Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

18-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Өмір жарысында “мәреге жетіңіз”!

Өмір жарысында “мәреге жетіңіз”!

“Мен... мәреге жеттім” (ТІМ. 2-Х. 4:7).

129-ӘН Табанды боламыз

АҢДАТПА *

1. Барлығымыз не істеуіміз керек?

ҚАНДАЙ ДА БІР жарыстың қиын болатынын біле тұра, оған қатысар ма едіңіз? Ал егер ауырып не шаршап тұрсаңыз ше? Қатысарыңыз екіталай. Алайда елші Пауыл барлық шынайы мәсіхшілердің жарысқа қатысып жатқандарын айтқан (Евр. 12:1). Ехоба беретін сыйды алғымыз келсе, бәріміз де — жас болсақ та, қарт болсақ та, күшіміз тасып тұрса да, сарқылса да — соңына дейін табандылықпен жүгіруіміз керек (Мат. 24:13).

2. Тімөтеге 2-хат 4:7, 8-де айтылғандай, неге Пауылдың сөз еркіндігі болған?

2 Пауылдың өзі бұл жарыста “мәреге жеткендіктен”, оның сөз еркіндігі болған (Тімөтеге 2-хат 4:7, 8 оқыңыз). Бірақ Пауыл нақты қандай жарыс туралы айтты?

БҰЛ ҚАНДАЙ ЖАРЫС?

3. Пауыл қандай жарыс туралы айтқан?

3 Пауыл кейде тәлім беру үшін ежелгі Грекияда өтетін ойындарды мысалға келтіретін (Қор. 1-х. 9:25—27; Тім. 2-х. 2:5). Ол бірнеше рет мәсіхшілердің өмірін жарыста жүгірумен салыстырған (Қор. 1-х. 9:24; Ғал. 5:7; Філіп. 2:16). Адам Ехобаға бағышталып, шомылдыру рәсімінен өткен кезде, осы “жарыста” жүгіруін бастайды (Пет. 1-х. 3:21). Ал Ехоба оған мәңгі өмірді сыйға тартқанда, ол мәре сызығын кесіп өтеді (Мат. 25:31—34, 46; Тім. 2-х. 4:8).

4. Бұл мақалада не талқылаймыз?

4 Ұзақ қашықтыққа жүгіру мен мәсіхшілердің өмірінің арасында біраз ұқсастықтар бар. Солардың үшеуін қарастырайық. Біріншіден, біз дұрыс бағытта жүгіруіміз керек. Екіншіден, мәре сызығына көз тігуіміз керек. Үшіншіден, жолда кезігетін қиындықтарды еңсеруіміз керек.

ДҰРЫС БАҒЫТТА ЖҮГІРІҢІЗ

Бәріміз де мәсіхшілердің өмір жолымен жүгіруіміз керек (5—7 абзацтарды қараңыз) *

5. Біз қандай бағытта жүгіруіміз керек және неге?

5 Кәдімгі жарыста жүлдеге ие болу үшін қатысушы ұйымдастырушылар белгілеген арнайы жолмен жүгіруі тиіс. Мәңгі өмір сыйына ие болғымыз келсе, біз мәсіхшілердің жолымен, яғни өмір жолымен жүгіруіміз керек (Ел. іс. 20:24; Пет. 1-х. 2:21). Алайда Шайтан мен оған ергендер біздің басқа бағытты таңдағанымызды, яғни “өздерімен бірге” жүгіргенімізді қалайды (Пет. 1-х. 4:4). Олар біздің жолымызды мазақ етіп, өздерінің жолдары еркіндікке жеткізетін жақсы жол екеніне сендіргілері келеді. Бірақ олардың бұл айтқандары өтірік (Пет. 2-х. 2:19).

6. Брайанның мысалынан не үйренесіз?

