Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

16-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Тыңдаңыз, жақынырақ біліңіз, жанашырлық танытыңыз

Тыңдаңыз, жақынырақ біліңіз, жанашырлық танытыңыз

“Адамға сырт көрінісіне қарап үкім айтуды қойыңдар, әділ үкім айтыңдар” (ЖОХ. 7:24).

101-ӘН Бірлесе қызмет етейік

АҢДАТПА *

1. Киелі кітапта Ехоба жайлы қандай жұбаныш беретін шындық жазылған?

АДАМДАРДЫҢ сіз жайлы теріңіздің түсіне, бетіңіздің пішініне я дене бітіміңізге қарап тұжырым жасағанын қалар ма едіңіз? Қаламайтын шығарсыз. Ехобаның бізді сырт көрінісімізге қарап соттамайтыны неткен жұбаныш! Мысалы, Самуил пайғамбар Есейдің ұлдарын көргенде, Ехоба байқағанды байқамады. Ехоба оған Есей ұлдарының бірі Исраилдің патшасы болатынын айтқан болатын. Ол кім еді? Самуил Есейдің тұңғыш ұлы Елияпты көргенде: “Ехобаның майланғаны осы болу керек”,— деді. Оған Елияп патша болатындай көрінді. Алайда Ехоба Самуилге: “Оның келбеті мен бойшаңдығына қарама, мен таңдаған адам — бұл емес”,— деді. Бұдан қандай сабақ аламыз? Ехоба әрі қарай: “Пенде адамның сырт келбетіне қарайды, ал Ехоба жүрегіне қарайды”,— деді (Сам. 1-ж. 16:1, 6, 7).

2. Жохан 7:24-ке сай, неге адамның сырт көрінісіне қарап тұжырым жасамауымыз керек? Мысал келтіріңіз.

2 Пенде болғандықтан бәріміз де өзгелердің сырт көрінісіне қарап, ой түзуге бейімбіз (Жохан 7:24 оқыңыз). Бірақ біз адамның тек сырт келбетіне қарап көп нәрсе біле алмаймыз. Мысалы, өте білімді әрі тәжірибелі дәрігердің өзі науқас адамға қарап көп нәрсе айта алмайды. Ол науқасты мұқият тыңдап, оның бұрын немен ауырғанын, қазір не сезінетінін және бойында аурудың қандай белгілері бар екенін білуі қажет. Дәрігер тіпті оның ішкі құрылысын тексеру үшін рентгенге түсуге жіберуі мүмкін. Әйтпесе оған қате нақтама қоюы ғажап емес. Сол сияқты біз де бауырластарымыздың сырт көрінісіне қарап, оларды толығымен түсіне алмаймыз. Біз адамның ішкі жан дүниесін түсінуге тырысуымыз қажет. Әрине, біз адамдардың жүрегін көре алмаймыз, сондықтан оларды Ехоба түсінгендей түсіне алмаймыз. Алайда қолымыздан келгенше Ехобаға еліктей аламыз. Қалай?

3. Бұл мақаладағы Киелі кітап үзінділері Ехобаға еліктеуге қалай көмектеседі?

3 Ехоба өзіне ғибадат ететіндерге қалай қарайды? Ол оларды тыңдайды. Олардың шыққан ортасы мен жағдайларын түсінеді. Сондай-ақ оларға жанашырлық танытады. Ехобаның Жүніске, Ілиясқа, Ажарға және Лұтқа қалай қарағанын қарастыру барысында бауырластармен қарым-қатынасымызда оған қалай еліктей алатынымызды талқылайық.

МҰҚИЯТ ТЫҢДАҢЫЗ

4. Жүніске қатысты неге бұрыс көзқараста болуымыз мүмкін?

