Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

40-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

“Соңғы күндердің” соңғы күндерінде қолымыз босамасын

“Соңғы күндердің” соңғы күндерінде қолымыз босамасын

“Берік болыңдар, мызғымай тұрыңдар, Иеміздің ісінде әрқашан көп еңбектеніңдер” (ҚОР. 1-Х. 15:58).

58-ӘН Татулықты сүйетіндерді іздейік

АҢДАТПА *

1. “Соңғы күндерде” өмір сүріп жатқанымызға не нәрсе көзімізді жеткізеді?

СІЗ 1914 жылдан кейін туылдыңыз ба? Ендеше сіздің бар ғұмырыңыз осы дүниенің “соңғы күндерінде” өтіп жатыр (Тім. 2-х. 3:1). Исаның осы уақытқа қатысты алдын ала айтып кеткен оқиғалардың болып жатқанын бәріміз естіп жүрміз. Соғыс, ашаршылық, жер сілкіністері, індеттер, заңсыздықтың көбеюі, Құдай халқының қудалануы — мұның бәрі Иса айтып кеткен оқиғалардың кейбірі (Мат. 24:3, 7—9, 12; Лұқа 21:10—12). Сондай-ақ елші Пауылдың айтып кеткен адам бойындағы жағымсыз мінез-құлықтарды да көріп жүрміз (“ Бүгінгі адамдардың болмысы” деген қоршауды қараңыз). Біз, Ехоба куәгерлері, “соңғы күндерде” өмір сүріп жатқанымызға еш күмәнданбаймыз (Миха 4:1).

2. Біз қандай сұрақтардың жауабын білуіміз керек?

2 1914 жылдан бері талай уақыт өткендіктен, біз қазір “соңғы күндердің” соңғы күндерінде өмір сүріп жатырмыз. Осы дүниенің соңы таяп қалғандықтан, біз кейбір маңызды сұрақтардың жауабын білуіміз керек: “Соңғы күндердің” соңында қандай оқиғалар болмақ? Сол оқиғаларды күтіп жүрген біздерден Ехоба не күтеді?

“СОҢҒЫ КҮНДЕРДІҢ” СОҢЫНДА НЕ БОЛАДЫ?

3. Салоникалықтарға 1-хат 5:1—3 тармақтардағы пайғамбарлыққа сай, әлемдік көшбасшылар қандай хабарды жариялайды?

3 Салоникалықтарға 1-хат 5:1—3 оқыңыз. Пауыл “Ехобаның күні” жайлы айтып өткен. Мәнмәтінге қарайтын болсақ, “Ехобаның күні” деген “Ұлы Бабылға”, яғни дүниежүзілік жалған діндер империясына шабуыл жасалғанда басталып, Армагеддонмен аяқталатын уақыт аралығына нұсқайды (Аян 16:14, 16; 17:5). Ехобаның күні басталар алдында әлемдік көшбасшылар “бейбітшілік пен қауіпсіздікті” жариялап жатады. Қазірдің өзінде кейде әлемдік көшбасшылар ұлттар арасында орныққан қарым-қатынас жайлы осыған ұқсас сөздерді айтып жатады *. Алайда Киелі кітапта айтылған “бейбітшілік пен қауіпсіздік” туралы хабар мүлдем басқа хабар болмақ. Неге? Өйткені бұл хабар жарияланғанда, адамдардың көбі әлемдік көшбасшылар дүниеге тыныштық әкелді деген ойда болады. Бірақ шын мәнінде “зор алапат” басталып, кенеттен “жойылатын кез” келеді (Мат. 24:21).

Әлемдік көшбасшылар “бейбітшілік пен қауіпсіздікті” жариялағанда, сол жалған хабарға алданып қалмаңыз (3—6 абзацтарды қараңыз) *

4. а) “Бейбітшілік пен қауіпсіздік” хабарына қатысты біз нені білмейміз? ә) Бұл хабар жайлы қазір бізге не белгілі?

