Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ӨМІРБАЯН

“Біз бармыз! Бізді жібер!”

“Біз бармыз! Бізді жібер!”

ҚЫЗМЕТ аясын кеңейтіп, қажеттілік бар жерге, мүмкін, шетелге баруды ойлап жүрсіз бе? Олай болса, Бергам бауырластардың оқиғалары кәдеңізге жарап қалар.

Джек пен Мари-Лайн 1988 жылдан бері толық уақытты қызметте. Бейімделгіштіктерінің арқасында бұл бауырластар Гваделупа мен Француз Гвианасында әртүрлі қызмет атқарды. Бұл екі жер де қазір Франция филиалының қарамағында. Джек пен Мари-Лайн бауырластарымызға бірнеше сұрақ қойып көрейік.

Толық уақытты қызметті бастауға сіздерді не талпындырды?

Мари-Лайн: Бала күнімде Гваделупада анаммен бірге күні бойы уағыздайтынмын. Анам құлшынысты жариялаушы еді. Мен адамдарды жақсы көремін. Сондықтан 1985 жылы мектепті бітіре салысыммен ізашарлық қызметті бастап кеттім.

Джек: Жас кезімде айналамдағы бауырластардың көбі қызмет десе ішкен асын жерге қоятын толық уақытты қызметшілер еді. Өзім каникул кездері қосалқы ізашар болып қызмет ететінмін. Ал демалыс күндері автобуспен ізашарлар қызмет ететін аумаққа қарай жол тартатынбыз. Біз күні бойы уағыздап, кешкісін жағажайға баратынбыз. Сол күндер қызыққа толы күндер еді!

1988 жылы Мари-Лайнға үйленгеннен кейін: “Бізді ұстап тұрған ештеңе жоқ, неге көбірек қызмет етпеске?”— деп ойладым. Сөйтіп, мен де әйеліме қосылып, ізашарлық қызметті бастап кеттім. Бір жылдан кейін ізашарлық мектепте оқыған соң, арнайы ізашар болып тағайындалдық. Біз Француз Гвианасына көшуге шақырылмай тұрып, Гваделупада бірнеше қызметке тағайындалып, оларды қуана атқардық.

Жылдар бойы қызметтеріңізде әртүрлі өзгерістер болды. Жаңа жағдайға үйреніп кетуге сіздерге не көмектесті?

Мари-Лайн: Француз Гвианасындағы бетелдегі бауырластар біздің сүйікті тармағымыз Ишая 6:8 екенін білетін. Сондықтан олар бізге қоңырау шалғанда жиі әңгімелерін қалжыңдап: “Сүйікті тармақтарың естеріңде ме?”— деп бастайтын. Сонда біз қызметіміздің өзгергелі жатқанын түсінетінбіз. Сөйтіп: “Біз бармыз! Бізді жібер!”— дейтінбіз.

Біз тағайындалған қызметімізді бұрынғысымен салыстырмаймыз. Бұл бізді жаңа қызметімізді бағаламай кетуден қорғайды. Сондай-ақ бауырластармен жақын танысу үшін өзіміз бірінші болып әрекет етеміз.

Джек: Кейбір достарымыз кеткенімізді қаламағандықтан, игі ниетпен бізді көшпеуге көндіргілері келді. Бірақ Гваделупадан кеткенімізде бір бауырлас Матай 13:38-дегі Исаның: “Егіндік — осы дүние”,— деген сөздерін есімізге салды. Содан қызметіміз өзгерген сайын, қай жерде жүрсек те бір “егіндікте” еңбек етіп жүргенімізді есімізде ұстаймыз. Бәрінен маңыздысы адамдар мен уағыздайтын аумақ қой!

Жаңа аумаққа келгенде, сол жердің тұрғындары жап-жақсы өмір сүретіндерін көрдік. Сондықтан біз де солар сияқты өмір сүруге тырыстық. Тағамдары басқа болса да, денсаулығымызға қарай, біз де олар не жесе, соны жеп, не ішсе, соны іштік. Әрбір қызметіміз жайлы тек жақсы пікір айтуға тырысатынбыз.

Мари-Лайн: Сондай-ақ жергілікті бауырластардан да көп нәрсеге үйрендік. Француз Гвианасына алғаш келгеніміз есімде. Бір күні жаңбыр шелектеп құйып тұрды. Біз қызметке жаңбыр басылған соң шығамыз деп ойладық. Бірақ бір әйел бауырлас менен: “Қызметке баруға дайынсың ба?”— деп сұрады. Мен таңғалып: “Қалай барамыз?”— дедім. Ол болса: “Қолшатырыңды алып ал, велосипедпен барамыз”,— деді. Осылайша бір қолыммен қолшатыр ұстап, бір қолыммен велосипед айдауды үйрендім. Бұны үйренбегенімде, жаңбырлы күндері уағызға шыға алмас едім.

