Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

9-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Ехоба жаныңызға жай берсін

Ехоба жаныңызға жай берсін

“Сарыуайымға салынғанымда, Сен мені жұбатып, жаныма жай бердің” (ЗӘБ. 94:19).

44-ӘН Жаны күйзелгеннің дұғасы

АҢДАТПА *

1. Сарыуайымға салынуға не себеп болуы мүмкін және бұл бізге қалай әсер етеді?

САРЫУАЙЫМҒА * салынған кезіңіз болған ба? Бәлкім, өзгелердің айтқан сөзі не істеген ісі жаныңызға батқан шығар. Я болмаса өзіңіздің айтқан сөзіңізді не істеген ісіңізді ойлап уайымдайтын шығарсыз. Мысалы, бір қателік жасап, енді Ехоба мені ешқашан кешірмейді деп қорқатын боларсыз. Ол аздай, уайымға берілгендіктен “сенімім аз” не “жаман адаммын” деген ойлар да маза бермеуі мүмкін. Бірақ бұл солай ма?

2. Сарыуайымға салыну сенімнің аз екенін білдірмейтініне Жазбалардағы қай мысалдар дәлел?

2 Жазбалардағы бірнеше мысалды қарастырып көрейік. Самуил пайғамбардың анасы Ханна сенімі мықты әйел болған. Десе де ол өз отбасының бір мүшесінен жапа шегіп, қатты қиналған (Сам. 1-ж. 1:7). Елші Пауылдың да сенімі берік болған, бірақ ол “барлық қауымдарды ойлап, ...уайымдаған” (Қор. 2-х. 11:28). Ал Дәуіт патша сенімі мықты әрі Ехобаның ерекше ықыласына ие болған жан еді (Ел. іс. 13:22). Бірақ ол күнә жасап, соның кесірінен жаны азапталды (Зәб. 38:4). Ехоба осы қызметшілерінің әрбірін жұбатып, жандарына жай берді. Ендеше олардан не үйренетінімізді талқылайық.

АДАЛ ӘЙЕЛ ХАННАДАН ҮЙРЕНЕРІМІЗ

3. Біреудің айтқан сөзі қалай жанымызды жаралауы мүмкін?

3 Өзгелер ауыр сөздер айтса не жанымызға бататын бір нәрсе істесе, сарыуайымға салынуымыз мүмкін. Әсіресе жақын досымыз не туысымыз солай етсе. Біз онымен қарым-қатынасымыз бұзылды деп уайымдайтын шығармыз. Кейде біреу ойланбай сөйлеп, ренжітіп қояр, ал бұл бізді “семсердей жаралауы” мүмкін (Нақ. с. 12:18). Ал өзге біреу әдейі жанымызды жаралайтын сөздер айтуы мүмкін. Бір жас қыз бауырлас осындай жағдайға тап болған. Ол былай дейді: “Бірнеше жыл бұрын жақын досым деп ойлап жүрген бір қыз әлеуметтік желіде мен туралы өсек таратты. Бұл маған қатты тиіп, уайымға салды. Ол неге осылай менің ту сыртымнан пышақ сұққанын түсіне алмай-ақ қойдым”. Сіздің де жақын досыңыз не туысыңыз жаныңызға жара салса, Ханнадан көп нәрсеге үйрене аласыз.

4. Ханна қандай қиын жағдайды басынан өткерді?

4 Ханнаның жағдайы қиын еді. Ол көп жыл бойы құрсақ көтере алмады (Сам. 1-ж. 1:2). Сол заманда адамдар бала сүймеген әйелді қарғыс атқан деп санайтын. Сондықтан Ханна масқара күй кешкен (Мұс. 1-ж. 30:1, 2). Ханнаның өмірін одан сайын қиындатқан тағы бір жайт болды. Оның күйеуінің Пәнана деген басқа әйелі бар еді, әрі оның сол әйелден балалары болды. Пәнана Ханнаны көре алмай, “оны ренжіту үшін, ...мазақ қылатын” (Сам. 1-ж. 1:6). Басында Ханна бұны көтере алмады. Көңілі түсетіні сонша, ол “көз жасын төгіп, нәр татпай қоятын”. Иә, оның “жүрегі қарс айырылды” (Сам. 1-ж. 1:7, 10). Ханна жұбанышты қайдан тапты?

5. Дұға еткені Ханнаға қалай көмектесті?

5 Ханна сезімдерінің барлығын дұғада Ехобаға ақтарып айтты. Дұға етіп болған соң, ол өзінің жағдайын бас діни қызметкер Елиге айтып берді. Сонда Ели: “Аман-есен қайта бер. Исраилдің Құдайы тілеуіңді қабыл алсын”,— деді. Кейін Ханна “өз жөніне кетіп”, “тамақ ішіп-жей бастады, жүзінен де қайғының нышаны байқалмайтын болды” (Сам. 1-ж. 1:17, 18). Дұғаның көмегімен ол тыныштыққа ие болды.

