Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

11-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Шомылдыру рәсімінен өтуге дайынсыз ба?

Шомылдыру рәсімінен өтуге дайынсыз ба?

“Құтқарып жатқан... шомылдыру рәсімі” (ПЕТ. 1-Х. 3:21).

28-ӘН Ехобаның досы болайық

АҢДАТПА *

1. Адам үй соқпас бұрын не істегені жөн?

ҮЙ СОҚҚАЛЫ жатқан адамды елестетіп көріңізші. Ол өзіне қандай үй соққысы келетінін біледі. Бірақ ол бірден керек-жарағын сатып алып, құрылысқа кірісіп кетуі керек пе? Жоқ. Ол алдымен өте маңызды істі істеуі, яғни шығынын есептеп алуы қажет. Неліктен? Өйткені үйді салып бітуге жеткілікті қаржысы бар ма, жоқ па — соны біліп алуы керек. Құрылысқа кіріспей тұрып, шығынын мұқият есептеп алса, ол үйін соғып бітіре алады.

2. Лұқа 14:27—30 тармақтарға сай, шомылдыру рәсімінен өтуге қатысты нені мұқият ойлағаныңыз жөн?

2 Ехобаға деген сүйіспеншілігіңіз бен ризашылығыңыз шомылдыру рәсімінен өту жайлы ойлауға талпындыра ма? Онда сіздің жағдайыңыз үй соққысы келетін кісінің жағдайына ұқсайды. Неге олай дейміз? Лұқа 14:27—30 (оқыңыз) тармақтарда жазылған Исаның сөздерін қарастырайық. Иса шәкірті болу нені білдіретінін айтты. Оның ізбасары болу үшін қиындықтар мен құрбандықтардан тұратын “шығынды” өтеуге дайын болуымыз қажет (Лұқа 9:23—26; 12:51—53). Сондықтан осылар жайлы шомылдыру рәсімінен өтпес бұрын мұқият ойланғаныңыз жөн. Сонда сіз шомылдыру рәсімінен өткен мәсіхші ретінде Құдайға адалдықпен қызмет ете беруге жақсырақ дайын боласыз.

3. Бұл мақалада не қарастырамыз?

3 Мәсіхтің шәкірті болып шомылдыру рәсімінен өту құрбандыққа баруға тұра ма? Әрине! Шомылдыру рәсімінен өту қазірдің өзінде және болашақта сансыз баталарға жол ашады. Ал енді, шомылдыру рәсіміне қатысты маңызды сұрақтарды талқылайық. Бұл сізге “Шомылдыру рәсімінен өтуге дайынмын ба?” деген сауалдың жауабын табуға көмектеседі.

БАҒЫШТАЛУ МЕН ШОМЫЛДЫРУ РӘСІМІ ЖАЙЛЫ НЕНІ БІЛУІҢІЗ ҚАЖЕТ?

4. а) Бағышталу деген не? ә) Матай 16:24-тегі “өзінен бас тарту” деген нені білдіреді?

4 Бағышталу деген не? Шомылдыру рәсімінен өтпес бұрын бағышталуыңыз қажет. Ехобаға өзіңізді бағыштағанда шын жүректен дұға етіп, өміріңізді мәңгілік бойы оған қызмет етуге арнайтыныңызды айтасыз. Оған бағышталу өзіңізден “бас тартуды” білдіреді (Матай 16:24 оқыңыз). Енді сіз Ехобаға тиесілісіз, ал бұл — зор мәртебе (Рим. 14:8). Сіз Ехобаға бұдан былай бар назарыңызды өз қалауларыңызға емес, оған қызмет етуге аударатыныңызды айтасыз. Бағышталу — Ехобаға ант берумен тең. Бірақ Ехоба бізді мұндай ант беруге күштемейді. Ал ант берсек, сөзімізде тұрады деп күтеді (Зәб. 116:12, 14).

5. Бағышталу мен шомылдыру рәсімінің айырмашылығы қандай?