4 Жүністің жағдайын толық білмегендіктен, біз оны сенім артуға тұрмайтын, адалдық танытпаған адам деп ойлауымыз мүмкін. Ол Ниневияға үкім хабарын айтуға қатысты Ехобадан нақты нұсқау алды. Алайда мойынсұнудың орнына, ол “Ехобадан алысырақ кету үшін” кемемен мүлдем басқа бағытқа жол тартты (Жүніс 1:1—3). Сіз Жүніске тапсырмасын орындауға тағы бір мүмкіндік берер ме едіңіз? Бәлкім, бермейтін шығарсыз. Десе де Ехоба Жүністі тағы бір мүмкіндік беруге лайық деп тапты (Жүніс 3:1, 2).

5. Жүніс 2:1, 2, 9-да жазылған сөздерден Жүніс жайлы не білуге болады?

5 Жүністің қандай адам екенін оның айтқан дұғасынан білуге болады (Жүніс 2:1, 2, 9 оқыңыз). Оның Ехобаға көп рет дұға еткені сөзсіз. Сол дұғаларының бірінен оның жақсы адам болғанын білеміз. Тапсырмасынан қашып кетсе де, айтқан дұғасынан оның кішіпейіл, ризашыл әрі Ехобаға мойынсұнуға бекінген адам екені көрінеді. Сондықтан да Ехоба Жүністің қателіктеріне қадалып қалмай, дұғасын тыңдап, әрі қарай да пайғамбары ретінде қолдана берді!

Жағдайды толық білгеніміз жанашыр бола түсуге көмектеседі (6-абзацты қараңыз) *

6. Неге мұқият тыңдау күш салуға тұрады?

6 Өзгелерді мұқият тыңдау үшін кішіпейіл әрі шыдамды болуымыз керек. Бұл күш салуға тұрарлық. Оған, кем дегенде, үш себеп бар. Біріншіден, адам жайлы бірден тон пішпейміз. Екіншіден, бауырласымыздың сезімдері мен әрекетінің себебін түсінеміз, бұл бізге оған жанашырлықпен қарауға көмектеседі. Үшіншіден, адам ішіндегісін ақтарса, ол тіпті өз-өзін түсінуі мүмкін. Кейде адам ішіндегісін сыртқа айтып шығармайынша, өз сезімдерін өзі түсінбей жатады (Нақ. с. 20:5). Азияда тұратын бір ақсақал былай дейді: “Бірде мен мән-жайды толығымен білмей жатып сөйледім. Бір әйел бауырласқа түсініктемелерінің сапасын жақсартуы керектігін айттым. Кейін оның оқуға қиналатынын, түсініктеме беруге өте көп күш салатынын білдім”. Әрбір ақсақалдың кеңес бермей жатып, “мән-жайды тыңдап” алғаны өте маңызды! (Нақ. с. 18:13).

7. Ехобаның Ілиясқа қалай қарағанынан не үйренеміз?

7 Кейбір бауырластарымыз шыққан ортасына, мәдениеті мен болмысына байланысты сезімдері жайлы айтуға қиналуы мүмкін. Сондайда олар бізге сезімдерін ашық айта алуы үшін не істесек болады? Ехобаның Езабелден қашқан Ілиясқа қалай көмектескенін есіңізге түсіріңізші. Ілиясқа ішіндегісін көктегі Әкесіне толығымен айтып беру үшін біраз күн қажет болды. Ехоба оны мұқият тыңдады. Сосын оны жігерлендіріп, өте маңызды іс тапсырды (Пат. 1-ж. 19:1—18). Бауырластар өздерін емін-еркін сезініп, бізбен сөйлесе алулары үшін біраз уақыт кетуі мүмкін. Олар өздерін еркін сезінгенде ғана жан дүниелерінде не бар екенін біле аламыз. Ехоба сияқты шыдамды болсақ, бауырластардың сеніміне ие боламыз. Ал олар сезімдерімен бөлісуге дайын болғанда, біз мұқият тыңдауымыз керек.

БАУЫРЛАСТАРДЫ ЖАҚЫНЫРАҚ БІЛІҢІЗ

8. Мұсаның 1-жазбасы 16:7—13 тармақтарға сай, Ехоба Ажарға қалай көмектесті?