6 Шайтан дүниесінің ықпалына берілгендермен бірге жүгіруді шешкендердің бәрі көп ұзамай таңдаған жолдары еркіндікке емес, құлдыққа апаратынын түсінеді (Рим. 6:16). Бұған Брайанның өмірі мысал. Ата-анасы оны мәсіхшілердің өмір жолымен жүруге талпындырады. Бірақ жасөспірім кезінде ол бұл жолдың өзін бақытты ететініне күмәнданады. Содан ол Шайтанның нормалары бойынша өмір сүретін адамдармен бірге жүгіруді таңдайды. “Өзім аңсаған “еркіндік” мені құмарлықтарымның құлына айналдыратыны ойыма да кіріп-шықпапты. Уақыт өте келе есірткі қабылдап, ішімдікке салынып, азғын өмір кешетін болдым. Бірнеше жыл бойы есірткінің күштірек түрлерін қабылдап, солардың көбісінің құрығына іліктім... Ақша табу үшін есірткі сата бастадым”,— дейді Брайан. Бірақ кейін ол Ехобаның нормалары бойынша өмір сүруді шешеді. Ол өмір жолын өзгертіп, 2001 жылы шомылдыру рәсімінен өтті. Қазір Брайан мәсіхшілердің өмір жолымен жүретініне қатты қуанады *.

7. Матай 7:13, 14-ке сай, қандай екі жол бар?

7 Дұрыс бағытта жүгіргеніміз өте маңызды! Шайтан біздің “өмірге апаратын” тар жолмен жүруді доғарып, осы дүниедегі адамдардың басым бөлігі жүретін кең жолға түскенімізді қалайды. Бұл жол көпке танымал, әрі онымен жүру де жеңіл. Алайда бұл жол “жойылуға апарады” (Матай 7:13, 14 оқыңыз). Дұрыс жолда жүре беру үшін және сол жолдан ауытқып кетпес үшін Ехобаға сенім артып, оған құлақ асуымыз керек.

МӘРЕГЕ КӨЗ ТІГІП, ӨЗІҢІЗ ДЕ СҮРІНБЕҢІЗ, ӨЗГЕЛЕРДІ ДЕ СҮРІНДІРМЕҢІЗ

Мәреге көз тігіп, өзгелерді сүріндірмеуіміз керек (8—12 абзацтарды қараңыз) *

8. Жүгіруші құлап қалса, не істейді?

8 Ұзақ қашықтыққа жүгіретіндер сүрініп қалмас үшін көз алдарындағы жолға қарайды. Бірақ олар абайсызда қасындағы жүгірушілерге не шұңқырға сүрініп қалуы мүмкін. Егер құлап қалса, олар қайтадан тұрып, жүгіреді. Жүгірушілер бар назарын сүріндірген нәрселерге емес, мәре сызығы мен жүлдеге тігеді.

9. Сүрініп қалсақ, не істеуіміз керек?

9 Өмір жарысында сөзімізбен не ісімізбен қателік жіберіп, көп сүрінуіміз мүмкін. Я болмаса бізбен бірге жүгіріп жатқандардың қателіктері бізге ауыр тиюі мүмкін. Бұған біз таңғалмаймыз. Өйткені бәріміз кемелсізбіз, әрі бәріміз де тар жолда жүгіріп келе жатырмыз. Сондықтан кейде бір-бірімізбен “соқтығысып” қаламыз. Пауыл кей кездері бір-бірімізге “ренжуге себебіміз” болатынын түсінген (Қол. 3:13). Алайда сүріндірген нәрселерге көз тігудің орнына, алдымыздағы жүлдеге көз тігейік. Сүрініп қалсақ, орнымыздан тұрып, әрі қарай жүгіре берейік. Ал егер өкпе-реніш сақтап, қайта тұрудан бас тартсақ, мәре сызығына да жетпейміз, жүлдеге де ие болмаймыз. Бұған қоса, өмірге апаратын тар жолмен жүгіруге тырысып жүргендерге кедергі болуымыз мүмкін.

10. Қалай өзгелерді “сүріндіруден” аулақ бола аламыз?