4 Билеушілердің “бейбітшілік пен қауіпсіздікті” жариялауына не түрткі болатынын немесе бұл хабарды қалай жариялайтынын біз білмейміз. Ол бір-ақ рет жариялана ма, әлде бірнеше рет шегелеп айтыла ма — мұны болашақта біле жатармыз. Бірақ бір жайт анық: әлемдік көшбасшылар жер бетінде бейбітшілік орната алады екен деп ойлап, сол хабарға алданып қалмауымыз керек. Киелі кітапта бұл хабардың жарияланатыны бізге алдын ала айтылды емес пе?! Бұл — “Ехобаның күні” басталғалы тұрғанының белгісі!

5. Салоникалықтарға 1-хат 5:4—6 тармақтарда “Ехобаның күніне” дайын болу үшін не істеуіміз керектігі айтылған?

5 Салоникалықтарға 1-хат 5:4—6 оқыңыз. Пауыл “Ехобаның күніне” дайын болу үшін не істеуіміз керектігін айтты. Біз “ұйықтамай”, “ояу әрі қырағы жүруіміз” керек. Мысалы, әлемнің саяси істеріне араласып кетіп, бейтараптығымыздан аттап кетуден сақ болуымыз керек. Өйткені сол істерге араласып кетсек, “осы дүниелік” болып кетеміз (Жох. 15:19). Ал жер бетінде бейбітшілік орнататын тек Құдай Патшалығы екенін біз жақсы білеміз.

6. Өзгелерге қалай көмектескіміз келеді және неге?

6 Тек өзіміз ғана ояу жүрмей, біз басқалардың да Киелі кітаптан дүниеде болатын жағдайлар туралы біліп, ояу жүрулеріне көмектескіміз келеді. Бұны қазір істемесек, зор алапат басталған кезде адамдар үшін Ехобаға бет бұру тым кеш болады. Сондықтан уағыз ісін қазір шұғыл атқару қажет! *

ҚЫЗМЕТТЕН ҚОЛЫМЫЗ БОСАМАСЫН

Біз уағыздағанда тек Құдай Патшалығы ғана жер бетіне тыныштық пен қауіпсіздікті орната алатынын көрсетеміз (7—9 абзацтарды қараңыз)

7. Ехоба қазір біздің не істегенімізді қалайды?

7 Ехоба оның “күні” басталғанға дейінгі аз уақытымызды уағыз ісіне жұмсағанымызды қалайды. Біз “Иеміздің ісінде әрқашан көп еңбектеніп” жүрміз бе, жоқ па — соны тексеріп отыруымыз керек (Қор. 1-х. 15:58). Иса біздің не істейтінімізді алдын ала айтып кеткен. Ол соңғы күндерде қандай оқиғалардың болатынын айта кетіп: “Сондай-ақ алдымен барлық халықтарға ізгі хабар уағыздалу керек”,— деп қосты (Мар. 13:4, 8, 10; Мат. 24:14). Ал енді ойлап көріңізші: сіз қызметке шыққан сайын осы пайғамбарлықтың орындалуына үлес қосасыз.

8. Уағыз ісі алға басып жатқанын қайдан білеміз?

8 Уағыз ісі қалай алға басып жатыр? Жыл сайын Патшалық жайлы ізгі хабарды көптеген адам естуде. Мысалы, соңғы күндер басталғалы бері дүниежүзі бойынша жариялаушылардың саны қалай өскеніне назар аударыңызшы. 1914 жылы 43 елде 5155 жариялаушы болды. Ал бүгінде 240 елде 8,5 миллионға жуық жариялаушы бар. Бірақ бұл ісіміз әлі де жалғасып жатыр. Біз адамзаттың бар қиындығын тек Құдай Патшалығы ғана шешіп беретінін әрі қарай да адамдарға жариялауымыз керек (Зәб. 145:11—13).

9. Ізгі хабарды неге уағыздай беруіміз керек?

9 Ехоба бітті демейінше уағыз ісі жалғаса береді. Ехоба Құдай мен Иса Мәсіхті танып-білу үшін адамдардың қанша уақыты қалды? (Жох. 17:3). Біз оны білмейміз. Бір білетініміз — зор алапат басталғанша “мәңгі өмірге ыңғай танытқан” әрбір адам ізгі хабарға құлақ асып, Ехобаға қызмет етуді таңдай алады (Ел. іс. 13:48). Тым кеш болмай тұрғанда, адамдарға қалай көмектесе аламыз?

