Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

49-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Еңбек ететін және демалатын уақыт бар

Еңбек ететін және демалатын уақыт бар

“Жүріңдер,.. оңаша жерге барып, аздап тынығып алыңдар” (МАР. 6:31).

143-ӘН Қызмет етейік, сергек жүрейік, күтейік

АҢДАТПА *

1. Көпшіліктің жұмысқа қатысты көзқарасы қандай?

СІЗ тұратын жерде көпшіліктің жұмысқа қатысты көзқарасы қандай? Көп елдерде адамдар бұрынғыға қарағанда көп жұмыс істейді. Жұмысқа басымен кіріп кеткен адамдардың демалуға, отбасымен бірге уақыт өткізуге немесе рухани мұқтаждықтарын қанағаттандыруға қолдары тимей жатады (Уағ. 2:23). Ал кейбір адамдар болса, мүлдем еңбек еткілері келмейді, әйтеуір бір сылтау тауып, жұмыс істемеудің амалын іздейді (Нақ. с. 26:13, 14).

2, 3. Ехоба мен Иса еңбек етуге қатысты қандай үлгі көрсетті?

2 Ехоба мен Исаның жұмысқа қатысты көзқарасы осы дүниенікінен мүлдем басқаша. Ехобаның еңбексүйгіш екендігіне дау жоқ. Иса да мұны растап: “Әкем еңбек етуді доғарған жоқ, мен де еңбек етудемін”,— деген (Жох. 5:17). Құдайдың сансыз рухани жаратылыстарды, шеті мен шегі жоқ ғаламды жаратқаны жайлы ойлап көріңізші. Бұған қоса, жер беті Құдайдың ғаламат туындыларына толы. Зәбүр жыршысы: “Уа, Ехоба, істерің неткен көп десеңші! Сен олардың бәрін даналықпен жасадың, Жер бетін жаратылыстарыңа толтырдың”,— деп дәл айтқан (Зәб. 104:24).

3 Иса Әкесінен үлгі-өнеге алған. Құдай “аспанды... дайындағанда” ол қасында болып, оған көмектескен. Иса Ехобаның қасында “шебер жұмысшы” болды (Нақ. с. 8:27—31). Кейіннен жерде болғанда да көп іс атқарды. Иса Ехобаның тапсырған ісін орындау оған тамақ іспетті екенін айтқан және Исаның істеген әрбір ісі оны Құдай жібергенін дәлелдеген (Жох. 4:34; 5:36; 14:10).

4. Демалуға қатысты Ехоба мен Иса қандай үлгі қалдырды?

4 Ехоба мен Исаның еңбекқор болғаны демалмай еңбек етуіміз керек дегенді білдіре ме? Мүлдем олай емес. Ехоба ешқашан шаршамайды, сондықтан ол демалуды қажет етпейді. Алайда Киелі кітапта аспан мен жерді жаратып болғаннан кейін Ехобаның “ісін доғарып, демалғаны” айтылған (Мұс. 2-ж. 31:17). Бұл сөздер Ехобаның тоқтап, жасағандарына қарап тамсанғанын білдірсе керек. Иса жерде болған кезінде тынбай еңбектенсе де, демалуға және достарымен дастарқандас болуға уақыт тапқан (Мат. 14:13; Лұқа 7:34).

5. Құдай қызметшілерінің көбісіне не қиын?

5 Киелі кітап Құдай қызметшілерін еңбексүйгіш болуға талпындырады. Олар жалқау болмай, еңбекқор болулары керек (Нақ. с. 15:19). Бәлкім, сіз отбасыңызды асырау үшін жұмыс істейтін шығарсыз. Бұған қоса, Мәсіхтің барлық шәкірттерінде ізгі хабарды уағыздау міндеті бар. Алайда демалу да керек. Кейде сізге жұмысқа, қызметке және демалуға жеткілікті уақыт табу қиын ба? Қанша уақыт жұмыс істеп, қанша уақыт демалатынымызды қалай шешсек болады?

ТАРАЗЫ БАСЫН ТЕҢ ҰСТАҢЫЗ

6. Исаның жұмыс пен демалысқа қатысты дұрыс көзқарас ұстанғаны Марқа 6:30—34 тармақтардан қалай көрінеді?

