Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

8-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Алғыс білдіруге асық болайық

Алғыс білдіруге асық болайық

“Әрдайым алғыс білдіріңдер” (ҚОЛ. 3:15).

46-ӘН Ехоба, рақмет!

АҢДАТПА *

1. Иса сауықтырған самариялық кісі ризашылығын қалай білдірді?

ОЛАР әбден қажыды. Он алапес кісінің айығамыз деген үміті бөздей сөгіліп жатты. Бірақ бір күні олар алыстан Исаны көріп қалды. Оның кез келген ауруды сауықтыра алатынын естіген олар нық сеніммен: “Иса, Ұстаз, бізге рақымыңызды түсіре көріңіз!”— деп айғай салды. Он кісі құлан-таза айығып кетті. Әрине, олардың әрқайсысы Исаның мейірімділігіне шексіз риза еді. Алайда араларындағы біреуі ғана ризашылығын * ішіне бүкпей, сыртқа білдірді. Сол кісі самариялық еді, оның “Құдайды бар даусымен мадақтауға” ықыласы ерек еді (Лұқа 17:12—19).

2, 3. а) Неге кейде ризашылық білдірмей жатамыз? ә) Осы мақалада нені сөз етеміз?

2 Самариялық кісі сияқты біз де мейірімділік танытқандарға алғыс білдіргіміз келеді. Алайда кей кездері бұлай етуді ұмытып жатамыз.

3 Бұл мақалада алғысымызды сөзімізбен әрі ісімізбен білдірудің маңызын қарастырамыз. Киелі кітаптағы ризашыл болған және болмаған кейіпкерлердің мысалдарына тоқталамыз. Сосын алғыс білдірудің кейбір жолдарын тарқатамыз.

АЛҒЫС БІЛДІРУДІҢ МАҢЫЗЫ

4, 5. Неге ризашылық білдірген жөн?

4 Ехоба — алғыс білдірудің үлгісі. Ол мұны түрлі жолдармен істейді. Соның бірі — ол көңілінен шыққан адамға батасын төгеді (Сам. 2-ж. 22:21; Зәб. 13:6; Мат. 10:40, 41). Жазбалар бізді “сүйікті балалары ретінде Құдайға еліктеңдер” деп шақырады (Ефес. 5:1). Сонымен, ризашылық білдіруіміз керектігінің ең басты себебі — біз Ехобаға еліктегіміз келеді.

5 Ал енді неге алғыс білдіретініміздің тағы бір себебін қарастырып көрейік. Ризашылықты дәмді асқа теңеуге болады. Оны жалғыз емес, бөле жеген әлдеқайда дәмді. Сол сияқты өзгелер жақсылығымызды елеп-ескеріп, ризашылықтарын білдіргенде, біз бақытты боламыз. Ал біз алғыс айтқанда, өзгелер бақытты болады. Өйткені олардың бізге көрсеткен көмегі я қажеттіні бергені текке кетпегенін біледі. Нәтижесінде екеуара достығымыз жарасып, нығая түспек.

6. Алғыс сөздер мен алтын алманың қандай ұқсастықтары бар?

6 Алғыс айтудың құндылығы шексіз. Киелі кітапта: “Уақытында айтылған сөз Күміс табаққа салынған алтын алмадай”,— деген сөздер бар (Нақ. с. 25:11). Алтын алманың күміс табақта жатқаны неткен әдемі көрініс, солай емес пе?! Ал оның құндылығына келер болсақ, ол енді бөлек әңгіме! Осындай сый алсаңыз қандай күй кешер едіңіз? Өзгелерге сыйлайтын алғыс сөздеріңіз де осындай құнға тең. Мына жайтты да ұмытпаңыз: алтыннан жасалған алма өміршең келеді. Сол сияқты сіздің алғыс сөздеріңіз адамның жадында ұзаққа сақталып, тіпті өмір бойы жанына жалау болуы мүмкін.

РИЗАШЫЛ ЖАНДАР

7. Зәбүр 26:6—8 тармақтардан білгеніміздей, Дәуіт және басқа да зәбүр жыршылары алғыстарын қалай білдірген?

