Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

11-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Ехобаның даусына құлақ түріңіз

Ехобаның даусына құлақ түріңіз

“Бұл — менің сүйікті Ұлым... Оны тыңдаңдар!” (МАТ. 17:5).

89-ӘН Құдайға құлақ асып, батаға кенел

АҢДАТПА *

1, 2. а) Ехоба адамдармен қалай сөйлескен? ә) Бұл мақалада не қарастырамыз?

ЕХОБА адамдармен сөйлескенді жақсы көреді. Ежелде ол пайғамбарлар, періштелер және Ұлы Иса Мәсіх арқылы өз ойын білдіріп отырған (Амос 3:7; Ғал. 3:19; Аян 1:1). Ал бүгінде ол бізбен Киелі кітап арқылы сөйлеседі. Ехоба Киелі кітапты оның ойы мен әрекет ету жолдарын түсіне алуымыз үшін берді.

2 Иса жерде болғанда, Ехоба үш рет көктен сөйлеген. Қазір Ехоба сол жағдайларда не айтқанын, айтқандарынан не үйренетініміз бен пайдалы тұстарын қарастырайық.

“СЕН МЕНІҢ СҮЙІКТІ ҰЛЫМСЫҢ”

3. Марқа 1:9—11 тармақтардан білгеніміздей, Иса шомылдыру рәсімінен өткен кезде Ехоба не деді? Бұл сөздерде қандай үш шындық жатыр?

3 Марқа 1:9—11 (оқыңыз) тармақтарда Ехоба көктен сөйлеген бірінші жағдай сипатталады. Ол Исаға: “Сен менің сүйікті Ұлымсың. Мен саған ризамын!”— деген. Осылай әкелік махаббатын білдіріп, оған сенім артатынын айтқанда, Исаның жүрегі шаттыққа толды. Ехобаның сөздері Иса жайында маңызды үш шындықты айтады. Біріншіден, Иса — оның Ұлы. Екіншіден, Ехоба Ұлын сүйеді. Үшіншіден, Ехоба Ұлына риза. Қазір осы үш жайтқа тереңірек үңілейік.

4. Шомылдыру рәсімінен өткенде, Иса қай мағынада Құдайдың Ұлы болды?

4 “Сен менің... Ұлымсың”. Бұл сөздер Ехоба мен сүйікті Ұлының арасында жаңа қарым-қатынас орнағанын білдіреді. Иса көкте болғанда-ақ оның Ұлы еді ғой дерсіз. Иә, бірақ ол шомылдыру рәсімінен өткенде, жаңа мағынада Құдайдың Ұлы болды. Ол киелі рухпен майланып, көкке оралу, Патша әрі Бас діни қызметкер болу үмітіне ие болды (Лұқа 1:31—33; Евр. 1:8, 9; 2:17). Судан шыққан Исаға Ехобаның “Сен менің Ұлымсың” дегені сондықтан (Лұқа 3:22).

Біз мақтау мен жігерлі сөздерден гүлдей жайнаймыз (5-абзацты қараңыз) *

5. Сүйіспеншілік көрсетіп, жігер беруде Ехобаға қалай еліктесек болады?

5 “Сүйікті Ұлымсың”. Сүйіспеншілігі мен ризалығын білдірген Ехобаға еліктеп, біз де өзгелерге күш-жігер беруді көздейміз (Жох. 5:20). Жақын адамымыз бізді сүйетінін көрсетіп, жақсы істеріміз үшін мақтаса, көңіліміз өсіп қалады, солай емес пе?! Қауымдағы бауырластар мен үйдегі отбасымыз біздің сүйіспеншілігімізге, жылы да жігерлі сөздерімізге дәл солай мұқтаж. Өзгені мақтағанда, оның сенімін қайрап, Ехобаға адал қызмет ете беруге күш береміз. Мақтау сөздерге әсіресе балалар зәру. Ата-анасы балаларын шын жүректен мақтап, жылы сезімдерін білдіріп отырса, олар жадырап-жайнай түседі.

6. Біз Иса Мәсіхке не үшін сенім артамыз?

