Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

47-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Мұсаның 3-жазбасынан алар сабағымыз

Мұсаның 3-жазбасынан алар сабағымыз

“Киелі жазбалардың бәрі Құдай рухының жетелеуімен жазылған, әрі... тиімді” (ТІМ. 2-Х. 3:16).

98-ӘН Рухтың жетелеуімен жазылған Жазбалар

АҢДАТПА *

1, 2. Мәсіхшілер неге Мұсаның 3-жазбасын оқуға ықыласты болу керек?

ЕЛШІ ПАУЫЛ жас досы Тімөтеге: “Киелі жазбалардың бәрі Құдай рухының жетелеуімен жазылған, әрі... тиімді”,— деген (Тім. 2-х. 3:16). Бұл Жазбаларға Мұсаның 3-жазбасы да кіреді. Бұл кітап туралы сіз не ойлайсыз? Кей адамдар онда бізге қатысы жоқ ережелердің тізімі жазылған деп жатады, ал шынайы мәсіхшілердің ойы мүлдем басқа.

2 Шамамен 3500 жыл бұрын жазылған Мұсаның 3-жазбасын Ехоба бізге “тәлім болсын деп” сақтап келді (Рим. 15:4). Бұл кітап Ехобаның ой-ниетін ашатындықтан, оны оқуға ықыласты болуымыз керек. Рухтың жетелеуімен жазылған осы кітаптың бізге сабақ болар тұстары көп. Ендеше, солардың төртеуіне тоқталайық.

ЕХОБАНЫҢ ЫҚЫЛАСЫНА ҚАЛАЙ ИЕ БОЛА АЛАМЫЗ?

3. Жыл сайынғы Күнәні өтейтін күні неге құрбандықтар шалынған?

3 Бірінші сабақ: құрбандығымыз қабыл болсын десек, Ехобаның ықыласына ие болуымыз керек. Жыл сайынғы Күнәні өтейтін күні Исраил халқы жиналатын және құрбандыққа мал шалынатын. Бұл құрбандықтар оларға күнәдан тазарулары керектігін естеріне салған. Сол күні бас діни қызметкер Ең қасиетті бөлмеге құрбандықтың қанын алып кірмес бұрын, бір нәрсе істеу керек болған. Бұл халықтың күнәсі кешірілуінен де анағұрлым маңызды еді.

(4-абзацты қараңыз) *

4. Мұсаның 3-жазбасы 16:12, 13-те айтылғандай, Күнәні өтейтін күні бас діни қызметкер Ең қасиетті бөлмеге алғаш кіргенде не істеген? (Мұқабадағы суретті қараңыз).

4 Мұсаның 3-жазбасы 16:12, 13 оқыңыз. Күнәні өтейтін күнгі жағдайды елестетейік. Бас діни қызметкер киелі шатырға кіріп бара жатыр. Ол сол күні Ең қасиетті бөлмеге үш рет кіруі тиіс. Бұл оның бірінші рет кіруі. Оның бір қолында хош иісті затқа толған ыдыс, ал екінші қолында шоқ толтырылған алтын қалақ бар. Ол Ең қасиетті бөлменің алдындағы шымылдыққа келіп, сәл кідіреді. Содан кейін зор құрметпен Ең қасиетті бөлмеге кіріп, келісім сандығының алдына тұрады. Бейнелі мағынада ол дәл Ехобаның алдына келіп тұр! Енді ол киелі хош иісті заттарды қызған шоқтың үстіне мұқият салады. Сол кезде бөлменің іші хош иісті заттың жұпар иісімен аңқып кетеді *. Бұдан кейін бас діни қызметкер күнәнің құнын өтеу құрбандығының қанын алып, Ең қасиетті бөлмеге қайта кіреді. Байқасаңыз, ол хош иісті затты күнәнің құнын өтеу құрбандығының қанын алып кірмес бұрын түтетті.

5. Күнәні өтейтін күні хош иісті заттың қолданылғанынан не білуге болады?

