Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

10-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Шомылдыру рәсімінен өтуіме қандай кедергі бар?

Шомылдыру рәсімінен өтуіме қандай кедергі бар?

“Екеуі суға түсіп, Філіп оны шомылдыру рәсімінен өткізді” (ЕЛ. ІС. 8:38).

52-ӘН Ехобаға бағышталу

АҢДАТПА *

1. Адам мен Хауа нені жоғалтты және мұның нәтижесі қандай болды?

ЖАҚСЫЛЫҚ пен жамандыққа қатысты нормаларды кім орнату керек деп ойлайсыз? Адам мен Хауа жақсылық пен жамандықты танытатын ағаштың жемісін жегенде, мына жайтты айқын етті: олар Ехобаға және оның нормаларына сенім артқысы келмеді. Сондай-ақ жақсылық пен жамандыққа қатысты нормаларды өзіміз орнатамыз деп шешті (Мұс. 1-ж. 3:22). Бірақ олар неден құр қалғанын ойлап көріңізші. Ехобамен достықтарын жоғалтты, мәңгі өмір сүру мүмкіндігінен айырылды. Ал балаларына күнә мен өлімді қалдырды (Рим. 5:12). Алғашқы жұптың таңдауы осындай қасірет әкелді.

Исаға сенгеннен кейін эфиопиялық қызметкер тез арада шомылдыру рәсімінен өткісі келді (2, 3-абзацты қараңыз)

2, 3. а) Філіптің уағызын тыңдаған эфиопиялық қызметкер не істеді? ә) Шомылдыру рәсімінен өткендер қандай баталарға кенеледі және біз қандай сұрақтарды талқылаймыз?

2 I ғасырдағы эфиопиялық қызметкер Адам мен Хауадан мүлдем басқаша әрекет етті. Ол Філіптің уағызын тыңдап, Ехоба мен Исаның ол үшін қандай игі іс жасағанын білгенде, бірден шомылдыру рәсімінен өтті (Ел. іс. 8:34—38). Құдайға өмірімізді бағыштап, сол кісі сияқты шомылдыру рәсімінен өткенде, біз де бір жайтты айқын етеміз: Ехоба мен Исаға жасаған жақсылықтары үшін өте риза екенімізді көрсетеміз. Сонымен қатар Ехобаға сенім артатынымызды әрі жақсылық пен жамандыққа қатысты нормаларды тек сол ғана орнату керек екенін мойындайтынымызды көрсетеміз.

3 Ехобаға қызмет етудің баталары жайлы ойлап көріңізші! Біріншіден, Адам мен Хауа жоғалтқан барлық нәрсені қайта иемденуге, мәңгі өмір сүруге үмітіміз бар. Иса Мәсіхке сенгендіктен, Құдай күнә-қателіктерімізді кешіп, ар-ұжданымызды тазартады (Мат. 20:28; Ел. іс. 10:43). Сондай-ақ Ехобаның ықыласына бөленген дүниежүзілік отбасына қосыламыз. Бұл отбасын жарқын болашақ күтіп тұрғаны тағы бар (Жох. 10:14—16; Рим. 8:20, 21). Осы баталар соқырға таяқ ұстатқандай айқын болса да, кейбір адамдар эфиопиялық кісі сияқты батыл қадам жасай алмай жатады. Шомылдыру рәсімінен өтуге оларға не кедергі? Сол кедергілерден қалай сүрінбей өтсе болады?

КЕРІ ТАРТАТЫН КЕДЕРГІЛЕР

Кейбіреулер үшін шомылдыру рәсімінен өтуге кедергі жайттар

Өз-өзіне сенімсіздік (4, 5-абзацты қараңыз) *

4, 5. Эвери мен Ханна есімді жастар қандай кедергілерге кезікті?

