Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

15-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Аумағыңыздағы адамдарға көзқарасыңыз қандай?

Аумағыңыздағы адамдарға көзқарасыңыз қандай?

“Бастарыңды көтеріп, егіндікке көз салыңдар, ол пісіп, жинауға дайын тұр” (ЖОХ. 4:35).

64-ӘН Егін жинауға қуана атсалысу

АҢДАТПА *

1, 2. Жохан 4:35, 36-дағы Исаның сөздері нені білдіреді?

ИСА енді көктеп келе жатқан арпа арасымен жүріп өтті (Жох. 4:3—6). Бұл егін шамамен төрт айдан кейін жинауға дайын болады. Сондықтан Исаның: “Бастарыңды көтеріп, егіндікке көз салыңдар, ол пісіп, жинауға дайын тұр”,— дегені біртүрлі естілген шығар (Жохан 4:35, 36 оқыңыз). Мұнымен Иса не айтқысы келді?

2 Иса тура мағынадағы егіндік жайлы емес, адамдарды жинау ісі жайлы айтқаны сөзсіз. Дәл осының алдында не болғанын қарастырайық. Яһудилер самариялықтармен араласпаса да, Иса самариялық әйелге уағыздайды. Ол Исаның сөздеріне құлақ асады. Иса егіндік “пісіп, жинауға дайын тұр” деп айтып тұрған кезде, бір топ самариялық одан тәлім алу үшін келе жатқан еді. Олар Иса жайлы әлгі әйелден естіген болатын (Жох. 4:9, 39—42). Киелі кітапқа берілген бір түсініктемеде былай делінген: “Адамдардың зор ықыластары олардың жинауға дайын тұрған егіндікке ұқсайтынын көрсетті”.

Аумағымыздың “жинауға дайын тұрғанын” байқасақ, не істеуіміз керек? (3-абзацты қараңыз)

3. Адамдарға Иса сияқты қарасаңыз, уағыз ісінде қалай жақсара аласыз?

3 Уағыздайтын аумағыңыздағы адамдарға көзқарасыңыз қандай? Оларды пісіп, жинауға дайын тұрған егіндік деп санайсыз ба? Солай ойласаңыз, келесі үш нәрсені істейтін боласыз: біріншіден, ізгі хабарды кейінге қалдырмай уағыздайсыз. Егін жинау уақыты шектеулі, сондықтан оны босқа құртпау керек. Екіншіден, адамдардың ізгі хабарға құлақ асып жатқанын көріп қуанасыз. Киелі кітапта науқан кезі адамды зор қуанышқа бөлейтіні айтылған (Ишая 9:3). Үшіншіден, әр адамға болашақ шәкірт деп қарайсыз, сондықтан оны қызықтыратын нәрселерді ойда тұтып, ұсынысыңызды бейімдейтін боласыз.

4. Осы мақалада елші Пауылдан не үйренеміз?

4 Исаның кейбір ізбасарлары самариялықтар ешқашан Исаның шәкірті болмайды деп ойлаған шығар. Бірақ Иса бұлай ойламады, қайта, оларға болашақ шәкірттері ретінде қарады. Біз де аумағымыздағы адамдарға Мәсіхтің болашақ шәкірті деп қарауымыз керек. Осы жағынан елші Пауыл тамаша үлгі қалдырды. Одан не үйренеміз? Бұл мақаладан Пауыл өзі уағыздаған адамдардың не нәрсеге сенетінін, не нәрсеге қызығатынын қалай анықтағанын, сондай-ақ оларға Исаның болашақ шәкірті деп қарағанын білеміз.

ОЛАР НЕ НӘРСЕГЕ СЕНЕДІ?

5. Неліктен Пауыл мәжілісханадағы тыңдаушыларын түсіне алды?

