Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

26-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

“Маған қайта оралыңдар”

“Маған қайта оралыңдар”

“Маған қайта оралыңдар... Сонда мен де сендерге ораламын” (ЗӘК. 1:3).

102-ӘН Әлсіздерге көмектесейік

АҢДАТПА *

1. Жоғалған қойларының бірі табылған кезде Ехоба не сезінеді?

АЛДЫҢҒЫ мақалада қарастырғанымыздай, Ехоба өзін қойларын қамқорлайтын мейірімді бағушыға теңеген. Ол жоғалған қойларының әрбірін іздейді. Ехоба өзін тастап кеткен исраилдіктерге: “Маған қайта оралыңдар... Сонда мен де сендерге ораламын”,— деген (Зәк. 1:3). Біз Ехобаның әлі де осындай көзқараста екенін білеміз, өйткені ол: “Мен... еш өзгермеймін”,— деген (Малх. 3:6). Иса адасқан қызметшілерінің біреуі болса да қайта оралғанда Ехоба мен оның періштелері қатты қуанатынын айтқан (Лұқа 15:10, 32).

2. Бұл мақалада не жайлы қарастырамыз?

2 Қазір Исаның үш мысалын қарастырып, Ехобадан алшақтап кеткендерге қалай көмектесуге болатынын үйренеміз. Жоғалған қойлардың Ехобаға қайта оралуына көмектесу үшін нақты қандай қасиеттер танытуымыз қажет екеніне де тоқталамыз. Сондай-ақ әлсіздерге көмектесу неге біздің күш салуымызға тұратынын көреміз.

ЖОҒАЛҒАН КҮМІС ТИЫНДЫ ІЗДЕУ

3, 4. Лұқа 15:8—10 тармақтарда жазылған мысалда неге әйел жоғалған тиынын жан сала іздеді?

3 Біз Ехобаға оралғысы келгендерге көмектесу үшін барымызды салуымыз керек. Лұқа кітабында айтылған мысалда Иса бір әйелдің жоғалған драхма тиынын іздегені жайлы айтқан. Ол бұл мысалды жан сала іздеуге назар аудару үшін келтірген (Лұқа 15:8—10 оқыңыз).

4 Иса жоғалған құнды тиынын тапқан кезде әйелдің қалай қуанғанын сипаттады. Исаның кезінде яһуди аналар қыздары тұрмысқа шыққанда, оларға он драхма тиынын беретін. Мысалдағы жоғалған тиын осы он драхманың біреуі болса керек. Тиыны еденге түсті деп ойлаған әйел шамын жағып, жан-жағын іздей бастайды. Бірақ ештеңе таппайды. Кішкентай күміс тиынды байқауға майшамның жарығы жетпейді. Содан ол бүкіл үйді жақсылап сыпырып шығады. Сонда ол жиналған үйіндінің арасынан шамның жарығына жалт-жұлт еткен құнды тиынын көреді. Сөйтіп, әйелдің көңілі жай табады! Ол қуанышына ортақтассын деп, достары мен көршілерін шақырады.

5. Қауымнан қол үзіп қалғандарды табу неге күш салуды талап етеді?

5 Исаның мысалынан байқағанымыздай, жоғалған нәрсені табу біраз күшті талап етеді. Сол сияқты, қауымнан қол үзіп қалғандарды табу үшін бізге біраз тер төгу қажет болуы мүмкін. Олардың қауымнан алшақтап кеткеніне талай жыл өткен шығар. Ал олар басқа жаққа көшіп кеткен болса, жергілікті бауырластар оларды білмеуі мүмкін. Қауымнан қол үзіп қалған бұл бауырластардың кейбірі Ехобаға қайта оралуды аңсап жүргенінде күмән жоқ. Олар рухани отбасымен бірге Ехобаға қызмет еткісі келеді. Бірақ оларға біздің көмегіміз қажет.

6. Қауымдағылардың бәрі қауымнан қол үзгендерді табуға қалай үлес қоса алады?

6 Қауымнан қол үзгендерді табуға кімдер үлес қоса алады? Барлығымыз, мысалы ақсақалдар, ізашарлар, қауымдағы жариялаушылар, сондай-ақ отбасы мүшелері. Сіздің қауымнан қол үзіп, уағыздамай кеткен досыңыз не туысыңыз бар ма? Үйме-үй не көпшілік орындарында уағыздап жүргенде, сондай бауырласты кездестіргенсіз бе? Кездестіріп жатсаңыз, оған: “Егер ақсақалдардың келгенін қаласаңыз, оларға мекенжайыңызды не телефон нөміріңізді бере аламын”,— десеңіз болады.