8 Сарайдың күңі Ажар Ыбырамға әйел болғаннан кейін ақымақтықпен әрекет ете бастайды. Ол жүкті болған соң, балалары болмаған Сарайға менсінбей қарайтынды шығарады. Жағдайдың ушыққаны соншалық — ол Сарайдың қысымына шыдамай, қашып кетеді (Мұс. 1-ж. 16:4—6). Кемелсіз болғандықтан біз “өркөкірек Ажардың өзіне де сол керек” деп ойлауымыз мүмкін. Бірақ Ехоба бұлай ойламады. Ехоба оған періштесін жіберді. Періште оны тауып алып, көзқарасын өзгертуге көмектесті және Құдайдың оны жарылқайтынын айтты. Ажар Ехобаның өзін бақылап жүргенін, жағдайы оған толықтай мәлім екенін түсінді. Содан толқып кеткені сонша, ол: “Сен бәрін көретін Құдайсың”,— деді (Мұсаның 1-жазбасы 16:7—13 оқыңыз).

9. Ажарға қатысты Ехоба нені ескерді?

9 Ехоба Ажар жайлы нені білді? Ол Ажардың шыққан ортасы мен нендей жайттарды бастан кешіріп жатқанын білді (Нақ. с. 15:3). Ажар еврей отбасында тұрып жатқан мысырлық қыз болатын. Жырақта жүріп ол өзін кейде бөтен сезініп, жалғызсыраған шығар. Үй іші мен туған жерін сағынған болар. Оның үстіне, ол Ыбырамның жалғыз әйелі емес еді. Сол кездері кейбір адал ер кісілер бірнеше әйел алатын болған. Алайда Ехобаның о бастағы ниеті бұл емес еді (Мат. 19:4—6). Сондықтан да бұндай отбасыларында қызғаныш пен түсініспеушіліктердің орын алғаны таңғалдырмайды. Ехоба Ажардың Сарайға құрмет көрсетпегенін құптамаса да, оның шыққан ортасы мен жағдайын ескерген.

Бауырластарды жақсырақ біліңіз (10—12 абзацтарды қараңыз) *

10. Бауырластарымызды қалай жақсырақ біле аламыз?

10 Бір-бірімізді түсінуге тырыссақ, Ехобаға еліктейміз. Бауырластарыңызды жақсырақ біліңіз. Олармен қауым кездесулерінің алдында не одан кейін сөйлесіңіз. Олармен қызметке шығыңыз, мүмкін болса, қонаққа шақырыңыз. Сонда, бәлкім, суықтау болып көрінген бауырластың шын мәнінде ұялшақ екенін, дүниеқұмар деп ойлаған бауырластың қонақжай екенін, қауымға жиі кешігіп келетін отбасының қарсылықтарға кезігіп жүргенін білетін шығарсыз (Әйүп 6:29). Әрине, біз “өзгенің ісіне араласып” кетпеуіміз керек (Тім. 1-х. 5:13). Алайда бауырластарымызды және олардың қандай жағдайларға кезіккенін білгеніміз оларды жақсырақ түсінуге көмектеседі.

11. Неге ақсақалдардың қауымдағы қойларды жақсы білгендері маңызды?

11 Әсіресе ақсақалдар қауымдарындағы бауырластарды жақсы білулері керек. Аудандық бақылаушы болып қызмет еткен Артур есімді бауырластың оқиғасын қарастырайық. Ол тағы бір ақсақалмен ұялшақ әрі тұйық болып көрінген бір әйел бауырласқа барады. “Ол тұрмысқа шыққанынан кейін бірнеше жылдан соң күйеуі қайтыс болыпты,— дейді Артур.— Қиындықтарға қарамай, ол екі қызын рухани мықты етіп өсірген. Ал енді, көз жанарынан айырыла бастапты, әрі жанкүйзелісінен қиналып жүр екен. Сонда да оның Ехобаға деген сүйіспеншілігі мен сенімі мықты. Біз сол бауырластан үйренеріміз көп екенін байқадық” (Філіп. 2:3). Бұл аудандық бақылаушы Ехобаға еліктеді. Ехоба өз қойларын, олардың қандай азап шегіп жатқанын біледі (Мұс. 2-ж. 3:7). Ақсақалдар қауымдағы қойларды жақсы білсе, оларға қажетті көмек ұсына алады.