Ханна секілді, қалай жантыныштығына ие бола аламыз? (6—10 абзацтарды қараңыз)

6. Ханнадан және Філіпіліктерге 4:6, 7-ден дұғаға қатысты не үйренеміз?

6 Ұдайы дұға етсек, тыныштыққа ие боламыз. Ханна көктегі Әкесімен сөйлесуге уақытын аямаған (Сам. 1-ж. 1:12). Біз де Ехобаға уайымымызды, қорқынышымызды, әлсіздігімізді айтып, ұзақ дұға етсек болады. Дұғаларымыз өте әдемі ұйқасқан өлең шумақтарындай болуы шарт емес. Кейде тіпті Ехобаға жанымызды жегідей жеген уайымымызды айтқанда көз жасымыз көл болуы мүмкін. Сондай сәттерде Ехоба бізді тыңдаудан жалықпайды. Дұғада қиындықтарымызды айтудан бөлек, Філіпіліктерге 4:6, 7-дегі (оқыңыз) кеңесті де ұмытпауымыз керек. Пауыл дұғада Ехобаға ризашылық білдіруіміз керектігіне ерекше мән берген. Бізде Ехобаға алғыс айтуға себеп көп. Мысалы, оған өмір сыйлағаны үшін, жасампаздығы мен айнымас сүйіспеншілігі және керемет үміт бергені үшін алғыс айта аламыз. Ханнадан тағы не үйренсек болады?

7. Ханна мен оның күйеуі жыл сайын қайда баратын?

7 Ханна қиындықтарына қарамастан күйеуімен бірге Ехобаға ғибадат ету үшін Шилоға баратын (Сам. 1-ж. 1:1—5). Бас діни қызметкер Ели: “Құдай тілеуіңді қабыл алсын”,— деп жігерлендірген кезде Ханна киелі шатырда болған еді (Сам. 1-ж. 1:9, 17).

8. Кездесулер бізге қалай көмектеседі? Түсіндіріңіз.

8 Қауым кездесуіне үзбей баратын болсақ, тыныштыққа ие боламыз. Жиі қауым басталар алдында ер бауырлас дұғада Ехобадан киелі рухымен арамызда болуын сұрайды. Ал тыныштық сол рухтың бір жемісіне жатады (Ғал. 5:22, сілт.). Уайымымыз болса да қауым кездесулеріне барсақ, Ехоба мен бауырластарға бізді жігерлендіруге, жанымызды жайландыруға мүмкіндік береміз. Ехоба жанымызға жай бере алуы үшін дұға мен кездесулердің маңызы зор (Евр. 10:24, 25). Ханнадан үйренер тағы бір жайтқа назар аударайық.

9. Ханнаның жағдайында не өзгермеді, бірақ оған не көмектесті?

9 Ханнаның қиындығы бірден шешіліп кеткен жоқ. Ол киелі шатырдан үйіне оралған соң да Пәнанамен бірге бір шаңырақтың астында тұрды. Киелі кітапта Пәнананың көзқарасы өзгергені жайлы ештеңе айтылмаған. Сондықтан Ханнаға оның жанға бататын сөздеріне әрі қарай да төзуге тура келген шығар. Бірақ Ханна жантыныштығына ие болып, оны жоғалтпады. Еске түсірсек, ол мәселесін Ехобаға тапсырған соң уайымға салынбады. Ол Ехобаның өзін жұбатуына және жанына жай беруіне жол берді. Біраз уақыттан соң Ехоба оны жарылқап, балалы-шағалы етті! (Сам. 1-ж. 1:19, 20; 2:21).

10. Ханнаның жағдайынан не үйренеміз?

10 Қиындығымыз шешілмесе де, тыныштыққа ие бола аламыз. Жан-тәнімізбен дұға етсек те, кездесулерге үзбей барсақ та, кей проблемаларымыз шешілмеуі мүмкін. Бірақ Ханнаның жағдайынан көргеніміздей, Ехобаның жанымызға жай беруіне ештеңе кедергі бола алмайды. Ехоба бізді ешқашан ұмытпайды және ерте ме, кеш пе, адалдығымыз үшін сый береді (Евр. 11:6).

ЕЛШІ ПАУЫЛДАН ҮЙРЕНЕРІМІЗ

11. Пауылдың уайымдауына қандай себептер болды?