Сіздер шамамен 15 рет көшіп-қонып жүрген екенсіздер. Көшуге қатысты қандай тиімді кеңес айтасыздар?

Мари-Лайн: Көшіп-қону оңай шаруа емес. Бірақ қызметтен қайтқанда өз үйіңдей болатын баспана табу өте маңызды.

Джек: Мен әдетте жаңа үйіміздің ішін бояймын. Филиалдағы бауырластар біздің сол жерде көп болмайтынымызды білсе, кейде маған қалжыңдап: “Джек, бұл жолы қабырғаларға тиіспей-ақ қой”,— деп айтатын.

Мари-Лайн буып-түюдің қас шебері болып алған. Ол барлық затты қораптарға салып, сыртына “жуынатын бөлме”, “жатын бөлме”, “ас үй” деп жазып қояды. Содан жаңа үйге келгенде, қораптарды қажетті бөлмелерге кіргіземіз. Сондай-ақ ол әр қораптың сыртына ішіндегі заттардың тізімін жазады. Сондықтан қажетті заттарды тез тауып аламыз.

Мари-Лайн: Жинақы болып үйренгеніміздің арқасында қызметімізге бірден кірісіп кете аламыз.

“Қызметтеріңізді толықтай атқара беру” үшін уақыттарыңызды қалай жоспарлайсыздар? (Тім. 2-х. 4:5).

Мари-Лайн: Дүйсенбі күндері демалып, кездесулерге дайындаламыз. Ал сейсенбіден бастап қызметке шығамыз.

Джек: Сағат нормасын орындау керек болса да, біз оған байланып қалмаймыз. Қызмет — өміріміздің өзегі. Сондықтан үйден шыққаннан қайтып келгенге дейін жолықтырған адамдардың бәрімен сөйлесуге тырысамыз.

Мари-Лайн: Табиғатқа шығып демалған кезде де, өзіммен буклеттер алып аламын. Кейбір адамдарға Ехоба куәгерлері екенімізді айтпасақ та, олар бізден әдебиеттер сұрайды. Сондықтан киген киіміміз бен жүріс-тұрысымызға мән береміз. Адамдар мұндай нәрселерді байқайды.

Джек: Көршілерімізге де жақсы куәлік беруге тырысамыз. Мысалы, жерде жатқан қағаздарды жинап, қоқыс жәшігіне тастаймын, сондай-ақ бақшадағы жапырақтарды жинаймын. Көршілер мұны байқап, кейде: “Маған Киелі кітап бере аласыз ба?”— деп сұрайды.

Сіздер шалғай аумақтарда көп уағыздадыңыздар. Қандай да бір қызықты оқиғалар естеріңізде ме?

Джек: Гвианада кейбір аймақтарға жету өте қиын. Біз жиі апта ішінде жаман жолдармен 600 шақырым жол жүретінбіз. Амазона орманындағы Сент-Эли деген ауылға барғанымыз естен кетпейді. Онда жету үшін жол талғамайтын көлікпен және қайықпен бірнеше сағат жол жүрдік. Ондағы тұрғындардың көбі алтын іздеушілер еді. Кейбіреулер әдебиеттерімізге садақа ретінде алтынның кішкентай бөліктерін берді. Ал кешкісін оларға ұйымның бір бейнеролигін көрсеттік. Жергілікті тұрғындардың көбі келді.

Мари-Лайн: Жақында Джекті Еске алу кешінде баяндама айтуға Камопиге шақырды. Онда жету үшін біз Ояпок өзені арқылы қайықпен төрт сағаттай жүздік. Бұл бір қызықты сапар болды.

Джек: Су деңгейі төмен болған кезде, өзенде қайықпен жүзу қауіпті. Бұл көріністі өз көзіңмен көру өте әсерлі екен. Осындай кезде қайықшы шебер болу керек. Бірақ бұл сапар бізге ұнады. Онда 6 ғана Куәгер болса да, Еске алу кешіне 50 шақты адам келді. Олардың ішінде америкалық үндістер де болды.

Мари-Лайн: Ехобаға көп бергісі келетін жастар да осындай қызықты оқиғаларды бастан кешіре алады. Осындай жағдайларда Ехобаға арқа сүйеуің керек, сонда сенімің нығаяды. Біз жиі Ехобаның бізге қалай көмектесіп жатқанына куә боламыз.

Сіздер бірнеше тіл білесіздер. Оларды үйрену оңай болды ма?