12. Иеп Ий бауырлас қауымындағы әйел бауырласты жақсырақ танығанының қандай пайдасын көрді?

12 Қитығыңызға тиетін бауырласты жақыннан танысаңыз, оған көбірек жанашырлықпен қарай алуыңыз мүмкін. Бір мысалды қарастырайық. Азияда тұратын Иеп Ий бауырлас былай дейді: “Қауымдағы бір әйел бауырлас айқайлап сөйлейтін. Маған ол әдептіліктен жұрдай болып көрінетін. Бірақ онымен қызметке шыққан кезде, бұрын ата-анасына көмектесу үшін базарда балық сатқанын білдім. Оған тұтынушылардың назарын аулау үшін қатты сөйлеуге тура келген екен. Сонда мен бауырластарды жақсы түсіну үшін олардың қандай жағдайларды бастан кешкенін білуім керек екенін ұқтым”. Бауырластарды жақсырақ білу күш салуды талап етеді. Әйтсе де Киелі кітаптың кеңесіне құлақ асып, жүрегіңізді айқара ашатын болсаңыз, “әртүрлі адамдарды” жақсы көретін Ехобаға еліктейсіз (Тім. 1-х. 2:3, 4; Қор. 2-х. 6:11—13).

ЖАНАШЫРЛЫҚ ТАНЫТЫҢЫЗ

13. Мұсаның 1-жазбасы 19:15, 16-да жазылғандай, Лұт кетпей жүріп алғанда, періштелер не істеді және неге?

13 Лұт өмірінің өте бір маңызды шағында Ехобаның нұсқауларына құлақ асуға асықпады. Екі періште келіп, оған отбасын Содомнан алып шығуды айтты. Неліктен? Олар: “Біз бұл жерді жоймақпыз”,— деді (Мұс. 1-ж. 19:12, 13). Келесі күні таңертең Лұт отбасымен әлі де үйінен кетпеген еді. Сондықтан періштелер Лұтты тағы да ескертті. Сонда да ол “кетпей жүріп алады”. Біз Лұт Ехобаның айтқандарын мүлдем елемеді де, мойынсұнбады да деп ойлауымыз мүмкін. Алайда Ехоба оған көмектесуді доғармады. “Ехобаның оған жаны ашығандықтан”, періштелер оларды қолдарынан жетелеп, қаланың сыртына шығарды (Мұсаның 1-жазбасы 19:15, 16 оқыңыз).

14. Ехоба не себепті Лұтқа жанашырлық танытқан болуы мүмкін?

14 Ехобаның Лұтқа жанашырлық танытуына бірнеше себеп болған шығар. Ол қала сыртындағы адамдардан қорыққандықтан үйінен тез шығып кетпеген болуы мүмкін. Өзге де қауіпті жайттар бар еді. Содомның маңында қарамай шығатын шұңқырлар көп болатын. Лұт сол шұңқырларға екі патшаның құлап түскенін білген шығар (Мұс. 1-ж. 14:8—12). Отағасы болғандықтан ол отбасын уайымдаған да болар. Бұған қоса, Лұт дәулетті кісі болды және Содомда оның керемет үйі бар еді (Мұс. 1-ж. 13:5, 6). Мұндай жайттардың ешбірі Лұттың Ехобаға бірден мойынсұнбағанын ақтамайды, әрине. Десе де Ехоба Лұттың қателіктеріне қадалып қалмай, оны “әділ кісі” деп санады (Пет. 2-х. 2:7, 8).

Адамды тыңдасақ, оған қалай жанашырлық танытуға болатынын түсінеміз (15, 16-абзацты қараңыз) *

15. Адамның іс-әрекетіне қарап тұжырым жасаудың орнына, не істегеніміз жөн?