11 Пауылдың сарыуайымға салынуына көп себеп бар еді. Мысалы, бауырластарын жақсы көргендіктен, олардың қиындыққа кезіккені Пауылды қатты уайымдатқан (Қор. 2-х. 2:4; 11:28). Уағыздап жүргенде қарсыластары жиі оны ұрып-соғып, түрмеге жабатын. Сондай-ақ оған “жоқшылық” сияқты қиындықтарға да төзуге тура келген (Філіп. 4:12). Кеме апатына кем дегенде үш рет ұшырағандықтан, оған кемемен сапарға шығу оңай болмаған шығар (Қор. 2-х. 11:23—27). Пауылға сарыуайымға салынбауға не көмектесті?

12. Пауылдың уайымын сейілтуге не көмектескен?

12 Пауыл қиындыққа кезіккен бауырластарын уайымдағанымен, олардың қиындықтарын жалғыз өзі шешуге тырыспады. Ол қарапайым болып, өз шамасын білді. Пауыл өзгелерден қауымды қамқорлауды өтінген. Мысалы, Тімөте мен Тит сияқты сенімді адамдарға көп жауапкершіліктер тапсырған. Бұл бауырластардың қызметі Пауылдың уайымын сейілтуге көмектескені сөзсіз (Філіп. 2:19, 20; Тит. 1:1, 4, 5).

Елші Пауылдан үлгі алып, сарыуайымға салынудан қалай аулақ бола аламыз? (13—15 абзацтарды қараңыз)

13. Ақсақалдар Пауылға қалай еліктей алады?

13 Өзгелерден көмек сұраңыз. Пауыл сияқты бүгінде қамқор ақсақалдар қауымдағы қиындық көріп жүрген бауырластарды қатты уайымдайды. Алайда бір ақсақал бүкіл қауымға көмектесе алмайды. Қарапайым болғаны оны жауапкершілікті өзге лайықты ер бауырластармен бөлісуге және жастарға Құдайдың отарын бағуды үйретуге талпындырады (Тім. 2-х. 2:2).

14. Пауыл не деп уайымдамады және біз одан не үйрене аламыз?

14 Жұбанышқа мұқтаж екеніңізді мойындаңыз. Қарапайым болғандықтан Пауыл достарынан көмек іздеген, ал достары оны жігерлендірген. Ол “басқалар мені әлсіз деп ойлап қалады” деп уайымдамаған. Пауыл Філімонға жазған хатында: “Сенің сүйіспеншілігің мені қатты қуантып, жұбаныш берді”,— деген (Флм. 7). Пауыл қиын кездері өзін жігерлендірген басқа да бауырластарды атап өткен (Қол. 4:7—11). Кішіпейілділікпен жұбанышқа мұқтаж екенімізді мойындасақ, бауырластарымыз бізге қуана-қуана қолдау көрсетеді.

15. Ауыр жағдайда болғанда Пауыл не істеді?

15 Құдай Сөзіне жүгініңіз. Пауыл Жазбалардан жұбаныш ала алатынын білді (Рим. 15:4). Сондай-ақ Жазбалар оған қиындықтарға кезіккенде даналық берді (Тім. 2-х. 3:15, 16). Римде екінші рет қамауда отырғанда Пауыл өлетін уақытының жақын екенін сезді. Осындай ауыр жағдайда Пауыл не істеді? Ол Тімөтеден “шиыршықтарды” алып, тезірек келуін сұрады (Тім. 2-х. 4:6, 7, 9, 13). Неліктен? Өйткені сол шиыршықтарды Пауыл жеке зерттеуінде пайдалана алар еді. Олар Еврей жазбаларының бір бөлігі болған болса керек. Біз де Пауылға ұқсап Құдай Сөзін жүйелі түрде зерттесек, қандай қиындыққа кезіксек те, Ехоба Жазбалар арқылы жанымызға жай береді.

ДӘУІТ ПАТШАДАН ҮЙРЕНЕРІМІЗ

Дәуіт патша сияқты, ауыр күнә жасап қойсақ, бізге не көмек болады? (16—19 абзацтарды қараңыз)

16. Дәуіт ауыр күнәсінің кесірінен өзін қалай сезінді?

16 Дәуіттің ар-ұжданы қатты мазалады. Өйткені ол Барсабиямен неке адалдығын бұзды, оның күйеуін өлтірудің амалын жасады, сосын қылмысын жасыруға тырысты (Сам. 2-ж. 12:9). Басында ол ар-ұжданының мазалағанына мән бермеді. Нәтижесінде Ехобамен қарым-қатынасына сызат түсті, бұған қоса, ол күйзеліске ұшырап, тіпті ауырып қалды (Зәб. 32:3, 4). Дәуіт ауыр күнәсінің кесірінен болған уайым-қайғыдан қалай арылды және күнә жасап қойсақ, бізге не көмектеседі?

17. Дәуіттің шын өкінгені Зәбүр 51:1—4 тармақтардағы сөздерден қалай көрінеді?

