Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

9-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Ежелгі Исраилдегі сүйіспеншілік пен әділдік

Ежелгі Исраилдегі сүйіспеншілік пен әділдік

“Ол әділдік пен әділеттілікті сүйеді; Жер беті Ехобаның айнымас сүйіспеншілігіне толы” (ЗӘБ. 33:5).

3-ӘН Сен бізге күш бердің, үміт бердің

АҢДАТПА *

1, 2. а) Адамдар нені қалайды? ә) Не нәрсеге сенімді бола аламыз?

БІРЕУДІҢ жақсы көргені қандай жақсы! Ал әділдікпен қараса, жанымыз жадырап салады емес пе?! Сондықтан өзгелер бізді осы екі қасиеттен қайта-қайта айырғанда, өзімізді құнсыз, үмітсіз сезініп жатамыз.

2 Біздің сүйіспеншілікті аңсап, әділдік іздейтініміз Ехобаға әбден мәлім (Зәб. 33:5). Ол бізді жанындай жақсы көретініне әрі өзгелердің бізге әділдік танытқанын қалайтынына сенімді болыңыз. Мұның растығы Ехобаның Мұса арқылы Исраилге берген Заңынан айқындала түседі. Жан дүниеңіз жылулыққа сусап, әділетсіздіктен рухыңыз күйреп жүрген болса, Мұса Заңынан * Ехобаның өз халқына деген қамқорлығын қарастыруға шақырамыз.

3. а) Римдіктерге 13:8—10 тармақтарда түсіндірілгендей, Мұса Заңын зерттегенде, біз нені біле түсеміз? ә) Бұл мақалада қандай сұрақтарды қарастырамыз?

3 Мұса Заңын тереңінен қарастырсақ, сүюші Құдайымыз Ехобаның аяулы сезімдері жайлы көп білеміз (Римдіктерге 13:8—10 оқыңыз). Осы мақалада біз Исраилге берілген сол заңдардың бірнешеуін қарастырып, мына сұрақтарға жауап аламыз: Неліктен Мұса Заңының астарында сүйіспеншілік жатыр дей аламыз? Мұса Заңы қалайша әділдікке бастаған? Билігі барлар Заңды қалай орындаулары керек еді? Заң әсіресе кімдерге қорған болған? Осы сұрақтардың жауабы бізге жұбаныш пен үміт береді және сүюші Әкемізге жақындата түседі (Ел. іс. 17:27; Рим. 15:4).

ЗАҢНЫҢ ҚАЗЫҒЫ — СҮЙІСПЕНШІЛІК

4. а) Неліктен Мұса Заңы сүйіспеншілікке негізделген дей аламыз? ә) Матай 22:36—40 тармақтардан көргеніміздей, Иса қандай заңдарды айрықшалады?

4 Мұса Заңы сүйіспеншілікке негізделген. Өйткені Ехобаның әрбір ісіне қозғау болған — сүйіспеншілік қасиеті (Жох. 1-х. 4:8). Ехоба бүкіл Мұса Заңын мына екі заңға негіздеді: Құдайды сүй және өзге адамды сүй (Мұс. 3-ж. 19:18; Мұс. 5-ж. 6:5; Матай 22:36—40 оқыңыз). Сондықтан да Мұса Заңын құрайтын 600-ден астам заңның әрқайсысы Ехобаның сүйіспеншілігін әр қырынан аша түседі. Қазір мұның бірнеше дәлелін көрейік.

5, 6. Ехоба ерлі-зайыптылардан не күтеді және не нәрсеге мән береді? Мысал келтіріңіз.

5 Некелік жарға адал, балаларға қамқор болу. Ехоба ерлі-зайыптылардың махаббаттары жылдан жылға нығайып, бір-бірін өмір бойы сүйіп өткендерін қалайды (Мұс. 1-ж. 2:24; Мат. 19:3—6). Жұбайының көзіне шөп салу — ең қатыгез қылмыстардың бірі. Исраилге берілген Он заңның жетіншісінде азғындыққа тыйым салынғаны, міне, сондықтан (Мұс. 5-ж. 5:18). Азғындық — Құдайға қарсы жасалған күнә, әрі ол кінәсіз жұбайының жүрегіне қанжар сұққанмен тең (Мұс. 1-ж. 39:7—9). Мұндай сатқындықтың жарасы сыздап ауырып, ондаған жылдар бойы жазылмауы мүмкін.