10 Өзгелерді “сүріндірмеудің” бір жолы өз дегенімізде тұрып алмай, олардың ойын ескеру (Рим. 14:13, 19—21; Қор. 1-х. 8:9, 13). Сонда біз кәдімгі жарыста жүгіретін қатысушыларға ұқсамаймыз. Олар бір-бірімен бақталасып, әрқайсысы өзі үшін жүлде алуға ұмтылады. Бұл жүгірушілер ең алдымен өздерін ғана ойлайды. Сондықтан олар алға шығу үшін өзгелерді итеріп жіберуі де мүмкін. Ал біз бір-бірімізбен бақталаспаймыз (Ғал. 5:26; 6:4). Қайта, мақсатымыз — мүмкіндігінше көп адамға бізбен бірге мәре сызығына жетуге және өмірді сыйға алуға көмектесу. Сол себепті Пауылдың: “Тек өз мүдделеріңді емес, басқалардың да мүддесін ойлаңдар”,— деген кеңесіне құлақ асуға тырысамыз (Філіп. 2:4).

11. Жүгіруші нені ойда тұтады және неге?

11 Жүгіруші алдындағы жолға қарап қана қоймай, мәре сызығына көз тігеді. Ол мәре сызығын көріп тұрмаса да, оны кесіп өтіп жатқанын және жүлдені алып жатқанын елестетеді. Жүлдені ойда тұтқаны жүгірушіге әрі қарай жүгіре беруге талпыныс береді.

12. Ехоба бізге не ұсынып отыр?

12 Қызметшілері өмір жарысында мәреге жетсе, Ехобаның оларға міндетті түрде беретін сыйы бар. Бұл — көктегі не жердегі мәңгілік өмір. Киелі кітапта осы сый жайлы мәліметтер бар. Соның арқасында болашақтағы өміріміздің қандай керемет болатынын елестете аламыз. Үмітімізді әрдайым ойымызда ұстасақ, ештеңенің бізді сүріндіруіне жол бермейміз.

ҚИЫНДЫҚТАРҒА ҚАРАМАЙ, ЖҮГІРЕ БЕРІҢІЗ

Қиындықтарымызға қарамай, өмір жарысында жүгіре бергіміз келеді (13—20 абзацтарды қараңыз) *

13. Кәдімгі жүгірушілерге қарағанда, қандай артықшылығымыз бар?

13 Грекиядағы ойынға қатысқандар қиындықтарға кезіккен: олар шаршаған, денелері ауырған. Бірақ олар тек өздерінің күші мен жарысқа дейін жаттығып-үйренгендеріне ғана арқа сүйеген. Біз де олар сияқты өмір жарысында қалай жүгіруді үйрендік. Алайда біздің бір артықшылығымыз — сарқылмайтын күштің қайнарынан қуат ала аламыз. Егер Ехобаға арқа сүйесек, ол бізді үйретуді ғана емес, күш беруді де уәде етеді (Пет. 1-х. 5:10).

14. Қорынттықтарға 2-хат 12:9, 10-дағы сөздер қиындықтарды еңсеруге қалай көмектеседі?

14 Пауылға көптеген қиындықтармен күресуге тура келген. Оны өзгелер қорлаған, қуғындаған. Бұл аздай кейде ол өзін әлсіз сезінген және өзі айтқандай оған “тәніне қадалып тұратын тікенмен” күресуге тура келген (Қор. 2-х. 12:7). Дегенмен ол сол қиындықтарға беріле салмай, оларды Ехобаға арқа сүйеудің мүмкіндігі деп қарастырды (Қорынттықтарға 2-хат 12:9, 10 оқыңыз). Пауыл осындай көзқараста болғандықтан Ехоба оған барлық қиындықтарын еңсеруге көмектесті.

15. Егер Пауылға еліктесек, не сезінетін боламыз?

15 Біз де сеніміміз үшін қорлық көріп, қудалануымыз мүмкін. Сондай-ақ денсаулығымыз сыр беруі не діңкеміз құрып қажуымыз мүмкін. Алайда Пауылға еліктесек, осы қиындықтардың барлығы Ехобаның мейіріммен көрсететін қолдауын сезінуге мүмкіндік береді.

16. Денсаулығыңыз нашар болса да, не істей аласыз?