5 Бағышталу мен шомылдыру рәсімінің айырмашылығы қандай? Бағышталу — жеке өзіңіз жасайтын әрекет. Оны тек Ехоба мен сіз ғана білесіз. Ал шомылдыру рәсімінен өту — көпшіліктің алдында жасалатын әрекет. Бұл рәсім әдетте қандай да бір конгресте өзгелердің алдында өтеді. Шомылдыру рәсімінен өткен кезде Ехобаға бағышталғаныңызды көпшіліктің алдында паш етесіз *. Шомылдыру рәсімінен өткеніңізден өзгелер Ехоба Құдайыңызды бар жүрегіңізбен, жан-тәніңізбен, ақыл-ойыңызбен, күш-қуатыңызбен сүйетініңізді және оған мәңгілік бойы қызмет етуге бекінгеніңізді біледі (Мар. 12:30).

6, 7. Петірдің 1-хаты 3:18—22 тармақтарға сай, шомылдыру рәсімінен міндетті түрде өтуіміз керектігіне қандай екі себеп бар?

6 Шомылдыру рәсімінен міндетті түрде өту керек пе? Петірдің 1-хаты 3:18—22 (оқыңыз) тармақтардағы сөздерді қарастырып көрейік. Кеме Нұхтың сенімінің айқын дәлелі болғаны іспетті, шомылдыру рәсімінен өткеніңіз де Ехобаға бағышталғаныңыздың айқын көрінісі. Бірақ шомылдыру рәсімінен міндетті түрде өту керек пе? Иә. Мұның себебін елші Петір түсіндіріп кеткен. Біріншіден, бұл сізді “құтқарып жатыр”. Егер Исаға, оның біз үшін өлгеніне, кейін тіріліп көкке көтерілгеніне, қазір “Құдайдың оң жағында отырғанына” сенетінімізді іс-әрекетімізбен көрсетсек, шомылдыру рәсімі бізді құтқарады.

7 Екіншіден, шомылдыру рәсімінен өтсек, “таза ар-ұжданға” ие боламыз. Өзімізді Құдайға бағыштап, шомылдыру рәсімінен өтсек, Ехобамен ерекше қарым-қатынаста боламыз. Күнәларымызға шын жүректен өкініп, төлемге сенім білдіргеніміздің арқасында Құдай күнәларымызды кешіреді. Осылайша оның алдында таза ар-ұжданға ие боламыз.

8. Шомылдыру рәсімінен өтуіңіздің басты себебі не болу керек?

8 Шомылдыру рәсімінен өтуіңіздің басты себебі не болу керек? Киелі кітапты мұқият зерттей келе, Ехоба туралы, оның болмысы мен жолдары туралы көп нәрсе білдіңіз. Ол туралы білгендеріңіз сізге қатты әсер етіп, оны жақсы көріп кеттіңіз. Оған деген сүйіспеншілігіңіз шомылдыру рәсімінен өтуіңіздің басты себебі болу керек.

9. Матай 28:19, 20-ға сай, Әкенің, Ұлдың және киелі рухтың атынан шомылдыру рәсімінен өту деген нені білдіреді?

9 Сондай-ақ шомылдыру рәсімінен өтуге деген шешіміңіз оқып-білген Киелі кітап шындықтарына негізделген. Исаның шәкірт дайындауға қатысты нұсқауын қарастырайық (Матай 28:19, 20 оқыңыз). Иса “Әкенің, Ұлдың және киелі рухтың атынан шомылдыру рәсімінен өту” керектігін айтқан. Бұл нені білдіреді? Киелі кітаптағы Ехоба туралы, оның Ұлы Иса туралы және киелі рух жайлы шындықтарға бар жүрегіңізбен сенуіңіз қажет. Бұл шындықтардың күші зор, әрі сізге қатты әсер ете алады (Евр. 4:12). Солардың кейбірін талқылап көрейік.

