Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

20-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Бүгінде “солтүстік патшасы” кім?

Бүгінде “солтүстік патшасы” кім?

“Оның соңы жетіп, оған көмектесетін ешкім болмайды” (ДАН. 11:45).

95-ӘН Таң шапағы жарқырай түсуде

АҢДАТПА *

1, 2. Бұл мақалада біз не қарастырамыз?

БҮГІНДЕ соңғы күндердің аяғында өмір сүріп жатқанымызды дәлелдейтін айғақтар бұрын-соңды болмағандай көп. Жуырда Ехоба мен Иса Мәсіх Патшалыққа қарсы шыққан үкіметтердің бәрін жоятын болады. Бұл оқиға орын алғанға дейін солтүстік патшасы мен оңтүстік патшасы бір-біріне және Құдай халқына қарсыласуын доғармайды.

2 Бұл мақалада Даниял 11:40—12:1 тармақтарда жазылған пайғамбарлықты қарастырамыз. Қазіргі солтүстік патшасының кім екенін анықтаймыз, әрі неліктен алдағы қиындықтарды үреймен емес, сеніммен қарсы ала алатынымызды білеміз.

ҚАЙТА ПАЙДА БОЛҒАН СОЛТҮСТІК ПАТШАСЫ

3, 4. Бүгінде солтүстік патшасы кім? Түсіндіріңіз.

3 1991 жылы Кеңес Одағы құлағаннан кейін сол ауқымды өңірдегі Құдай халқы біршама уақыт еркіндікте болды. Даниял бұл еркіндікті “шамалы көмек” деп атаған (Дан. 11:34). Соның арқасында олар еркін уағыздай алды. Көп ұзамай Кеңес одағына жатқан елдердегі жариялаушылардың саны жүз мыңдап көбейді. Бірақ жылдар өте Ресей мен оның одақтастары солтүстік патшасына айналды. Өткен мақалада талқылағанымыздай, қандай да бір үкіметтің солтүстік патшасы не оңтүстік патшасы екенін үш жайттан білеміз: 1) Олар Құдай халқына тікелей ықпал етеді; 2) әрекеттерімен Ехобаның және оның халқының жауы екенін көрсетеді; 3) өзара бақталасады.

4 Қазір Ресей мен оның одақтастарының солтүстік патшасы екенін растайтын себептерге назар аударайық. 1) Олар уағыз ісіне тыйым салып, аумағындағы жүз мыңнан аса бауырласты қудалауымен Құдай халқына тікелей соққы берді. 2) Бұл әрекеттерімен Ехоба мен оның халқын жек көретіндерін көрсетті. 3) Олар оңтүстік патшасы Англо-Америка дүниежүзілік державасымен бақталасып келеді. Ендеше, Ресей мен оның одақтастары не істегеніне және бұл оның солтүстік патшасы екенін қалай дәлелдейтініне тоқталайық.

СОЛТҮСТІК ПАТШАСЫ МЕН ОҢТҮСТІК ПАТШАСЫ ӘРІ ҚАРАЙ ДА ТЕКЕТІРЕСУДЕ

5. Даниял 11:40—43 тармақтарда қандай кезең жайлы айтылған және сол уақытта не болады?

5 Даниял 11:40—43 оқыңыз. Пайғамбарлықтың осы бөлігі ақырғы уақыт жайлы баяндайды. Бұл үзіндіде солтүстік патшасы мен оңтүстік патшасының өзара өштесетініне назар аударылады. Даниял ақырғы уақытта оңтүстік патшасы солтүстік патшасымен “текетіресетінін” айтқан (Дан. 11:40).

6. Екі патшаның өзара текетіресіп жатқанына қандай дәлелдер бар?