5 Күнәні өтейтін күні хош иісті заттың қолданылғанынан не білуге болады? Киелі кітапта Ехобаның адал қызметшілерінің дұғалары “хош иісті тартудай” делінген (Зәб. 141:2; Аян 5:8). Жоғарыда айтылғандай, бас діни қызметкер Ехобаның алдына хош иісті затты зор құрметпен алып кірген. Сол секілді, біз де Ехобаға дұға еткенде, мұны зор құрметпен істейміз, бойымызды қастерлі сезім билейді. Баланың әкесіне жақындай алатыны сияқты, біз де Әлемнің Жаратушысымен сөйлесіп, оған жақындай аламыз. Осындай мүмкіндік беріп отырғаны үшін оған шексіз ризамыз! (Жақ. 4:8). Ехоба бізге достарындай қарайды (Зәб. 25:14). Осы мәртебені бағалағандықтан, оның көңілін ешқашан қалдырғымыз келмейді.

6. Бас діни қызметкер құрбандық ұсынбас бұрын хош иісті затты түтеткенінен не білеміз?

6 Тағы еске түсірсек, бас діни қызметкер құрбандық ұсынбас бұрын хош иісті затты түтететін. Осылайша ол алдымен Құдайдың ықыласына ие болғанына көз жеткізіп алатын, содан кейін ғана құрбандығын ұсынатын. Бұдан не білеміз? Иса жерде болғанда, өмірін құрбандыққа бермес бұрын маңызды бір нәрсені, адамзатты құтқарудан да маңызды нәрсені, істеу керек болды. Ол не нәрсе еді? Ехоба құрбандығын қабыл алу үшін Иса адал да мінсіз өмір сүру керек еді. Осылайша ол Ехобаның жолымен жүру ең жақсы өмір жолы екенін паш етпек еді. Ол Әкесінің бүкіләлемдік билігін ақтап, оның билік ету жолы әділ де дұрыс екенін дәлелдемек еді.

7. Исаның жердегі бүкіл өмірі Әкесіне неге ұнамды болды?

7 Иса жерде өмір сүргенде Ехобаға кемелді түрде мойынсұнған. Азғырулар да, қиындықтар да, тіпті азапты өліммен өлетінін білгені де Әкесінің билігін қорғауға деген ықыласын сөндірмеді (Філіп. 2:8). Сынақтарға кезіккенде, Иса “қатты дауыстап, көз жасын төгіп” дұға еткен (Евр. 5:7). Оның ыстық дұғалары Ехобаға адал екенін көрсетті, әрі мойынсұнғыш болуға деген қалауын арттырды. Исаның дұғалары Ехоба үшін хош иісті заттың жұпарындай болды. Исаның бүкіл өмірі Әкесіне ұнамды болды әрі оның бүкіләлемдік билігін қорғады.

8. Исаның өмірін қалай үлгі ете аламыз?

8 Ехобаға барымызды салып мойынсұнсақ әрі адал болсақ, Исаға еліктейміз. Сынақтарға кезіккенде, Ехобадан көмек сұрап ыстық-ыстық дұға етеміз, өйткені оған ұнамды болғымыз келеді. Осылай оның билігін қолдайтынымызды көрсетеміз. Егер Ехоба жек көретін істерді жасасақ, ол дұғаларымызды тыңдамайтынын жақсы білеміз. Ал Ехобаның нормаларына сай жүріп-тұрсақ, жүректен шыққан дұғаларымыз ол үшін хош иісті тартудай болады. Сондай-ақ мінсіз, адал болғанымыз бен мойынсұнғанымыз Ехоба үшін жағымды екеніне күмәніміз жоқ (Нақ. с. 27:11).

ЕХОБАҒА ҚЫЗМЕТ ЕТУГЕ БІЗДІ СҮЙІСПЕНШІЛІК ПЕН РИЗАШЫЛЫҚ ТАЛПЫНДЫРАДЫ

(9-абзацты қараңыз) *

9. Татулық құрбандығы не себепті ұсынылатын?

