Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

28-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Ісімізге тыйым салынса да, Ехобаға ғибадат ете берейік!

Ісімізге тыйым салынса да, Ехобаға ғибадат ете берейік!

“Біз көріп-естігеніміз жайлы үнсіз қала алмаймыз” (ЕЛ. ІС. 4:19, 20).

122-ӘН Берік те мығым бол!

АҢДАТПА *

1, 2. а) Ісімізге тыйым салынып жатса, біз бұған неліктен таңғалмаймыз? ә) Осы мақалада нені қарастырамыз?

2018 қызмет жылының есебіне сай, 223 000-нан көп жариялаушы ісімізге тыйым салынған немесе қатаң шектеулер қойылған елдерде қызмет етті. Біз бұған таңғалмаймыз, себебі алдыңғы мақаладан шынайы мәсіхшілердің қуғын-сүргінге кезігетінін білдік (Тім. 2-х. 3:12). Дүниенің қай бұрышында өмір сүрмейік, кез келген уақытта билік басындағылар сүюші Құдайымыз Ехобаға қызмет етуге тыйым салуы мүмкін.

2 Сіз тұрып жатқан елдің үкіметі ғибадат етуіңізге тыйым салып жатса, көкейіңізде келесідей сұрақтар туындар: қуғын-сүргінге ұшырағанымыз Ехобаның ықыласынан айырылғанымыздың белгісі ме? Енді Ехобаға ғибадат ете аламыз ба? Құдайға емін-еркін қызмет ету үшін, басқа елге көшкенім дұрыс бола ма? Осы мақалада аталмыш сұрақтардың жауабын аламыз. Сондай-ақ ісімізге тыйым салынған жағдайда Ехобаға әрі қарай да қызмет ете беру үшін не істеу керектігін және неден аулақ болу керектігін де қарастырамыз.

ҚУҒЫНДАЛҒАНЫМЫЗ ЕХОБАНЫҢ ЫҚЫЛАСЫНАН АЙЫРЫЛҒАНЫМЫЗ БА?

3. Қорынттықтарға 2-хат 11:23—27 тармақтарға сай, адал болған елші Пауыл қандай қарсылықтарға кезікті және бұдан біз не түйеміз?

3 Үкімет басындағылар ісімізге тыйым салып жатса, біз өзімізді Ехобаның батасынан айырылып қалғандай сезінуіміз мүмкін. Алайда мына жайтты есімізден шығармайық: қуғын-сүргінге ұшырағанымыз Ехобаның бізге көңілі толмайды дегенді білдірмейді. Елші Пауылды еске түсірейікші. Ол Ехобаның ықыласына ие болғаны сөзсіз. Оған Мәсіхшілердің грек жазбаларының 14 хатын жазу мәртебесі берілді. Сонымен қатар ол басқа ұлттарға жіберілген елші болды. Әйтсе де ол қатты қуғын-сүргінге ұшыраған (Қорынттықтарға 2-хат 11:23—27 оқыңыз). Пауылдың жағдайынан түйеріміз — Ехоба адал қызметшілерінің қуғындалуына жол беруі мүмкін.

4. Осы дүние неге бізді жек көреді?

4 Иса қарсылықтарға кезігуіміздің себебін түсіндіріп кеткен. Ол айтқандай, осы дүниелік болмағандықтан, осы дүние бізді жек көреді (Жох. 15:18, 19). Қарсылықтар Ехобаның батасынан айырылғанымыздың белгісі емес. Керісінше, бұл — дұрыс нәрсені істеп жатқанымыздың дәлелі!

ЕНДІ ЕХОБАҒА ҒИБАДАТ ЕТЕ АЛАМЫЗ БА?

5. Адамдар Ехобаның ісін тоқтата ала ма? Мысал келтіріңіз.

