенелтеді.

^ 3-абзац Малға қатысты қолданылатын “кемістіксіз” деп аударылған еврей сөзі адамға қатысты қолданылатын “мінсіздік” сөзімен мағыналас келеді.

^ 50-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Ехобаның ғажайып жаратылыстары жайлы балаларына тәлім беріп тұрған жас Әйүп.

^ 52-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Бауырласымыз порнография көріп жатқан әріптестеріне қосылмай тұр.

^ 54-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Бауырласымыз өзіне қажет емес, қалтасы да көтермейтін үлкен теледидарды алудан бас тартып тұр.

^ 56-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Бауырласымыз уақыт бөліп, жұмақта өмір сүру үміті жайында дұға етіп, ой жүгіртіп отыр.