9 Екінші сабақ: Ехобаға қызмет етуге бізді ризашылық талпындырады. Осы талпындырушы күштің маңыздылығын түсіну үшін исраилдіктер ұсынған татулық құрбандығын қарастырайық *. Мұсаның 3-жазбасынан исраилдіктер татулық құрбандығын “ризашылық білдіру үшін” әкелгенін білеміз (Мұс. 3-ж. 7:11—13, 16—18). Олар бұл құрбандықты міндетті болғандықтан емес, өздері қалағандықтан әкелген. Демек, олар Құдайлары Ехобаны сүйгендіктен, өз еріктерімен осы құрбандықты ұсынған. Құрбандық ұсынған адам отбасымен, діни қызметкермен бірге құрбандыққа шалған малдың етін жейтін. Бірақ малдың белгілі бір бөліктері тек Ехобаға ғана ұсынылатын. Қай бөліктері?

(10-абзацты қараңыз) *

10. Мұсаның 3-жазбасы 3:6, 12, 14—16 тармақтарда жазылған татулық құрбандығы қай жағынан Исаның қызметіне ұқсайды?

10 Үшінші сабақ: Ехобаға барымызды беруге сүйіспеншілік талпындырады. Ехоба майды малдың ең жақсы бөлігі деп есептеген. Сондай-ақ бүйрек сияқты малдың басқа да бөліктерін ерекше бағалы санаған (Мұсаның 3-жазбасы 3:6, 12, 14—16 оқыңыз). Исраилдік кісі малдың осы бөліктері мен майын өз еркімен құрбандыққа бергенде, бұл Ехобаға ерекше ұнайтын. Бұндай құрбандық ұсынуымен адам Құдайға ең жақсысын бергісі келетінін көрсететін. Сол сияқты, Иса да Ехобаны жақсы көріп, оған бар ынтасымен қызмет ету арқылы өзінде бардың ең жақсысын ұсынды (Жох. 14:31). Исаға Құдайдың еркін орындау зор қанағат әкелген, ол Құдай заңдарын қатты сүйген (Зәб. 40:8). Исаның зор ықыласпен қызмет етіп жатқанын көргенде Ехоба қаншалықты риза болды десеңізші!

Ехобаға ең жақсымызды беруге сүйіспеншілік талпындырады (11, 12-абзацты қараңыз) *

11. Қызметіміз қай жағынан татулық құрбандығына ұқсайды және бұл бізге неге жұбаныш береді?

11 Ехобаға деген қызметіміз татулық құрбандығына ұқсайды. Өйткені өз еркімізбен қызмет ету арқылы оны сүйетінімізді көрсетеміз. Оны бар жүрегімізбен жақсы көргендіктен, оған ең жақсымызды береміз. Миллиондаған адам Ехоба мен оның нормаларын шын жақсы көргендіктен, оған қызмет етіп жүр. Осындай қызметшілерінің құлшынысын көргенде, Ехобаның жүрегі шаттыққа толатыны сөзсіз! Ехобаның іс-әрекетімізді ғана емес, әрекетіміздің артындағы ниетімізді де көріп, бағалайтыны бізге жұбаныш береді. Мысалы, жасыңыз ұлғайғандықтан, өзіңіз қалағандай қызмет ете алмасаңыз, Ехоба жағдайыңызды түсінетініне сенімді болыңыз. Бәлкім, Ехобаға аз-кем беріп жүргендей сезінерсіз, бірақ ол қолыңыздан келгенше қызмет етуге талпындырып жатқан сүйіспеншілігіңізді көреді, әрі қолдан келгенді беріп жатқаныңызды қуана қабылдайды.

12. Ехоба татулық құрбандықтарына қалай қараған, бұл бізді қалай жігерлендіреді?

12 Татулық құрбандығынан не білеміз? Малдың ең жақсы бөліктері өртеліп, түтіні көкке көтерілгенде Ехоба риза болатын. Сол сияқты, жан-тәніңізбен әрі құлшыныспен атқарған қызметіңіз Ехоба үшін ұнамды екенін естен шығармаңыз (Қол. 3:23). Оның сізге қарап риза болып, күлімсіреп тұрғанын елестетіп көріңізші. Ехоба қызметтегі азды-көпті ынтаңызды аса бағалы қазынадай көріп, мәңгілік бойы есінен шығармайды (Мат. 6:20; Евр. 6:10).

