Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

7-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Момындықты іздеп, Ехобаның ықыласына бөленіңіз

Момындықты іздеп, Ехобаның ықыласына бөленіңіз

“Ехобаны іздеңдер, жер бетіндегі күллі момындар,.. момындықты іздеңдер” (СОФ. 2:3).

80-ӘН “Дәмін татыңдар да, Ехобаның ізгілігіне көз жеткізіңдер”

АҢДАТПА *

1, 2. а) Киелі кітапта Мұса қалай сипатталған және ол не істеген? ә) Момындықты дамытудың қандай келелі себебі бар?

МҰСА пайғамбар Киелі кітапта “жер бетіндегі ең момын адам” ретінде сипатталған (Мұс. 4-ж. 12:3). Сонда ол әлсіз, ынжық, қорқақ болған ба? Бәз біреулер момын адамды осылай деп білер. Бірақ бұлай ойлау — қате. Мұса Құдайдың мықты, шешіміне нық, ержүрек қызметшісі болған. Ехобаның қолдауымен ол Мысырдың құдіретті әміршісіне қарсы тұрды, 3 000 000-дай халықты шөл даламен алып жүрді және Исраилге жауларын жеңуге көмектесті.

2 Мұсанікіндей қиындықтар біздің басымызға түсе қоймас. Дей тұрғанмен кейбір адамдар мен жағдайлар момындығымыздың мықтылығын сынға алып жатады. Қайткен күнде де бұл қасиетті ұштай түсуге бізде келелі себеп бар. Ехоба: “Момындар жерді мұра етеді”,— деп уәде береді (Зәб. 37:11). Сіз өзіңізді момын адам деп санайсыз ба? Басқалар да сізді солай тани ма? Бұл сұрақтарға тоқталмас бұрын, момындықтың не екенін қарастырып көрелік.

МОМЫНДЫҚ ДЕГЕН НЕ?

3, 4. а) Момындықты немен салыстыруға болады? ә) Момын болу үшін қандай төрт қасиет қажет және сол қасиеттердің болғаны неге маңызды?

3 Момындықты * суретшінің қолынан шыққан әдемі туындыға ұқсатуға болады. Суретші түрлі әдемі түстерді үйлестіретіндей, момын болу үшін де көптеген тартымды қасиеттерді үйлестіру керек. Бұл қасиеттердің кейбірі — кішіпейілділік, мойынсұнушылық, жұмсақтық пен ерік-жігер. Ехобаның ықыласына бөленгіміз келсе, бұл қасиеттерді танытудың маңызы зор.

4 Мысалы, кішіпейіл жандар ғана Құдайдың еркіне мойынсұнады. Ал Құдайдың еркіне біздің жұмсақ болғанымыз да кіреді (Мат. 5:5 сілт.; Ғал. 5:23). Біз Құдайдың еркін орындағанда, Шайтанның зығырданы қайнайды. Кішіпейіл, жұмсақ болсақ та, Шайтанның дүниесіндегі көп адам бізді жек көреді (Жох. 15:18, 19). Сондықтан Шайтанға төтеп беру үшін бізге ерік-жігер қажет.

5, 6. а) Шайтан момындарды не үшін жек көреді? ә) Біз қандай сұрақтарға жауап аламыз?

5 Момын адамға қайшы адам тәкаппар келеді, ашуын тізгіндемейді және Ехобаға мойынсұнбайды. Бұл — Шайтанның дәлме-дәл сипаттамасы. Оның момындарды жек көретіні айтпаса да түсінікті. Өйткені момындар Шайтанның болмысының осал тұстарын ойып тұрып көрсетеді. Шайтанға әсіресе ауыр соққы болып тиетіні — момын адамдар оның өтірікші екенін дәлелдейтіні. Қалайша? Шайтан не істемесін, не демесін, момындар Ехобаға қызмет етуден таймайды (Әйүп 2:3—5).

6 Қандай жағдайда момын болу қиын? Неліктен момындықты әрі қарай да дамытуымыз керек? Бұларға Мұса, Бабылдағы үш еврей тұтқыны мен Иса жауап береді.