6 Солтүстік патшасы мен оңтүстік патшасы әлемдегі ең мықты үкімет болу үшін бір-бірімен қақтығысып келеді. Мысалы, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Кеңес Одағы мен оның одақтастары Еуропаның басым бөлігіне үстемдік ете бастаған кезде не болғанын қарастырайық. Солтүстік патшасына қарсы тұру үшін оңтүстік патшасы өзге елдермен бірге НАТО деп аталатын әскери одақ құрды. Солтүстік патшасы мен оңтүстік патшасы әскери қуатын күшейту жағынан бір-бірінен асып-түсу үшін қыруар ақша жұмсап келеді. Кезінде солтүстік патшасы Африка, Азия, Латын Америкасындағы соғыстар мен қақтығыстар кезінде оңтүстік патшасының жауларына болысып, қолдау көрсетті. Ал соңғы жылдары әлем бойынша Ресей мен оның одақтастарының үстемдігі айтарлықтай артты. Олар оңтүстік патшасымен киберсоғыс жүргізіп келеді. Оңтүстік патшасы мен солтүстік патшасы елдерінің экономикалық және саяси жүйелеріне зақым келтіру үшін зиянды компьютерлік бағдарламалар қолданды деп бір-бірін айыптайды. Бұдан бөлек, Даниял пайғамбарлық еткендей, солтүстік патшасы Құдай халқына шабуылдауын доғарар емес (Дан. 11:41).

СОЛТҮСТІК ПАТШАСЫ “КӨРІКТІ ЖЕРГЕ БАСЫП КІРЕДІ”

7. “Көрікті жер” деген не?

7 Даниял 11:41-де солтүстік патшасының “Көрікті жерге басып кіретіні” айтылған. Бұл қандай жер? Ежелгі заманда Исраил “жер атаулының ең шұрайлысы” болған (Езек. 20:6). Халықтың сол жерде Ехобаға ғибадат еткені бұл жерді әсіресе бағалы етті. Бірақ б. з. 33 жылы өткен Елуінші күн мейрамынан бері бұл “Көрікті жер” қандай да бір нақты жерді білдірмейді. Өйткені қазір Ехобаның халқы жердің түкпір-түкпірінде өмір сүреді. Бүгінде “Көрікті жер” деген Құдай халқы Ехобаға ғибадат ететін рухани ортаны білдіреді. Олар онда жиналыстар өткізу, уағыз ісіне қатысу сияқты істер атқарады.

8. Солтүстік патшасы “Көрікті жерге” қалай басып кірді?

8 Соңғы күндер басталғалы бері солтүстік патшасы “Көрікті жерге” қайта-қайта басып кірді. Мысалы, нацистік Германия солтүстік патшасы болғанда, әсіресе Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде, Құдай халқын қудалап, біразын өлтірді. Осылай етуімен ол “Көрікті жерге” басып кірді. Ал Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Кеңес одағы солтүстік патшасына айналғанда, ол да “Көрікті жерге” басып кіріп, Құдай халқын қудалап, оларды жер аудартып жіберді.

9. Соңғы жылдары Ресей мен оның одақтастары “Көрікті жерге” қалай басып кірді?

9 Соңғы жылдары Ресей мен оның одақтастары да “Көрікті жерге” басып кірді. Қалайша? 2017 жылы Ресей Құдай халқының ісіне тыйым салып, бауырластарымыздың кейбірін түрмеге жапты. Сондай-ақ әдебиеттерімізге, соның ішінде “Жаңа дүние аудармасына” да тыйым салды. Ол аздай, Ресейдегі филиалымызды және Патшалық сарайларымыз бен Конгресс сарайларымызды тәркіледі. Осы жайттардан кейін, 2018 жылы Басқарушы кеңес Ресей мен оның одақтастарын солтүстік патшасы деп хабарлады. Ехобаның халқы қанша жерден аяусыз қудаланса да, үкіметке қарсы шықпайды және билік басындағыларды биліктен түсіруге тырыспайды. Қайта, олар Киелі кітапта айтылғандарға құлақ асып, “жоғары дәрежелі адамдар үшін”, әсіресе олар еркін ғибадат етуімізге әсері тиетін шешімдер қабылдап жатқанда, дұға етеді (Тім. 1-х. 2:1, 2).

СОЛТҮСТІК ПАТШАСЫ ОҢТҮСТІК ПАТШАСЫН ЖЕҢЕ МЕ?

10. Солтүстік патшасы оңтүстік патшасын жеңе ме? Түсіндіріңіз.

