Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

34-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Қызметіміз тоқтағанда қуанышымыз ортаймасын

Қызметіміз тоқтағанда қуанышымыз ортаймасын

“Құдай әділетсіз емес. Ол... әлі де атқарып жатқан қызметтерің арқылы өзінің есіміне деген сүйіспеншіліктерің мен еңбектеріңді ұмытпайды” (ЕВР. 6:10).

38-ӘН Құдай саған күш береді

АҢДАТПА *

1—3. Неге толық уақытты қызметшілер қызметтерін тоқтатуға мәжбүр болып жатады?

“БІЗ 21 жыл бойы миссионер болып қызмет еткеннен кейін екеуміздің де ата-анамыз әлсіреп, көмекке мұқтаж болды,— дейді ерлі-зайыпты Роберт пен Мери Джо.— Біз оларды қуана-қуана қамқорлап бақтық. Алайда жанымыздай жақсы көріп кеткен жерді тастау оңай болмады”.

2 Ал Уильям мен Терри былай дейді: “Денсаулығымыздың кесірінен қызметімізді жалғастыра алмайтынымызды білгенде, қатты жыладық. Өйткені шетелде қызмет ету біздің арманымыз еді. Енді қайтып сол қызметімізге оралмайтынымыз өте өкінішті”.

3 Алексей болса былай дейді: “Үкімет біздің филиалды жапқысы келетінін білетінбіз. Бірақ Бетел жабылып, ол жақтан кетуге тура келгенде, төбемізге жай түскендей болды”.

4. Бұл мақалада қандай сұрақтарды қарастырамыз?

4 Қызметі өзгергендердің қатарында мыңдаған бетелдіктер мен басқа да қызметшілер бар *. Бұл адал бауырластарға сүйіп атқарған қызметтерін тоқтату қиын шығар. Оларға өзгерістерге бейімделуге не көмектеседі? Сіз оларды қалай қолдай аласыз? Осы сұрақтардың жауабы бәрімізге өмірдегі өзгерістерге бейімделуге көмектеседі.

ӨЗГЕРІСТЕРГЕ БЕЙІМДЕЛУГЕ НЕ КӨМЕКТЕСЕДІ?

Толық уақытты қызметшілер үшін қызметтерін тастау не себепті қиын? (5-абзацты қараңыз) *

5. Қызметіміз ауысқанда қандай сезімде боламыз?

5 Бетелде я басқа толық уақытты қызметте біз қасымызда жүрген адамдарға бауыр басамыз, адам түгілі тіпті жерге үйреніп қаламыз. Сондықтан бір себептермен қызметімізді аяқтау керек болса, көңілімізге мұң ұялайды. Бауырластарды сағынып жатамыз. Әсіресе қуғын-сүргіннің кесірінен кеткен болсақ, сонда қалып кеткен бауырластарды қатты уайымдаймыз (Мат. 10:23; Қор. 2-х. 11:28, 29). Одан кейін басқа қиындықтарымыз басталады. Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа демекші, басқа жерге кетіп, ол жақтың мәдениетіне үйренісу де оңай шаруа емес. Тіпті өз еліңе оралсаң да саған “иттері қара қасқа” болып көрінуі мүмкін. Роберт пен Мери Джо былай дейді: “Біз өз мәдениетімізді жатырқап қалған екенбіз. Тіпті ана тілімізде қалай уағыздау керектігін ұмытып қалыппыз. Өз елімізде бөтенсіп жүрдік”. Жаңа қызметке тағайындалғандардың кейбірі қаржы жағынан да тапшылық көруі мүмкін. Сондайда олар абдырап, тығырыққа тірелгендей күй кешеді. Бұндай кезде не көмектесу мүмкін?

Ехобаға жақындап, оған сенім артқанымыз маңызды (6, 7-абзацты қараңыз) *

6. Ехобаға қалай жақын бола аламыз?

6 Ехобаға жақын болыңыз (Жақ. 4:8). Ол үшін не істеу керек? Ехоба дұғаларымызды тыңдайды, сондықтан оған сенім артыңыз (Зәб. 65:2). Зәбүр 62:8-де: “Жүрек сырларыңды ақтарыңдар”,— делінген. Ехоба “біз сұраған не ойлаған нәрселердің бәрінен әлдеқайда көп нәрсе істей алады” (Ефес. 3:20). Ол қиындықтарымызды ойымызға кіріп шықпаған жолмен шешіп беруі мүмкін.

