Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

5-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

“Біз сенімен барамыз”

“Біз сенімен барамыз”

“Біз сенімен барамыз, өйткені Құдай сенің халқыңмен бірге екенін естідік” (ЗӘК. 8:23).

26-ӘН Оларға жасағандарың — маған жасағандарың

АҢДАТПА *

Басқа қойлар (“он адам”) майланғандармен (“яһуди”) бірге Ехобаға ғибадат ету мәртебесіне ие (1, 2-абзацты қараңыз)

1. Ехоба біздің күндерімізге қатысты қандай пайғамбарлық айтқан?

ЕХОБА біздің күндерімізге қатысты мынадай пайғамбарлық айтқан: “Сол күндері әртүрлі тілде сөйлейтін барлық халықтардан шыққан он адам яһудидің етегіне жармасып, оған: “Біз сенімен барамыз, өйткені Құдай сенің халқыңмен бірге екенін естідік”,— дейтін болады” (Зәк. 8:23). Бұл жердегі “яһуди” киелі рухпен майланғандарды білдіреді. Олар “Құдайдың Исраилі” деп те аталады (Ғал. 6:16). Ал “он адам” жерде мәңгі өмір сүруге үміттенетіндерді білдіреді. Олар Ехобаның майланғандардан тұратын топты жарылқап жатқанын біледі, әрі олармен бірге Ехобаға ғибадат етуді мәртебе санайды.

2. “Он адам” қалайша майланғандармен бірге “барады”?

2 Жердегі майланғандардың әрбірінің есімдерін білу мүмкін болмаса да *, жерде өмір сүруге үміттенетіндер майланғандармен бірге “бара” алады. Қалайша? Киелі кітапта “он адамның” “яһудидің етегіне жармасып, оған: “Біз сенімен барамыз, өйткені Құдай сенің халқыңмен бірге екенін естідік”,— дейтіні жазылған. Тармақта бір яһуди жайлы айтылып тұр. Бірақ “сенімен” және “сенің халқыңмен” деген сөздер бір адамға ғана емес, одан көп адамға нұсқайды. Демек яһуди деген бір ғана адамды емес, майланғандардың тобын білдіреді. Киелі рухпен майланбағандар майланғандармен бірге Ехобаға қызмет етеді. Алайда олар майланғандарға көсемдері ретінде қарамайды, қайта Көсемдері Мәсіх екенін түсінеді (Мат. 23:10).

3. Бұл мақалада қандай сұрақтарды қарастырамыз?

3 Құдай халқының арасында майланған мәсіхшілер әлі де бар болғандықтан, кейбіреулер былай ойлауы мүмкін: 1) Майланғандар өздері жайлы қандай ойда болу керек? 2) Еске алу кешінде рәміздерден дәм тататындарға қалай қарауымыз керек? 3) Дәм тататындардың саны көбейіп жатса, уайымдауымыз керек пе? Бұл мақаладан осы сұрақтардың жауабын білеміз.

МАЙЛАНҒАНДАР ӨЗДЕРІ ЖАЙЛЫ ҚАНДАЙ ОЙДА БОЛУ КЕРЕК?

4. Қорынттықтарға 1-хат 11:27—29 тармақтарда қандай ескерту жазылған және неліктен майланғандар бұған ден қоюлары қажет?

4 Майланғандар Қорынттықтарға 1-хат 11:27—29 (оқыңыз) тармақтардағы ескертуге мұқият ден қоюлары қажет. Қалай майланған мәсіхші Еске алу кешінде “лайықсыз түрде” дәм татуы мүмкін? Егер Ехобаның әділ нормаларына сай өмір сүрмей, рәміздерден дәм тататын болса (Евр. 6:4—6; 10:26—29). Майланғандар “Құдайдың сыйына, яғни Мәсіх Иса арқылы шақырған көктегі өмірге” ие болғысы келсе, адал болып қалулары керектігін түсінеді (Філіп. 3:13—16).

5. Майланған мәсіхшілер өздері жайлы қандай ойда болу керек?