6 Ехоба жұбайлардың бір-біріне қалай қарайтынына көп мән береді. Ол исраилдік ерлерден әйелдеріне сый-құрметпен қарағанын талап еткен. Мұса Заңын құрметтейтін күйеу әйелін жақсы көрген және болмашы себептермен ажыраспаған (Мұс. 5-ж. 24:1—4; Мат. 19:3, 8). Бірақ келелі себеп болып, ажырасуды шешсе, әйеліне талақ қағазын беру керек болған. Бұл қағаз әйелді “көзге шөп салды” деген айыптан қорғайтын. Күйеуі талақ қағазын бермес бұрын қала ақсақалдарының алдынан өту керек еді. Олар екеуіне некелерін сақтап қалуға көмектесер еді. Ал егер исраилдік ер адам өзімшілдік танытып, әйелімен ажырасатын болса, Ехоба мұндай жағдайға араласа бермеген. Әйткенмен ол әйелдің көз жасына бейжай қарамаған, оның жан азабын сезінген (Малх. 2:13—16).

Ехоба ата-аналардың балаларын махаббатпен өсіріп, үйреткенін қалайды. Сонда ғана олар қамқорлық пен қорғаныш сезінеді (7, 8-абзацты қараңыз) *

7, 8. а) Ехоба ата-аналардан нені талап еткен? (Мұқабадағы суретті қараңыз.) ә) Біз қандай сабақ алдық?

7 Заңнан Ехобаның балалар үшін де қатты қам жейтінін көруге болады. Ехоба ата-аналардан балаларының тәндік қана емес, рухани мұқтаждығын ойлауды да талап еткен. Олар кез келген мүмкіндікті қалт жібермей, балаларының жүрегіне Заңға деген ризашылық пен Ехобаға сүйіспеншілік ұялатуы керек болған (Мұс. 5-ж. 6:6—9; 7:13). Балаларына адам шошырлық қиянат жасаған кездері Ехоба халықты жазаға тартқан (Ерм. 7:31, 33). Ата-аналар балаларына қаласа елеп, қаламаса елемейтін, жәбір көрсете беретін меншік ретінде қарамай, оларды мұра, Ехобаның берген сыйы деп бағалау керек еді (Зәб. 127:3).

8 Сабақ сандығы. Ехоба күйеуі мен әйелінің бір-бірімен қандай арақатынаста екенін байқайды. Ол ата-аналардан балаларын сүюді талап етеді, ал дұрыс қарамаса, ата-ананы жауапқа тартады.

9—11. Ехоба сұқтануға неге тыйым салған?

9 Сұқтанбау. Он заңның ең соңғысы сұқтануға, яғни біреудің иелігін қалауға тыйым салады (Мұс. 5-ж. 5:21; Рим. 7:7). Осы заң арқылы Ехоба бір маңызды жайтты ұғындырғысы келді: исраилдіктер жүректерін сақтау керек еді. Мұнда жүрек деп отырғанымыз — адамның ойлары мен сезімдері. Ехоба жаман әрекеттің жаман ой мен сезімнен бастау алатынын біледі (Нақ. с. 4:23). Исраилдік кісі жүрегінде теріс қалаулардың қаумалап өсуіне жол берсе, өзгелерге деген сүйіспеншілігі тұншығып, оларға қиянат жасауы мүмкін еді. Соның бір мысалы — Дәуіт патша. Ол, жалпы алғанда, жақсы адам еді. Алайда бір жолы ол біреудің әйеліне сұқтана қарады. Бұл қалауы оны күнәға әкеп тіреді (Жақ. 1:14, 15). Дәуіт азғындық жасады, әйелдің күйеуін алдауға тырысты, сосын оны өлтіріп тынды (Сам. 2-ж. 11:2—4; 12:7—11).

10 Ехоба исраилдіктің қай кезде сұқтанғанын жақсы білетін. Өйткені ол — жүректі оқитын Құдай (Шеж. 1-ж. 28:9). “Сұқтанба” деген заңның артында “жаман қылыққа апаратын ойларды жуытпа” деген ой жатқан. Ехобаның осындай дана да сүйіспеншілігі мол Әке екеніне өте ризамыз!