ЕХОБА ӨЗ ҰЙЫМЫН ЖАРЫЛҚАЙДЫ

13. Мұсаның 3-жазбасы 9:23, 24-ке сай, Ехоба діни қызметкерлікті мақұлдайтынын қалай көрсетті?

13 Төртінші сабақ: Ехоба ұйымының жердегі бөлігін жарылқауда. Б. з. б. 1512 жылы Синай тауының етегіне киелі шатыр құрылғанда не болғанын қарастырып көрейік (Мұс. 2-ж. 40:17). Мұса діни қызметкерлерді тағайындау рәсімін өткізді, діни қызметкерлер болып Харон мен оның ұлдары тағайындалды. Олар алғаш рет малды құрбандыққа шалғанда, Исраил халқы жиналып, бақылап тұрды (Мұс. 3-ж. 9:1—5). Ехоба жаңадан құрылған діни қызметкерлікті мақұлдағанын қалай көрсетті? Харон мен Мұса халыққа бата бергенде, Ехобадан от түсіп, құрбандық ошағындағы құрбандықты жалмап қойды (Мұсаның 3-жазбасы 9:23, 24 оқыңыз).

14. Ехобаның Исраилдегі діни қызметкерлікті мақұлдағаны неге бізді де қызықтыру керек?

14 Көктен түскен от ненің белгісі болды? Бұл от Ехоба өзі діни қызметкерлікке таңдаған Харон мен оның ұлдарын мақұлдайтынын және қолдайтынын көрсетті. Исраилдіктер Ехобаның діни қызметкерлерді қолдайтынын анық көргенде, өздері де оларды қолдау керектігін түсінді. Ехобаның Исраилдегі діни қызметкерлікті мақұлдағаны неге бізді де қызықтыру керек? Өйткені бұл діни қызметкерлік одан да ұлы діни қызметкерліктің көлеңкесі еді. Иса — ұлы бас діни қызметкер. Сондай-ақ онымен бірге көкте діни қызметкер әрі патша болып 144 000 билік етпек (Евр. 4:14; 8:3—5; 10:1).

Ехоба өз ұйымына бағыт-бағдар беріп, жарылқап отыр. Біз де ұйымды толығымен қолдаймыз (15—17 абзацтарды қараңыз) *

15, 16. Ехоба “адал да ақылды құлды” мақұлдайтынын қалай көрсетуде?

15 1919 жылы Иса майланған ер бауырластардың шағын тобын “адал да ақылды құл” етіп тағайындады. Сол құл уағыз ісінде басшылықты қолға алып, Мәсіхтің ізбасарларына “ас-суын уақтылы беріп” отыр (Мат. 24:45). Ехобаның адал да ақылды құлды мақұлдайтынын анық көріп жүрміз бе?

16 Шайтан мен оның дүниесі адал да ақылды құлдың жұмысын тоқтату үшін барынша тырысуда. Ехобаның көмегінсіз адал да ақылды құл жұмыстарын атқара алмас еді. Адал құл екі дүниежүзілік соғыс пен аяусыз қуғын-сүргінге, ғаламдық экономикалық дағдарыс пен әділетсіздікке қарамай, Исаның жердегі ізбасарларына уақтылы ас-су беріп келеді. Бүгіндегі рухани ас-судың молшылығы жайлы ойланып көрейікші, олар 900-ден астам тілде қолжетімді әрі тегін. Бұл — Құдайдың адал да ақылды құлды мақұлдайтынының бұлтартпас дәлелі. Мұның тағы бір дәлелі — уағыз ісі. Расында да, ізгі хабар “бүкіл жер бетінде уағыздалуда” (Мат. 24:14). Ехоба бүгінде өз ұйымына бағыт-бағдар беріп, жомарттықпен жарылқап отырғанына күмән жоқ.

17. Ехобаның ұйымын қолдайтынымызды қалай көрсете аламыз?