7. а) Ехобаға жақын болуымызға не көмектеседі? ә) Адалдығымыздан таймай қызмет етсек, Еврейлерге 6:10—12 тармақтарда жазылғанға сай, оның қандай нәтижесін көреміз?

7 Ехобаға жақын болу үшін Жазбаларды күнделікті оқыңыз, сосын ой жүгіртіңіз. Миссионер болған бір ер бауырлас былай дейді: “Бұрынғы қызметіңде сен қауымға апта сайын дайындалып, апта сайын отбасылық ғибадатты өткізген боларсың. Олай болса, жаңа қызметіңде сол әдетіңнен айныма”. Сондай-ақ жаңа қауымда барынша қызметке шығып тұрыңыз. Бұрынғыдай көп бере алмаса да, бірақ адалдықтарынан таймайтын қызметшілерінің еңбегін Ехоба ұмытпайды (Еврейлерге 6:10—12 оқыңыз).

8. Жоханның 1-хаты 2:15—17 тармақтардағы сөздер қарапайым өмір кешуге қалай көмектеседі?

8 Қарапайым өмір кешіңіз. Шайтанның дүниесіндегі материалдық нәрселер рухани істеріңізді “тұншықтырып” жібермесін (Мат. 13:22). Өміріңді жақсарт деп сізді ақша табуға итермелейтін таныстарды, достарды, туыстарды еш тыңдамаңыз (Жоханның 1-хаты 2:15—17 оқыңыз). “Мұқтаж кезімізде” қажеттінің бәрін беремін деген Ехобаның уәдесіне сенім артыңыз. Ол сеніміңізді нығайтып, жүрегіңізді орнықтырып, сізге не керек болса, соны береді (Евр. 4:16; 13:5, 6).

9. Нақыл сөздер 22:3, 7-ге сай, не себепті қарызға кірмеу керек? Дұрыс шешімге келу үшін не істеген жөн?

9 Қарызға кірмеңіз (Нақыл сөздер 22:3, 7 оқыңыз). Бір жерден бір жерге көшу сіз ойлағаннан да қымбатқа түсуі мүмкін. Сондайда қарызға кіріп кету қаупі бар. Бұдан қашу үшін қажет емес заттарды несиеге я қарызға сатып алмаңыз. Әсіресе ауырып жүрген жақынымызға қарап жүрсек, қанша ақша қарызға алу керектігін анықтау қиын болып жатады. Мұндай кезде Ехобаға жалбарынып дұға етіңіз. Ехоба дұғаңызға жауап беріп, жүрегіңіз бен санаңызға тыныштық сыйлайды. Сонда бәрін ақылға салып шешу оңай болады (Філіп. 4:6, 7; Пет. 1-х. 5:7).

10. Достық неден басталады?

10 Жақсы жандарға жақын жүріңіз. Жағдайларыңыз ұқсас келетін жақын досыңызбен іштегі сезімдеріңіз бен басыңыздан өтіп жатқан қиындықтарыңыз жайлы сөйлесіңіз. Осының арқасында біраз жеңілдеп қаласыз (Уағ. 4:9, 10). Бұрын бірге қызмет еткен достарыңыз сіздің достарыңыз болып қала береді. Бірақ жаңа қызметте жаңа достар табуыңыз керек. Дос тапқыңыз келсе, дос бола біліңіз. Достық неден басталады? Өзгелерге қызметтегі қызықтарды айтып беріңіз. Тыңдаушылар сіздің Ехобаға қуана қызмет етіп жүргеніңізді көрсін. Қауымда кейбіреулер сіздің неге соншама толық уақытты қызметті сүйетініңізді түсінбеуі мүмкін. Алайда арасында сол қызмет туралы білгісі келіп, сізбен жақынырақ танысқысы келетіндер де табылар. Бірақ өзіңіз туралы немесе қызметте жеткен жетістіктеріңіз жайлы көп айтпаңыз. Ішіңіздегі жаман сезімдерді де шығармаған жөн.

11. Некедегі бақытты қалай сақтап қала аласыз?

