Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

17-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

”Сендерді достарым деп атаймын”

”Сендерді достарым деп атаймын”

“Мен сендерді достарым деп атаймын, себебі Әкемнен естігендерімнің бәрін сендерге білдірдім” (ЖОХ. 15:15).

13-ӘН Мәсіхті үлгі тұтайық

АҢДАТПА *

1. Біреумен қалай дос боласыз?

БІРЕУМЕН дос болғыңыз келсе, алдымен сол адаммен уақыт өткізуіңіз керек. Бір-біріңізге ойларыңыз бен сезімдеріңізді айтқанда жақын болып кетесіздер. Ал Исамен дос болуға келсек, кейбір қиындықтар бар. Олар қандай?

2. Бірінші қиындық қандай?

2 Бірінші қиындық — біз Исаны өз көзімізбен көрген жоқпыз. Бірінші ғасырдағы көптеген мәсіхшілер де Исаны өз көздерімен көрмеген. Сонда да елші Петір былай деген: “Сендер оны ешқашан көрмесеңдер де, сүйесіңдер. Қазір де көріп жүрген жоқсыңдар, сонда да оған сенесіңдер” (Пет. 1-х. 1:8). Демек, Исаны өз көзімізбен көрмесек те, онымен жақын дос бола аламыз.

3. Екінші қиындық қандай?

3 Екінші қиындық — біз Исамен сөйлесе алмаймыз. Біз дұға еткенде, тікелей Ехобамен тілдесеміз. Рас, біз Иса арқылы дұға етеміз, бірақ онымен тікелей сөйлеспейміз. Исаның өзі де біздің оған дұға еткенімізді қаламайды. Неліктен? Өйткені дұға — ғибадаттың бір түрі, ал ғибадат етуге тек Ехоба ғана лайық (Мат. 4:10). Десе де біз Исаны жақсы көретінімізді көрсете аламыз.

4. Үшінші қиындық қандай және бұл мақалада не қарастырамыз?

4 Үшінші қиындық — Иса көкте өмір сүретіндіктен, біз онымен уақыт өткізе алмаймыз. Бірақ оның қасында болмай-ақ, ол туралы көп нәрсе білуге болады. Қазір Исамен достығымызды нығайтуға көмектесетін төрт жайтты қарастырайық. Алдымен Исамен жақын дос болу неліктен өте маңызды екенін білейік.

НЕГЕ ИСАМЕН ДОС БОЛУЫМЫЗ КЕРЕК?

5. Неге Исамен дос болуымыз керек? (“ Исамен достығымыз Ехобамен достығымызға ұласады” және “ Исаға қатысты байыпты көзқарас” деген қоршауды да қараңыз.)

5 Ехобамен жақын қарым-қатынаста болу үшін, Исамен дос болуымыз қажет. Неліктен? Бұның екі себебін қарастырайық. Біріншіден, Иса шәкірттеріне: “Әкемнің өзі сендерді жақсы көреді, өйткені сендер мені жақсы көресіңдер”,— деген (Жох. 16:27). Сондай-ақ ол: “Мен арқылы болмаса, ешкім де Әкеге келе алмайды”,— деген (Жох. 14:6). Исамен дос болмай жатып, Ехобамен дос болуға тырысу — есікті ашпай, ғимаратқа кіруге тырысқанмен тең. Иса да осындай мысал келтіріп өзін “қойлар кіретін есікке” теңеген (Жох. 10:7). Екіншіден, Иса әкесінің қасиеттерін айна қатесіз көрсетті. Ол шәкірттеріне: “Мені көрген адамның Әкені де көргені”,— деген (Жох. 14:9). Демек, Ехобаны танып-білудің маңызды жолы — Исаның өмірін зерттеу. Иса туралы білген сайын, оған деген сүйіспеншілігіміз де арта түседі. Ал онымен достығымыз бекемделген сайын, оның Әкесіне деген сүйіспеншілігіміз де еселенеді.

6. Тағы қандай себеппен Исамен дос болуымыз керек? Түсіндіріңіз.

6 Дұғаларымызға жауап алу үшін Исамен жақсы қарым-қатынаста болуымыз керек. Бұл дұғамыздың соңында “Иса арқылы” деп айтудан да көп нәрсе істеуді білдіреді. Дұғаларымызға жауап беру үшін Ехобаның Исаны қалай қолданатынын түсінуіміз керек. Иса елшілеріне: “Менің атымнан Әкеден не сұрасаңдар да, орындаймын”,— деген (Жох. 14:13). Дұғаларды тыңдап, жауап беретін Ехобаның өзі болса да, ол шешімдерін жүзеге асыру үшін Исаға билік берген (Мат. 28:18). Құдай дұғаларымызға жауап бермес бұрын, Исаның кеңесіне құлақ асамыз ба, жоқ па — соған қарайды. Мысалы, Иса былай деген: “Егер адамдардың күнәларын кешірсеңдер, көктегі Әкелерің де сендерді кешіреді. Ал басқалардың күнәларын кешірмесеңдер, Әкелерің де сендердің күнәларыңды кешірмейді” (Мат. 6:14, 15). Ехоба мен Иса бізге қалай қараса, біздің де өзгелерге дәл солай қарағанымыз қаншалықты маңызды десеңізші!