10. Адамдарға шындықты үйретуімізге Ехоба қалай көмектесіп жатыр?

10 Адамдарға шындықты үйрету үшін Ехоба қажеттінің бәрін беріп жатыр. Мәселен, біз апта ішіндегі кездесуде тәлім аламыз. Бұл кездесулер бізге алғаш барғанда және екінші рет, үшінші рет барғанда не айтуға болатынын үйретеді. Зерттеу сабақтарын қалай жүргізуге болатынын да үйреніп жатамыз. Сондай-ақ Ехобаның ұйымы “Тәлім беру құралдарын” беріп отыр. Оның ішіндегі әдебиеттер, бейнероликтер бізге көп жағынан көмектеседі. Мысалы:

  • әңгіме бастауға;

  • ізгі хабарды тартымды етіп жеткізуге;

  • адамның Киелі кітапқа деген ықыласын оятуға;

  • Киелі кітап зерттеу сабағы кезінде шындықты үйретуге;

  • қызығушылық танытқандарды біздің сайтқа кіруге және Патшалық сарайларына шақыруға.

Әрине, бұл құралдардың бар болғаны жақсы ғой, бірақ сол қолда барды қолдану да керек *. Мысалы, бір адаммен жақсы әңгімелесіп, оның қызығып жатқанын байқасаңыз, сайтымызды көрсетіп, буклет не журнал жүктеп беріңіз. Сонда сіз онымен қайта сөйлескенше ол соны оқи алады. Иә, ай сайын қызметке барынша көп атсалысу — әрқайсысымызға берілген жауапкершілік.

11. Киелі кітапты онлайн зерттеу сабақтары не үшін құрастырылды?

11 Біздің jw.org® сайтымыздағы Киелі кітапты онлайн зерттеу сабақтары арқылы да Ехоба адамдарға шындықты білуге көмектесіп жатыр. Бұл сабақтар не үшін құрастырылды? Ай сайын дүниежүзі бойынша өте көп адам интернеттен Киелі кітапты үйрететін курстарды іздейді. Біздің сайтымыздағы сабақтар сондай адамдарға Құдай Сөзіндегі шындықты білуге көмектеседі. Кейбір адамдар біреумен Киелі кітап зерттеу сабағын өтуге келіспей, тартыншақтауы мүмкін. Сондай адамдарға сайтымыздағы онлайн сабақтарды көрсетіңіз немесе оның сілтемесін жіберіңіз *.

12. Киелі кітапты онлайн зерттеу сабақтары адамға не жайлы үйретеді?

12 Киелі кітапты онлайн зерттеу сабақтары “Киелі кітап пен оның авторы”, “Киелі кітаптың басты кейіпкерлері”, “Киелі кітаптағы үміт сыйлайтын хабар” деген тақырыптарды қамтиды. Осы тақырыптардан адам не біледі?

  • Киелі кітап адамға қалай көмектесетінін;

  • Ехоба, Иса мен періштелердің кім екенін;

  • Құдай адамдарды не үшін жаратқанын;

  • Қайғы-қасірет пен зұлымдықтың неге көп екенін.

Сондай-ақ бұл сабақтар

  • Ехоба қайғы-қасірет пен өлімді жоятынын;

  • марқұмдарды өмірге қайтаратынын;

  • адами үкіметтердің орнына Құдай Патшалығын орнататынын түсіндіреді.

13. Онлайн сабақтар Куәгерлермен өтетін Киелі кітап зерттеу сабағын алмастыра ма? Түсіндіріңіз.

13 Онлайн сабақтар Киелі кітапты зерттеу шарасын алмастырмайды. Иса бізге шәкірт дайындау деген мәртебелі істі тапсырды. Қызыққан адамдар онлайн сабақтарды оқып, білгендерін ұнатып, көбірек білуге ынталы болады деген үмітіміз бар. Сосын ол Киелі кітап зерттеу сабағына да келісіп қалар. Әр онлайн сабақтың соңында адам Киелі кітапты өзі емес, біреудің көмегімен зерттеуге өтініш толтыруға шақырылады. Күн сайын біздің ұйымға сайт арқылы жер жүзінен 230-ға жуық өтініш түсіп жатады. Адамның Куәгерлермен зерттегені өте маңызды.