11 Сабақ сандығы. Ехобаның көзі адамның түр-келбетінен де тереңге өтеді. Ол ішкі болмысымыздың, жүрегіміздің түкпірін көреді (Сам. 1-ж. 16:7). Ешбір ой, ешбір сезім мен іс-әрекет те одан жасырын қала алмайды. Ехоба бойымыздан жақсылықтың бүршігін іздеп, сол бүршіктің гүлдей түскенін қалайды. Бірақ ол жаман ойларымыз жаман іске ұрындырмай тұрғанда, оларды байқап, ауыздықтап отырғанымызды да қалайды (Шеж. 2-ж. 16:9; Мат. 5:27—30).

ӘДІЛДІККЕ БАСТАЙТЫН ЗАҢ

12. Мұса Заңынан тағы не байқауға болады?

12 Мұса Заңынан Ехобаның әділдікті де сүйетіні жақсы байқалады (Зәб. 37:28; Ишая 61:8). Ехоба — басқаларға әділдік танытудың кемелді үлгісі. Исраил халқы заңдарына құлақ асып жүргенде, Ехоба оларды жарылқап отырған. Ал оның әділ талаптарынан аттап өткенде, олар зардап шеккен. Қазір Он заңға кірген екі заңға назар аударайық.

13, 14. Он заңның алғашқы екеуі не талап етті? Исраилдіктер оларға мойынсұнудың қандай игілігін көрді?

13 Ехобаға қалтқысыз ғибадат ету. Он заңның алғашқы екеуі исраилдіктерден Ехобаға қалтқысыз беріліп, пұттарға табынбауды талап еткен (Мұс. 2-ж. 20:3—6). Бұл бұйрық Ехобаның емес, халықтың игілігі үшін берілген еді. Халық Ехобаға адал болғанда, өсіп-өркендеген. Ал өзге ұлттардың тәңірлеріне құлшылық еткенде, қайғы-қасіреттен көз ашпаған.

14 Осы орайда қанахандықтарды еске түсіріп көрейікші. Олар шынайы да тірі Құдайға емес, жансыз пұттарға табынған. Мұның нәтижесінде өз-өздерін құлдыратты (Зәб. 115:4—8). Олардың құлшылықтары бейбастақ жыныстық әрекеттер мен сәбилерді құрбандыққа шалу сияқты жаға ұстатарлық рәсімдерден тұрған. Ехобадан теріс айналып, пұттарға табынғанда, исраилдіктер де дәл сондай күй кешті. Олар өздерін құрдымға әкетіп, отбасыларын қан жылатты (Шеж. 2-ж. 28:1—4). Билігі барлар Ехобаның әділдік заңдарын аяқасты етті. Олар билігін теріс пайдаланып, дәрменсіз жандарды қанады (Езек. 34:1—4). Ехоба қорғансыз жетім-жесірлерді жылатқаны үшін халықты үкімге кесетінін айтып ескерткен (Мұс. 5-ж. 10:17, 18; 27:19). Ал олар адалдық сақтап, бір-біріне әділдік танытқанда, жағдай басқаша болды: Ехоба халыққа батасын төгіп отырды (Пат. 1-ж. 10:4—9).

Ехоба бізді жақсы көреді, әрі әділетсіздік көрген кезімізді біледі (15-абзацты қараңыз)

15. Ехоба жайында не білдік?

15 Сабақ сандығы. Біреу Ехобаға қызмет етемін дей тұра оның талаптарын орындамай, халқына зияндық жасаса, бұған Ехоба кінәлі емес. Десе де Ехоба бізді жақсы көреді, әрі әділетсіздік көрген кезімізді біледі. Ол біздің жан азабымызды өз баласының жан қиналысын сезетін анадан бетер сезеді (Ишая 49:15). Мұндайда Ехоба жағдайға бірден араласпауы мүмкін, бірақ өз ісіне өкінбейтін күнәкарларды ол уақыты келгенде жауапқа тартады.

ЗАҢНЫҢ ІС-ЖҮЗІНДЕГІ ҚОЛДАНЫСЫ

16—18. Мұса Заңы өмірдің қандай аясын қамтыған және бұдан қандай түйін жасаймыз?

16 Мұса Заңы исраилдік адамның өмірінің әрқилы қырын қамтыған. Сондықтан тағайындалған ақсақалдардың Ехобаның халқына әділ төрелік еткендері аса маңызды еді. Олар ғибадатқа қатысты ғана емес, қоғамдық, қылмыстық мәселелерді де шешкен. Мұның бірер мысалын көрейік.