5 Ехобаның киелі рухы қызметшілеріне өркөкірек емес, кішіпейіл болуға көмектеседі (Ефес. 4:1—3; Қол. 3:10, 12). Сондықтан майланғандар өздерін өзгелерден артық санамайды. Ехоба оларға міндетті түрде басқаларға қарағанда көбірек киелі рух бермейтінін түсінеді. Олар өзгелерге қарағанда Киелі кітап шындықтарын тереңірек түсінеміз деп ойламайды. Сондай-ақ олар басқа біреуге “сен де майланғансың, Еске алу кешінде дәм татуың керек” деп айтпайды. Қайта, адамды көкке шақыратын тек Ехоба екенін кішіпейілділікпен мойындайды.

6. Қорынттықтарға 1-хат 4:7, 8-ге сай, майланған мәсіхшілер өздерін қалай ұстаулары керек?

6 Майланғандар көкке шақырылғандарын мәртебе санағанмен, басқалар өздеріне ерекше қарайды деп күтпейді (Філіп. 2:2, 3). Сондай-ақ Ехоба оларды майлағанда, бұны барлық адамға білдірмейтінін де біледі. Сондықтан майланған екеніне біреу бірден сенбей жатса, олар бұған таңғалмайды. Қайта, Киелі кітап “Құдай маған ерекше жауапкершілік тапсырды” дейтіндерге бірден сене салмауға шақыратынын түсінеді (Аян 2:2). Өзіне назар аудармас үшін, майланған мәсіхші біреумен танысқан кезде өзінің майланған екенін айтпайды. Сондай-ақ бұл жайлы басқаларға айтып мақтанбайды (Қорынттықтарға 1-хат 4:7, 8 оқыңыз).

7. Майланғандар не істеуден қашық және неге?

7 Майланған мәсіхшілер ерекше бір клубтың мүшелері сияқты тек өзге майланғандармен араласуымыз керек деп есептемейді. Сондай-ақ майланғандары жайлы талқылау үшін не Киелі кітапты зерттейтін бөлек топ құру үшін өзге майланғандарды іздемейді (Ғал. 1:15—17). Олар осылай етсе, қауым бірлікте болмас еді. Керісінше, бұлары Құдай халқының тыныштығы мен бірлігіне септігін тигізетін киелі рухқа қарсы шығу болар еді (Рим. 16:17, 18).

МАЙЛАНҒАНДАРҒА ҚАЛАЙ ҚАРАУ КЕРЕК?

Майланған мәсіхшілер мен басшылықты қолға алғандарға жұлдыздарға қарағандай қарамауымыз керек (8-абзацты қараңыз) *

8. Майланғандарға қалай қарайтынымызға неге абай болуымыз керек? (Сілтемені де қараңыз.)

8 Біз майланған бауырластарға қалай қарауымыз керек? Адамға, тіпті Мәсіхтің майланған бауыры болса да, таңдай қағып тамсану дұрыс болмас еді (Мат. 23:8—12). Ақсақалдар жайлы айтылғанда Киелі кітап “олардың сеніміне еліктеуге” шақырады. Бірақ бұл кез келген адамды өзімізге көсем ете аламыз дегенді білдірмейді (Евр. 13:7). Киелі кітапта кейбіреулер “екі есе құрметке лайық” деп жазылғаны рас, бірақ олар майланғандықтан емес, “жақсы басшылық ететіндіктен”, әрі “Құдай сөзін айтып, тәлім беруде аянбай еңбек ететіндіктен” лайық (Тім. 1-х. 5:17). Егер біз майланғандарды әсіре мақтап, тым көп көңіл бөлетін болсақ, оларды ыңғайсыз жағдайға қалдырамыз *. Одан да жаманы олардың кеуде көтеріп кетуіне түрткі болуымыз мүмкін (Рим. 12:3). Ешбіріміз де Мәсіхтің майланған бауырларының осындай ауыр қателік жасауына себепкер болатын ештеңе істегіміз келмес еді! (Лұқа 17:2).

9. Майланған мәсіхшілерді құрметтейтінімізді қалай көрсетеміз?