6 “Мен саған ризамын!” Бұл сөздерден көрінетіндей, Ехоба Исаның алған тапсырмасын адал атқарып шығатынына сенімді болған. Егер ол Ұлына осылай сеніп отырса, біз де оған Ехобаның барлық уәдесін іске асырады деп сене аламыз (Қор. 2-х. 1:20). Исаның үлгісі жайында ойлансақ, одан үйренуге, оның ізімен жүруге одан сайын асық боламыз. Ехоба Исаға қалай сенімді болса, қызметшілеріне де солай сенімді. Ехоба олардың әрі қарай да топ ретінде Ұлынан үйрене беретініне күмәнданбайды (Пет. 1-х. 2:21).

“ОНЫ ТЫҢДАҢДАР!”

7. Матай 17:1—5 тармақтарға сай, Ехоба қай кезде көктен сөйледі және ол не деді?

7 Матай 17:1—5 оқыңыз. Ехобаның көктен екінші рет сөйлеген кезі Исаның “сырт көрінісі өзгеріске түскенде” болды. Иса Петір, Жақып пен Жоханды ертіп, бір биік тауға көтерілді. Сол жерде шәкірттері бір ғажайып көрініске куә болды. Исаның жүзі күндей жарқырап, киімі сәуле шашты. Мұса мен Ілияс пайғамбарды бейнелеген екі адам Исамен сөйлесіп, оның жақында өлетіні, сосын тірілетіні жайында айта бастады. Үш елші бұл керемет көріністі ұйқылы-ояу кездерінде емес, толық оянғаннан кейін көрді (Лұқа 9:29—32). Сосын оларды бір нұрлы бұлт орап алды да, бұлт арасынан бір дауыс естілді. Бұл Құдайдың даусы еді! Иса шомылдыру рәсімінен өткен кездегідей, бұл жолы да Ехоба Ұлына риза екенін, оны сүйетінін білдіріп: “Бұл — менің сүйікті Ұлым. Мен оған ризамын!”— деді. Сосын артынан: “Оны тыңдаңдар!”— деп қосты.

8. Таудағы көріністен кейін Иса мен шәкірттері қандай әсерде қалды?

8 Бұл көріністен Исаның Құдай Патшалығының Патшасы болғанда қандай ұлылық пен құдіретке кенелетіні айқын болды. Иса көргенінен күш-жігер алып, алдағы ауыр азаптар мен аяусыз өлімге төтеп беруге дайын болды. Таудағы көрініс шәкірттердің де сенімдерін нығайтты. Мінсіздіктері сынға алынатын уақытқа және оларды жылдар бойы ауыр еңбек етуге даяр етті. 30 жылдай уақыттан кейін елші Петір сол оқиғаны сөз етіп, сол көргені көкейінде әлі де сайрап тұрғанын айтты (Пет. 2-х. 1:16—18).

9. Иса шәкірттеріне қандай кеңестер берді?

9 “Оны тыңдаңдар!” Ехоба Ұлын тыңдағанымызды және мойынсұнғанымызды қалайтынын анық айтты. Иса жерде болғанда не айтқан? Ол кәдеге жарайтын көп нәрсе айтты. Мысалы, шәкірттеріне уағыздауды мейіріммен үйретті, сергек болу керектігін қайта-қайта ескертті (Мат. 24:42; 28:19, 20). Оларды “тар есіктен кіруге барынша тырысуға”, еш берілмеуге шақырды (Лұқа 13:24). Сонымен қатар бір-бірін сүюге, бірліктерін бұзбауға және өсиеттерін орындау керектігіне баса назар аударды (Жох. 15:10, 12, 13). Бұл өте қажет кеңестер еді! Бұл кеңестер маңызын осы күнге дейін жоғалтқан жоқ.

10, 11. Исаны тыңдайтынымызды қалай көрсетеміз?

10 Иса: “Шындықты жақтайтын әркім менің даусыма құлақ салады”,— деген (Жох. 18:37). Мысалы, “өзара төзімді болып, бір-бірімізді кеңпейілмен кешіргеніміз” — оның даусына құлақ салғанымыз (Қол. 3:13; Лұқа 17:3, 4). “Уақыт қолайлы не қиын болсын”, барлық кезде ізгі хабарды зор ынтамен уағыздағанымыз да оның даусына құлақ салғанымызды көрсетеді (Тім. 2-х. 4:2).