6 Жұмысқа келгенде байыпты болу маңызды. Сүлеймен патша киелі рухтың жетелеуімен “әрбір істің өз уақыты бар” деп жазған. Ол егетін, соғатын, жылайтын, күлетін, билейтін және басқа да істердің өз уақыты бар екенін айтқан (Уағ. 3:1—8). Жұмыс пен демалыс өмірдің ажырамас бөлігі екені айтпаса да түсінікті. Иса демалыс пен жұмысқа қатысты дұрыс көзқарас танытқан. Бірде шәкірттердің уағыз сапарынан қайтып келгеннен кейін қолдары тимегені сонша — “олардың тіпті тамақтануға уақыты болмайды”. Сонда Иса оларға: “Жүріңдер, менімен бірге оңаша жерге барып, аздап тынығып алыңдар”,— деді (Марқа 6:30—34 оқыңыз). Әрдайым өздері қалағандай демала алмаса да, Иса өзіне де, шәкірттеріне де демалу қажет екенін түсінген.

7. Демалыс күні жайлы заңды қарастырғанымыздың қандай пайдасы бар?

7 Ара-тұра бәрімізге де демалу керек не күн тәртібімізді өзгерту қажет. Бұны Демалыс күні жайлы заңнан білеміз. Ежелде Құдай өз халқынан Демалыс күнін апта сайын ұстануды талап еткен. Біз Мұса Заңына бағынышты болмасақ та, Демалыс күні жайлы заңнан көп нәрсеге үйрене аламыз. Білгендеріміз жұмыс істеу мен демалуға қатысты дұрыс көзқараста болуға көмектеседі.

ДЕМАЛЫС КҮНІ — ТЫНЫҒАТЫН ЖӘНЕ ҒИБАДАТ ЕТЕТІН УАҚЫТ

8. Мұсаның 2-жазбасы 31:12—15 тармақтарға сай, Демалыс күнінің мақсаты қандай болған?

8 Құдай Сөзінде алты “күннен” кейін Құдайдың жер бетіндегі жарату ісін доғарғаны жазылған (Мұс. 1-ж. 2:2). Алайда Ехоба еңбек етуді сүйгендіктен, басқа істерде “еңбек етуді доғарған жоқ” (Жох. 5:17). Ол алты “күн” жұмыс істеп, жетінші “күні” демалғандықтан, исраилдіктерге де әр жетінші күні демалуды бұйырды. Демалыс күні Құдай мен Исраил халқының арасындағы ерекше қарым-қатынастың белгісі еді. Бұл күн “Ехоба үшін қасиетті” әрі “толығымен тынығатын” күн болған (Мұсаның 2-жазбасы 31:12—15 оқыңыз). Демалыс күні ешкімге де — балаларға да, құлдарға да, тіпті малдарға да — жұмыс істеуге болмайтын (Мұс. 2-ж. 20:10). Осының арқасында халық рухани істерге көбірек назар аудара алатын.

9. Исаның кезінде Демалыс күніне қатысты қандай бұрыс көзқарас болған?

9 Құдай халқы Демалыс күнінің игілігін көрген. Алайда Исаның кезінде көптеген дінбасылары бұған қатысты тым қатал ережелер орнатқан. Олар Демалыс күні тіпті масақ үзіп жеуге не науқас адамды сауықтыруға болмайды деп есептеген (Мар. 2:23—27; 3:2—5). Мұндай көзқарас Құдайдың Демалыс күніне қатысты ниетіне мүлдем кереғар еді. Иса мұны тыңдаушыларына анық көрсетті.

Исаның отбасы Демалыс күні Құдайға ғибадат еткен (10-абзацты қараңыз) *

10. Матай 12:9—12 тармақтарға сай, Иса Демалыс күніне қалай қараған?

10 Иса мен оның яһуди ізбасарлары Мұса Заңын ұстанғандықтан, Демалыс күні тынығатын *. Бірақ Иса сөзімен де, ісімен де Демалыс күні жақсылық жасап, адамдарға көмектесуге болатынын көрсетті. Ол: “Демалыс күні жақсылық жасауға болады”,— деп нақты айтты (Матай 12:9—12 оқыңыз). Демалыс күні жақсылық жасауды ол заң бұзу деп санамады. Исаның әрекеттері Демалыс күнінің негізгі мақсатын айқын еткен. Өйткені Құдай халқы күнделікті күйбің тірліктен демалғанда, рухани істерге көңіл аудара алған. Исаның туып-өскен отбасы да Демалыс күнін Құдайға ғибадат ету үшін ұстанғаны шүбәсіз. Біз мұны Иса жайлы жазылған мына сөздерден білеміз: “Кейін ол өзі өскен Назарет қаласына келіп, әдетінше Демалыс күні мәжілісханаға барды. Иса Жазбалардан оқып беру үшін орнынан тұрды” (Лұқа 4:15—19).