4 Өз-өзіне сенімсіздік. Эвери есімді жігіттің ата-анасы — Ехоба куәгері. Оның әкесі — отбасына өте қамқор, қауымда да тамаша ақсақал. Бірақ Эвери шомылдыру рәсімінен өтуден тартынып жүрді. Неге? Бұл сұраққа өзі жауап берсін. “Мен әкем сияқты бола алмаймын деп ойладым”,— дейді ол. Сондай-ақ оған болашақта берілетін жауапкершіліктерін атқара алмайтындай көрінетін. “Менен көпшілік алдында дұға айтуды сұраса, баяндамамен шығуды, уағыздау тобына жауапты болуды тапсырса қайтемін деп қорқатынмын”,— дейді Эвери.

5 Ханна деген 18 жастағы қызға өз-өзіне деген сенімділік қатты жетіспейтін. Ол Ехобаға қызмет ететін отбасында өсті. Сөйтсе де Ехобаның нормаларымен өмір сүре алмаймын деп ойлапты. Неліктен? Өйткені Ханнаның өзіне ешқашан көңілі толмайтын. Кейде оның жаман сезімдерге тұншығатыны сонша — өз-өзін әдейі зақымдайтын. Бірақ бұдан ешқандай жеңілдік сезінбейтін. Ол былай дейді: “Мен не істеп жүргенім жайында ешкімге тіс жармадым, мұны тіпті ата-анам да білмеді. Өзіме істеген осы нәрседен кейін Ехоба қызметшісі болғанымды еш қаламайды деп ойладым”.

Достардың ықпалы (6-абзацты қараңыз) *

6. Шомылдыру рәсімінен өтуден Ванессаны кері тартқан не?

6 Достардың ықпалы. 22 жасар Ванесса: “Кішкентайымнан білетін өте жақын бір досым бар еді”,— дейді. Бірақ ол Ванессаның шомылдыру рәсімінен өтемін деген ниетін қолдамайтын. Бұл Ванессаның жанына батты. Ол былай дейді: “Маған біреумен достасып кету өте қиын. Егер достығымыз үзілсе, ешқашан басқа құрбы таба алмаймын деп уайымдадым”.

Ауыр қателік жасаудан қорқу (7-абзацты қараңыз) *

7. Макайла деген қыз неден қорықты және неге?

7 Ауыр қателік жасаудан қорқу. Ағасы қауымнан шығарылғанда, қарындасы Макайла бес жаста болатын. Ол ағасының қылықтары ата-анасының жүрегін қалай ауыртқанын көріп өсті. “Шомылдыру рәсімінен өткен соң, қателік жасап қойсам, қауымнан шығарыламын, бұл болса ата-анамның сыздаған жүрегін одан сайын ауыртады деп қорықтым”,— дейді Макайла.

Қарсылықтан қорқу (8-абзацты қараңыз) *

8. Майлс деген жігіт неден қорықты?

8 Қарсылықтан қорқу. Майлс есімді жігіттің ата-анасы ажырасып кеткен. Оның әкесі Ехобаға қызмет етеді. Бірақ анасы Куәгер емес. Майлс өз жағдайын былай деп жеткізді: “Мен анаммен 18 жыл тұрдым. Оған шомылдыру рәсімінен өткім келетінін айтуға батылым бармады. Өйткені әкем шындыққа келгенде, анамның қалай қарсылық білдіргенін көрген едім. Менің де өмірімді солай қиындата ма деп қорықтым”.

КЕДЕРГІЛЕРДЕН СҮРІНБЕЙ ӨТУ

9. Ехобаның шыдамдылығы мен сүйіспеншілігі жайлы білгеніңіз не нәрсеге қозғау болуы мүмкін?