5 Пауыл әдетте яһудилердің мәжілісханасында уағыздайтын. Мысалы, ол Салоникадағы мәжілісханада яһудилермен “үш Демалыс күн қатарынан Жазбалардың негізінде пікір алысты” (Ел. іс. 17:1, 2). Пауыл мәжілісханада өзін еркін сезінгенге ұқсайды. Өйткені ол яһуди отбасында өскен (Ел. іс. 26:4, 5). Пауыл яһудилерді жақсы түсінгендіктен, оларға сенімділікпен уағыздай алған (Філіп. 3:4, 5).

6. Афинадағы базар алаңындағы адамдар Пауыл уағыздаған мәжілісханадағы адамдардан несімен ерекше еді?

6 Қарсылықтың кесірінен Салоникадан, кейін Береядан кетуге тура келген соң Пауыл Афинаға келді. Сол жерде де ол “мәжілісханадағы яһудилермен, Құдайға ғибадат ететін өзге адамдармен... пікір алысып жүрді” (Ел. іс. 17:17). Ал базар алаңында уағыздаған кезде Пауылдың тыңдаушылары мүлдем басқа адамдар болды. Олардың арасында пәлсапашылар мен Пауылдың хабарын “жаңа ілім” деп қабылдаған басқа ұлт адамдары болды. Олар Пауылға: “Айтып жүргеніңіз құлағымызға оғаш естіледі”,— деді (Ел. іс. 17:18—20).

7. Елшілердің істері 17:22, 23-ке сай, Пауыл өзгелерге қалай бейімделді?

7 Елшілердің істері 17:22, 23 оқыңыз. Пауыл Афинадағы басқа ұлт адамдарына мәжілісханадағы яһудилерге уағыздағандай уағыздамады. Ол “Афинадағы адамдар не нәрсеге сенеді екен?” деп ойлаған шығар. Пауыл айналасын бақылап, адамдардың діни рәсімдеріне назар аударған. Содан кейін олардың ғибадаты мен Жазбалардағы шындықтардың арасындағы ортақ нәрсені іздеген. Киелі кітапқа түсініктеме берген бір кісі былай дейді: “Пауыл яһуди ұлтынан шыққан мәсіхші болғандықтан, жалған тәңірлерге табынатын гректердің яһудилер мен мәсіхшілердің шынайы Құдайына ғибадат етпейтінін түсінген. Бірақ ол өзі жариялап жүрген Құдай шын мәнінде афиналықтар үшін бөтен емес екенін түсіндіргісі келді”. Демек, Пауыл адамдарға бейімделуге дайын болған. Ол афиналықтарға өздері ғибадат етуге тырысып жүрген “Белгісіз Құдайдан” хабар әкелгенін айтты. Басқа ұлт адамдары Жазбалармен таныс болмаса да, Пауыл “олар ешқашан мәсіхші болмайды” деп ойламаған. Керісінше, оларға пісіп, жинауға дайын тұрған егіндік ретінде қарап, ізгі хабарды оларға бейімдеп айтқан.

Пауылдың үлгісіне еліктеп, байқампаз болыңыз, ұсынысыңызды бейімдеңіз, адамдарға болашақ шәкірттер ретінде қараңыз (8, 12, 18-абзацтарды қараңыз) *

8. а) Аумағыңыздағы адамдар не нәрсеге сенетінін қалай анықтай аласыз? ә) Біреу “өз дінім бар” десе, не десеңіз болады?

8 Пауыл сияқты байқампаз болыңыз. Аумағыңыздағы адамдардың не нәрсеге сенетінін көрсететін белгілерге мұқият зер салыңыз. Үй иесі үйін не көлігін қалай сәндеп қойған? Оның есіміне, киген киіміне, сырт көрінісіне, қалай сөйлейтініне қарап қандай дінді ұстанатынын білуге бола ма? Мүмкін, қандай дінді ұстанатынын адам өзі айтатын шығар. Осындай жағдайда Флютура есімді арнайы ізашар былай дейді екен: “Мен сізді өзім сенетін нәрселерге сендіру үшін келген жоқпын, жай мына тақырып жайлы сөйлескім келеді”.

9. Діндар адаммен қандай ортақ тақырып таба аласыз?