ШӘКІРТ ДАЙЫНДАУҒА КҮШ САЛЫҢЫЗ

14. Матай 28:19, 20-да Иса айтқан нұсқауға сай, біз не нәрсеге бар күшімізді салуымыз керек және неге?

14 Матай 28:19, 20 оқыңыз. Киелі кітап зерттеу сабақтарын өткізгенде бар күшімізді “шәкірт дайындауға” салып, оларға Иса “бұйырғандардың бәрін ұстануды үйретуіміз қажет”. Адамдарға Ехобаға қызмет етуді таңдап, оның Патшалығын қолдау өте маңызды екенін түсінулеріне көмектесуіміз керек. Бұл үшін адамдарды оқып-білгендерін іске асыруға, өмірлерін Ехобаға бағыштауға және шомылдыру рәсімінен өтуге талпындыруымыз керек. Сонда ғана олар Ехобаның күнінен аман қалады (Пет. 1-х. 3:21).

15. Біздің не істеуге уақытымыз жоқ және неге?

15 Осыған дейін айтып өткеніміздей, осы дүниенің соңына дейін өте аз уақыт қалды. Сондықтан Мәсіхтің шәкірті болғысы келмейтін адамдармен Киелі кітапты зерттеп отыратын уақыт жоқ (Қор. 1-х. 9:26). Біздің іс өте шұғыл! Тым кеш болмай тұрғанда Патшалық хабарын талай адамға естірту керек.

ЖАЛҒАН ДІННЕН АУЛАҚ ЖҮРЕЙІК

16. Аян 18:2, 4, 5, 8-ге сай, біз не істеуіміз керек? (Сілтемені де қараңыз.)

16 Аян 18:2, 4, 5, 8 оқыңыз. Бұл тармақтарда Ехоба өз қызметшілерінен тағы не күтетіні жазылған. Барлық мәсіхшілер Ұлы Бабылдың ешқандай ісіне қатысы жоқ екеніне көз жеткізу керек. Киелі кітапты зерттеуді бастамай тұрғанда адам қандай да бір жалған діннің мүшесі болған шығар. Олардың діни қызметтеріне, іс-шараларына қатысқан болар. Я болмаса сол діни ұйымды қаржылай қолдаған шығар. Киелі кітапты зерттеп жүрген адам шомылдыру рәсімінен өтпеген жариялаушы болмай тұрып, жалған дінмен байланысын біржолата үзу керек. Сол жалған діннің және жалған дінді насихаттайтын қандай да бір ұйымның мүшелігінде бар болса, одан бас тартамын деген хат жазу керек *.

17. Мәсіхші қандай жұмыстан аулақ болу керек және неге?

17 Шынайы мәсіхші істеп жүрген жұмысының Ұлы Бабылмен ешқандай байланысы жоқ екеніне көз жеткізу керек (Қор. 2-х. 6:14—17). Мысалы, ол шіркеуде не мешітте жұмыс істемеу керек. Сондай-ақ мәсіхші жалған дінді насихаттайтын ғимараттың көркін келтіруге арналған жұмыстарды істемес еді, бірақ өрт сөндіру, жедел жәрдем сияқты халыққа бағытталған шұғыл қызметтерді атқаруы мүмкін. Жеке бизнесі бар болса, мәсіхші Ұлы Бабылмен байланысы бар мекемемен қызметтес болмайтыны немесе содан түскен ұсынысты қабыл алмайтыны анық. Неге біз бұған нық бекіндік? Өйткені біз Құдайдың көз алдында арам саналатын жалған діннің істері мен күнәларына ортақтасқымыз келмейді (Ишая 52:11) *.

18. Бір ер бауырлас қалай Киелі кітап принциптеріне сай әрекет етті?