7. Исаның төлем құрбандығының игілігін кімдер көреді?

7 Исаның жақын достары ғана төлем құрбандығының игілігін көре алады. Оны қайдан білеміз? Иса “достары үшін жанын қиятынын” айтқан (Жох. 15:13). Иса жерге келгенге дейін өмір сүрген адал қызметшілер де ол туралы біліп, оны жақсы көрулері тиіс. Ехобаға адал болған Ыбырайым, Сара, Мұса, Рахаб сияқты ерлер мен әйелдердің өзі де қайта тірілгеннен кейін мәңгілік өмірге ие болу үшін Исамен достасулары керек (Жох. 17:3; Ел. іс. 24:15; Евр. 11:8—12, 24—26, 31).

8, 9. Исамен дос болғанның арқасында не істей аламыз және Жохан 15:4, 5-те түсіндірілгендей, бұл неге маңызды?

8 Біз Исамен бірге Патшалық жайлы ізгі хабарды қуана уағыздап, тәлім беріп жүрміз. Иса жерде өмір сүргенде ұстаз болған. Ал көкке оралғаннан бері, ол қауымның басы ретінде уағыздау мен тәлім беру ісінде жетекшілік етіп келеді. Сондықтан ол сіздің қолыңыздан келгенше өзгелерге ол туралы және оның Әкесі туралы айтуға күш салып жатқаныңызды көреді және бағалайды. Бұл істі біз тек Ехоба мен Исаның қолдауымен ғана атқара аламыз (Жохан 15:4, 5 оқыңыз).

9 Құдай Сөзінде Ехобаға ұнамды болу үшін Исаға деген сүйіспеншілік дамытып және оны суытпауымыз керектігі анық айтылған. Қазір Исамен дос болудың төрт қадамын білейік.

ИСАМЕН ҚАЛАЙ ДОС БОЛА АЛАМЫЗ?

1) Исаны жақсы тану арқылы, 2) ол сияқты ойланып, әрекет ету арқылы, 3) Мәсіхтің бауырларын қолдау арқылы, 4) қауымның шараларына қолдау көрсету арқылы Исаның досы бола аласыз (10—14 абзацтарды қараңыз) *

10. Исамен дос болудың алғашқы қадамы қандай?

10 1) Исаны танып-біліңіз. Иса жайлы Киелі Жазбалардағы Матай, Марқа, Лұқа, Жохан кітаптарынан біле аламыз. Киелі кітаптан Исаның өмірі жайлы оқып, ой жүгіртсек, оның адамдарға мейірімді болғанын біліп, оған деген сүйіспеншілігіміз бен құрметіміз арта түседі. Мысалы, Иса шәкірттеріне қожайын болса да, оларға құл сияқты қарамаған. Керісінше, оларға ішкі ойлары мен сезімдерін айтқан (Жох. 15:15). Иса олардың жан азабын сезініп, бірге жылаған (Жох. 11:32—36). Исаның өзі айтып жүрген хабарға құлақ асатындармен дос екенін тіпті қарсыластары да байқаған (Мат. 11:19). Исаның шәкірттеріне қалай қарағанынан үлгі алсақ, өзгелермен арақатынасымыз жақсарады. Сондай-ақ өзімізді бақыттырақ сезінеміз және Мәсіхке деген ризашылығымыз артады.

11. Исамен дос болудың екінші қадамы қандай және неге бұл маңызды қадам?

11 2) Иса сияқты ойланып, әрекет етіңіз. Ол туралы көбірек біліп, оның қалай ойланатынын үлгі етсек, онымен достығымыз нығая түседі (Қор. 1-х. 2:16). Исаға қалай еліктей аламыз? Бұған бір мысал келтірейік. Иса өзі жайлы емес, өзгелерге көмектесу жайлы көбірек ойлаған (Мат. 20:28; Рим. 15:1—3). Сондықтан ол жанқияр әрі кешірімшіл болды. Ол адамдардың өзі туралы айтқан сөздерін көңіліне ала бермейтін (Жох. 1:46, 47). Сондай-ақ адамның бұрын жасаған қателіктері оның сол адамға қатысты көзқарасына әсер етпейтін (Тім. 1-х. 1:12—14). Иса: “Менің шәкірттерім екендеріңді жұрттың бәрі өзара сүйіспеншіліктеріңнен білетін болады”,— деген (Жох. 13:35). Олай болса, “бауырластарыммен тату болу үшін Исаға еліктеп, қолымнан келгеннің бәрін істеп жүрмін бе?” деп ойланып көрейік.

12. Исамен дос болудың үшінші қадамы қандай және бұл қадамды қалай жасай аламыз?