16 Бәлкім, сіз төсек тартып не мүгедектер арбасына таңылып қалған шығарсыз. Әлде аяғыңыз ауырып не көзіңіз нашар көрер. Егер солай болса, күш-қайраты тасыған жастармен бірге жүгіре аласыз ба? Бұған еш күмәнданбаңыз! Көптеген қарттар мен әлсіз жандар өмір жолында жүгіруде. Олар бұны өз күштерімен істей алмайды. Қайта, олар жиналыстарды, қауым кездесулерін видео-стриминг арқылы көріп, Ехобадан күш-қуат алады. Сондай-ақ олар дәрігерлерге, медбикелерге және туған-туыстарына уағыздап, шәкірт дайындау ісіне қатысады.

17. Мүмкіндігі шектеулі бауырластар жайлы Ехоба не сезінеді?

17 Мүмкіндігіңіз шектеулі болғандықтан көңіліңіз түсіп, өмір жолында жүгіруге тым әлсізбін деп ойламаңыз. Ехоба сізді сенім мен табандылық танытып жүргеніңіз үшін жақсы көреді. Сіз оның көмегіне бұрынғыдан да көбірек мұқтажсыз, әрі ол сізді еш тастамайды (Зәб. 9:10). Қайта, ол сізге жақын бола түседі. Нашар денсаулықтың кесірінен қиындық көріп жүрген әйел бауырласымыздың сөздеріне ден қояйықшы. Ол былай деді: “Денсаулығым нашарлаған сайын, өзгелерге уағыздауға мүмкіндігімнің азая бастағанын түсіндім. Бірақ менің кішкене күш салғанымның өзі де Ехобаны қуантатынын білемін. Содан өзімді бақытты сезінемін”. Ұнжырғаңыз түскен кезде, жалғыз емес екеніңізді ұмытпаңыз. Пауылдың үлгісі мен мына сөздері жайлы ойлаңыз: “Қиыншылық көруден рақат табамын. Себебі мен әлсіз кезімде күштімін” (Қор. 2-х. 12:10).

18. Кейбіреулер қандай қиындықтарға кезігуі мүмкін?

18 Өмір жолында жүгіріп келе жатқандардың кейбірі тағы бір қиындықты бастан кешіруде. Олар өзгелер байқай бермейтін не түсіне бермейтін қиындықтарға кезігіп жүр. Мысалы, оларға жанкүйзелісімен не сарыуайыммен күресуге тура келеді. Неліктен Ехобаның осы аяулы қызметшілерінің қиындықтары өте ауыр деуге болады? Өйткені егер адам қолын сындырып алса не мүгедектер арбасында отырса, барлығы оның қандай қиындық көріп жүргенін көреді және көмектескісі келеді. Ал эмоциялық не психикалық қиындығы бар адамды ешкім қиыншылық көріп жүр деп ойламауы мүмкін. Олар қолын не аяғын сындырып алған адам сияқты жапа шегеді. Бірақ өзгелер олардың қиындығын көрмегендіктен, оларға сүйіспеншілік пен қамқорлық көрсете алмауы мүмкін.

19. Мепібошеттің мысалынан не үйренеміз?

19 Егер мүмкіндігіңіз шектеулі болса не өзіңізді басқалар түсінбейтіндей сезінсеңіз, Мепібошеттің мысалы сізге жігер берер (Сам. 2-ж. 4:4). Оның да мүмкіндігі шектеулі болды, әрі Дәуіт патша ол туралы дұрыс емес тұжырым жасап, әділетсіздік танытты. Басына мұндай жағдайлар түскеніне Мепібошеттің өзі кінәлі емес еді. Бірақ ол ашынып кетпеді, керісінше, өміріндегі жақсы жайттар үшін риза болды. Ол Дәуіттің бұрын өзіне танытқан мейірімділігіне риза болды (Сам. 2-ж. 9:6—10). Сондықтан Дәуіт оған әділетсіздік танытқанда, Мепібошет жағдайды толық көре білген. Дәуіттің қателігі оны ашындырып жібермеді. Сондай-ақ Дәуіттің істеген ісі үшін ол Ехобаны айыптамады. Қайта, Мепібошет Ехобаның майланған патшасын қолдау үшін не істей алатынын ойлады (Сам. 2-ж. 16:1—4; 19:24—30). Ехоба біздің игілігіміз үшін Мепібошеттің керемет мысалын өз Сөзіне жаздырды (Рим. 15:4).