9 Адам мен Хауа Ехобаға деген сүйіспеншіліктерін өсірген жоқ, сондықтан оған қызмет етпеуді шешті. Сөйтсе де Ехоба оларға балалы-шағалы болатындай ұзақ жасауға, балаларын өздері орнатқан нормалары бойынша тәрбиелеуге кедергі болмады. Екеуінің Ехобадан тәуелсіз боламыз деген шешімдерінің ақымақтық болғаны көп ұзамай айқын көрінді. Тұңғыш ұлдары кінәсіз інісін өлтірді, тасбауырлық пен өзімшілдік кейін күллі адамзат баласын шырмап алды (Мұс. 1-ж. 4:8; 6:11—13). Осыған қарамастан, Ехоба өзіне қызмет еткісі келетін адамдарды құтқарудың жолын тапты (Жох. 6:38—40, 57, 58). Ехобаның шыдамдылығы мен сүйіспеншілігі жайлы көбірек білсеңіз, оны жақсы көре түсесіз. Бәлкім, сол кезде Адам мен Хауа таңдаған жолдан бас тартып, өміріңізді Ехобаға арнағыңыз келер.

Кедергілерден сүрінбей өту жолдары

(9, 10-абзацты қараңыз) *

10. Зәбүр 19:7 жайында ой жүгірту Ехобаға қызмет етуге қалай көмектеседі?

10 Ехоба жайында білім ала беріңіз. Ехоба туралы біліміңіз молайған сайын оған қызмет ете аламын деген сеніміңіз де молая түседі. Эвери былай дейді: “Зәбүр 19:7-де (оқыңыз) жазылған уәдені оқып, ой жүгіртудің арқасында өзіме деген сенімім өсті”. Ехоба осы уәдесін орындағанда, Эверидің оған деген сүйіспеншілігі күшейе түсті. Мұндай сүйіспеншілік бойымызға сенімділік ұялатып қана қоймай, бірінші кезекте Ехоба мен оның қалауын ойлауға көмектеседі. Ал Ханна болса: “Киелі кітапты оқып, жеке зерттей отырып, өзімді жарақаттағанда, Ехобаны да жарақаттайтынымды түсіндім”,— деп ой түйді (Пет. 1-х. 5:7). Ол Құдай сөзін “жүзеге асырушы болды” (Жақ. 1:22). Мұның қандай нәтиже әкелгенін айтып: “Ехобаға мойынсұнудың игілігін көргенде, оған деген сүйіспеншілігім күшейді. Оның көмегін қажет еткен кезімнің бәрінде мені жетелеп жүретініне сенімдімін”,— деді. Ханна өзін зақымдайтын әдетін жеңе алды. Ол Ехобаға өзін бағыштап, шомылдыру рәсімінен өтті.

(11-абзацты қараңыз) *

11. Жақсы достар табу үшін Ванесса не істеді және біз бұдан не үйренеміз?

11 Достарды ақылмен таңдаңыз. Ванессаның құрбысы оны Ехобаға қызмет етуден кері тартты. Ол мұны түсінгенде, онымен достығын үзді. Содан кейін ол бар ерік-жігерін жинап, қауымның ішінен дос іздеді. Нұхтың отбасынан не нәрсе үйренгенін айтып былай деді: “Бұл отбасы Ехобаны сүймейтін қоғамда өмір сүрді. Бірақ олар өзара тығыз қарым-қатынаста еді”. Шомылдыру рәсімінен өткен соң, Ванесса ізашарлық қызметті бастады. “Бұл қызмет маған өз қауымымда ғана емес, басқа қауымдардан да жақсы достар табуға көмектесті”,— деп қуанышын білдірді ол. Ехоба тапсырған іске барынша атсалыса жүріп, сіз де адал достар таба аласыз (Мат. 24:14).

(12—15 абзацтарды қараңыз) *

12. Адам мен Хауаға қандай қорқыныш жетіспеді және мұның салдары қандай болды?

12 Дұрыс қорқыныш дамытыңыз. Кейбір қорқыныштың жөні бөлек. Мысалы, біз Құдайға ұнамсыз болып қалудан қорқуымыз керек (Зәб. 111:10). Адам мен Хауа осындай қорқынышты дамытқанда, Құдайға қарсы шықпас еді. Алайда олар қарсы шықты. Содан кейін көздері ашылды, яғни өздерінің күнәкар екендерін түсінді. Енді балаларына бар бере алатындары күнә мен өлім еді. Қандай күйге түскендерін түсінгенде, олар өздерінің жалаңаш екеніне ұялып, үстерін жауып алды (Мұс. 1-ж. 3:7, 21).