Джек: Оңай болды дей алмаймын. Қажет болған соң тіл үйренбеске болмады. Мен сранан-тонго * тілінде әлі Киелі кітапты оқымай жатып, маған сол тілде “Күзет мұнарасын” жүргізу тапсырылды. Мен бір бауырластан қалай жүргізгенімді сұрадым. Ол: “Кейбір сөздеріңді түсінбей қалған кезіміз болды, бірақ жалпы жаман емес”,— деді. Балалардың көмегі зор болды. Егер қате жіберсем, ересектер емес, балалар түзететін. Сол балалардың арқасында көп нәрсе үйрендім.

Мари-Лайн: Уағыздайтын аумағымда француз, португал, сранан-тонго тілдерінде зерттеу сабақтарым болды. Бір әйел бауырлас зерттеу сабағын өзіме қиын тілден, яғни португал тілінен бастап, оңайымен аяқтауға кеңес берді. Осы кеңестің қаншалықты пайдалы екенін кейін түсіндім.

Бірде мен бірінші сранан-тонго тілінде, сосын португал тілінде зерттеу сабағын өткіздім. Португал тіліндегі зерттеу сабағына кіріскен кезде, қасымдағы әйел бауырлас маған: “Мари-Лайн, ол сені түсініп тұрған жоқ”,— деді. Сөйтсем, бразилиялық әйелге португалша сөйлеудің орнына сранан-тонго тілінде сөйлеп отыр екенмін!

Қызмет еткен жерлеріңіздегі бауырластар сіздерді қатты жақсы көреді екен. Олармен қалай жақын дос болып кеттіңіздер?

Джек: Нақыл сөздер 11:25-те: “Жомарт жан өркендейді”,— делінген. Біз өзгелер үшін өзімізді де, уақытымызды да аямаймыз. Бірде Патшалық сарайының жөндеу жұмысына қатысты кей бауырластар: “Бұл істі жариялаушыларға қалдыр”,— деді. Бірақ мен: “Мен де жариялаушымын ғой. Бітіру керек жұмыс болса, мен де қатысқым келеді”,— дедім. Әрине, бәріміз де кейде оңаша қалғымыз келеді, бірақ бұл өзгелерге жақсылық жасауға кедергі болмау керек.

Мари-Лайн: Бауырластарымызға жеке көңіл бөлу үшін күш саламыз. Осылайша кей бауырластарға баласын қарайтын не мектептен алып кететін адам керек екенін біліп жатамыз. Содан оларға көмектесе алу үшін жоспарымызды өзгертеміз. Қажет кезде қастарынан табылғандықтан бауырластармен жақын дос болып кеттік.

Қажеттілік бар жерде қызмет еткеннің қандай баталарын көріп жүрсіздер?

Джек: Толық уақытты қызмет өміріміздің сәнін келтірді. Біз Ехобаның әртүрлі жаратылыстарын тамашалай аламыз. Алдымыздан қиындықтар шыға келсе де, жанымыз тыныш. Өйткені қайда жүрсек те, Ехобаның халқы қолдайтынын білеміз.

Жас күнімде бейтараптық сақтағаным үшін Француз Гвианасында түрмеде отырған едім. Күндердің күнінде осы жаққа миссионер болып келемін және түрмедегілерге уағыздаймын деп ойламаппын. Расында да, Ехоба бізге батасын аямай төкті!

Мари-Лайн: Өзгелерге көмектесу маған зор қуаныш сыйлайды. Ехобаның ісін атқарып жүргенімізге бақыттымыз. Сондай-ақ біз бір-бірімізге жақындай түстік. Кейде Джек маған: “Жігерге мұқтаж ерлі-зайыптыны қонаққа шақырайық”,— деп айтады. Сонда мен: “Мен де соны ойлап тұр едім”,— деймін. Осылай ойымыз жиі бір жерден шығады.

Джек: Жақында маған қуықасты безінің қатерлі ісігі деген нақтама қойылды. Әйеліме бұны есту ұнамаса да, мен оған былай дедім: “Қымбаттым, ертең өліп қалсам, жасым ұлғайғандықтан көз жұмбаймын. Бірақ өмірім ең құнды нәрселерге, рухани істерге толы болғандықтан еш өкінішсіз кетемін” (Мұс. 1-ж. 25:8).

Мари-Лайн: Ехоба бізге ешқашан ойымызға келмеген істерді тапсырды. Өмірімізде көп жақсы нәрселер орын алды. Ехобаның ұйымы айтқан кез келген жерге баруға дайынбыз, өйткені Ехобаға толықтай сенеміз.

^ 32-абзац Сранан-тонго тілі ағылшын, нидерланды, португал және африка тілдерінің қосындысынан пайда болған. Бұл тілде кезінде құлдар сөйлеген.