ЖҰМЫСҚА ҚАТЫСТЫ КӨЗҚАРАСЫҢЫЗ ҚАНДАЙ?

11. Иса жұмысқа қатысты кімнен үлгі алған?

11 Жүсіп Исаға ағаш ұстасы болуды үйреткенде, Құдайдың жұмысқа деген көзқарасын да үйреткені сөзсіз (Мат. 13:55, 56). Жүсіп үлкен отбасын асырау үшін күніге аянбай еңбек еткен. Ал Иса мұны көріп өскен. Бір қызығы, кейін ол шәкірттеріне: “Еңбек еткен адам ақысын алуға лайық”,— деп айтқан (Лұқа 10:7). Иә, Иса ауыр еңбектің не екенін жақсы білген.

12. Ауыр еңбек етуге қатысты Киелі кітапта қандай тармақтар бар?

12 Елші Пауыл да ауыр еңбектің не екенін білген. Оның басты ісі Иса мен оның тәлімдері жайлы куәлік беру еді. Бірақ ол күн көру үшін жұмыс та істеген. Салоникалықтар Пауылдың ешкімді “көп шығынға ұшыратып, ауыртпалық салмау үшін күні-түні тер төгіп еңбек еткенін” жақсы білетін (Сал. 2-х. 3:8; Ел. іс. 20:34, 35). Оларға осы сөздерді жазғанда Пауыл шатыр жасау кәсібі жайлы айтқан болса керек. Қорынт қаласында жүргенде ол Ақила мен Прискиламен бірге тұрып, “кәсіптері бір болғандықтан,.. олармен бірге жұмыс істеді”. Пауылдың “күні-түні” еңбек еттім дегені оның тоқтамай жұмыс істегенін білдірмейді. Ол күні-түні шатыр жасаумен айналыспаған. Кей күндері, мысалы, Демалыс күні ол жұмыс істемейтін. Осындай мүмкіндікті пайдаланып, ол өзі сияқты Демалыс күні жұмыс істемейтін яһудилерге уағыздаған (Ел. іс. 13:14—16, 42—44; 16:13; 18:1—4).

13. Пауылдан нені үйренеміз?

13 Елші Пауыл жақсы үлгі қалдырды. Ол жұмыс істеуі керек болса да, “қасиетті іске”, яғни “Құдайдың ізгі хабарын жариялау” ісіне, жүйелі түрде атсалысқан (Рим. 15:16; Қор. 2-х. 11:23). Ол өзгелерді де осылай етуге талпындырған. Мысалы, Ақила мен Прискила Пауылмен “Мәсіх Исаға... бірге қызмет еткен” (Рим. 12:11; 16:3). Пауыл қорынттықтарды “Иеміздің ісінде әрқашан көп еңбектенуге” шақырған (Қор. 1-х. 15:58; Қор. 2-х. 9:8). Ехоба тіпті Пауылға былай деп жаздырды: “Еңбек еткісі келмейтін адам ішіп-жемесін” (Сал. 2-х. 3:10).

14. Исаның Жохан 14:12-дегі сөздері нені білдіреді?

14 Осы соңғы күндердегі ең маңызды іс — уағыздау мен шәкірт дайындау ісі. Иса шәкірттерінің өзі жасағаннан да зор істер жасайтынын айтып кеткен (Жохан 14:12 оқыңыз). Бұл біз де Иса сияқты кереметтер жасаймыз дегенге меңземейді. Қайта, Исаның ізбасарлары оған қарағанда көп жерлерде, көп адамдарға әрі көбірек уақыт уағыздайтын болады.

15. Қандай сұрақтар жайлы ойланғанымыз жөн және неге?