13, 14. а) Петірдің 1-хаты 3:21-ді ескерсек, өлімнен неге қорықпауымыз керек? ә) Ехобаны жақсы көруге қандай себептер бар?

13 Ехобаға ұнамсыз болып қалудан қорыққанымыз дұрыс, бірақ өлімнен қорқудың қажеті жоқ. Ехоба мәңгілік өмірге ие болуымыз үшін қам жасаған. Күнә жасап қойғанда шын өкінсек, Ехоба бізді кешіреді. Өйткені ол Ұлының төлем құрбандығына деген сенімімізді ескереді. Ал сенімімізді көрсетудің ең негізгі жолы — Құдайға бағышталып, шомылдыру рәсімінен өту (Петірдің 1-хаты 3:21 оқыңыз).

14 Ехобаны жақсы көруге бізде себептер көп. Ол бізге өмірдің әр күнін қуанышқа толтыратын нәрселерді беріп қана қоймай, өзі жайында, мақсаттары жайында шындықты үйретеді (Жох. 8:31, 32). Бізді жетелеп, желеп-жебеп отыру үшін мәсіхшілер қауымын да берді. Қазірдің өзінде Ехоба ауыртпалығымызды көтеріседі, ал болашақта мінсіз ортада мәңгі өмір сүруге үмітіміз бар (Зәб. 68:19; Аян 21:3, 4). Бізді қатты сүйетінін көрсету үшін Ехобаның қаншама нәрсе жасағанын ойласақ, оны одан бетер жақсы көріп кетеміз. Ехобаны жақсы көргенде, бойымызда дұрыс қорқыныш дамиды. Сонда жақсы көретін Құдайымыздың жүрегін ауыртып алудан қорқатын боламыз.

15. Макайла қателік жасап қоямын деген қорқынышын қалай жеңді?

15 Макайла Ехобаның қаншалықты кешірімшіл екенін түсінгенде, ауыр қателік жасап қоямын деген қорқынышын жеңе алды. “Бәріміз де кемелсізбіз, қателеспейтін адам жоқ. Бірақ Ехоба бізді жақсы көреді. Ол төлемді негізге алып, бізді кешіреді”,— дейді ол. Ехобаға деген сүйіспеншілігі қозғау болғандықтан, Макайла оған өмірін бағыштап, шомылдыру рәсімінен өтті.

(16-абзацты қараңыз) *

16. Анасынан қорыққан Майлс қорқынышын қалай жеңді?

16 Шомылдыру рәсімінен өтуіне анасы қарсы болады деп қорыққан Майлс аудандық бақылаушыға ақыл сұрап барады. “Оның да анасы Куәгер емес еді. Ол шомылдыру рәсімінен өту әкемнің емес, өз шешімім екенін анама қалай түсіндіруге болатынын ойластыруға көмектесті”,— дейді Майлс. Анасы оның шомылдыру рәсімінен өтемін деген шешімін қоштай қоймады. Ақырында Майлсқа үйден кетуге тура келді. Бірақ ол өз шешімінен таймады. “Ехобаның мен үшін жасаған жақсылықтары туралы білген сайын, жүрегім ризашылыққа тола берді. Исаның төлем құрбандығы жайлы тереңінен ойланғанда, Ехобаның мені қаншалықты жақсы көретінін түсіндім. Соны сезінгенім Ехобаға өмірімді бағыштап, шомылдыру рәсімінен өтуге түрткі болды”.

ШЕШІНГЕН СУДАН ТАЙЫНБАС

Шомылдыру рәсімінен өткеніміз — Ехобаның бар жақсылығын бағалайтынымыздың көрінісі (17-абзацты қараңыз)

17. Бәріміз нені көрсете аламыз?