9 Ехоба майлаған мәсіхшілерді құрметтейтінімізді қалай көрсете аламыз? Біз олардан қалай майланғандары жайлы сұрамаймыз. Бұл олардың жеке өмірі, оны білуге біздің құқымыз жоқ (Сал. 1-х. 4:11; Сал. 2-х. 3:11). Сондай-ақ олардың жұбайлары, ата-аналары не басқа туыстары да майланған деп ойламауымыз керек. Адам көкте өмір сүру үмітін ата-анасынан мұра етпейді. Бұл үмітті оған Құдай береді (Сал. 1-х. 2:12). Сонымен қатар адамға ауыр тиетін сұрақтар қоймаймыз. Мысалы, майланған бауырластың әйелінен жер бетінде күйеуінсіз мәңгі өмір сүру жайлы не сезінетінін сұрамаймыз. Жаңа дүниеде Ехобаның “барша тіршілік иелерінің қажетін беретініне” толықтай сенімді болсақ болады (Зәб. 145:16).

10. Егер адамды пір тұтудан аулақ болсақ, өзімізді қалай қорғаймыз?

10 Майланған мәсіхшілерді өзгелерден жоғары санамасақ, өзімізді де қорғаймыз. Қалайша? Киелі кітапта кей майланғандардың адал болмауы мүмкін екені айтылған (Мат. 25:10—12; Пет. 2-х. 2:20, 21). Егер адамды пір тұтпасақ, біз ешкімнің, тіпті майланғандардың, көпке танымал, я болмаса Ехобаға ұзақ уақыт қызмет еткен бауырластардың соңынан еріп кетпейміз. Олар адалдықтарын сақтамаса я қауымнан кетсе, біз сенімімізді жоғалтпаймыз немесе Ехобаға қызмет етуді тоқтатпаймыз.

ДӘМ ТАТАТЫНДАРДЫҢ САНЫ ЖАЙЛЫ УАЙЫМДАУЫМЫЗ КЕРЕК ПЕ?

11. Еске алу кешінде рәміздерден дәм тататындардың саны қалай өзгеруде?

11 Біраз жылдар бойы Еске алу кешінде дәм тататындардың саны азайып келді. Алайда соңғы кездері олардың саны жылдан-жылға көбейіп жатыр. Бұл жайлы уайымдауымыз керек пе? Жоқ. Бұған қатысты маңызды кей жайттарды қарастырайық.

12. Еске алу кешінде рәміздерден дәм тататындардың санын неге уайымдамауымыз керек?

12 “Ехоба өз меншігіндегілерді біледі” (Тім. 2-х. 2:19). Ехобадан айырмашылығы Еске алу кешінде рәміздерден дәм тататындардың санын есептейтін бауырластар шын мәнінде кімнің майланған екенін біле алмайды. Сондықтан бұл санға майланған болмаса да, өздерін солай есептейтіндер де кіреді. Мысалы, бұрын дәм татқан кейбіреулер кейін бұлай етуді тоқтатқан. Ал басқалары психикалық не эмоциялық жағынан қиындықтары болғандықтан көкте Мәсіхпен бірге билік етеміз деп сенуі мүмкін. Шындығына келгенде, жер бетінде қанша майланған мәсіхші қалғанын нақты білмейміз.

13. Киелі кітапта зор алапат басталғанда жерде қанша майланған мәсіхші болатыны жазылған ба?

13 Иса майланғандарды көкке алып кету үшін келгенде, олар дүниенің төрт бұрышында болады (Мат. 24:31). Киелі кітапта соңғы күндері жер бетінде майланған мәсіхшілердің саны аз болатыны жазылған (Аян 12:17). Алайда онда зор алапат басталғанда жерде қанша майланған мәсіхші болатыны жазылмаған.

Еске алу кешінде біреу рәміздерден дәм татса, бұған қалай қарауымыз керек? (14-абзацты қараңыз)

14. Римдіктерге 9:11, 16-дан көрінетіндей, майланғандардың таңдалуына қатысты нені түсінуіміз керек?