18 Көп жыл бұрын жеке бизнесі бар ақсақалға бір мердігер құрылыс ісіне қатысты жұмыс ұсынады. Бұл кішігірім жұмыс қаладағы шіркеуде жасалу керек еді. Жұмыс ұсынып жатқан адам бауырластың шіркеудегі жұмыстардан бас тартатынын білетін. Бірақ ол ешкімді таппай, амалы қалмаған соң бауырластан өтініпті. Бірақ бауырласымыз Киелі кітап принциптеріне сай әрекет етіп, ұсыныстан бас тартады. Келесі аптада жергілікті газетте сол шіркеуде айқыш орнатып жатқан басқа бір ұстаның суреті жарық көреді. Бауырласымыз Киелі кітап принциптерінен аттап, осы жұмысқа келіскенде, газетте соның суреті тұрар еді. Бұл оның бауырластардың алдындағы жақсатына кір келтірер еді. Ал Ехоба не сезінетінін ойлап көріңізші.

БІЗ НЕ БІЛДІК?

19, 20. а) Бұл мақаладан не білдік? ә) Біз тағы не білуіміз керек?

19 Киелі кітаптың пайғамбарлығына сай, алда болатын келесі үлкен оқиға ол — әлемдік көшбасшылардың “бейбітшілік пен қауіпсіздік” хабарын жариялауы. Ехобаға мың да бір рақмет, оның беріп жатқан тәлімінің арқасында біз әлемдік көшбасшылардың жер бетінде шынайы әрі баянды бейбітшілік орната алмайтынын білеміз. Сол оқиға мен содан кейінгі жойылу басталмас бұрын біз не істеуіміз керек? Ехоба Патшалық жайлы ізгі хабарды уағыздаудан қолымыз босамағанын және көбірек шәкірт дайындағанымызды қалайды. Сонымен қатар біз барлық жалған діндерден бойымызды аулақ ұстауымыз керек. Бұған Ұлы Бабылмен байланысы бар ұйымдардың мүшелігінен және онымен байланысы бар жұмыстан бас тарту да кіреді.

20 “Соңғы күндердің” соңғы күндерінде бұдан басқа да оқиғалар болады. Ехобаның бізден басқа да күтетіні бар. Ол не? Жақында болатын оқиғаларға біз қалай дайын бола аламыз? Бұл туралы келесі мақаладан білеміз.

71-ӘН Біз Ехобаның әскеріміз!

^ 5-абзац Жуырда әлемдік көшбасшылар “бейбітшілік пен қауіпсіздікке” қол жеткіздік деп жарияға жар салады. Бұл зор алапаттың басталғалы жатқанының белгісі болады. Сол хабар жарияланғанға дейін Ехоба не істегенімізді қалайды? Осы сұрақтың жауабын бұл мақаладан табамыз.

^ 3-абзац Мысалы, Біріккен Ұлттар Ұйымы өз ресми сайтында халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті орнатып жатырмыз деп айтқан.

^ 6-абзац Осы журналдағы “Құдайдың жазасы: ол жеткілікті түрде ескерте ме?” деген мақаланы қараңыз.

^ 10-абзац “Тәлім беру құралдары” жайлы көбірек мәліметті 2018 жылы қазан айында “Күзет мұнарасында” жарық көрген “Шындықты үйретейік” мақаласынан көре аласыз.

^ 11-абзац Бұл сабақтар қазір ағылшын және португал тілдерінде бар, болашақта одан да көп тілде шығады.

^ 16-абзац Сондай-ақ біз мемлекет емес, жалған діндер ұйымдастырған балалар лагерьлерінен немесе демалыс не оқу орындарынан аулақ жүруіміз керек. Мысалы, кейбір діни ұйымдар жаттығу залдарын, бассейндерін, фитнес клубтарын, тіл үйрету курстарын, мектептерін ашып жатады. Мұндай мекемелер дінге қатысымыз жоқ деуі мүмкін. Алайда түптеп келгенде, олар діни идеологияны насихаттайды.

^ 17-абзац Діни ұйымда жұмыс атқаруға қатысты Киелі кітаптың көзқарасы туралы көбірек білгіңіз келсе, 1999 жылы 15 сәуірде жарық көрген “Күзет мұнарасындағы” (ор.) “Оқырман сауалдарын” қараңыз.

^ 83-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Кафеге келген адамдар теледидардан “бейбітшілік пен қауіпсіздік” туралы хабарланғанын көріп таңғалып жатыр. Қызметтің арасында үзіліс жасаған Куәгер ерлі-зайыпты бұл хабарға алданып қалған жоқ.