10 Даниял 11:40—45 тармақтарда жазылған пайғамбарлықта көбінесе солтүстік патшасына назар аударылады. Бұл оның оңтүстік патшасын жеңетінін білдіре ме? Жоқ. Өйткені Ехоба мен Иса бүкіл үкіметтерді Армагеддон соғысында жойған кезде, оңтүстік патшасы әлі де бар болады (Аян 19:20). Біз неге бұған сенімдіміз? Қазір Даниял мен Аян кітабындағы пайғамбарлықтарға көңіл бұрайық.

Тас ретінде сипатталған Құдай патшалығы Армагеддонда алып мүсін ретінде бейнеленген үкіметтерді жояды (11-абзацты қараңыз)

11. Даниял 2:43—45 тармақтардағы пайғамбарлық нені білдіреді? (Мұқабадағы суретті қараңыз.)

11 Даниял 2:43—45 оқыңыз. Даниял пайғамбар Құдай халқына ықпал ететін бірқатар үкіметтерді сипаттаған. Алып мүсіннің белгілі бір бөліктері осы үкіметтердің әрқайсысын білдірген. Бұл үкіметтердің соңғысы мүсіннің темір мен саздан тұратын табан жағы ретінде сипатталған. Мүсіннің табан жағы Англо-Америка дүниежүзілік державасын білдіреді. Бұл пайғамбарлықтан көрінетіндей, Құдай Патшалығы адамдардың үкіметтерін жоятын кезде Англо-Америка дүниежүзілік державасы әлі де билік етіп тұрады.

12. Жыртқыш аңның жетінші басы нені бейнелейді және бұл неге көңіл қоярлық жайт?

12 Елші Жохан да Ехобаның халқының үстінен билік жүргізетін әлемдік үкіметтер жайлы айтып кеткен. Жохан бұл үкіметтерді жеті басты жыртқыш аң ретінде суреттеген. Жыртқыш аңның жетінші басы Англо-Америка дүниежүзілік державасын бейнелейді. Бұл көңіл қоярлық жайт, өйткені Аянда жыртқыш аңның тағы басқа бастары шығып жатқаны жайлы айтылмайды. Демек, Иса мен оның көктегі әскері жыртқыш аңның жетінші басы мен оның өзін түгелімен жоятын кезде, жыртқыш аңның жетінші басы әлі де билік етіп жатады * (Аян 13:1, 2; 17:13, 14).

СОЛТҮСТІК ПАТШАСЫ ЖАҚЫН БОЛАШАҚТА НЕ ІСТЕЙДІ?

13, 14. “Магог жеріндегі Гог” деген кім және оның Құдай халқына шабуыл жасауына не түрткі болады?

13 Езекиел пайғамбар солтүстік патшасы мен оңтүстік патшасы жойылмас бұрын қандай жағдай болуы мүмкін екенін жазып кеткен. Езекиел 38:10—23; Даниял 2:43—45; 11:44—12:1; Аян 16:13—16, 21 — осы тармақтардың бәрінде бір оқиға жайлы айтылған болса, онда келесі жағдайлар орын алады дей аламыз.

14 Зор алапат басталғаннан кейін көп ұзамай “жержүзінің патшалары” бірігіп, одақтасқан халықтар құрады (Аян 16:13, 14; 19:19). Киелі жазбаларда бұл одақ “Магог жеріндегі Гог” деп аталады (Езек. 38:2). Одақтасқан халықтар Құдай халқын толығымен жою үшін жаппай шабуыл жасайды. Олардың бұлай етуіне не түрткі болады? Осы уақыт жайлы айтқанда, елші Жохан Құдайдың жауларына үлкен-үлкен бұршақ жауғанын көрген. Бұл бейнелі бұршақ Ехобаның халқы жариялайтын өте ауыр үкім хабарын білдірсе керек. Магог жеріндегі Гогтың Құдай халқын түп-тамырымен жою үшін шабуыл жасауына дәл осы хабар түрткі болатын көрінеді (Аян 16:21).

15, 16. а) Даниял 11:44, 45-те жазылғандар қандай оқиғаларға нұсқаса керек? ә) Солтүстік патшасы мен Магог жеріндегі Гогты құрайтын басқа халықтармен не болады?

