Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Құдай Патшалығын қазірден бастап қолдаңыз!

Құдай Патшалығын қазірден бастап қолдаңыз!

Сіз тұратын аймаққа сұрапыл дауыл төніп келе жатыр делік. Билік өкілдері “ҚАШЫҢЫЗДАР! ТЕЗ АРАДА ҚАУІПСІЗ ЖЕРГЕ КЕТІҢІЗДЕР!” деп дабыл қағып жатыр. Сондай кезде қалай әрекет еткен дұрыс? Әрине, қауіпсіз жерге бассауғалаған дұрыс!

Дәл осы іспетті, бүкіл адамзат баласына жойқын “дауыл” төнгелі тұр. Мұны Иса пайғамбар “зор алапат” деп атаған (Матай 24:21). Біз бұл апаттан ешқайда қашып кете алмаймыз. Десе де одан аман қалуға болады. Қалайша?

Иса пайғамбар бірде: “Ендеше, Құдай Патшалығы мен оның әділдігін әрдайым бірінші орынға қойыңдар”,— деген нұсқау берген (Матай 6:33). Біз бұл нұсқауды қалай орындай аламыз?

Құдай Патшалығын бірінші орынға қою. Бұл дегеніміз Құдай Патшалығы өміріміздегі кез келген нәрседен маңызды болу керек дегенді білдіреді (Матай 6:25, 32, 33). Ал неліктен оны маңызды санауымыз керек? Өйткені адамзаттың проблемасын шешу тек Құдай Патшалығының қолынан келеді. Адамдар мұндай күрделі мәселелерді шешуге дәрменсіз.

Құдайдың әділдігін бірінші орынға қою. Біз Құдайдың әділ заңдары мен принциптерін ұстанып өмір сүруге барынша тырысуымыз қажет. Неліктен бұлай етуіміз керек? Егер ненің жақсы, ненің жаман екенін өзіміз шешіп, Құдайды ескермейтін болсақ, мұның соңы жақсылыққа әкелмейді (Нақыл сөздер 16:25). Ал керісінше, Құдайдың талаптарымен өмір сүрер болсақ, оған ұнамды боламыз және өзіміз де бақыттырақ бола түсеміз (Ишая 48:17, 18).

Құдай Патшалығы мен Құдайдың әділдігін әрдайым бірінші орынға қою. Иса пайғамбар ескерткендей, кейбіреулер “көп ақша тапсам, қауіпсіз өмір сүремін” деп адасуы мүмкін. Ал өзгелер күйбің тірлікке салынып, Құдай Патшалығына уақыттары қалмайды (Матай 6:19—21, 25—32).

Алайда Иса пайғамбар Құдай Патшалығын қолдайтындарда қазірдің өзінде қажет нәрсенің бәрі болатынын, ал болашақта оларға шексіз баталар төгілетінін уәде еткен (Матай 6:33).

I ғасырдағы Иса пайғамбардың шәкірттері Құдай Патшалығы мен Құдайдың әділдігін әрдайым бірінші орынға қойған. Десе де олар өмір сүрген уақытта қайғы-қасірет атаулы жойылмады. Алайда олар қорғаныш сезінген. Қай жағынан?

Олар Құдайдың әділ талаптарын ұстанып өмір сүргендіктен, мұнысы оларға қорғаныш болды. Өйткені олар Құдайдың айтқандарын елемей өмір сүрген адамдар кезіккен қиындықтарға кезікпеді. Шәкірттер Құдай Патшалығының келетініне нық сенімді болғандықтан, ең ауыр деген қиындықтарға төзе алған. Сондай-ақ Құдай оларға “адам күшінен асқан күш” берген (Қорынттықтарға 2-хат 4:7—9).

СІЗ ҚҰДАЙ ПАТШАЛЫҒЫН БІРІНШІ ОРЫНҒА ҚОЯСЫЗ БА?

І ғасырда өмір сүрген мәсіхшілер Исаның “Құдай Патшалығын бірінші орынға қойыңдар” деген нұсқауына құлақ асқан. Олар Патшалық жайлы ізгі хабарды жүрген жерлерінің бәрінде уағыздаған (Қолостықтарға 1:23). Ал бүгінде осылай уағыздап жүрген адамдар бар ма?

Иә, ондай адамдар бар! Ехоба куәгерлері жақын болашақта Құдай Патшалығы осы зұлым заманды жоятынын жақсы түсінеді. Сондықтан да олар Иса пайғамбар айтып кеткен істі орындауға бар күштерін салады. Ол былай деген: “Патшалық жайлы осы ізгі хабар барлық халықтар есту үшін бүкіл жер бетінде уағыздалады. Содан кейін осы заманның соңы келеді” (Матай 24:14).

Сіз сол ізгі хабарды қабылдайсыз ба? Біз сізді І ғасырдағы Македониядағы Берея қаласының тұрғындарына еліктеуге шақырамыз. Олар елші Пауылдан Патшалық жайлы ізгі хабарды естігенде, оның хабарын “зор ықыласпен қабыл алды”. Кейін олар естіген хабарларының растығына көз жеткізу үшін “Жазбаларды... мұқият зерттеді” (Елшілердің істері 17:11, 12).

Сіз де осылай етсеңіз болады. Құдай Патшалығы мен Құдайдың әділдігін бірінші орынға қояр болсаңыз, қазірдің өзінде қорған болатын пана тауып, болашақта шексіз бейбітшілік пен қауіпсіздіктің рақатын көресіз!