10, 11. Әке туралы қандай шындықтарды біліп, қабылдадыңыз?

10 Әке жайлы шындықтарды алғаш білген кезіңізді есіңізге түсіріңізші. Сіз оның “есімі Ехоба екенін”, “жер бетін билейтін жалғыз Құдай Тағала екенін” және ол ғана “жалғыз шынайы Құдай” екенін білдіңіз (Зәб. 83:18; Ишая 37:16). Ол — біздің Жаратушымыз әрі Құтқарушымыз (Зәб. 3:8; 36:9). Ол бізді күнә мен өлімнен азат ету үшін және мәңгі өмір сүре алуымыз үшін шара жасады (Жох. 17:3). Егер оған бағышталып, шомылдыру рәсімінен өтсеңіз, Ехоба куәгері боласыз (Ишая 43:10—12). Осылай Құдай қызметшілерінен тұратын дүниежүзілік отбасының бір бөлігіне айналасыз. Олар Құдай есімімен аталуды мақтан тұтады, әрі оның есімін өзгелерге паш етеді (Зәб. 86:12).

11 Әкеге қатысты Киелі кітап ілімдерін түсінгеніміз неткен мәртебе! Осы керемет шындықтарды қабылдағанда, Ехобаға бағышталып, шомылдыру рәсімінен өтуге талпынасыз.

12, 13. Ұл жайлы қандай шындықтарды біліп, қабылдадыңыз?

12 Ұл туралы шындықтарды білгенде, қандай сезімде болдыңыз? Иса — ғаламдағы екінші маңызды тұлға. Ол өз өмірін біз үшін төлем ретінде берді. Төлемге сенетінімізді іс-әрекетімізбен көрсетсек, күнәларымыз кешіріледі, Құдаймен достығымыз нығаяды, әрі мәңгілік өмірге ие боламыз (Жох. 3:16). Иса — біздің бас діни қызметкеріміз. Ол бізге төлемнің игілігін көруімізге, Құдаймен жақын қарым-қатынаста болуымызға көмектескісі келеді (Евр. 4:15; 7:24, 25). Құдай Патшалығының Патшасы болғандықтан, ол арқылы Ехобаның есімі киелі тұтылады, зұлымдықтың тамырына балта шабылады және алдағы жұмақта мәңгілік баталарға ие боламыз (Мат. 6:9, 10; Аян 11:15). Иса — біз үшін үлгі (Пет. 1-х. 2:21). Ол өз өмірін Құдай еркін орындауға арнауымен бізге жақсы үлгі қалдырды (Жох. 4:34).

13 Киелі кітаптағы Иса жайлы ілімдерді қабылдасаңыз, Құдайдың аяулы Ұлын жақсы көріп кетесіз. Осы сүйіспеншілігіңіз Иса сияқты өз өміріңізді Құдай еркін орындау үшін арнауға талпындырады. Ал бұл өз кезегінде Ехобаға бағышталып, шомылдыру рәсімінен өтуге қозғау салады.

14, 15. Киелі рух жайлы қандай шындықтарды біліп, қабылдадыңыз?

14 Киелі рух жайлы шындықтарды білгенде не сезіндіңіз? Киелі рух — тұлға емес, Құдайдың күші. Ехоба киелі рухы арқылы Киелі кітапты жаздырды, әрі сол рух Киелі кітапта жазылғандарды түсінуге және өмірде қолдануға көмектеседі (Жох. 14:26; Пет. 2-х. 1:21). Ехоба киелі рухы арқылы бізге “адам күшінен асқан күш” береді (Қор. 2-х. 4:7). Киелі рух бізге ізгі хабарды жариялауға, азғырылуға берілмеуге, қайғы-мұңмен күресуге, қиындықтарға төтеп беруге күш береді. Сондай-ақ “киелі рухтың жемісіне” жататын көркем қасиеттерді танытуға көмектеседі (Ғал. 5:22). Егер адам Құдайға сенсе әрі одан шын жүректен киелі рух сұраса, Құдай сұрағанын жомарттықпен береді (Лұқа 11:13).