12 3) Мәсіхтің бауырларына қолдау көрсетіңіз. Иса біздің майланған бауырларына жасаған істерімізді өзіне жасағандай қабылдайды (Мат. 25:34—40). Майланғандарға қолдау көрсетудің ең маңызды жолы — Исаның тапсырған ісіне, яғни Патшалық жайлы уағыздау мен шәкірт дайындау ісіне толықтай атсалысу (Мат. 28:19, 20; Ел. іс. 10:42). Дүниежүзі бойынша жүріп жатқан уағыз ісін Мәсіхтің бауырлары тек “басқа қойлардың” көмегімен атқарып жатыр (Жох. 10:16). Егер басқа қойларға жатсаңыз, уағыз ісіне қатысқан сайын, Мәсіхтің бауырларына ғана емес, Исаның өзіне де сүйіспеншілік танытасыз.

13. Лұқа 16:9-дағы Исаның кеңесін қалай қолдана аламыз?

13 Сонымен қатар Ехоба мен Иса жетекшілік етіп отырған іске қаржылай қолдау көрсету арқылы да олармен дос бола аламыз (Лұқа 16:9 оқыңыз). Мысалы, дүниежүзілік іске садақа берсек болады. Дүниежүзілік іске шалғай жерлердегі ізгі хабарды қаржыландыру, таза ғибадатқа арналған ғимараттарды соғу мен күтіп ұстау, табиғи апаттан не басқа да жағдайлардан зардап шеккендерге жәрдем беру жатады. Сондай-ақ өзіміздің қауымымыздың шығындарын жабу үшін де садақа жасай аламыз және өзіміз білетін көмекке мұқтаж адамдарға қол ұшын бере аламыз (Нақ. с. 19:17). Осылай Мәсіхтің бауырларын қолдаймыз.

14. Ефестіктерге 4:15, 16-дан байқағанымыздай, Исаның досы болудың төртінші жолы қандай?

14 4) Мәсіхшілер қауымындағы шараларға қолдау көрсетіңіз. Бізге қамқорлық етуге тағайындалған бауырластармен бірлесе әрекет ету арқылы қауымның басы Исамен достығымызды нығайтамыз (Ефестіктерге 4:15, 16 оқыңыз). Мысалы, біз Патшалық сарайларының толыққанды қолданылуы үшін бәрін жасап жатырмыз. Сол үшін кей қауымдар біріктіріліп, қауымның аумақтарына өзгерістер жасалды. Осылайша ұйым ерікті садақалардың көп бөлігін үнемдей алды. Бірақ осының себебінен кей жариялаушыларға жаңа жағдайларға бейімделуге тура келді. Осы адал жариялаушылар жылдар бойы бір қауымда қызмет етіп, ондағы бауырластарға бауыр басып қалған шығар. Енді оларға басқа қауымға ауысу керек. Адал шәкірттерінің осындай шараны қолдап жатқанын көргенде, Иса қатты қуанады!

ИСАМЕН ДОСТЫҒЫМЫЗ МӘҢГІЛІК

15. Болашақта Исамен достығымыз қалай нығаяды?

15 Киелі рухпен майланғандарда көкте Исамен мәңгі бірге болу, онымен бірге Құдай Патшалығының мұрагерлері болу үміттері бар. Олар тікелей мағынада Исамен бірге болады, оны өз көздерімен көреді, сөйлеседі, бірге уақыт өткізеді (Жох. 14:2, 3). Жерде өмір сүруге үміті барлар да Исаның сүйіспеншілігі мен ықыласына ие болады. Олар Исаны көрмесе де, онымен жақын қарым-қатынаста болып, Ехоба мен Исаның арқасында қол жеткізген өмірдің рақатын көреді (Ишая 9:6, 7).

16. Исамен дос болсақ, қандай баталарға кенелеміз?

16 Исаның шақыруын қабыл алып, онымен дос болсақ, көптеген батаға кенелеміз. Мысалы, қазірдің өзінде оның сүйіспеншілігі мен қолдауына ие боламыз. Бізде мәңгі өмір сүру мүмкіндігі бар. Ең маңыздысы, Исамен достығымыз әлемдегі ең керемет достыққа ұласады: Исаның арқасында оның Әкесі Ехобамен тығыз қарым-қатынаста бола аламыз. Исаның досы деп аталу неткен мәртебе десеңізші!

17-ӘН “Қалаймын”

^ 5-абзац Елшілер бірнеше жыл бойы Исамен араласып, онымен бірге еңбектенді, осылай олар дос болып кетті. Иса біздің де онымен дос болғанымызды қалайды. Алайда бізде елшілерде болмаған қиындықтар бар. Бұл мақалада сол қиындықтар жайлы сөз қозғалады. Сондай-ақ Исамен қалай жақын дос бола алатынымызға қатысты кеңестер беріледі.

^ 55-абзац СУРЕТТЕР СИПАТТАМАСЫ: 1) Отбасылық ғибадат өткізгенде Исаның өмірі мен қызметін зерттесек болады. 2) Қауымда бауырластармен тату болу үшін барымызды салуымыз керек. 3) Қызметке толықтай атсалысу арқылы Мәсіхтің бауырларына қолдау көрсетеміз. 4) Қауымдар біріктірілген кезде ақсақалдардың шешімдерін қолдаймыз.