17 Кешірім сұрап дұға етіңіз. Ақыр соңында Дәуіт Ехобаға дұға етті. Ол қатты өкініп, істеген ісінің бәрін Ехобаға ашық айтты (Зәбүр 51:1—4 оқыңыз). Бұдан ол қандай жеңілдік сезінді десеңізші! (Зәб. 32:1, 2, 4, 5). Егер ауыр күнә жасап қойсаңыз, оны жасыруға тырыспаңыз. Қайта, Ехобаға дұға етіп, бәрін ашық айтыңыз. Бұдан кейін жаныңыз тынышталып, ар-ұжданыңыз қатты мазаламайтын болады. Алайда Ехобамен достығыңызды қалпына келтіру үшін, дұға етуден де көп нәрсе істеуіңіз керек.

18. Дәуіт түзетуді қалай қабылдады?

18 Түзетуді қабыл алыңыз. Ехоба Дәуітті әшкерелеу үшін Натан пайғамбарды жібергенде, Дәуіт өзін ақтамады не “соншалықты ауыр күнә жасамадым” демеді. Ол Барсабияның күйеуіне ғана емес, одан да маңыздысы, Ехобаға қарсы күнә жасағанын бірден мойындады. Дәуіт Ехобаның түзетуін қабыл алды, ал Ехоба оны кешірді (Сам. 2-ж. 12:10—14). Егер ауыр күнә жасасақ, Ехоба бағушы етіп тағайындаған бауырластармен сөйлесуіміз керек (Жақ. 5:14, 15). Сондай-ақ өзімізді ақтаудан аулақ болуымыз қажет. Түзетуді қаншалықты тез қабылдап қолдансақ, соншалықты тез тыныштық пен қуанышқа ие боламыз.

19. Не істеуге бекінуіміз керек?

19 Жасаған қателіктеріңізді қайталамауға бекініңіз. Дәуіт патша күнәсін қайталамау үшін Ехобаның көмегіне мұқтаж екенін түсінген (Зәб. 51:7, 10, 12). Ол Ехобаның кешіріміне ие болған соң, жаман ойлардан аулақ болуға бекінді. Соның арқасында ол жантыныштығына ие болды.

20. Ехобаның кешірімін бағалайтынымызды қалай көрсете аламыз?

20 Біз кешірім сұрап дұға етсек, түзетуді қабылдасақ және қателіктерімізді қайталамауға барынша тырыссақ, Ехобаның бізді кешіргенін бағалайтынымызды көрсетеміз. Осы қадамдарды жасасақ, жантыныштығына кенелеміз. Джеймс есімді бауырластың бұған көзі жеткен. “Ақсақалдарға барып, күнәмді мойындағанда, үстімнен ауыр жүк түскендей болды. Мен қайтадан тыныштыққа ие бола бастадым”,— дейді ол. “Жүрегі жаралы жанға Ехобаның жақын тұратыны, Сағы сынғандарды құтқаратыны” бойымызға жігер құяды! (Зәб. 34:18).

21. Ехоба бізді жұбатып, жанымызға жай беру үшін не істеуіміз керек?

21 Осы дүниенің соңы тақалған сайын, уайымдататын жайттар да көбейе бермек. Қандай да бір уайымыңыз болса, бірден Ехобадан көмек сұрап дұға етіңіз. Киелі кітапты тыңғылықты зерттеңіз. Ханнадан, Пауыл мен Дәуіттен үлгі алыңыз. Көктегі Әкеңізден уайымыңыздың түпкі себебін анықтауға көмектесуін сұраңыз (Зәб. 139:23). Уайымыңызды, әсіресе қадағалау қиын не мүлдем қадағалай алмайтын уайымыңызды, Ехобаға артыңыз. Осылай етсеңіз, сіз де зәбүр жыршысы сияқты, “Сарыуайымға салынғанымда, Сен мені жұбатып, жаныма жай бердің” дей аласыз (Зәб. 94:19).

4-ӘН “Ехоба — менің Бағушым”

^ 5-абзац Ара-тұра бәріміз де қиындықтарымызды ойлап, сарыуайымға салынып жатамыз. Бұл мақалада уайым-қайғыға кезіккен Ехобаның ежелдегі үш қызметшісі жайлы сөз қозғаймыз. Сондай-ақ Ехобаның оларды қалай жұбатып, жандарына жай бергенін де білеміз.

^ 1-абзац СӨЗ МӘНІ: Қаржы не денсаулық мәселесі, отбасымыздағы не жеке өзіміздің қиындықтарымыз бізді сарыуайымға салуы мүмкін. Сондай-ақ өткен өмірімізде жасаған қателіктерімізді не болашақта болуы мүмкін қиындықтарды ойлап та уайымдауымыз мүмкін.