9 Діндар адаммен қандай тақырыпта сөйлессеңіз болады? Ортақ тақырып табуға тырысыңыз. Бәлкім, ол бір ғана Құдайға ғибадат ететін шығар немесе Исаның пайғамбар екеніне сенетін болар, я болмаса ақыр заманда өмір сүріп жатқанымызға сенер. Осылай ортақ тақырып таңдап, Киелі кітаптағы хабарды оған қызықты етіп жеткізіңіз.

10. Біз не істеуіміз керек және неге?

10 Сондай-ақ адам өз діні үйрететін нәрселердің бәріне сене бермейтінін есте ұстаңыз. Адамның қандай дінді ұстанатынын білгеннен кейін де, оның өзі не нәрсеге сенетінін анықтауға тырысыңыз. “Қазір адамдар діни нанымдарын философиямен араластырып жіберген”,— дейді Австралияда қызмет ететін Дейвид есімді арнайы ізашар. Ал Албаниядағы Дональта былай дейді: “Кейбір адамдар қандай да бір дінді ұстанатынын айтады, бірақ кейін шын мәнінде Құдайға сенбейтінін мойындап жатады”. Аргентинада миссионер болып қызмет ететін бір ер бауырлас кей адамдардың үштікке сенеміз деп айтатынын, бірақ шындығында Әке, Ұл және киелі рух бір тұлға дегенге сенбейтінін байқапты. Ол: “Осыны білген соң адаммен ортақ тақырыпта сөйлесу жеңіл болады”,— дейді. Сонымен, адамның шын мәнінде не нәрсеге сенетінін білуге тырысыңыз. Сонда Пауыл сияқты, сіз де “әртүрлі адамдарға” бейімделе аласыз (Қор. 1-х. 9:19—23).

ОЛАРДЫ НЕ ҚЫЗЫҚТЫРАДЫ?

11. Елшілердің істері 14:14—17 тармақтарда жазылғандай, Пауыл Листраның тұрғындарына хабарын қалай тартымды етіп жеткізді?

11 Елшілердің істері 14:14—17 оқыңыз. Пауыл тыңдаушыларын не қызықтыратынын байқап, ұсынысын соған сай икемдеген. Мәселен, Листрадағы адамдар Жазбалар туралы өте аз білетін не мүлдем білмейтін. Сондықтан Пауыл олар түсінетіндей етіп уағыздады. Ол өнім жайлы, адамның өмірден рақат алуы жайлы әңгіме қозғады. Тыңдаушылары оңай түсінетін сөздер мен мысалдар айтты.

12. Адамды не қызықтыратынын қалай білеміз және ұсынысымызды қалай бейімдей аламыз?

12 Аумағыңыздағы адамдарды не қызықтыратынын біліп, ұсынысыңызды бейімдеңіз. Адамның өзіне не үйіне қарап, оны не қызықтыратынын қалай білуге болады? Тағы да байқампаз болыңыз. Бәлкім, ол бақшасында жұмыс істеп не кітап оқып отырған шығар, я болмаса басқа нәрсемен айналысып жатқан болар. Егер орынды болса, оның айналысып жатқан ісін неге әңгімеге арқау етпеске? (Жох. 4:7). Тіпті адамның киімі де оның ұлты, мамандығы не сүйікті спорт командасы жайлы біраз мәлімет беруі мүмкін. Густаво есімді бауырлас былай дейді: “Мен 19 жасар жігітпен әңгімелесе бастадым. Оның киімінде атақты әншінің суреті бар екен. Мен одан сол туралы сұрадым. Сонда әлгі жігіт сол әншіні неге ұнататынын айтып берді. Әңгімеміз Киелі кітап зерттеу сабағына ұласты. Қазір ол біздің бауырласымыз”.

13. Киелі кітап зерттеу сабағын қалай тартымды етіп ұсына аласыз?