5 Жұмыр басты пенделер Құдіреті шексіз Құдай Ехобаның ісін еш тоқтата алмайды. Тоқтатуға талайы тырысып баққан, бірақ бұларынан түк шықпаған. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде болған жағдайды алайық. Сол уақытта Құдай халқы бірнеше елде аяусыз қуғынға ұшырады. Ехоба куәгерлерінің ісіне нацистік Германияда ғана емес, Австралия, Канада мен басқа да елдерде тыйым салынды. Бірақ бұның арты не болды? 1939 жылы соғыс бұрқ еткенде, дүниежүзі бойынша 72 475 жариялаушы болған. Ал 1945 жылы соғыс аяқталып жатқанда, олардың саны 156 299-ға жетті. Иә, Ехобаның арқасында жариялаушылардың саны екі еседен де көпке көбейді!

6. Ісімізге тыйым салынса, бұның қандай жақсы жақтары бар? Мысал келтіріңіз.

6 Қарсылықтар бізді үрейге берілмей, керісінше, Ехобаға көбірек қызмет етуге талпындыруы мүмкін. Кішкентай баласы бар бір ерлі-зайыптының мысалы — соған бір дәлел. Олар тұратын елде біздің ісімізге тыйым салынған болатын. Қорқынышқа бой алдырудың орнына бұл ерлі-зайыпты тұрақты ізашарлық қызметті бастады. Бұл үшін әйелі тіпті табысы жақсы жұмысынан шығып кетті. Күйеуінің айтуы бойынша, ісімізге тыйым салынғаны көптеген адамдарда Ехоба куәгерлері туралы сұрақтар туғызды. Осының арқасында оған Киелі кітапты зерттеу сабақтарын бастау оңай болды. Салынған тыйымның жақсы жағы бұл ғана емес еді. Сол елде тұратын бір ақсақал айтқандай, Ехобаға қызмет етпей кеткен біраз адам қайтадан қауымға келіп, қызметтерін жандандырды.

7. а) Мұсаның 3-жазбасы 26:36, 37-ден не үйренеміз? ә) Ісімізге тыйым салынса, қалай әрекет етесіз?

7 Қарсыластарымыз ісімізге тыйым салуымен біздің қорқынышқа беріліп, қызметімізді доғарғанымызды көздейді. Бұған қоса, олар біз жайында жалған әңгімелер таратуы, үйімізді тінту үшін тәртіп сақшыларын жіберуі, сотқа беруі, тіпті түрмеге жапқызуы мүмкін. Олар бірнеше Куәгерді түрмеге жапсақ, қалғандарының да зәре-құты қалмайды деп ойлайды. Сондайда жүрегімізде қорқыныштың ұялауына жол берсек, өз қызметімізге өзіміз “тыйым сала” бастауымыз мүмкін. Біз Мұсаның 3-жазбасы 26:36, 37-де (оқыңыз) суреттелген адамдарға ұқсағымыз келмейді. Ісімізге тыйым салынды деп рухани істерімізді доғармақ түгілі олардың қарқынын да бәсеңдетпейміз. Ехобаға толықтай сенім артамыз және дүрбелеңге түспейміз (Ишая 28:16). Сондай кезде Ехобаға дұға етіп, басшылығын іздейміз. Ехоба қолдап-қуаттаса, ең мықты адами үкіметтің өзі де Құдайға адал қызмет етуімізге тосқауыл бола алмайды, біз бұған нық сенімдіміз (Евр. 13:6).

БАСҚА ЕЛГЕ КӨШКЕНІМ ДҰРЫС БОЛА МА?

8, 9. а) Әрбір отағасы не мәсіхші қандай шешім қабылдау керек? ә) Дұрыс шешім қабылдау үшін не істеу керек?

8 Еліңіздегі үкімет қызметімізге тыйым салса, сізге “Ехобаға емін-еркін қызмет ету үшін басқа елге көшкенім дұрыс па?” деген сұрақ келетін шығар. Мұндайда өзіңіз шешім қабылдауыңыз керек. Кейбіріміз көшу-көшпеуді шешпес бұрын, I ғасырдағы мәсіхшілер қуғын-сүргінге кезіккенде қалай әрекет еткенін қарастыруды жөн көрер. Мысалы, қарсыластар Степанды таспен ұрып өлтіргеннен кейін, шәкірттер Иерусалимнен Яһудея мен Самария аймағына, тіпті Финикия, Кипр және Антиохия сияқты шалғай аймақтарға көшіп кеткен (Мат. 10:23; Ел. іс. 8:1; 11:19). Алайда сол кезеңдегі мәсіхшілер қарсылықтың жаңа толқынына ұшырағанда, елші Пауыл уағыз ісіне қарсылық көрсетілген аймақтарда қала берді. Өзіне қауіп төнсе де, ол сол аймақтарда ізгі хабарды таратып, шәкірттерді нығайтуға барынша атсалысты (Ел. іс. 14:19—23).