15 Ехобаның қызметшілері оған қызмет ету жолында киелі рухтың көмегіне жүгіне алатындары қандай жақсы! Киелі рух жайлы шындықтарды түсінгенде, өзіңізді Құдайға бағыштап, шомылдыру рәсімінен өтуге талпынасыз.

16. Осы мақалада қарастырған жайттардан не білдік?

16 Құдайға бағышталуды және шомылдыру рәсімінен өтуді шешуіңізбен өте маңызды қадам жасаудасыз. Байқағаныңыздай, сіз “шығынды” есептеп алуыңыз, яғни қиындықтар мен құрбандықтарға баруға дайын болуыңыз керек. Алайда алатын баталарыңыз баратын құрбандықтарыңыздан асып түседі. Шомылдыру рәсімінен өткеніңіз сізді құтқарады және Құдай алдында таза ар-ұжданға ие болуға көмектеседі. Шомылдыру рәсімінен өтемін деген шешіміңіз Ехоба Құдайға деген сүйіспеншілігіңізге негізделуі қажет. Сондай-ақ Әке, Ұл және киелі рух туралы білген шындықтарға бар жүрегіңізбен сенуіңіз керек. Енді осыларды қарастырған соң, “шомылдыру рәсімінен өтуге дайынмын ба?” деген сұраққа қалай жауап бересіз?

ШОМЫЛДЫРУ РӘСІМІНЕН ӨТПЕС БҰРЫН НЕ ІСТЕУІҢІЗ КЕРЕК?

17. Шомылдыру рәсімінен өтпес бұрын қандай қадамдар жасау керек?

17 Шомылдыру рәсімінен өтуге дайын екеніңізді түсінсеңіз, демек, осыған дейін Ехобамен жақсы қарым-қатынаста болу үшін біраз қадамдар жасадыңыз *. Киелі кітапты жүйелі түрде зерттей келе Ехоба мен Иса жайлы көп нәрсе білдіңіз. Сеніміңізді нығайттыңыз (Евр. 11:6). Киелі кітаптағы Ехобаның уәделеріне толық сендіңіз, сондай-ақ Исаның құрбандығы сізді күнә мен өлімнен құтқара алатынына көзіңіз жетті. Сіз күнәларыңызға, жасаған бұрыс істеріңізге өкініп, Құдайдан кешірім сұрадыңыз. Сонымен қатар теріс жолдан қайттыңыз, яғни бұрынғы өмір-салтыңыздан бас тартып, Ехобаға ұнамды өмір сүре бастадыңыз (Ел. іс. 3:19). Сеніміңіз жайлы басқаларға айтуға ықыласыңыз зор. Шомылдыру рәсімінен өтпеген жариялаушы болып, қауымдағылармен бірге уағыздауға кірістіңіз (Мат. 24:14). Осы қадамдарды жасағаныңыз үшін Ехоба сізді мақтан етеді. Сіз оның жүрегін қуанттыңыз (Нақ. с. 27:11).

18. Шомылдыру рәсімінен өтпес бұрын тағы не істеуіңіз керек?

18 Шомылдыру рәсімінен өтер алдында жасауыңыз керек тағы бірнеше қадам бар. Мақаланың басында айтылғандай, өзіңізді Құдайға бағыштауыңыз керек. Оған шын жүректен дұға етіп, өміріңізді оның еркін орындауға арнайтыныңызды айтып уәде етіңіз (Пет. 1-х. 4:2). Сосын ақсақалдар кеңесінің үйлестірушісіне шомылдыру рәсімінен өткіңіз келетінін айтыңыз. Ол бір-екі ақсақалдан сізбен сөйлесуді өтінеді. Олармен сөйлесуден қорқудың қажеті жоқ. Бұл аяулы бауырластар сізді біледі, әрі сізді жақсы көреді. Ақсақалдар сізбен өзіңіз оқып-білген Киелі кітаптың негізгі ілімдері жайлы сөйлеседі. Олар сіздің сол ілімдерді түсінетініңізге, бағышталу мен шомылдыру рәсімінен өтудің маңыздылығын білетініңізге көз жеткізгілері келеді. Егер сіздің дайын екеніңізді байқаса, алдағы конгрестердің бірінде шомылдыру рәсімінен өтетініңізді айтады.