13 Біреуге Киелі кітапты зерттеуді ұсынғанда, оны адамға тартымды етіп көрсетіңіз. Зерттеудің оған қандай пайдасы бар екенін айтыңыз (Жох. 4:13—15). Мысалы, Поппи есімді бауырлас бір әйелге уағыздағанда, ол кісі қызығушылық білдіріп, үйіне кіргізеді. Поппи қабырғада әлгі әйелдің білімді профессор екенін көрсететін сертификат ілініп тұрғанын байқайды. Сонда ол біздің де адамдарға Киелі кітап зерттеу бағдарламасы және қауым кездесулері арқылы білім беретінімізді айтады. Сонда әйел Киелі кітапты зерттеуге келісіп, келесі күні қауым кездесуіне, сосын көп ұзамай аудандық конгреске барады. Ал бір жылдан кейін шомылдыру рәсімінен өтеді. Сіз де былай ойланып көріңіз: “Мен қайта баратын адамдарды не қызықтырады? Киелі кітап зерттеу сабағы қалай өтетінін оларға тартымды етіп көрсете аламын ба?”

14. Зерттеу сабағын әр зерттеушіге қалай бейімдей аласыз?

14 Киелі кітап зерттеу сабағын бастағаннан кейін, әр сабаққа жақсылап дайындалыңыз. Зерттеушінің шыққан ортасын, оның не нәрсеге қызығатынын жақсылап ойланыңыз. Дайындалу барысында Киелі кітап шындықтарын түсіндіру үшін қандай тармақ оқитыныңызды, қандай бейнеролик көрсететініңізді және қандай мысал келтіретініңізді ойластырыңыз. “Зерттеушімнің жүрегіне әсіресе не нәрсе әсер етуі мүмкін?” деп ойланып көріңіз (Нақ. с. 16:23). Албаниядағы Флора есімді ізашардың зерттеушісі: “Маған қайта тірілуге сену өте қиын”,— деп айтыпты. Бірақ Флора оны күштемеді. “Алдымен оның қайта тірілтуді уәде ететін Құдайды жақсылап танып алғаны жөн деп ойладым”,— дейді Флора. Сондықтан әр зерттеу сабағында ол Ехобаның сүйіспеншілігіне, даналығы мен құдіретіне көп назар аударыпты. Кейін зерттеушісі қайта тірілуге сенетін болды. Қазір ол — құлшынысты Ехоба куәгері.

ОЛАРҒА БОЛАШАҚ ШӘКІРТТЕР РЕТІНДЕ ҚАРАҢЫЗ

15. Елшілердің істері 17:16—18 тармақтарға сай, Афинадағы қандай жағдайлар Пауылдың көңілін түсірді, бірақ ол афиналықтарға неге уағыздай берді?

15 Елшілердің істері 17:16—18 оқыңыз. Афина қаласы пұтқа табынушылыққа, жыныстық азғындыққа және жалған діннің пәлсапаларына толы болса да, Пауыл олардан еш күдер үзбеді. Сондай-ақ оны қорласа да, уағыздауды доғарған жоқ. Пауылдың өзі де мәсіхші болмай тұрып “тіл тигізуші, қудалаушы, арсыз болған” (Тім. 1-х. 1:13). Иса Пауылға болашақ шәкірт деп қарағаны сияқты, ол да афиналықтарға болашақ шәкірттер ретінде қарады. Оның бұл үміті ақталмай қалмады (Ел. іс. 9:13—15; 17:34).

16, 17. Түрлі ортадан шыққан адамдардың Мәсіхтің шәкірті бола алатынын қайдан білеміз? Мысал келтіріңіз.

16 I ғасырда әртүрлі ортадан шыққан адамдар Исаның шәкірті болды. Грекияның Қорынт қаласында тұратын мәсіхшілерге жазған хатында Пауыл қауымдағы кейбіреулердің кезінде қылмыскер болғанын және адам шошитындай өнегесіз өмір сүргенін айтқан. Кейін ол: “Кезінде кейбіреулерің сондай болдыңдар. Бірақ тазардыңдар”,— деп қосқан (Қор. 1-х. 6:9—11). Сіз сол адамдарға болашақ шәкірт деп қарар ма едіңіз?