9 Киелі кітаптағы осы оқиғалардан не түйеміз? Әр отбасында көшу-көшпеуге қатысты мәселені отағасы шешу керек. Бір тоқтамға келмес бұрын, ол дұға ете отырып отбасының жағдайын жан-жақты қарастыруы және көшудің жақсы-жаман жақтарын таразылауы қажет. Бұл орайда әр мәсіхші “өз жүгін өзі көтереді” (Ғал. 6:5). Әр отбасы қандай шешім қабылдамасын, біздің оларды айыптауға қақымыз жоқ.

ІСІМІЗГЕ ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН КЕЗДЕ ҚАЛАЙ ҒИБАДАТ ЕТЕМІЗ?

10. Филиалдағы бауырластар мен ақсақалдар қандай басшылық береді?

10 Ісімізге тыйым салынған жағдайда Ехобаға ғибадат ете беруімізге не көмек болады? Филиал қауымыңыздағы ақсақалдарға рухани ас-суды қайдан алу керектігіне қатысты, кездесулерді және уағыз ісін қалай ұйымдастыруға болатынына қатысты нұсқаулар мен тиімді кеңестер береді. Филиалдағы бауырластар оларға хабарласа алмаған жағдайда ақсақалдар сізге және қауымыңыздағы барлық бауырластарға Ехобаға үзбей ғибадат ете беруге көмектеседі. Олар Киелі кітап пен әдебиеттерімізге сүйеніп басшылық беретін болады (Мат. 28:19, 20; Ел. іс. 5:29; Евр. 10:24, 25).

11. Қажетті рухани ас-суыңыз әрдайым болатынына неліктен сенімді бола аласыз? Киелі кітап пен әдебиеттерден айырылып қалмас үшін не істесеңіз болады?

11 Ехоба өз қызметшілерінің рухани жағынан тоқ болатынын уәде еткен (Ишая 65:13, 14; Лұқа 12:42—44). Сол себепті Ехобаның өз ұйымы арқылы сізге қажетті рухани ас-суды жеткізетініне нық сенімді болыңыз. Ал сіз не істей аласыз? Қызметімізге тыйым салынып жатса, Киелі кітабыңызды және қолда бар әдебиеттеріңізді тығуға болатын жерді табыңыз. Осы аса бағалы рухани ас-суымызды, мейлі ол баспа түрінде не электронды түрде болсын, оңай табуға болатын жерде ешқашан қалдырмаңыз. Әрқайсысымыз рухани мықты болып қалудың амалын іздеуіміз керек.

Ехоба бауырластармен бірге ғибадат ету үшін қорықпай бас қосуға көмектеседі (12-абзацты қараңыз) *

12. Көзге ілікпес үшін ақсақалдар кездесулерді қалай ұйымдастырады?

12 Ал қауым кездесулері жайлы не деуге болады? Жиналыстарымыз жұрттың көзіне ілікпес үшін ақсақалдар бәрін жақсылап ұйымдастырады. Олар қауымдағыларды шағын топтарға бөліп, кездесулердің уақыты мен өтетін жерін жиі өзгертіп отыруы мүмкін. Өзгелерге қауіп төндірмес үшін, сондай кездесулерге келіп-кеткенде ақырын сөйлегеніңіз дұрыс болар. Сонымен қатар өзгелердің назарына ілікпеу үшін киіміңізге де мән бергеніңіз жөн.

Үкімет тыйым салса да, біз уағыздауды доғармаймыз (13-абзацты қараңыз) *

13. Кеңес Одағындағы бауырластарымыздан не үйренеміз?