11 Иса: “Қойларым даусыма құлақ салады”,— деген (Жох. 10:27). Ізбасарлары оны тыңдап қана қоймай, естігендеріне сай әрекет етеді. Олар “күнделікті тұрмыс уайымын” ойлап алаңдамайды (Лұқа 21:34). Керісінше, тіпті қиындықпен бетпе-бет келгенде де Исаның өсиеттеріне мойынсұнуды өмірлерінің төріне шығарады. Көп бауырластар ауыр сынақтардан өтіп жатыр. Мысалы, олар қарсыластардың тарапынан жәбір көруде, жоқшылықтың азабын тартуда, табиғи апаттың салдарынан зардап шегуде. Қиындық қалай қайыстырмасын, олар адалдықтарынан мызғымай тұр. Иса оларды: “Кім менің өсиеттерімді қабылдап, орындаса, соның мені сүйгені. Ал мені сүйгенді Әкем сүйеді”,— деп сендіреді (Жох. 14:21).

Қызметіміз Исаның даусына құлақ асуға көмектеседі (12-абзацты қараңыз) *

12. Исаны тыңдайтынымызды көрсетудің тағы бір жолы қандай?

12 Исаны тыңдайтынымызды көрсетудің тағы бір жолы бар. Бұл — басшылықты қолға алуға тағайындалған адамдармен қызметтесу (Евр. 13:7, 17). Құдайдың ұйымы соңғы жылдары көп өзгерістер жасады. Мысалы, қызметте жаңа құралдар мен жаңа әдістер, апта ішіндегі кездесуіміздің жаңа форматы және Патшалық сарайларын салу, жөндеу, күтіп ұстау жұмыстарындағы өзгерістер. Бұл басшылықтар біздің игілігіміз үшін беріледі әрі Құдай ұйымындағы сүйіспеншілік пен қамқорлықты паш етеді. Біз бұған шексіз ризамыз! Ұйымның нұсқауларына сай жүріп-тұрғанымызды Ехобаның жарылқайтынына сенімді болайық.

13. Исаны тыңдағанымыздың берері не?

13 Исаның ғибратты тәлімінің берері мол. Сондықтан оны тыңдаудан ұтпасақ, еш ұтылмаймыз. Мысалы, ол тәлімінің сергітетін күші бар екенін айтты. Шәкірттеріне уәде етіп: “Сонда жандарың сергиді. Себебі мойынтұрығым ыңғайлы, жүгім жеңіл”,— деді (Мат. 11:28—30). Исаның ғұмыры мен қызметін қамтитын Інжілдің 4 кітабы мен тұтастай Құдай Сөзі бізді расында да сергітіп, жаңадан рухани күш дарытып, дана қылады (Зәб. 19:7; 23:3). Иса бір сөзінде былай деген болатын: “Құдай сөзін естіп, оны орындайтындар бақытты!” (Лұқа 11:28).

ЕХОБА ЕСІМІН ДАҢҚТАЙДЫ

14, 15. а) Жохан 12:27, 28-ге сай, Ехоба көктен сөйлеген үшінші оқиға қандай? ә) Неге Ехобаның сөздері Исаны жұбатып, күш берді?

14 Жохан 12:27, 28 оқыңыз. Інжіл жазушысының бірі Жохан Ехобаның көктен үшінші рет сөйлегенін жазып кеткен. Өліміне бірнеше күн қалғанда, Иса соңғы Құтқарылу мейрамын тойлау үшін Иерусалимде жүрген. Сонда ол: “Жаным толқып тұр”,— деді де, былай деп дұға етті: “Әке, есіміңді даңқтай көр”. Сонда көктен Әкесінің: “Мен оны даңқтадым, тағы да даңқтаймын”,— деген дауысы естілді.

15 Исаның толқып тұрғанына бір үлкен себеп болды: ол Ехобаға адал болып қалу керек еді. Оны қамшының астына алып сабайтынын, жан баласы шыдамайтын азапты өлім күтіп тұрғанын білетін (Мат. 26:38). Бірақ ол үшін ең маңыздысы Әкесінің есімін даңқтау еді. Иса тіл тигізуші деп айыпталғандықтан, өлімі Құдайдың атына дақ түсіре ме деп қатты уайымдады. Сондықтан Ехобаның сөздері оның бойына сенімділік құйғаны сөзсіз. Енді ол Ехобаның аты даңқталатынына еш күмәнданбады. Әкесінің сөздері мазасыз жанын тыныштандырып, алдағы қиындыққа төзуге күш-қуат берді. Бәлкім, сол кезде Ехобаның сөздерін түсінген жалғыз жан Иса ғана болған шығар. Десе де Ехоба бұл сөздерді бәріміз үшін жазып қалдырудың қамын жасады (Жох. 12:29, 30).