МОМЫН БОЛУ ҚИЫН ЖАҒДАЙЛАР

7, 8. Басқалар Мұсаға құрмет танытпағанда, ол қалай әрекет етті?

7 Билік берілгенде. Билігі бар адамға момын қалпынан айнымау оңай емес. Әсіресе қарамағындағы бағынышты біреу оның қадірін түсірсе немесе қабылдаған шешіміне қарсы шықса. Сізбен де осыған ұқсас жағдай болған ба? Отбасыңыздағы бір адам солай істесе ше? Қалай әрекет етер едіңіз? Осындай жағдайда Мұса пайғамбардың не істегеніне көңіл бөлейік.

8 Ехоба Мұсаны Исраил елінің көсемі етіп тағайындап, оған халықты басқаратын заңдарды жазып қою артықшылығын берді. Мұсаға Ехобаның өзі жар екені айдан анық еді. Сөйтсе де туған әпкесі Мәриям мен ағасы Харон оны сөгіп, құштық әйелге үйленгеніне күңкілдеді. Мұсаның орнында басқа біреу болса, ашуланып, жазасын беруді ойлар еді. Бірақ ол ренішке оңайлықпен беріле қоймады. Ол тіпті Ехобаға жалынып, Мәриямды жазалауын тоқтатуды өтінді (Мұс. 4-ж. 12:1—13). Мұсаға мұндай жақсы қасиет қайдан біткен?

Мұса Ехобаға жалбарынып, Мәриямды жазалауын тоқтатуды өтінді (8-абзацты қараңыз)

9, 10. а) Ехоба Мұсаға нені түсінуге көмектесті? ә) Отағалары мен ақсақалдар Мұсадан не үйренеді?

9 Мұса Ехобадан үйренуге дайын болды. 40 жылдай бұрын, перғауын отбасының мүшесі кезінде оған момындық қасиеті тән емес еді. Ол әділдік орнатпақшы болып, ашумен бір кісіні өлтіріп тастады. Тіпті осы әрекетін Ехоба құптайтынына сенімді болды. Бірақ Ехоба 40 жыл жұмсап, Мұсаға бір жайтты түсіндіргісі келді: Исраил халқына жетекші болу үшін оған батылдықтан басқа да қасиет қажет. Бұл — момындық қасиеті еді. Ал момын болу үшін оған кішіпейіл, мойынсұнғыш әрі жұмсақ болу қажет еді. Мұса өзіне жақсы сабақ алып, тамаша жетекшіге айналды (Мұс. 2-ж. 2:11, 12; Ел. іс. 7:21—30, 36).

10 Отағалары мен ақсақалдардың Мұсадан үйренері көп. Әлдекім сізге құрметпен қарамай жатса, ренжуге асықпаңыз. Кішіпейілділік танытып, қателіктеріңізді мойындаңыз (Уағ. 7:9, 20). Ехобаның нұсқауларына мойынсұнып, туындаған қиындықты шешіңіз. Әрқашан жұмсақтықпен жауап беріңіз (Нақ. с. 15:1). Осылай істейтін отағалары мен ақсақалдар Ехобаның ыстық ықыласына бөленеді, татулық сақтайды және өзгелерді момындыққа баулиды.

11—13. Үш еврей жігіті бізге несімен үлгі?

11 Қуғын-сүргін көргенде. Ехобаның халқы қай кезде де билік иелерінің тарапынан қуғын-сүргін көрген. Олар бізге түрлі айып тағып жатады, десе де оларды ашуландыратын ең басты нәрсе — біздің оларға емес, “Құдайға мойынсұнғанымыз” (Ел. іс. 5:29). Күлкі етсін, түрмеге жапсын, тіпті ұрып-соқсын, біз жамандыққа жамандықпен қайтармаймыз. Қайта, Ехобаның қолдауымен сынақ кезінде сабырымыз сарқылмайды.