13 Ал уағыз ісіне келер болсақ, әр жерде жағдай әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ біз Ехобаны жақсы көреміз және оның Патшалығы жайлы адамдарға айтуды қалаймыз, сондықтан жағдай қандай болмасын уағыздаудың жолын табамыз (Лұқа 8:1; Ел. іс. 4:29). Тарихшы Эмили Бэран Ехоба куәгерлерінің Кеңес Одағы кезінде жүргізген уағыз ісі жайлы былай деген: “Үкімет басындағылар Ехоба куәгерлеріне уағыздауға тыйым салғанда, олар өз сенімдері жайлы көршілеріне, әріптестері мен достарына айтатын. Ал кейін сол үшін еңбекпен түзету лагерьлеріне жіберілгенде, олар түрмедегілерге уағыздай бастады”. Ісімізге тыйым салынғанына қарамастан Кеңес Одағындағы бауырластарымыз уағыздауды еш доғармады. Сіз тұратын жерде уағыз ісіне тыйым салынса, сол бауырластарға еліктегейсіз!

НЕДЕН АУЛАҚ БОЛУ КЕРЕК?

Қай кезде үндемеу керектігін жақсы біліңіз (14-абзацты қараңыз) *

14. Зәбүр 39:1-дегі сөздер бізді не жайлы ескертеді?

14 Өзгелерге не айтатыныңызға мұқият болыңыз. Қызметімізге тыйым салынғанда, бізге “үндемейтін уақытты” анықтай білу қажет (Уағ. 3:7). Біз құпия мәліметтерді сақтай білуге тиіспіз. Бұған бауырластардың есімдері, қайда жиналатынымыз, қалай қызмет ететініміз және рухани ас-суды қайдан алатынымыз сияқты мәліметтер жатады. Біз бұлар жайында жергілікті билік иелеріне де, өз еліміздегі не басқа жердегі жақсы араласатын достарымызға да, туысқандарымызға да тіс жармаймыз. Осы жағынан мұқият болмасақ, бауырластарымыздың өмірін қатерге тігеміз (Зәбүр 39:1 оқыңыз).

15. Шайтан нені көксейді және оның тұзағына түсіп қалмау үшін не істеуіміз керек?

15 Ұсақ-түйек келіспеушіліктер бірлігіңізді бұзбасын. Шайтан жікке бөлінген отбасының ойран болатынын біледі (Мар. 3:24, 25). Ол қалай да арамызға іріткі салуға тырысып бағады. Осылайша онымен күресуді қойып, өзара қырық пышақ болғанымызды қалайды.

16. Гертруд Пётцингер бауырлас бізге қандай үлгі қалдырды?

16 Шайтанның осы тұзағынан толысқан мәсіхшілер де абай болулары керек. Гертруд Пётцингер мен Эльфриде Лёр деген майланған әйел бауырластардың мысалына тоқталайық. Олар басқа да әйел бауырластармен бірге нацистік концлагерьге қамалған болатын. Сол жерде Эльфриде әйел бауырластардың рухтарын көтеріп, баяндамалар айтқан. Гертруд оны іштей көре алмады. Кейін ол мұнысына қатты ұялып, Ехобадан көмек сұрап жалбарынды. Гертруд: “Бізден де қабілетті, жауапкершілігі көбірек адамдар бар екенін мойындай білуіміз керек”,— деп жазды. Көреалмаушылықты ол қалай жеңді? Ол Эльфриденің тартымды қасиеттері мен ақпейілділігі туралы көбірек ойланды. Осының арқасында Эльфридемен арақатынасын жақсартты. Бұл әйел бауырластарымыз концлагерьден аман-есен шығып, жердегі өмірлерін аяқтағанша Ехобаға адал қызмет етті. Біз де бауырластармен арамыздағы келіспеушіліктерді шешуге барынша күш салсақ, бірлігімізге еш нәрсе сызат түсірмейді (Қол. 3:13, 14).

17. Өз бетімізбен әрекет етуден неге аулақ болуымыз керек?