7 Ежелде көптеген Құдайдың қызметшісі алғысты білген жандар еді. Дәуіт — солардың бірі (Зәбүр 26:6—8 оқыңыз). Оның таза ғибадатты бағалағаны соншалық — мұнысы ісінен көрінетін. Ол ғибадатхана құрылысына қомақты қазынасын тарту етті. Асаптың ұрпақтары ризашылықтарын зәбүр, яки мадақ жырларын жазып білдірді. Бір жырында олар Құдайға алғыс айтып, “керемет істеріне” деген таңданысын жариялады (Зәб. 75:1). Дәуіт пен Асаптың ұрпақтары Ехобадан алған баталарына қаншалықты риза екендерін көрсеткісі келді. Зәбүр жыршыларына қай жағынан еліктей аласыз?

Пауыл римдіктерге жазған хатымен ризашылық білдіруге қатысты не үйретті? (8, 9-абзацты қараңыз) *

8, 9. Елші Пауыл бауырластарды бағалайтынын қалай көрсетті, оның нәтижесі қандай болса керек?

8 Елші Пауылдың бауырластарды бағалайтыны олар жайында айтқан сөздерінен сезіліп тұрған. Ол ылғи да Құдайға олар үшін алғыс айтатын. Сондай-ақ бағалайтынын өздеріне жазып жіберетін. Римдіктерге арналған хаттың 16-тарауында алғашқы 15 тармағында Пауыл 27 мәсіхшінің атын атады. Ішіндегі Приска мен Ақила ол үшін “бастарын қатерге тіккенін”, ал Фөбе оған және “көп бауырластарға қорғаныш болғанын” ерекшелеп айтып өтті. Ол жанына жақын, ерен еңбектеніп жүрген осы бауырластардан мақтау сөздерін аямады (Рим. 16:1—15).

9 Пауыл бауырластардың кемелсіз екенін түсінетін, десе де хатының соңында олардың жақсы жақтарына баса назар аударды. Бүкіл қауым алдында Пауылдың мақтау сөздері оқылып жатқанда, олардың бір серпіліп қалғаны айтпаса да түсінікті. Нәтижесінде бауырластардың Пауылмен достығы беки түсті деп сеніммен айта аламыз. Қауымдағы бауырластардың жақсы сөзі мен ісіне әрдайым алғыс білдіресіз бе?

10. Иса ізбасарларына қалай ризашылық білдірген және одан не үйренеміз?

10 Кіші Азиядағы кейбір қауымдарға жолдаған хаттарында Иса ізбасарларының еңбектеріне алғысын білдірген. Мәселен, Тиатирадағы қауымға арнаған хатын ол былай деп бастады: “Сенің істеріңді, сүйіспеншілігіңді, сенімің мен қызметіңді, табандылығыңды және қазіргі істеріңнің бұрынғыдан көп екенін білемін” (Аян 2:19). Байқасаңыз, ол істерінің алға басып жатқанын айтып қана қоймай, жақсы істеріне қозғау болған қасиеттері үшін де мақтаған. Тиатирадағы кейбір мәсіхшілерді түзету керек болғанымен, Иса хатын жігерлі сөзбен бастап, жігерлі сөзбен аяқтады (Аян 2:25—28). Барлық қауымдардың басы Исаның қандай зор билікке ие екендігі жайлы ойлап көріңізші! Былай қарасақ, атқарып жатқан еңбегімізге рақмет айтуға ол міндетті емес. Дегенмен ол алғысын ішіне бүгіп қалмай білдіреді. Бұл қауым ақсақалдары үшін керемет үлгі, солай емес пе?!

АЛҒЫСТАН АДА АДАМДАР

11. Еврейлерге 12:16-дан көргеніміздей, Есау қасиетті нәрселерге қалай қарады?

11 Бір өкініштісі, Киелі кітаптағы кейіпкерлердің бәрі бірдей ризашыл бола бермеген. Солардың бірі — Есау. Ол Ехобаны сүйіп, құрмет тұтатын ата-ананың қолында өссе де, қасиетті нәрселердің бағасын түсінбеді (Еврейлерге 12:16 оқыңыз). Есаудың мұнысы қалай айқын болды? Ол тұңғыштық жолын інісі Жақыпқа бір кесе көжеге бола сатып жіберді (Мұс. 1-ж. 25:30—34). Кейіннен санын соғып, қатты опық жеді. Есау қолында барын бағаламады, сондықтан тұңғыш балаға тиесілі батаны ала алмағанына наразы болғаны бекершілік болды.

12, 13. Исраил халқының алғыстан жұрдай екені қалай айқын болды және бұл неге әкеп соқтырды?