12 Тұтқында болған үш еврей жігіті — Хананиях, Мишаел мен Азарияхтың қалдырған үлгісіне назар аударайықшы *. Бабыл патшасы оларға алтыннан жасалған үлкен мүсінге табынуды бұйырды. Олар мұндай әрекетке неге бара алмайтындарын жұмсақтықпен түсіндірді. Лаулап тұрған пешке тастаймын деген патшаның қоқан-лоқысына қарамай, үшеуі аяғына дейін Ехобаға мойынсұнды. Ал Ехоба араша түсіп, оларды аман сақтап қалмақ еді. Бірақ олар Құдай құтқарады деп еш күткен жоқ. Қайта, ол не нәрсеге жол берсе, соны қабылдауға дайын болды (Дан. 3:1, 8—28). Олар момын адамдардың батыл болатынын, яғни Ехобаға деген “қалтқысыз берілгендіктен” ешбір патша, қоқан-лоқы мен жаза да айыра алмайтынын дәлелдеп шықты (Мұс. 2-ж. 20:4, 5).

13 Құдайға деген адалдығымыз сыналғанда, Хананиях, Мишаел мен Азарияхқа қай жағынан еліктей аламыз? Мысалы, Ехоба қамымызды ойлайтынына кішіпейілділікпен сенім артамыз (Зәб. 118:6, 7). Бізді айыптайтындарға жұмсақтықпен, құрметпен жауап береміз (Пет. 1-х. 3:15). Сондай-ақ сүюші Әкемізбен ара-қатынасымызға сызат түсіретін кез келген әрекеттен бас тартамыз.

Өзгелер қарсылық көрсеткенде, біз оларға құрметпен жауап береміз (13-абзацты қараңыз)

14, 15. а) Стресс кезінде не болуы мүмкін? ә) Ишая 53:7, 10-ға сай, неліктен Исаны стресс кезінде момындық танытудың ең үздік үлгісі деп айта аламыз?

14 Стресс кезінде. Бәріміз де түрлі себеппен стреске түсіп жатамыз. Кейбіріміз мектепте сынақ жұмыстарының алдында, өзгеміз жұмыста қандай да бір тапсырма алғанда күйіп-пісеміз. Тағы біріміз қандай да бір емшара қабылдардың алдында мазасызданамыз. Сіркесі су көтермей тұрғанда, кім-кімге де момын болу оңай емес. Жайшылықта мазаламайтын жайттар мұндайда қитығымызға тие бастайды. Зекіп, дөрекі сөйлейтін шығармыз. Осындай мазасыз күй кешкенде, бізге Исаның үлгісі көмектесе алады.

15 Жердегі өмірінің соңғы айларында Иса қатты күйзеліске түсті. Ол өзінің аяусыз азапталып, кейін өлтірілетінін білді (Жох. 3:14, 15; Ғал. 3:13). Өліміне бірнеше ай қалғанда ол: “Қатты күйзелудемін!”— деген болатын (Лұқа 12:50). Ал бірнеше күн қалғанда: “Жаным толқып тұр”,— деді. Дұғасында ол: “Әке, мені осы қиын сәттен құтқара көр. Алайда мен осы сәтті бастан өткізу үшін келдім. Әке, есіміңді даңқтай көр”,— деп сезімін ақтарып, кішіпейіл әрі Құдайға мойынсұнғыш екенін көрсетті (Жох. 12:27, 28). Уақыты таяғанда Құдайдың жауларына ол өзі берілді. Олар оған адам айтқысыз қорлық көрсетіп, қинап өлтірді. Жаны қысылып қатты қиналған кездің өзінде Иса момын қалпынан айнымай, Құдайдың еркін орындады. Осылайша ол стресс кезінде момын болып қалудың ең үздік үлгісін көрсетті (Ишая 53:7, 10 оқыңыз).

Иса — момындықтың ең керемет үлгісі (16, 17-абзацты қараңыз) *

16, 17. а) Исаның достары оның момындығын қалай сынады? ә) Біз Исаға қалай еліктей аламыз?

