Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Иса шынымен сіз үшін өлді ме?

Иса шынымен сіз үшін өлді ме?

КИЕЛІ КІТАП — “біздікіндей сезімдері” болған адамдардың жүрекжарды сөздеріне толы кітап (Жақ. 5:17). Мысалы, біз Пауылдың Римдіктерге 7:21—24 тармақтарда айтқан сөздерінің мәнін жақсы түсінеміз. Ол: “Дұрыс нәрсені жасағым келгенде, жанымнан жамандық табылады... Сорлы басым-ай!”— деген. Ақиқатын жасырмай, Пауылдың өзі жайлы айтқан шын сөзі өз пендешілігімізбен күрескенде бізге айтарлықтай жұбаныш береді.

Пауыл жаман сезімдерін ғана емес, жақсысын да білдіруден тартынбаған. Ғалаттықтарға 2:20-да ол Иса жайлы: “Мені сүйгендіктен, мен үшін өмірін берді”,— деген еді. Сіз де осындай сезімде боласыз ба? Бәлкім, кейде жоқ.

Өткен күнәларыңыз үшін өзіңізді түкке тұрғысыз сезініп жүрсеңіз, “Ехоба сізді сүйеді, кешіреді” деген сөздерге және төлем құрбандығы жеке сіз үшін берілгеніне сену қиын болар. Иса төлем құрбандығына сый деп қарағаныңызды қалай ма? Төлемді осылай қабылдауға сізге не көмектеседі? Қазір осы екі сұраққа аз-кем тоқталайық.

ИСА ӨЗ ҚҰРБАНДЫҒЫНА ҚАЛАЙ ҚАРАҒАН?

Иә, Иса өз құрбандығын сізге жасалған сый деп қарастырғаныңызды қалайды. Бұған қандай дәлел бар? Лұқа 23:39—43 тармақтарда баяндалған мына оқиғаны елестетіп көрейікші. Азап бағанасында Исаның қасында бір ер адам да ілініп тұр. Ол жасаған күнәсін мойындап жатыр. Мұндай жазаға кесілгеніне қарағанда, барған қылмысы жеңіл қылмыс емес. Осы күйіне түңіліп кеткен қылмыскер Исаға жалынышты үнмен: “Патша болғаныңда, мені есіңе ала көрші”,— деп тіл қатты.

Иса оған қалай жауап берді? Сол кезде Исаға басын көтеріп қылмыскерге қараудың өзі қаншалықты ауыр болғанын ойлап көріңізші. Соған қарамастан Иса оған жымиып, былай деп жұбатты: “Бүгін саған шындығын айтамын, менімен бірге жұмақта боласың”. Исаның “Адам Ұлы көптеген адамдар үшін жанын төлем ретінде беруге келді” деген сөздерін қайталап айта салуына болар еді (Мат. 20:28). Бірақ Иса төлемін жеке сол қылмыскерге қатыстырғанын байқадыңыз ба? Ол жылы үнмен “менімен бірге”, “боласың” деуімен жеке оған айтып жатқанын көрсетті. Сондай-ақ Иса оған жердегі жұмақта мәңгі өмір сүретінін айтты.

Дау жоқ, Иса бергелі жатқан құрбандықты қылмыскер оған жасалған сый деп қарағанын қалады. Иса өзінің шәкірті болмаған адамның төлемге осылай қарағанын қаласа, онда шомылдыру рәсімінен өткен Құдайдың қызметшісінің де солай қарағанын қалайтыны шүбәсіз. Олай болса, бұрын жасаған күнәларымызға қарамастан Исаның құрбандығы жеке сізге игілік әкелетініне сенуге не көмектеседі?

ПАУЫЛҒА НЕ КӨМЕКТЕСТІ?

Иса Пауылға уағыздауды тапсырғанда, Пауыл бір маңызды шындықты түсінді: Иса ол үшін өлді. Ол мұны былай деп түсіндірген: “Мен Иеміз Мәсіх Исаға дән ризамын. Ол маған күш-қуат берді, әрі мені сенімді деп тауып, өз қызметін сеніп тапсырды. Ол мұны бұрын Құдайға тіл тигізуші, қудалаушы, арсыз болсам да істеді” (Тім. 1-х. 1:12—14). Өткен-кеткен жаман істеріне қарамастан Исаның маңызды тапсырма бергені Пауылға деген мейірімділігін, сүйіспеншілігін және сенім артатынын көрсетті. Иса әрбірімізге уағыз ісін сеніп тапсырды (Мат. 28:19, 20). Бұдан Исаның сіз үшін де өлгенін түсінесіз бе?

Қауымнан шығарылып, 34 жылдан кейін Ехобаға қайта оралған Альберт былай дейді: “Менің күнәларым әрдайым есімде тұрады. Бірақ қызметке шыққан кезде өзімді Исадан жеке тапсырма алғандай сезінемін, елші Пауыл да өзін тура осылай сезінген еді ғой. Бұл мені әлдеқайда бақытты етеді, өзім туралы, өмірім және болашағым туралы дұрыс ойда болуға көмектеседі” (Зәб. 51:3).

Әртүрлі адамдармен Киелі кітапты зерттегенде, Исаның мейірімділігі мен сүйіспеншілігіне баса назар аударыңыз

Шындықты білгенге дейін қылмысқа барып, қатыгез болған Алан былай дейді: “Өзгелерге жасаған қиянатым ойыма орала береді. Кейде содан түңіліп кетемін. Бірақ мен сияқты күнәкар адамға ізгі хабарды сеніп тапсырғаны үшін Ехобаға күн сайын рақмет айтамын. Ізгі хабарды естіген адамдардың жайнаған көздерін көргенде, Ехобаның қаншалықты ізгі, қаншалықты сүюші екеніне көзім жете түседі. Ехоба мен арқылы мен сияқты жауыздыққа барған адамдарға көмектесіп жатқанын түсінемін”.

Қызмет бізге дұрыс нәрсені істеп, дұрыс нәрсені ойлауға көмектеседі. Сондай-ақ Исаның бізге мейірімді екеніне, сүйетініне және сенім артатынына көзімізді жеткізеді.

ЕХОБА ЖҮРЕГІМІЗДЕН ЖОҒАРЫ

Мына Шайтанның дүниесі жойылғанша, өткен күнәларымыз үшін жүрегіміз бізді қайта-қайта айыптауы мүмкін. Бұл сезімдерді қалай жеңуге болады?

Жас кезінде екіжүзді күн кешкені үшін жиі өзін кінәлі сезінетін Джин: “Құдай жүрегімізден жоғары” екені мен үшін үлкен жұбаныш”,— дейді (Жох. 1-х. 3:19, 20). Ехоба мен Иса біздің күнәкар екенімізді түсінетіні сізге де жұбаныш болсын. Олар төлем құрбандығын кемелді адамдар үшін емес, істеріне өкінетін күнәкар адамдар үшін берді (Тім. 1-х. 1:15).

Исаның күнәкар адамдарға қалай қарағаны туралы терең ой жүгірткенде, бізге сеніп тапсырған қызметін барынша атқарғанда төлемнің жеке сіз үшін берілгеніне сеніміңіз артқан үстіне арта береді. Сонда Пауыл сияқты біз де Иса туралы: “Ол мені сүйгендіктен, мен үшін өмірін берді”,— деп сеніммен айта аламыз.