12 Исраилдіктерде алғыс білдіруге себеп жетіп-артылатын. Мысырға он апат жібергеннен кейін Ехоба оларды құлдықтан азат етті. Сосын Қызыл теңізде мысыр әскерін тып-типыл етіп, ал оларды қауіптен аман сақтап қалды. Ризашылықтары іштеріне сыймай, халық Ехобаны мадақтап жеңіс әнін шырқай жөнелді. Олар осы ризашыл қалыптарын сақтап қалды ма?

13 Жаңа қиындықтарға тап болып еді, исраилдіктер Ехобаның жасаған бар жақсылығын естерінен тарс шығарды. Содан алғыстан жұрдай екендері айқын болды (Зәб. 106:7). Қалай дейсіз ғой? “Исраил қауымы Мұса мен Харонға күңкілдей бастады”. Шындығында олар Ехобаның өзіне қарсы күңкілдеді (Мұс. 2-ж. 16:2, 8). Халқының бұл қылығы Құдайдың жүрегін сыздатты. Ехоба сол ұрпақтың, Ешуа мен Халептен басқасы, шөл далада түгелімен өліп кететінін айтты (Мұс. 4-ж. 14:22—24; 26:65). Қазір осы мысалдардың жаманынан жиреніп, жақсыларынан үйренетін боламыз.

РИЗАШЫЛЫҚТЫҢ БҮГІНГІ КӨРІНІСІ

14, 15. а) Ерлі-зайыптылар бір-біріне ризашылықтарын қалай білдірсе болады? ә) Ата-аналар балаларына алғыс білдіруді қалай үйрете алады?

14 Отбасында. Үй ішіндегілерінің алғыс білдіргені бүкіл отбасының игілігіне асады. Бір-бірінен ризашылықтарын аямайтын жұбайлар бір-біріне жақын бола түседі. Ағат кеткен кездерде бір-бірін тез кешіреді. Жарын бағалайтын ер-азамат әйелінің айтқан, жасаған жақсы нәрселерін байқап қана қоймай, “оны мақтайды” (Нақ. с. 31:10, 28). Дана әйел де асыл жарын әсіресе не үшін бағалайтынын білдіріп отырады.

15 Ата-аналар, балаларыңызға алғыс білдіруді қалай үйрете аласыздар? Олар әр сөзіңіз бен қимыл-әрекетіңізді қайталауға бейім келеді. Сондықтан балаңыздың істеген жақсылығына рақмет айтуда өзіңіз үлгі көрсетіңіз. Өзгелер оған жақсылық жасағанда, рақмет айтуды да үйретіңіз. Алғыс айтқанда да оны шын жүректен айтса, мұның жақсы әсері көп екенін түсіндіріңіз. Клари есімді бір әйел былай дейді: “Анам 32 жасында күтпеген жерден үш баламен жалғыз қалды. Өзім осы жасқа келгенде, анама бізді жалғыз өсіру қаншалықты қиын болғанын ойладым. Біз үшін барған құрбандықтарына алғысым шексіз екенін айттым. Жақында ол маған сол айтқандарымның жанына майдай жаққанын, сөздерімді жиі есіне алып, көңілі жадырап қалатынын айтты”.

Балаларыңызға алғыс білдіруді үйретіңіз (15-абзацты қараңыз) *

16. Ризашылық білдіргеніміз басқаларды қалай жігерлендіре алатынына мысал келтіріңіз.

16 Қауымда. Бауырластарға алғыс білдіріп отырсақ, бойларына күш-жігер құямыз. Соның бір мысалын айта кетейік. 28 жасар Хорхе есімді ақсақал қатты ауырып қалады. Ол жиналыстарға бір ай бойы бара алмайды. Сәл жақсарған соң қауымға келе бастағанымен, тапсырмамен шығуға шамасы болмады. Хорхе былай дейді: “Мүмкіндіктерім шектеліп, қауымдағы жауапкершіліктерімді атқара алмайтыныма қынжылдым, өзімді түкке жарамай қалғандай сезіндім. Алайда бір күні кездесудің соңында бір ер бауырлас келіп: — Сен менің отбасыма керемет үлгі болдың, сол үшін рақмет айтқым келеді. Соңғы бірнеше жыл бойы баяндамаларыңды ұйып тыңдап, қалай тәнті болғанымызды сен білмейтін де шығарсың. Бірақ солардың арқасында біз рухани өстік,— деді. Тамағыма бір түйін тығылып, көзім жасқа толып кетті. Маған керек сөздер осы еді”.

17. Қолостықтарға 3:15-те айтылғандай, Ехобаға жомарттығы үшін қалай ризашылық білдірсек болады?