15 Біреудің әрекетіне қарап, тұжырым жасаудың орнына, оның не сезінетінін түсінуге барынша тырысыңыз. Еуропада тұратын Вероника бауырлас та дәл осылай етуге тырысқан. “Бір бауырластың үнемі көңіл-күйі болмайтын”,— дейді ол. “Ол өзгелерден оқшауланып жүретін. Кейде оған жақындауға қорқатынмын. Бірақ оның орнында болсам, досқа мұқтаж болар едім деп ойладым. Содан оның хал-жағдайын сұрап-білуге бекіндім. Сонда ол ішкі сезімдерімен бөлісе бастады! Қазір мен оны әлдеқайда жақсы түсінемін”,— дейді Вероника.

16. Неге біз жанашырлық танытуға көмек сұрап дұға етуіміз керек?

16 Тек Ехоба ғана бізді толықтай түсінеді (Нақ. с. 15:11). Сондықтан өзгелерге Ехоба сияқты қарауға және оларға қалай жанашырлық танытуға болатынын түсінуге көмектесуін сұрап дұға етіңіз. Анжела есімді бауырласқа дұға еткені жанашыр бола түсуге көмектескен. Оған қауымындағы бір әйел бауырласпен тіл табысу қиын болған екен. Ол былай дейді: “Мен сол бауырласты еш ойланбастан сынап-мінеп, одан аулақ жүретінмін. Бірақ кейін мен Ехобадан сол бауырласқа жанашырлық танытуға көмектесуін сұрап, дұға еттім”. Ехоба оның дұғасына жауап берді ме? “Біз бірге қызметке шығып, сағаттап сөйлестік. Мен оны жанашырлықпен тыңдадым. Қазір оны көбірек жақсы көремін, оған көмектескім келеді”,— деп қосты Анжела.

17. Не істеуге бекінгеніміз абзал?

17 Біз “мына бауырлас жанашырлық танытуыма лайық, ал мынау лайық емес” деп таңдай алмаймыз. Олардың барлығы Жүніс, Ілияс, Ажар және Лұт кезіккен қиындықтарға кезігеді. Көп жағдайда олар сау бастарына сақина тілеп алған. Шындығына келсек, кейде бәріміз де солай етіп жатамыз. Сондықтан Ехобадан бір-бірімізге түсінушілік танытуға көмектесуін сұрағанымыз орынды (Пет. 1-х. 3:8). Ехобаның тілін алсақ, дүниежүзілік керемет әрі сан қилы отбасымыздың ауызбіршілігіне өз үлесімізді қосамыз. Ендеше, өзара арақатынасымызда бауырластарды тыңдауға, жақыннан білуге және жанашырлық танытуға бекінейік.

87-ӘН Келіп, сергіп қалыңдар!

^ 5-абзац Кемелсіз болғандықтан біз адамдар мен олардың ниеті жайлы бірден тұжырым жасауға бейімбіз. Алайда Ехоба адамның “жүрегіне қарайды” (Сам. 1-ж. 16:7). Бұл мақалада Ехобаның Жүніске, Ілиясқа, Ажарға және Лұтқа мейіріммен көмектескенін қарастырамыз. Бұл бізге бауырластарға Ехоба сияқты қарауға көмектеседі.

^ 52-абзац СУРЕТТЕР СИПАТТАМАСЫ: Қауымға жастау бауырластың кешігіп келгені жасы үлкен ер бауырластың қитығына тиді. Алайда кейінірек оның көлік апатына ұшырағандықтан кешіккенін біледі.

^ 54-абзац СУРЕТТЕР СИПАТТАМАСЫ: Топ бақылаушысы бір әйел бауырласты суық қабақ танытып отыр деп ойлайды. Кейін оның ұялғанын, жақсы танымайтын адамдардың арасында өзін ыңғайсыз сезінгенін түсінеді.

^ 56-абзац СУРЕТТЕР СИПАТТАМАСЫ: Бір әйел бауырлас Патшалық сарайында басқа әйел бауырласты көріп, оны тұйық әрі өзгелермен шаруасы жоқ адам деп ойлайды. Кейін жақсы тани келе, оның өзі ойлағандай емес екенін түсінеді.