17 Едем бағындағы ағаштың жемісін жеп, Хауа Әкесінен теріс айналды. Оған Адам да қосылып, Ехобаның ол үшін жасаған бар жақсылығын аяқасты етті. Осылай ризалықтан жұрдай екенін көрсетті. Екеуінің осы істегенімен келісе алмайтынымызды бүгінде бәріміз көрсете аламыз. Қалайша? Шомылдыру рәсімінен өткенде, жақсы мен жаманға қатысты нормаларды Ехоба ғана орнату керек деп санайтынымызды көрсетеміз. Әрі Әкемізді сүйетінімізді, оған сенім артатынымызды дәлелдейміз.

18. Ехобаға қызмет етуде өрге басу үшін не істей аласыз?

18 Біз шомылдыру рәсімінен өткен соң да Ехобаның қалауын орындауды доғармаймыз. Біз әр күні өзіміздің емес, Ехобаның нормалары бойынша өмір сүреміз. Миллиондаған адам бүгінде солай өмір кешуде. Құдай Сөзі — Киелі кітапты тереңінен түсінуге тырыссаңыз, бауырластармен жиі араласып тұрсаңыз, сізді жақсы көретін Әкеңіз жайында басқаларға зор ынтамен айтсаңыз, сіз де сол миллиондаған жан сияқты бақытты боласыз (Евр. 10:24, 25). Шешім қабылдарда Ехобаның Сөзі мен ұйымы арқылы беріп отырған ақыл-кеңесіне ден қойыңыз (Ишая 30:21). Сонда барлық ісіңізде табысқа жетесіз! (Нақ. с. 16:3, 20).

19. Нені есте ұстағаныңыз жөн және неліктен?

19 Ехобаның жетелеуімен жүру өзіңіз үшін қаншалықты игілікті екенін әрдайым есте ұстасаңыз, оған деген, оның нормаларына деген сүйіспеншілігіңіз жалындай бермек. Сонда Ехобаға қызмет еткізбес үшін Шайтан не ұсынбасын, сізді еш нәрсе кері тарта алмайды. Ал енді мың жылдан кейінгі уақытты елестетіп көріңізші. Сол кезде сіз шомылдыру рәсімінен өткеніңізді еске алып, өмірде ең дұрыс шешім қабылдағаныңызға риза боларыңыз сөзсіз!

28-ӘН Ехобаның досы болайық

^ 5-абзац Өмірдегі ең маңызды шешім — шомылдыру рәсімінен өту-өтпеуді шешу. Бұл неліктен маңызды? Бұл сұрақтың жауабын осы мақаладан білеміз. Шомылдыру рәсімінен өтуді ойлап, бірақ тартыншақтап жүргендер де өз кедергілерін қалай жеңе алатындарын біледі.

^ 56-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Сенімсіздік. Жас жігіт түсініктеме беруге бата алмады.

^ 58-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Достар. Жаман ортамен араласып жүрген Куәгер қыз басқа Куәгерлерді көргенде қысылып-қымтырылып қалды.

^ 60-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Қателесуден қорқу. Ағасы қауымнан шығарылып, үйден кеткенде, қарындасы да сондай боламын деп қорықты.

^ 62-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Қарсылық. Куәгер емес анасы қақ алдында отырғанда, жас бала дұға айтуға бата алмады.

^ 65-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Сенімсіздік. Жас жігіт жеке зерттеуін жақсартып жатыр.

^ 67-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Достар. Куәгер қыз Куәгер екенін мақтан тұтуды үйреніп жүр.

^ 69-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Қателесуден қорқу. Жас қыз Құдаймен достығын нығайтып, кейін шомылдыру рәсімінен өтті.

^ 71-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Қарсылық. Жас бала қайратын жиып, Куәгер емес анасына сенімін түсіндіріп берді.