11 Қызметтеріңізді тоқтатуға жан жарыңыздың сырқаты себеп болса, оны кінәламаңыз. Ал жарыңыздың емес, өзіңіздің денсаулығыңыз себеп болса, “жарымның көңілін қалдырдым-ау” деп өзіңізді кінәлі сезінбеңіз. Екеуіңіз “біртұтас” екендеріңізді ұмытпаңыз, сіздер Ехобаның алдында кез келген жағдайда бір-біріңізді қамқорлаймын деп уәде бергенсіз (Мат. 19:5, 6). Ал әйеліңіз күтпеген жерден жүкті болып, қызметтеріңіз сол себептен үзілген болса ше? Балаңызға оның кез келген тағайындалудан маңызды екенін айтып отырыңыз. Сіздер үшін ол Құдайдың берген сыйы екенін қайта-қайта есіне салып отырыңыз (Зәб. 127:3—5). Сонымен қатар тамаша қызметтеріңізде көрген-түйгендеріңізді айтып беріңіз. Сонда балаларыңыз сіздер сияқты Ехобаға толық уақытты қызмет етуге талпынатын болады.

ӨЗГЕЛЕР ҚАЛАЙ КӨМЕКТЕСЕ АЛАДЫ?

12. а) Толық уақытты қызметте жүргендерді қалай нығайта аламыз? ә) Оларға жаңа қызметке судай сіңіп кетуге қалай көмектесе аламыз?

12 Толық уақытты қызметшілерге қызметтерін жалғастыра беруге қауым болып көмектесіп жатады. Кейбіреулер қолдарынан келгенше өз көмегін аямайды. Олар жігер береді, қаржылай көмектеседі, қажетімен қамдайды немесе алыс тұратын туыстарына күтім жасауға көмектеседі (Ғал. 6:2). Толық уақытты қызметшілер сіздің қауымыңызға тағайындалған болса, бірдеңе бүлдіргендіктен я қателік істегендіктен тағайындап жіберді деп ойламаңыз *. Қайта, оларға судай сіңіп кетуге көмектесіңіз. Жылы қарсы алыңыз, денсаулықтың кесірінен көп істей алмаса да, еңбектері үшін мақтаңыз. Жақынырақ танысыңыз. Олардың рухани көмбесі бай, сондықтан көпті көрген олардан үйреніңіз, айтқандарынан сусындаңыз.

13. Қызметтері ауысқан бауырластарға қай жағынан көмектесе аламыз?

13 Қызметтері ауысып, жаңа қауымға келгендерге бірінші кезекте тұратын үй керек, жұмыс керек, адаспай жолды тауып бару керек. Одан бөлек олардың басқа да қажеттіліктері бар. Оларға салық төлеуге, сақтандыруға, тұрғылықты мекенжай бойынша тіркелуге қатысты да түсіндіріп беру керек шығар. Ал оларға ең қажеттісі — аянышты көзбен қарағанымыз емес, түсінушілік танытқанымыз. Бәлкім, олардың немесе туыстарының денсаулықпен байланысты қиындықтары бар шығар. Я болмаса жақынын жоғалтып, қайғыдан құса болып жүрген шығар *. Сондай-ақ олар сыртқа білдірмесе де, достарын сағынып, іштей тынып жүрген болар. Осындай сан түрлі сезімдерді жеңу үшін оларға біраз уақыт керек.

14. Жергілікті бауырластар бір әйел бауырласқа қызметіне бейімделуге қалай көмектесті?

14 Олармен қызметке шықсаңыз, өз үлгіңізбен жігер берсеңіз, оларға бейімделу әлдеқайда оңай болады. Көп жыл шетелде қызмет еткен әйел бауырлас былай дейді: “Бұрын мен күн сайын Киелі кітап зерттеулерін жүргізетінмін. Ал қазір жаңа қызметімізде Киелі кітапты ашудың өзі қиын, бейнеролик көрсету де оңай емес. Бірақ жергілікті бауырластар мені қайта барулары мен зерттеулеріне шақыратын. Олар зерттеулерді қорықпай өткізетін. Бұл маған қызметіме дұрыс көзқарас танытуға көмектесті. Жаңа аумақта адамдармен әңгіме бастауды үйрендім. Осының бәрі мені қайтадан қуанышқа кенелтті”.

ТЕК АЛҒА!

Өз аумағыңызда қызметіңізді кеңейтудің жолдарын іздеңіз (15, 16-абзацты қараңыз) *

15. Жаңа қызметте қалай жемісті бола аласыз?