16 Исаның жердегі өмірінің соңғы түні жақын достары оның момындығын сынады. Сонда оның қандай күй кешкенін елестетіп көріңізші! Ол адалдығын өле-өлгенше сақтай алар ма екен? Сол кезде миллиардтаған адамның өмірі қыл үстінде тұрған еді (Рим. 5:18, 19). Бұдан да маңыздысы — адалдық сақтамаса, Әкесінің жақсатын кір шалар еді (Әйүп 2:4). Кейінірек елшілерімен соңғы рет тамақ ішкен кезінде, олардың “араларында ең ұлысы кім екеніне қатысты қызу дау туды”. Иса достарын осы мәселеге қатысты қаншама рет түзеткен еді, тіпті осы астың алдында ғана бұл жайлы айтқан болатын. Бірақ Иса ызаға берілмей, керемет сабырлық танытты. Ол елшілеріне қандай ой қалып ұстану керектігін мейірімділікпен, сөйте тұра нық-нық айтып, тағы бір рет түсіндірді. Соңында Иса оларды адалдықпен еріп жүргендері үшін мақтады (Лұқа 22:24—28; Жох. 13:1—5, 12—15).

17 Исанікіне ұқсас жағдайға кезіксеңіз, қалай әрекет етер едіңіз? Оған еліктесеңіз, стреске түскен жағдайда да жұмсақ болып қала аласыз. Ехобаның “өзара төзімді болыңдар” деген бұйрығына бар ықыласыңызбен мойынсұныңыз (Қол. 3:13). Өзіміздің сөзден де, істен де сүрінетінімізді есте ұстасақ, Ехобаның сол бұйрығына мойынсұнатын боламыз (Нақ. с. 12:18; Жақ. 3:2, 5). Сонымен қатар өзгелердің бойынан бір жақсылықты байқап, оларды сол үшін мақтап отырыңыз (Ефес. 4:29).

НЕЛІКТЕН МОМЫНДЫҚТЫ ӘРІ ҚАРАЙ ДА ДАМЫТУЫМЫЗ КЕРЕК?

18. Ехоба момын адамдарға жақсы шешім қабылдауға қалай көмектеседі? Ал олар өз кезегінде не істеу қажет?

18 Жақсы шешімдер қабылдау үшін. Өмірде үлкен жолайрықта тұрған кезде Ехоба бізге жақсы шешімдер қабылдауға көмектеседі. Бірақ ол мұндай көмекті момын болсақ қана береді. Ехоба “момындардың жалбарынған үнін еститінін” уәде етеді (Зәб. 10:17). Ол жай естіп қана қоймайды. Киелі кітапта: “Ол момынға ненің дұрыс екенін көрсетеді, Момындарға өзінің жолымен жүруді үйретеді”,— деген уәде де бар (Зәб. 25:9). Бүгінде Ехоба бізге Киелі кітап арқылы және адал да ақылды құл беріп отырған әдебиеттер * мен бағдарламалар арқылы сол жолды көрсетуде (Мат. 24:45—47). Ал біз өз жағымыздан Ехобаның көмегіне мұқтаж екенімізді кішіпейілділікпен мойындап, беріп отырған мәліметтерін зерттейміз және білгендерімізді дайындықпен қолданамыз.

19—21. Мұса Қадеште қандай қателік жасады және бұдан не нәрсеге үйренеміз?

19 Қателіктер жасамау үшін. Мұсаның жағдайына оралайық. Ондаған жылдар бойы ол момындығын сақтап, Ехобаның көңілінен шығып жүрді. Бірақ шөл далада жүрген 40 жылдық уақыттың соңына таман ол момындығын жоғалтып алды. Сол кездері оның әпкесі Мәриям дүниеден озып, Қадеште жерленді (кезінде Мысырда өмірін сақтап қалған осы әпкесі болса керек). Бір жағынан исраилдіктер де жағдайымыз дұрыс жасалмай жатыр деп қайтадан күңкілдеп жатты. Бұл жолы олар сусыз қалғандарын айтып, Мұсаға ұрысты. Олар Ехобаның Мұса арқылы көптеген кереметтер жасағанын және Мұсаның халықты жылдар бойы жанқиярлықпен жетелеп жүргенін ұмытып кетті. Олар судың жоқтығына ғана емес, Мұсаға да наразы болды. Мұнысымен олар шөлдегендеріне сол кінәлі дегендей болды (Мұс. 4-ж. 20:1—5, 9—11).