17 Жомарт Құдайымызға. Ехоба бізге рухани ас-суды асып-тасыған мөлшерде беріп отыр. Мұның ішінде қауым кездесулері, журналдар мен сайтымыз арқылы берілетін пайдалы нұсқаулар да бар. Баяндама тыңдағанда, бір мақала оқып не Бродкастинг арнасын көргенде, “тура маған арналған екен” деген кезіңіз болған ба? Ехобаға ризашылығымызды қалай білдіре аламыз? (Қолостықтарға 3:15 оқыңыз). Мұның бір жолы — осы игі сыйлары үшін дұғада үнемі алғыс айту (Жақ. 1:17).

Патшалық сарайының тазалық жұмыстарына қатысу — ризашылық білдірудің керемет мүмкіндігі (18-абзацты қараңыз)

18. Патшалық сарайымызға риза екенімізді қалай көрсетсек болады?

18 Ғибадат ететін үйімізді таза, ұқыпты ұстағанымыз да Ехобаға алғыс білдіруге жатады. Біз Патшалық сарайын тазалау мен күтіп ұстауға атсалысып тұрамыз, ал қауымның дыбыс пен бейне аппаратурасын қолданатындар оған ұқыппен қарайды. Патшалық сарайымызды тиісінше күтіп ұстасақ, ол ұзаққа қызмет етіп, ауқымды жөндеу жұмыстарын қажет етпейді. Сонда дүниежүзі бойынша Патшалық сарайларын соғуға не жөндеуден өткізуге көп қаржы қалады.

19. Аудандық бақылаушы мен әйелінің оқиғасынан не түйдіңіз?

19 Біз үшін ауыр еңбек ететіндерге. Ризашылық білдіргеніміз өзгелердің өз қиындықтарына деген көзқарасын өзгертіп жіберуі мүмкін. Бір аудандық бақылаушы мен оның әйелімен болған оқиғаны көрейік. Қыстың бір қақаған күні олар ертеден кешке дейін қызмет етіп, шаршап-шалдығып үйлеріне әрең жетеді. Үйдің суық болғаны сонша — әйелі сырт киімімен ұйықтайды. Таңертең оянғанда, ол күйеуіне аралаушылық қызметке әрі қарай шыдай алмайтынын айтады. Сол күні филиалдан хат келеді. Хат әйеліне арналған екен. Онда қызметі мен табандылығы үшін мақтау сөздер жазылыпты. Апта сайын үйден үйге көшудің қаншалықты қиын екенін түсінетіндерін айтыпты. Күйеуі былай дейді: “Сол мақтау сөздер әйелімнің жүрегіне әсер еткені сонша — ол қызметімізді тастайық деп содан кейін айтқан емес. Керісінше, мен тастайық дегенде, бірнеше рет мені ойымнан қайтарды”. Бұл жұп аралаушылық қызметті 40 жылдай атқарды.

20. Күн сайын не істеуге асық болуымыз керек және неге?

20 Ризашыл екенімізді әр күні сөзімізбен де, ісімізбен де көрсетуге асық болайық. Біздің бірауыз сөзіміз бен жақсы ісіміз мына алғыссыз дүниеде мысы басылып жүрген бауырластардың еңсесін көтеріп, қанат бітіруі мүмкін. Сондай-ақ мәңгілікке ұласатын достығымыздың жібін берік етеді. Ал ең бастысы, жомарт та ризашыл Әкеміз Ехобаға еліктейміз!

20-ӘН Сен Ұлыңды қидың

^ 5-абзац Ехобадан, Иса мен самариялық алапес кісіден ризашылық жайында не үйренуге болады? Бұл мақалада олардың және өзгелердің мысалдары қарастырылады. Сондай-ақ алғыс білдіру неліктен маңызды екенін әрі оның қандай жолдары бар екенін талқылаймыз.

^ 1-абзац СӨЗ МӘНІ: Біреуге я бірдеңеге риза болу деген — сол адамның я нәрсенің жоғары бағасын түсіну. Бұл сөз жүректен шыққан алғыс сезіміне нұсқайды.

^ 55-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Римдегі қауымда Пауылдың хатын оқып жатыр; Ақила, Прискила, Фөбе және басқа да бауырластар өз есімдерін естіп қуанып жатыр.

^ 57-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Анасы қызына қарт бауырластың керемет үлгісі үшін алғыс білдіруге көмектесіп жатыр.