ШОМЫЛДЫРУ РӘСІМІНЕН ӨТКЕН СОҢ НЕ ІСТЕУІҢІЗ КЕРЕК?

19, 20. Шомылдыру рәсімінен өткен соң не істеуіңіз керек және қалай?

19 Шомылдыру рәсімінен өткен соң не істеуіңіз керек *? Бағышталу — ант берумен тең және Ехоба сізден сөзіңізде тұрады деп күтеді. Демек, шомылдыру рәсімінен өткен соң бағышталуыңызға сай өмір сүруіңіз қажет. Бұны қалай істей аласыз?

20 Қауыммен тығыз араласыңыз. Шомылдыру рәсімінен өткен мәсіхші болғандықтан, енді сіз дүниежүзілік “бауырластықтың” бір бөлігісіз (Пет. 1-х. 2:17 сілт.). Қауымдағы бауырластар сіздің рухани отбасыңызға жатады. Қауым кездесулеріне жүйелі түрде барғаныңыз олармен достығыңызды нығайтады. Күн сайын Құдай Сөзін оқып, ой жүгіртіңіз (Зәб. 1:1, 2). Киелі кітапты оқып болған соң, оқығаныңыз жайлы терең ойлануға уақыт бөліңіз. Сонда оқығандарыңыз жүрегіңізге әсер етеді. “Ұдайы дұға етіңіз” (Мат. 26:41). Шын жүректен дұға айтсаңыз, Ехобаға жақындай түсесіз. “Құдай Патшалығын... әрдайым бірінші орынға қойыңыз” (Мат. 6:33). Бұны өміріңізде уағыз ісіне басымдық беру арқылы істей аласыз. Жүйелі түрде қызметке шығу арқылы сеніміңізді мықты күйде сақтайсыз, әрі өзгелерге мәңгілік өмірге апаратын жолға түсуге көмектесесіз (Тім. 1-х. 4:16).

21. Шомылдыру рәсімінен өту не нәрсеге жол ашады?

21 Ехобаға бағышталып, шомылдыру рәсімінен өту — өміріңіздегі ең маңызды шешім. Әрине, бұл үшін құрбандықтарға баруыңызға тура келеді. Бірақ бұл соған тати ма? Әлбетте! Осы ескі дүниедегі кез келген қиындық “уақытша әрі жеңіл” (Қор. 2-х. 4:17). Ал шомылдыру рәсімінен өту қазірдің өзінде қанағатқа толы өмір кешуге жол ашады және болашақта “шынайы өмірге” жеткізеді (Тім. 1-х. 6:19). Сондықтан сізден өтінеріміз, дұға ете отырып, “шомылдыру рәсімінен өтуге дайынмын ба?” деп мұқият ойланып көріңіз.

50-ӘН Бағышталу дұғасы

^ 5-абзац Шомылдыру рәсімінен өтуді ойлап жүрсіз бе? Олай болса, бұл мақала сізге арналған. Қазір шомылдыру рәсімінен өтуге қатысты өте маңызды сұрақтарды қарастырамыз. Сол сұрақтарға берген жауабыңыз шомылдыру рәсімінен өтуге дайынсыз ба, соны анықтауға көмектеседі.

^ 19-абзацКиелі жазбалардан не білеміз?” және “Құдай сүйіспеншілігіне бөлене беріңіз” кітаптарын зерттеуді аяқтамаған болсаңыз, екі кітапты да соңына дейін зерттеп бітіріңіз.