17 Өзімізден “Ехобаның ұйымының жердегі бөлігіне жататыныма ризамын ба?” деп сұрайық. Мұсаның күнінде Ехоба өзі тағайындаған адамдарды мақұлдайтынын көрсету үшін көктен от түсіргеніндей, бүгінде де өз ұйымын қолданып жатқанын анық көрсетуде. Иә, бізде ризашыл болуға себеп көп (Сал. 1-х. 5:18, 19). Ехобаның ұйымын қолдайтынымызды қалай көрсете аламыз? Басылымдарымызда, қауым кездесулерінде, конгрестерде айтылатын Киелі кітапқа негізделген басшылықтарға мойынсұну арқылы. Бұған қоса, уағыздау мен тәлім беру ісіне толық атсалысу арқылы да ұйымды қолдайтынымызды көрсетеміз (Қор. 1-х. 15:58).

18. Сіз не істеуге бекіндіңіз?

18 Ендеше, Мұсаның 3-жазбасынан үйренгендерімізді қолдануға асық болайық. Құрбандықтарымыз қабыл болу үшін Ехобаның ықыласына кенеле берейік. Ехобаға қызмет етуге бізді ризашылық талпындыра бергей. Ехобаны бар жүрегімізбен сүйгендіктен, оған ең жақсымызды бере берейік. Сонымен қатар Ехоба жарылқап отырған ұйымды шын жүректен қолдайық. Осылайша Ехобаға оның Куәгері болу мәртебесін аса қымбат көретінімізді паш етеміз!

96-ӘН Құдайдың берген қазынасы

^ 5-абзац Мұсаның 3-жазбасында Ехобаның ежелгі Исраил халқына берген заңдары жазылған. Мәсіхшілер бұл заңдарды ұстануға міндетті болмаса да, оның көп пайдасын көре алады. Осы мақалада Мұсаның 3-жазбасынан алар маңызды сабақтарды талқылаймыз.

^ 4-абзац Киелі шатырда түтетілетін хош иісті зат қасиетті болып саналған, әрі исраилдіктер оны тек Ехобаға ғибадат ету үшін қолданған (Мұс. 2-ж. 30:34—38). I ғасырдағы мәсіхшілердің діни мақсатта хош иісті зат түтеткені жайлы ешқандай мәлімет жоқ.

^ 9-абзац Татулық құрбандығы жайлы көбірек білу үшін “Киелі жазбаларды түсіну” (ор.) кітабының “Приношения”/ “Мирные жертвы” деген тақырыбын және 2012 жылдың 15 қаңтарындағы “Күзет мұнарасының” 19-бетіндегі 11-абзацты қараңыз.

^ 54-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Күнәні өтейтін күні бас діни қызметкер Ең қасиетті бөлмеге хош иісті зат пен шоқты алып кіргенде, бөлменің іші жұпар иіспен аңқып кететін. Кейінірек ол Ең қасиетті бөлмеге қайта кіріп, күнә үшін шалынған құрбандықтың қанын ұсынатын.

^ 56-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Исраилдік кісі татулық құрбандығын ұсыну үшін діни қызметкерге қой әкеліп тұр. Осылайша ол отбасымен бірге Ехобаға риза екенін көрсетті.

^ 58-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Иса жерде болғанда Құдай заңдарын бекем ұстану арқылы және ізбасарларына да солай етуді үйрету арқылы Ехобаны қатты сүйетінін көрсетті.

^ 60-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Қарт бауырлас мүмкіндігінің шектеулі екеніне қарамай, Ехобаға ең жақсысын беру үшін хат жазып уағыздауда.

^ 62-абзац СУРЕТТЕР СИПАТТАМАСЫ: 2019 жыл, ақпан айы. Басқарушы кеңестің мүшесі Геррит Лёш бауырлас “Жаңа дүние аудармасының” қайта қарастырылған нұсқасы неміс тілінде жарық көргенін ризашыл тыңдарманға хабарлап тұр. Бүгінде Германиядағы жариялаушылар осы екі бауырлас сияқты, жаңа шыққан Киелі кітаптарын қызметте қуана қолданып жүр.