15 Даниял 11:44, 45-те (оқыңыз) жазылғандар да ауыр хабар мен Құдайдың жаулары жасайтын соңғы шабуылға нұсқаса керек. Даниял “шығыс пен солтүстіктен келген хабарлар” солтүстік патшасының мазасын алатынын және “ол зор қаһарына мінетінін” айтқан. Солтүстік патшасы “көптің көзін құртып, жою үшін аттанады”. Мұндағы “көп” деген сөз Ехобаның халқына нұсқауы мүмкін. Даниял мұнда Құдай халқына жасалатын соңғы шабуылды сипаттаса керек *.

16 Солтүстік патшасы мен өзге де үкіметтердің бұл шабуылы Құдіреті шексіз Құдайдың қаһарын туғызады. Сөйтіп, Армагеддон соғысы басталады (Аян 16:14, 16). Сол кезде солтүстік патшасы Магог жеріндегі Гогты құрайтын басқа халықтармен бірге жойылады, әрі “оған көмектесетін ешкім болмайды” (Дан. 11:45).

Армагеддон соғысында Иса Мәсіх пен оның көктегі әскері Шайтанның зұлым дүниесін жойып, Құдай халқын құтқаратын болады (17-абзацты қараңыз)

17. Даниял 12:1-де ұлы әмірші деп аталған Микайл деген кім және ол қазір не істеп жатыр, ал болашақта не істейді?

17 Даниял 12:1 оқыңыз. Бұл тармақтан солтүстік патшасы мен оның одақтастары қалай жойылатынын, ал біздің қалай құтқарылатынымыз жайлы көбірек біле аламыз. Тармақтағы сөздер нені білдіреді? Микайл — қазір билік етіп жатқан патшамыз Мәсіх Исаның басқаша аты. 1914 жылы Патшалық көкте орнағалы бері ол Құдай халқының “мүддесін қорғап” келеді. Жуырда ол Армагеддон соғысында “әрекет ететін болады”, яғни жауларын жояды. Бұл соғыс Даниял айтып кеткен бұрын-соңды болмаған “қиын-қыстау уақыттың” соңғы оқиғасы болады. Ал Аян кітабындағы Жоханның пайғамбарлығында осы соғыс пен оған дейінгі уақытты қамтитын кезең “зор алапат” деп аталады (Аян 6:2; 7:14).

СІЗДІҢ ЕСІМІҢІЗ “КІТАПҚА ЖАЗЫЛА” МА?

18. Неге біз болашақты үреймен емес, сеніммен қарсы алсақ болады?

18 Біз болашақта болатын оқиғаларды сеніммен қарсы ала аламыз. Өйткені Даниял да, Жохан да Ехоба мен Исаға қызмет ететіндердің бәрі бұрын-соңды болмаған қиын-қыстау уақыттан аман қалатынын айтқан. Даниял есімдері “кітапта жазылғандар” ғана құтқарылатынын айтқан (Дан. 12:1). Ал есіміміз сол кітапқа жазылу үшін не істеуіміз керек? Ол үшін біз Құдайдың Тоқтысы Исаға сенетінімізді дәлелдеуіміз қажет (Жох. 1:29). Құдайға өмірімізді бағыштап, шомылдыру рәсімінен өтуіміз керек (Пет. 1-х. 3:21). Сондай-ақ қолымыздан келгенше өзгелерге Ехоба жайлы білуге көмектесу арқылы Құдай Патшалығын қолдауымыз қажет.

19. Қазір не істеуіміз керек және неге?

19 Қазір Ехобаға және оның адал қызметшілерінен тұратын ұйымына деген сенімімізді нығайтатын және Құдай Патшалығын қолдайтын уақыт. Осылай етер болсақ, Құдай Патшалығы солтүстік патшасы мен оңтүстік патшасын жойғанда, біз аман қаламыз.

149-ӘН Жеңіс әні

^ 5-абзац Бүгінде “солтүстік патшасы” кім және ол қалай жойылады? Бұның жауабын білгеніміз сенімімізді нығайтады, әрі жақын арада болатын сынақтарға дайын болуға көмектеседі.

^ 12-абзац Даниял 2:36—45 тармақтардағы және Аян 13:1, 2-дегі пайғамбарлықтар жайлы көбірек білу үшін, “Күзет мұнарасын” қараңыз (2012 жыл, 15 маусым, 7—19 беттер).