Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

МӘСІХШІЛІК ӨМІРІМІЗ

Құдайға және өзге адамға қалай сүйіспеншілік дамыта аламыз?

Құдайға және өзге адамға қалай сүйіспеншілік дамыта аламыз?

Мәсіхшілер Мұса Заңын ұстанбаса да, ондағы Құдайды және өзге адамды сүй деген ең басты екі заң Ехобаның бізге қоятын талаптарының өзегі болып табылады (Мт 22:37—39). Бұндай сүйіспеншілік — туа біткен қасиет емес, сондықтан оны дамыту керек. Қалайша? Мұның маңызды бір жолы — Киелі кітапты күнде оқу. Жазбалардан Құдайдың болмысының әртүрлі қыры жайында оқыған сайын, “Ехобаның көркіне көз тігеміз” (Зб 27:4). Осының арқасында оған деген сүйіспеншілігіміз артып, ой қалпымыз Құдайдікіне ұқсай түседі. Ал бұл бізге Құдайдың өсиеттерін, соның ішінде басқаларға жанқияр сүйіспеншілік танытуға қатысты өсиетін де, орындауымызға қозғау салады (Жх 13:34, 35; Ж1х 5:3). Төменде Киелі кітапты оқуды қызықты етудің үш жолы көрсетілген:

  • Ой-қиялыңыз бен сезімдеріңізді іске қосыңыз. Оқып жатқанда, өзіңізді сол жерде жүргендей елестетіңіз. Нені көріп, нені естіп жатырсыз? Мұрныңызға қандай иіс келіп тұр? Оқиға кейіпкерлері не сезініп тұр деп ойлайсыз?

  • Әртүрлі тәсілді қолданып көріңіз. Мысалы, дауыстап оқыңыз, я болмаса аудиожазбаны тыңдап, кітапқа көз жүгіртіп отырыңыз. Тарауларды қатарынан емес, белгілі бір тақырып бойынша немесе нақты бір Киелі кітап кейіпкері жайында оқып көріңіз. Айталық, Иса жайында оқу үшін “Киелі жазбалар. Жаңа дүние аудармасындағы” А7, Ә12 қосымшаларын пайдалансаңыз болады. Сондай-ақ күнделікті тармақ алынған тарауды толығымен оқып көріңіз. Киелі жазбалардағы кітаптарды жазылған жылдары бойынша да оқуға болады.

  • Түсініп оқыңыз. Көбірек мәліметті қамтимын деп бірден көп тарау оқығанша, күніне бір тарауды жақсылап түсініп, ой жүгіртіп оқыған жақсы. Оқиғаның мәнмәтінін, қандай жағдайда орын алғанын ескеріңіз. Ұсақ-түйек жайттарға дейін талдаңыз. Карталар мен тоғыспалы сілтемелерді қараңыз. Өзіңіз түсінбеген, кем дегенде, бір ойға ізденіс жүргізіңіз. Мүмкін болса, оқуға қанша уақыт жұмсасаңыз, ой жүгіртуге де сонша уақыт бөліңіз.