Ехоба өз есімін даңқтап, халқын құтқарады (16-абзацты қараңыз) *

16. Құдайдың есіміне кір келеді-ау деп қай кезде уайымдап жатамыз?

16 Иса сияқты біз де Ехобаның атына дақ түсе ме деп уайымдап жатамыз. Бәлкім, Исаның күйін кешіп, әділетсіздіктің құрбаны болған шығармыз. Бізді жақтырмайтындардың біз туралы жалған әңгімелерін естіп, “Ехоба мен ұйымның атына кір келетін болды-ау” деп мазасызданатынымыз тағы бар. Сондайда Ехобаның Исаға айтқан сөздері жанымызға тыныштық сыйлайды емес пе?! Шектен тыс уайымға берілмейік. Киелі кітапта: “Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығы жүректерің мен ой-саналарыңды Мәсіх Иса арқылы сақтайды”,— деген уәде жазылған (Філіп. 4:6, 7). Ехоба өз есімін әрдайым даңқтай бермек. Шайтан мен осы дүниенің кесірінен зиян көрген адал қызметшілерін Ехоба Патшалық арқылы толықтай айықтырады (Зәб. 94:22, 23; Ишая 65:17).

ЕХОБАНЫҢ ДАУСЫНА ҚҰЛАҒЫҢЫЗ ТҮРІК ЖҮРСІН

17. Ишая 30:21-де айтылғандай, Ехобаның дауысын қалай естиміз?

17 Ехоба әлі де адамдармен сөйлеседі (Ишая 30:21 оқыңыз). Әрине, Құдай бізге тікелей көктен үн қатпайды. Десе де нұсқауларын жазбаша түрде Киелі кітап арқылы беріп отыр. Бұған қоса, Ехобаның киелі рухы “адал басқарушыға” бізді ас-сумен қамтамасыз етуге қозғау салады (Лұқа 12:42). Бүгінде біз рухани асты баспа түрінде, онлайн түрінде, керек десеңіз, аудио-видео түрінде молынан алып жатырмыз!

18. Ехобаның сөздері сеніміңізді қалай өсіріп, батылдығыңызды қалай қайрады?

18 Ехобаның өз Ұлына айтқан сөздерін ешқашан жадымыздан шығармайық. Құдайдың Киелі кітапта жазылған бұл сөздері мына жайттарға сенімімізді нығайтсын: барлық жағдай Ехобаның жіті бақылауында және ол Шайтан мен оның залым дүниесі тигізген кесірді толықтай жояды. Ехобаның даусына құлағымызды сақ түрейік. Сонда бүгінгі де, ертеңгі де қиындықтарда қайыспай, табанды тұрамыз. “Құдайдың еркін орындап, оның уәде еткенін иемдену үшін, табанды болуларың қажет”,— деген Киелі кітаптағы сөздерді жерге тастамайық (Евр. 10:36).

4-ӘН “Ехоба — менің Бағушым”

^ 5-абзац Иса жерде болғанда, Ехоба үш жағдайда оған көктен тіл қатқан. Солардың бірінде Ехоба Исаның шәкірттерін оны тыңдауға шақырды. Бүгінде Ехоба жазбаша түрдегі Сөзі арқылы, оның ішіне Исаның тәлімдері де кіреді және оның ұйымы арқылы тіл қатады. Бұл мақаладан Ехоба мен Исаға құлақ асқанымыздың өзімізге пайдалы екенін білетін боламыз.

^ 52-абзац СУРЕТТЕР СИПАТТАМАСЫ: Байқампаз ақсақал қызмет көмекшісінің Патшалық сарайында көмектесіп жатқанын, әдебиеттерді түгендеп жатқанын көріп қалды. Сол үшін оны мақтап жатыр.

^ 54-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Сьерра-Леонедегі жұп бір балықшыға қауым кездесуіне шақыру қағазын беріп жатыр.

^ 56-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Ісімізге тыйым салынған жердегі Куәгерлер бір үйде жиналып отыр. Сақтық үшін барлығы күнделікті киіммен келген.