14 Майланғандарды қашан таңдайтынын Ехоба өзі шешеді (Рим. 8:28—30). Ехоба майланғандарды Иса қайта тірілгеннен кейін таңдай бастады. Бірінші ғасырдағы мәсіхшілердің бәрі майланған болған көрінеді. Ал кейінгі ғасырларда өздерін мәсіхшіміз деп атағандардың басым бөлігі шын мәнінде Мәсіхтің соңынан ермеген. Әйтсе де сол уақыт аралығында Ехоба аздаған шынайы мәсіхшілерді майлады. Олар Иса айтқан арамшөп арасында өскен бидай сияқты болды (Мат. 13:24—30). Ал соңғы күндері Ехоба 144 000-ға жататындарды таңдауды жалғастыра берді *. Сондықтан егер Ехоба кейбіреулерді соңғы күндердің аяғына таман таңдаса, оның даналығына шек келтірмеуіміз керек * (Римдіктерге 9:11, 16 оқыңыз). Біз Иса айтқан мысалдағы жұмысшыларға ұқсап кетуден сақ болуымыз қажет. Олар жүзімдік иесінің соңғы сағатта жұмыс істегендерге қалай қарағанына наразылық білдірген (Мат. 20:8—15).

15. Барлық майланған мәсіхшілер Матай 24:45—47 тармақтарда айтылған “адал да ақылды құлға” жата ма? Түсіндіріңіз.

15 Көкте өмір сүруге үміттенетіндердің бәрі “адал да ақылды құлға” жатпайды (Матай 24:45—47 оқыңыз). Ехоба мен Иса бірінші ғасырдағыдай, бүгінде де аз бауырластар арқылы көпті тамақтандырады, яғни тәлім береді. Мысалы, бірінші ғасырда Мәсіхшілердің грек жазбаларын тек кей майланған мәсіхшілер ғана жазған. Бүгінде де Құдай халқына “ас-суын уақтылы беріп тұру” жауапкершілігі бірнеше майланған мәсіхшіге ғана жүктелген.

16. Бұл мақаладан не білдіңіз?

16 Бұл мақаладан не білдік? Ехоба қызметшілерінің басым бөлігіне жер бетіндегі мәңгі өмірді, ал Исамен бірге билік ететін санаулы адамға көктегі өмірді сыйлауды шешті. Ехоба барлық қызметшілерін — “яһудиді” де, “он адамды” да — жарылқайды, әрі олардан бір заңға бағынуды және адал болуды талап етеді. Бәрі кішіпейіл болып қалулары тиіс. Бәрі қосылып, Ехобаға бірлікте қызмет етулері керек. Бәрі де қауымның тыныштығын сақтау үшін күш сала берулері қажет. Заманның соңы таяған сайын, бәріміз “бір отар” ретінде Ехобаға қызмет етіп, Мәсіхтің соңынан ере берейік (Жох. 10:16).

^ 5-абзац Осы жылы Мәсіхтің өлімін Еске алу кеші 7 сәуір, сейсенбі күні болады. Бұл кеште рәміздерден дәм тататындарға қалай қарауымыз керек? Дәм тататындардың саны көбейіп жатқанын уайымдауымыз керек пе? Бұл сұрақтардың жауабын осы мақаладан білеміз. Ал бұл мақала 2016 жылы қаңтар айында жарық көрген “Күзет мұнарасындағы” мақалаға негізделген.

^ 2-абзац Зәбүр 87:5, 6-ға сай, болашақта Құдай көкте Исамен бірге билік етіп жатқандардың барлығының есімдерін ашуы мүмкін (Рим. 8:19).

^ 8-абзац 2016 жылдың қаңтарындағы “Күзет мұнарасының” 26-бетіндегі “Сүйіспеншілік “әдепсіз емес” деген қоршауды қараңыз.

^ 14-абзац Елшілердің істері 2:33-те киелі рухтың Иса арқылы төгілгені айтылса да, адамды көкке шақыратын — Ехобаның өзі.

^ 14-абзац Көбірек білу үшін 2007 жылғы 1 мамырдағы “Күзет мұнарасының” (ор.) “Оқырман сауалдарын” қараңыз.

34-ӘН Мінсіздік жолымен жүру

^ 56-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Конгресте бір топ адам бас басқарманың өкілі мен әйелін қоршап алып, суретке түсіріп жатқанын елестетіп көріңізші. Бұл неткен әдепсіздік болар еді!