17 Егер бір исраилдік өзге біреуді өлтіріп қойса, оны бірден жазаға кеспеген. Сол қаланың ақсақалдары өлімге кесу-кеспеуді қажетті тергеу жүргізіп барып қана шешкен (Мұс. 5-ж. 19:2—7, 11—13). Ақсақалдар меншікке қатысты көпшіліктің дауынан бастап ерлі-зайыптылардың арасындағы жеке келіспеушілікке дейін, бір сөзбен айтқанда, күнделікті тұрмыс мәселелеріне де төрелік еткен (Мұс. 2-ж. 21:35; Мұс. 5-ж. 22:13—19). Ақсақалдар қара қылды қақ жарып әділ шешкенде, ал исраилдіктер Заңға мойынсұнғанда, бұның игілікті жемісін бәрі көрген. Осылай халық Ехобаға мадақ әкелген (Мұс. 3-ж. 20:7, 8; Ишая 48:17, 18).

18 Сабақ сандығы. Өміріміздің әр саласы Ехоба үшін маңызды. Ол өзгелерді жақсы көріп, әділдікпен қарағанымызды қалайды. Ол біздің көпшілік арасында ғана емес, үйде жеке қалғанда да не айтып, не қоятынымызға мұқият мән береді (Евр. 4:13).

19—21. а) Ақсақалдар мен билер Құдай халқына қалай қарау керек болған? ә) Ехоба қандай сақшылар орнатқан және біз қандай сабақ аламыз?

19 Ехоба халқын айналасындағы бүлінген ұлттардың әсерінен қалқалағысы келді. Сондықтан ақсақалдар мен билерден тура Заңнан таймауды талап етті. Әйтсе де олардың халыққа қатаңдық, дөрекілік танытуына болмайтын. Төрелік етушілер әділдікті сүю қажет еді (Мұс. 5-ж. 1:13—17; 16:18—20).

20 Ехобаның өз халқына жаны ашиды. Сондықтан ешбірі әділетсіздіктің құрбаны болмас үшін “қорғаушылар”, яғни заңдар орнатқан. Мысалы, Заң адамды қылмыскер деп жазықсыздан-жазықсыз айыпталудан сақтаған. Айыпталушы өзін айыптап жатқан адамның кім екенін білуге құқылы болған (Мұс. 5-ж. 19:16—19; 25:1). Оны кінәлі деп табу үшін, кем дегенде, екі куәгердің растауы қажет болған (Мұс. 5-ж. 17:6; 19:15). Ал егер исраилдіктің қылмысына бір ғана адам куә болса ше? Ондай кезде қылмыскер жасаған ісі үшін жауапқа тартылмаймын деп ойламау керек еді. Өйткені Ехоба оны көктен көріп тұрды. Ал отбасына келер болсақ, билік отағаларының қолында болған, бірақ биліктерінің шегі бар еді. Кейбір отбасылық қиындықтарға қала ақсақалдары араласып, соңғы шешімді айтуға жауапты еді (Мұс. 5-ж. 21:18—21).

21 Сабақ сандығы. Ехобаның істерінде әділетсіздіктің титтей де нышаны жоқ, ол — әділ болудың кемелді үлгісі (Зәб. 9:7). Заң-талаптарын орындайтындарды ол жарылқайды, ал билігін теріс пайдаланатындарды жазалайды (Сам. 2-ж. 22:21—23; Езек. 9:9, 10). Зұлымдық жасап жүргендердің кейбірі жазадан құтылып кеткендей көрінер, алайда Ехоба қажет деп тапқан уақытында әділдік орнауына қам жасайды (Нақ. с. 28:13). Сол кезде өкінбейтін болса, көп ұзамай олар “тірі Құдайдың қолына түсіп, жазалану қандай қорқынышты” екенін түсінетін болады (Евр. 10:30, 31).

ЗАҢДЫ ҚОРҒАН ЕТКЕН ҚОРҒАНСЫЗ ЖАНДАР

Дау туғанда, ақсақалдар Ехобаның сүйіспеншілігі мен әділдігіне еліктеулері керек еді (22-абзацты қараңыз) *

22—24. а) Мұса Заңы әсіресе кімдерге қорғаныш болған және бұдан Ехоба жайлы не білеміз? ә) Мұсаның 2-жазбасы 22:22—24 қандай ескерту жазылған?