15 Сіз жаңа қызметте жемісті бола аласыз. Алдыңғы қызметті дұрыс атқармадым не бұрынғыдай қажетім жоқ деп ойламаңыз. Ехобаның қолдау-көмегін көре біліңіз және қызметтен қол үзбеңіз. Бірінші ғасырдағы адал мәсіхшілердің үлгісіне еліктеңіз. “Жан-жаққа бытырап кеткен шәкірттер ел аралап, Құдай сөзі жайлы ізгі хабарды жариялап жүрді” (Ел. іс. 8:1, 4). Қызметтен қол үзбесеңіз, мұның керемет жемісін көресіз. Мысалы, бір елден қуылған ізашарлар көршілес жатқан елге көшіп барады. Сол елде де олар сөйлейтін тілде қажеттілік үлкен еді. Бірнеше айдың ішінде-ақ сол тілдегі топқа көп адам қосылады.

16. Жаңа қызметіңізде қуанышты болуға не көмектеседі?

16 Киелі кітапта: “Ехоба сыйлайтын қуаныш сендерді нығайтады”,— делінген (Нех. 8:10 сілт.). Біз тағайындалған қызметімізді қатты бағалауымыз мүмкін. Бірақ біздің қуанышымыз Ехобамен қарым-қатынасымызға байланысты болуы тиіс. Қуанышты болғымыз келсе, Ехобаға етене жақын болып, оның даналығын, нұсқауларын және қолдауын іздеуіміз керек. Сіз барыңызды салып адамдарға көмектескендіктен бұрынғы қызметіңізді жақсы көріп кеткен шығарсыз. Олай болса, қазіргі қызметіңізде де барыңызды салыңыз. Сонда Ехоба сізге осы қызметіңізді де жақсы көруге көмектеседі (Уағ. 7:10).

17. Қазіргі қызметімізге қатысты нені есте ұстауымыз керек?

17 Біздің Ехобаға қызметіміз мәңгілік, ал тағайындалуымыз уақытша екенін есте ұстайық. Жаңа дүниеде бәріміздің қызметіміз өзгеруі мүмкін. Кіріспеде айтылған Алексей қызметінің өзгергені оны болашақтағы өзгерістерге дайындағанын айтады: “Ехобаның да, жаңа дүниенің де шынайы екенін білетінмін. Бірақ енді ғана Ехобаға жақын екенімді сезіп жатырмын. Қазір жаңа дүние қол созым жерде екеніне нық сенемін” (Ел. іс. 2:25). Қандай қызметте жүрсек те, әрқашан Ехобаға жақын болайық. Ол бізді ешқашан тастамайды. Ол бізге қызметті қолымыздан келгенше атқарып, қуаныш табуымызға көмектеседі (Ишая 41:13).

90-ӘН Бір-бірімізді жігерлендірейік

^ 5-абзац Толық уақытты қызметті атқарып жүрген бауырластар кейде қызметтерін тоқтатуға мәжбүр болып жатады. Ал кейде жаңа тағайындалу алып жатады. Осы мақалада сондай бауырластардың кезігетін қиындықтары айтылады. Олар жаңа жағдайға бейімделіп кету үшін қалай жігерлендіріп, қалай қолдау көрсете алатынымыз да сөз етіледі. Сондай-ақ өмірде өзгерістер болғанда, Киелі кітап принциптері бізге қалай көмектесетінін көреміз.

^ 4-абзац Сол сияқты ер бауырластар белгілі бір жасқа келгенде, өз міндеттерін жас бауырластарға тапсырады. 2018 жылы қазан айында “Күзет мұнарасында” жарық көрген “Жағдайыңыз өзгерсе де, жантыныштығынан айырылмаңыз” деген мақаланы қараңыз.

^ 12-абзац Олар қызмет еткен қауымның ақсақалдары мінездеме хатын мүмкіндігінше тез жазып жіберу керек. Сонда олар жаңа қауымда әрі қарай да ізашар, ақсақал немесе қызмет көмекшісі бола алады.

^ 13-абзацҚайғырған жүректің емі” атты “Ояныңдар!” журналының № 3 санын қараңыз.

^ 57-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Миссионер ерлі-зайыпты шетелдегі қызметтерін тоқтатуға мәжбүр болып, қауымдарымен жылап қоштасуда.

^ 59-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Елдеріне қайтып келген сол ерлі-зайыпты Ехобаға қайта-қайта дұға етіп, қиындықтарымен күресуге көмек сұрауда.

^ 61-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Ехобаның көмегімен толық уақытты қызметті жалғастырады. Жаңа қауымдарының аумағындағы иммигранттарға бұрынғы миссионерлік қызметте үйренген тілде уағыздап жатыр.