17 Өз бетіңізбен әрекет етуден аулақ болыңыз. Жауапты бауырластардың берген нұсқауларына әрдайым мойынсұнсақ, көп қиындықтың алдын аламыз (Пет. 1-х. 5:5). Мысалы, ісімізге тыйым салынған бір елде жауапты бауырластар қызметте ешқандай әдебиет таратпау керектігін айтады. Бірақ бір ізашар ер бауырлас өз ақылына сүйеніп, әдебиеттер таратады. Оның бұл әрекеті неге әкеп соқты? Оны да, сол аймақта қызмет еткен басқа бауырластарды да полиция қызметкерлері тергеудің астына алды. Олар бауырластар жүрген жерлермен жүріп, таратылған бүкіл әдебиетті жинап алды. Бұдан қандай сабақ аламыз? Бауырластардың берген нұсқауларымен келіспесек те, оларға мойынсұнғанымыз дұрыс. Арамызда басшылықты қолға алған бауырластармен қызметтессек, Ехоба әрдайым бізге батасын береді (Евр. 13:7, 17).

18. Қажетсіз ережелер орнатудан неге аулақ болған жөн?

18 Қажетсіз ережелер орнатпаңыз. Қауымдағы ақсақалдар қажетсіз ережелер орнататын болса, бауырластардың жағдайын қиындата түседі. Бұрынғы Чехословакияда ісімізге тыйым салынған кезде өмір сүрген Юрай Каминский бауырлас былай деді: “Жауапты бауырластар мен көптеген ақсақалдар тұтқынға алынғаннан кейін, өзге ер бауырластар қауымдар мен аудандарда басшылықты қолға алды. Олардың кейбірі жариялаушылардың не істеп, не істемеу керектігіне қатысты көптеген ережелер орната бастады”. Ехоба бізге біреу үшін шешім қабылдауға құқық берген жоқ. Қажетсіз ережелер орнату — бауырластардың қауіпсіздігін ойлау емес, сенімдеріне үстемдік ету болып табылады (Қор. 2-х. 1:24).

ЕХОБАҒА ҒИБАДАТ ЕТУДІ ЕШҚАШАН ДОҒАРМАҢЫЗ!

19. Шайтан қалай қарсыласпасын, Шежірелер 2-жазба 32:7, 8-ге сай, біз не нәрсеге сенімдіміз?

19 Біздің ең басты қарсыласымыз Шайтан Ехобаның адал қызметшілерін қудалауын доғармайды (Пет. 1-х. 5:8; Аян 2:10). Ол да, оның жақтастары да қызметімізге тыйым салуға тырысады. Бірақ біз қорқынышқа бой алдырып, ғибадатымыздан қол үзіп қалмайық! (Мұс. 5-ж. 7:21). Өйткені Ехоба біздің жағымызда. Ісімізге тыйым салынған күнде де ол бізді қолдай береді (Шежірелер 2-жазба 32:7, 8 оқыңыз).

20. Сіз не істеуге бел будыңыз?

20 Біз де I ғасырдағы бауырластар сияқты Ехобаға үзбей қызмет ете берейік. Олар сол кездегі билік иелеріне былай деген: “Құдайды емес, сіздерді тыңдағанымыз оның алдында жөн болар ма екен? Мұны өздеріңіз ойлап көріңіздер. Ал біз көріп-естігеніміз жайлы үнсіз қала алмаймыз” (Ел. іс. 4:19, 20).

73-ӘН Батылдық дарыта көр

^ 5-абзац Билік басындағылар ісімізге тыйым салса, қалай әрекет етуіміз керек? Бұл мақалада сондай жағдайда не істеп, не істемеу керектігіне қатысты тиімді кеңестер беріледі. Соларды ұстансақ, Ехобаға үзбей ғибадат ете береміз.

^ 59-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Суреттердің бәрінде Куәгерлер ісімізге шектеу қойылған жерде қызмет етіп жатыр. Шағын топ бір ер бауырластың қоймасында қауым кездесуін өткізіп жатыр.

^ 61-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Әйел бауырласымыз бір әйелмен жай әңгімелесіп отырып, оған шындық туралы айтпақшы.

^ 63-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Полиция қызметкерлері қанша тергесе де, ер бауырласымыз қауым жайында тіс жармай отыр.