22 Мұса Заңы әсіресе өз-өзін қорғауға дәрменсіз болған жетімдерді, жесірлер мен жатжерліктерді қорғаған. Исраил билеріне мынадай бұйрық берілген: “Жатжерліктің не жетімнің ісін қарастырғанда, әділдікті бұрмалама. Алған қарызы үшін жесірдің киімін кепілдікке алма” (Мұс. 5-ж. 24:17). Ехоба халықтың ішіндегі ең әлсіз дегендерге ерекше ықыласпен қараған. Ал оларды жылатқан адамдарды жаза күтіп тұрған (Мұсаның 2-жазбасы 22:22—24 оқыңыз).

23 Сондай-ақ Мұса Заңы туыстармен жыныстық қатынасқа түсуге тыйым салып, отбасы мүшелерін сексуалды зорлықтан сақтаған (Мұс. 3-ж. 18:6—30). Исраилді қоршаған халықтар мұндай арам іске көз жұмып қараған, тіпті сонымен айналысқан. Ал Ехобаның халқы бұған Ехоба сияқты қарап, оны барып тұрған жексұрындық деп санау керек болған.

24 Сабақ сандығы. Ехоба жауапкершілік жүктеген адамдардан қарамағындағыларға сүйіспеншілікпен көңіл бөледі деп күтеді. Ол сексуалды зорлықты жек көреді және барлығының, әсіресе ең әлсіз дегендерінің, қорғаныш тауып, әділдікке қол жеткізгендерін қалайды.

ЗАҢ — БОЛАШАҚ БАТАЛАРДЫҢ КӨЛЕҢКЕСІ ҒАНА

25, 26. а) Сүйіспеншілік пен әділдік неге өмір мен тыныс секілді? ә) Осы топтаманың келесі мақаласында не туралы талқылаймыз?

25 Сүйіспеншілік пен әділдік өмір мен тыныс секілді: бірінсіз бірі жоқ. Ехобаның әділдігін сезінгенде, оған деген сүйіспеншілігіміз семіреді. Ал Ехобаны және оның талаптарын сүйгенде, өзгелерді жақсы көруге, оларға әділдікпен қарауға ынталы бола түсеміз.

26 Мұса Заңы келісімі Ехоба мен исраилдіктердің қарым-қатынасына өмір лебін үрледі. Алайда Исаның төлем құрбандығынан кейін бұл Заңға бағынудың қажеті болмады, өйткені ол одан да керемет нәрсемен алмастырылды (Рим. 10:4). Елші Пауыл Мұса Заңын болашақ баталардың көлеңкесі деп сипаттады (Евр. 10:1). Осы топтаманың келесі мақаласында сол баталар жайында және сүйіспеншілік пен әділдіктің мәсіхшілер қауымындағы алар орны туралы талқылаймыз.

109-ӘН “Бір-біріңді барынша жақсы көріңдер”

^ 5-абзац Бұл — төрт мақаладан тұратын топтаманың алғашқысы. Бұл мақалаларда Ехоба біз үшін қам жейтініне неге сенімді бола алатынымыздың себептері келтіріледі. Қалған үш мақала мамыр айында жарық көреді. Атаулары: “Мәсіхшілер қауымындағы сүйіспеншілік пен әділдік”, “Зұлым дүниедегі сүйіспеншілік пен әділдік” және “Зорлық құрбандарына жұбаныш”.

^ 2-абзац СӨЗ МӘНІ: Ехобаның Исраил халқына Мұса арқылы берген 600-ден астам заңы Жазбаларда “Заң”, “Мұса Заңы”, я болмаса “заңдар” деп берілген. Сондай-ақ Жазбалардағы алғашқы бес кітап та жиі “Заң” деп аталады. Кейде бұл сөз бүкіл Еврей жазбаларына қатысты қолданылады.

^ 60-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Тамақ әзірлеп отырып исраилдік ана қыздарымен әңгімелесуде. Артында әкесі ұлына қойды күтіп-бағуды үйретіп жатыр.

^ 64-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Жергілікті саудагерден әділетсіздік көрген жесір әйел мен баласына қала қақпасының алдындағы ақсақалдар сүйіспеншілікпен көмектесіп жатыр.