20. Уайым кейбіреулерді қандай күйге түсіреді, бірақ олар не нәрсеге сенімді болса болады?

20 Күнделікті уайым-қайғының кесірінен кей бауырластар өзгелерден қатты қысылып, өздерін қоярға жер таппайды. Көпшіліктің арасында болу қиын болса да, олар қауым кездесулеріне, конгрестерге келуді доғармайды. Бейтаныс кісімен сөйлесу қиын болса да, олар уағызға шығып, адамдармен сөйлеседі. Сіздің де жағдайыңыз осындай болса, жалғыз емессіз. Көп адам сіздің күйіңізді кешіп жүр. Алайда Ехоба барыңызды салып тырысып жатқаныңызға қуанады. Осы күнге дейін берілмей келе жатқаныңыз да оның сізді жарылқап, күш беріп жатқанына дәлел * (Філіп. 4:6, 7; Пет. 1-х. 5:7). Физикалық не эмоциялық шектеулеріңізге қарамай, Ехобаға қызмет етіп жүрсеңіз, оның ықыласына бөленіп жатқаныңызға сенімді болыңыз.

21. Ехобаның арқасында не істей аламыз?

21 Қуанышқа орай, кәдімгі жарыс пен Пауыл айтқан жарыстың арасында өзгешеліктер бар. Киелі кітап заманындағы жарыстарда бір ғана адам жеңіске жететін. Ал мәсіхшілердің өмір жарысында адалдықпен табанды болғандардың бәрі де мәңгілік өмірді иеленеді (Жох. 3:16). Кәдімгі жарыстағы жүгірушілердің бәрінің де денсаулықтары мықты болу керек, әйтпесе жеңіске жете алмайды. Ал бізге келсек, көбіміздің денсаулық жағынан қиындықтарымыз бар. Десе де біз табанды болып келеміз (Қор. 2-х. 4:16). Ехобаның жәрдемімен өмір жарысында мәреге жетеміз!

144-ӘН Зор сыйға назар тігейік

^ 5-абзац Ехобаның қызметшілерінің көбісі жастары ұлғайып, қарттықтың салдарын көріп жүр. Ал басқалары болса аурудың кесірінен өздерін дәрменсіз сезінеді. Одан қалса, бәріміздің де діңкеміз құрып, шаршайтын кезіміз болады. Сондықтан өмір үшін жарыста жүгіру біз үшін тым қиын болып көрінуі мүмкін. Бұл мақалада қалай бәріміз табандылықпен жүгіріп, Пауыл айтқан өмір жарысында жеңіске жете алатынымыз сөз етіледі.

^ 6-абзац 2013 жылғы 1 қаңтардағы “Күзет мұнарасының” “Киелі кітап адамның өмірін өзгертеді” деген мақаласын қараңыз.

^ 20-абзац Сарыуайыммен күресуге қатысты кеңестер мен онымен күресіп жүргендердің мысалдарын jw.org® сайтындағы 2019 жылғы мамыр айындағы бағдарламаны қараңыз. КІТАПХАНА/JW BROADCASTING® деген жерге кіріңіз.

^ 63-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Уағыз ісінен қолы босамағанның арқасында қарт бауырлас дұрыс бағытта жүгіріп келеді.

^ 65-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Басқаларды спирттік ішімдік ішуге көндірсек, не өзіміз ұстамдылық танытпасақ, өзгелерді сүріндіруіміз мүмкін.

^ 67-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Ауруханада төсекке таңылып қалса да, ер бауырлас өзіне қамқорлық көрсетіп жүргендерге куәлік беріп, өмір жарысында жүгіріп келеді.