17 Бүгінде көптеген адам Исаның шәкірті болу үшін зор ықыласпен өзгерістер жасауда. Мысалы, Австралияда қызмет ететін Юкина есімді арнайы ізашар Киелі кітаптағы хабарға әртүрлі адамдардың құлақ асып жатқанын байқаған. Бірде ол бір кеңседен денесінде бірнеше татуировкасы бар және өте кең, қолпылдаған киім киіп алған бойжеткенді көреді. “Басында сөйлеуге тартыншақтадым, бірақ кейін әңгімелесе бастадым,— дейді Юкина.— Сөйтсем, оның Киелі кітапқа қызығатыны сонша, денесіндегі татуировкаларының кейбірі Зәбүрден алынған тармақтар екен”. Сол қыз зерттеу сабағына келісіп, қауымға келе бастайды *.

18. Неге адамдарға қатысты алдын ала тон пішпеуіміз керек?

18 Иса соңынан көп адам ереді деп күткендіктен, егіндік жинауға дайын тұр деп айтты ма? Жоқ. Өйткені Жазбаларда оған салыстырмалы түрде аз адам сенетіні алдын ала жазылған еді (Жох. 12:37, 38). Сондай-ақ Иса адамдардың жүрегін көре алған (Мат. 9:4). Десе де Иса бар назарын өзіне сенетін аз адамға аударып, әрбір адамға құлшына уағыздай берді. Ал біз жүректі көре алмаймыз, сондықтан аумағымызды не жеке адамдарды соттамағанымыз одан да маңызды емес пе?! Қайта, оларға болашақ шәкірт деп қарауымыз керек. Буркина-Фасо деген елде миссионер болып қызмет ететін Марк былай дейді: “Рухани қадам жасамайды деп ойлаған адамдар рухани өсіп, ал рухани өседі-ау деген адамдар зерттеуді тоқтатып жатады. Сондықтан ең дұрысы Ехобаның киелі рухына сенім арту керектігін түсіндім”.

19. Аумағымыздағы адамдарға қалай қарауымыз керек?

19 Бір қарағанда аумағыңыздағы адамдар жинауға дайын емес сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ Исаның шәкірттеріне не дегенін ұмытпаңыз. Егіндік пісіп, жинауға дайын тұр. Адам өзгеріп, Исаның шәкірті бола алады. Ехоба сол болашақ шәкірттерді “бағалы қазынадай” көреді (Хаг. 2:7). Біз де адамдарға Ехоба мен Иса сияқты қарасақ, олардың шыққан ортасын, қызықтыратын нәрселерін білуге тырысамыз. Оларға бөтен адамдар деп емес, болашақ бауырластарымыз деп қараймыз.

57-ӘН Барша жанға уағыздайық

^ 5-абзац Аумағымыздағы адамдарға деген көзқарасымыз қалай уағыздап, қалай тәлім беретінімізге әсер ете ме? Бұл мақалада Иса мен Пауылдың тыңдаушыларына қалай қарағанына назар аударылады. Сондай-ақ оларға еліктеп, тыңдаушыларымыздың неге сенетінін, не нәрсеге қызығатынын қалай анықтауға болатынын және оларға қалай болашақ шәкірт деп қарай алатынымызды қарастырамыз.

^ 17-абзацКиелі кітап адам өмірін өзгертеді” деген санаттан көбірек мысалдар таба аласыз. Бұл мақалалар 2017 жылға дейін “Күзет мұнарасында” жарық көрді. Ал қазір jw.org® сайтында шығарылады. БІЗ ЖӨНІНДЕ/ОҚИҒАЛАР деген жерді қараңыз.

^ 57-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Ерлі-зайыпты үйме-үй уағыздап жүріп, 1) өте жинақы әрі гүлдері жайқалып тұрған үйді; 2) жас отбасы тұратын үйді; 3) іші де, сырты да шашылып жатқан үйді; 4) діндар адам тұратын үйді байқайды. Қай үйден болашақ шәкіртті табамын деп ойлайсыз?