20 Осы жағдайда Мұса момындықтан айырылып, қатты ашуланды. Ехоба бұйырғандай жартасқа сөйлеудің орнына Мұса халыққа дөрекі сөйлеп, өзінің керемет жасағалы жатқанын айтты. Сосын жартасты екі рет ұрып еді, одан сарқырап су ақты. Өркөкіректік пен ашудың кесірінен ол үлкен қателік жасады (Зәб. 106:32, 33). Бір сәтке момындықтан айнығаны үшін Мұса Уәде етілген жерге кіре алмай қалды (Мұс. 4-ж. 20:12).

21 Бұл оқиғадан үйренеріміз көп. Біріншіден, біз момындық қасиетін әрдайым шыңдап отыруымыз керек. Әйтпесе өркөкіректік қылаң етіп, ақымақтықпен сөйлеп не әрекет етіп қоюымыз мүмкін. Екіншіден, стресс кезінде момын болып қалу оңай емес. Сондықтан тіпті қиын шақтарда да осы қасиетті танытуға тырысуымыз қажет.

22, 23. а) Неліктен момындықты әрі қарай да дамытуымыз керек? ә) Софония 2:3-тегі сөздерді қалай түсінуіміз керек?

22 Құтқарылуымыз үшін. Жуырда Ехоба барлық зұлым адамдардың көзін құртады, сонда жер бетінде тек момындар ғана қалады. Содан кейін жерде нағыз тыныштық орнайды (Зәб. 37:10, 11). Сол момақан жандардың арасында сіз де боласыз ба? Ехобаның Софония пайғамбар арқылы айтқан шақыруына құлақ ассаңыз міндетті түрде боласыз! (Софония 2:3 оқыңыз).

23 Софония 2:3-те неге “бәлкім, аман қаларсыңдар” делінген? Бұл сөздер Ехоба өзінің ықыласына ие болған және жақсы көретін қызметшілерін құтқарып алуға күші жетпейді дегенді білдірмейді. Керісінше, құтқарылу үшін өз тарапымыздан әрекет қылуымыз керектігін көрсетеді. Қазірден бастап момындықты іздеп, Құдайдың ықыласына бөленуге тырыссақ, “Ехобаның қаһар күні аман қалып”, мәңгілік бойы өмір сүреміз.

120-ӘН Мәсіх сияқты жұмсақ болыңдар

^ 5-абзац Ешкім момын болып туылмайды. Оны өзіміз дамытуымыз керек. Жайма-шуақ адамдардың қасында момын болу оңай шығар, бірақ тәкаппар адамдармен ұшырасқанда момындықтан айнымау қиынға соғып жатады. Осы бір көркем қасиетке ие болу үшін қандай қиындықтарды жеңу керектігін осы мақаладан білеміз.

^ 3-абзац СӨЗ МӘНІ: Момындық. Момын адам өзгелерге мейіріммен қарайды, біреулер қитығына тисе де, жұмсақтығын жоғалтпайды. Кішіпейілділік. Кішіпейіл адам өркөкіректік пен өзімшілдіктен ада, өзгелерді өзінен жоғары қояды. Кішіпейілділік Ехобаға қатысты айтылғанда, оның өзінен төмен тұрғандарға сүйіспеншілікпен, мейіріммен қарайтынын білдіреді.

^ 12-абзац Бабылдықтар бұл үш еврейге Шадырақ, Мисақ, Әбдінего деп ат қойған (Дан. 1:7).

^ 18-абзац 15 сәуір 2011 жылғы “Күзет мұнарасының” “Қабылдаған шешімдерің Құдайға мадақ әкелсін” деген мақаласын қарасаңыз болады.

^ 59-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Шәкірттері кім ұлы екеніне қатысты дауласқаннан кейін, Иса оларды жұмсақтықпен, сабырмен түзетті.