15 Егер жұмыс істейтін болсаңыз, мына сұрақтар жайлы ойланыңыз: жұмысымдағылар мені еңбекқор адам деп біле ме? Тапсырылған істі уақытылы аяқтаймын ба, әрі оны бар ынтаммен істеймін бе? Егер “иә” деп жауап бере алсаңыз, бастығыңыздың сеніміне ие болуыңыз әбден мүмкін. Сондай-ақ әріптестеріңіз де Патшалық жайлы хабарды тыңдауға құлықты болады. Ал уағыздау мен тәлім беру ісіне келсек, мына жайлы ойлап көріңіз: уағыз ісінде еңбекқормын ба? Алғаш рет баруға жақсы дайындаламын ба? Қызығушылық танытқан адамдарға тез арада қайта барамын ба? Қызметтің түрлі саласына үнемі қатысамын ба? Егер осы сұрақтарға “иә” дей алсаңыз, қызметтен қуаныш табатын боласыз.

ДЕМАЛУҒА ҚАТЫСТЫ КӨЗҚАРАСЫҢЫЗ ҚАНДАЙ?

16. Демалуға қатысты көпшіліктің ойымен салыстырғанда, Иса мен шәкірттерінің ойы қандай болған?

16 Иса кей кездері өзіне де, шәкірттеріне де біршама тынығу керек екенін білген. Алайда сол замандағы және бүгінгі күндегі көп адам Исаның мысалындағы бай адамға ұқсайды. Ол өз-өзіне: “Енді демалып, ішіп-жеп, көңіліңді көтер”,— дейді (Лұқа 12:19; Тім. 2-х. 3:4). Ол үшін өмірдегі ең басты нәрсе демалу мен көңіл көтеру болған. Ал Иса мен шәкірттері өз қалауларын басты орынға қоймаған.

Жұмыс пен демалысқа қатысты байыпты көзқарас танытқанымыз назарымызды жан сергітерлік игі істерге аударуға көмектеседі (17-абзацты қараңыз) *

17. Жұмыстан тыс уақытты қалай жұмсаймыз?

17 Біз де Исаға еліктеп, жұмыстан тыс уақытты тек тынығып-демалуға ғана емес, игі істерге, мысалы өзгелерге куәлік беруге және мәсіхшілік жиындарға қатысуға да, жұмсағымыз келеді. Біз шәкірт дайындау ісі мен кездесулерді өте маңызды санаймыз. Сондықтан осы қасиетті істерге жүйелі түрде атсалысу үшін қолымыздан келгеннің бәрін істейміз (Евр. 10:24, 25). Тіпті еңбек демалысында жүрсек те, рухани кестемізден таймаймыз. Қай жерде жүрсек те, қауым кездесулеріне барамыз және кездестірген адамдарға куәлік берудің мүмкіндігін іздейміз (Тім. 2-х. 4:2).

18. Патшамыз Мәсіх Иса біздің не істегенімізді қалайды?

18 Патшамыз Мәсіх Исаның бізден тым көп нәрсені талап етпейтініне және еңбек ету мен демалуға қатысты байыпты көзқараста болуға көмектесетініне дән ризамыз (Евр. 4:15). Ол біздің қажетінше демалғанымызды қалайды. Сондай-ақ өзімізді қамтамасыз ету үшін аянбай еңбек еткенімізді әрі жан сергітерлік шәкірт дайындау ісінде де еңбекқор болғанымызды қалайды. Ал келесі мақалада Исаның бізді күнәдан азат ету үшін не істегенін қарастырамыз.

38-ӘН Құдай саған күш береді

^ 5-абзац Жазбалар еңбек ету мен демалуға қатысты байыпты көзқараста болуды үйретеді. Бұл мақалада исраилдіктер апта сайын ұстанған Демалыс күні жайлы айтылады. Соны ойда тұтып, жұмыс пен демалуға қатысты көзқарасымызды салмақтап-саралаймыз.

^ 10-абзац Шәкірттер Демалыс күніне қатысты заңды құрметтегендіктен, Демалыс күні өтіп кеткенше Исаның мәйіті үшін жұпар иісті заттар мен иісмай даярлауды тоқтата тұрды (Лұқа 23:55, 56).

^ 55-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Жүсіп бала-шағасын Демалыс күні мәжілісханаға алып бара жатыр.

^ 57-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Отбасын асырап жүрген отағасы жұмыстан тыс уақытта, тіпті отбасымен бірге демалыста жүргенде де, теократиялық істерге атсалысып жүр.