7. Томас деген ақсақалдың сөздерінен не түйдіңіз?

7 Ехобаға оралғысы келетіндерді табу бірінші кезекте ақсақалдарға жүктелген. Олар мұны қалай істей алады? Испанияда тұратын Томас * есімді ақсақалдың не дейтінін көрейік. 40-қа жуық Куәгердің қауымға оралуына көмектескен ол былай дейді: “Алдымен мен әртүрлі бауырластардан қауымнан қол үзіп қалғандардың қайда тұратынын сұрастырып жүремін. Я болмаса жариялаушылардан қауымға келмей кеткен қандай бауырласты білетінін сұраймын. Қауымдағылардың көбісі қуана-қуана көмектеседі, өйткені оларды іздеуге өз үлестерін қосып жатқанын түсінеді. Кейін қауымнан қол үзген бауырластардың үйіне барғанда, мен олардан балалары мен туыстары жайлы сұрастырамын. Кейбіреулері бұрын балаларын қауымға әкеліп тұрған. Олардың кейбірі жариялаушы болған болуы мүмкін. Біз оларға да Ехобаға оралуға көмектесуіміз қажет”.

ЕХОБАНЫҢ ЖОҒАЛҒАН ҰЛДАРЫ МЕН ҚЫЗДАРЫН ҚАЙТАРАЙЫҚ

8. Лұқа 15:17—24 тармақтардағы мысалда әкесі адасқан ұлына қалай қарады?

8 Ехобаға қайта оралғысы келетіндерге көмектесу үшін қандай қасиеттер танытуымыз қажет? Қазір Исаның адасқан ұл жайлы мысалынан не үйренуге болатынын көрейік (Лұқа 15:17—24 оқыңыз). Иса адасқан ұлдың ақыр соңында есін жиып, үйіне оралғаны жайлы айтқан. Әкесі оның алдынан жүгіріп шығып, жақсы көретінін көрсетіп ыстық құшағына алды. Ұлының ар-ұжданы мазалап, ол өзін әкесінің ұлы деп аталуға лайықсыз сезінді. Әкесі ішіндегісін ақтарып айтқан ұлына елжіреп, жаны ашып кетті. Әкесі ұлын жалшы ретінде емес, отбасының бағалы мүшесі ретінде қабыл алатынын ісімен көрсетті. Ол өкінген ұлы үшін той жасап, оған ең жақсы шапан кигізді.

9. Қауымнан қол үзгендерге көмектесу үшін қандай қасиеттер танытуымыз керек? (“ Қайта оралғысы келгендерге көмектесіңіз” деген қоршауды қараңыз.)

9 Ехоба мысалдағы әкеге ұқсайды. Ол қауымнан қол үзіп қалған бауырластарды жақсы көреді, олардың оралғандарын қалайды. Біз де Ехобаға еліктеп, оларға қайта оралуға көмектесе аламыз. Бұл үшін шыдамдылық, жанашырлық пен сүйіспеншілік танытуымыз керек. Неге біз дәл осы қасиеттерді танытуымыз қажет және оларды қалай таныта аламыз?

10. Адамның рухани сауығуына көмектескен кезде, шыдамдылық таныту қаншалықты маңызды?

10 Адамның рухани сауығуына көп уақыт қажет. Сондықтан біздің шыдамды болғанымыз аса маңызды. Қауымға қайта оралғандардың көбісі бірден емес, ақсақалдар мен бауырластар қайта-қайта келгеннен кейін ғана оралғандарын айтады. Азияда тұратын Нэнси бауырлас былай дейді: “Қауымдағы жақын құрбым маған көп көмектесті. Ол мені өз сіңлісіндей жақсы көрді. Ол бұрын бірге өткізген жақсы кездерімізді есіме салды. Іштегі сезімдерімді шыдаммен тыңдады және кеңес беруден тартынбады. Ол маған кез келген уақытта көмекке келетін нағыз дос бола білді”.

11. Жандары жаралы бауырластарға көмектесу үшін неліктен жанашырлық қажет?

11 Жанашырлық қасиеті жаралы жанды емдейтін шипамай іспетті. Қауымнан қол үзгендердің кейбірі қауымдағы біреуге ренжіп, жылдар бойы сол өкпесінен арылмаған. Бұндай сезім Ехобаға қайта оралуға деген қалауды тұншықтырады. Бәлкім, кейбіреулер әділетсіздік көргендей сезінетін шығар. Бұндай бауырластар өздерін тыңдайтын және сезімдерін түсінетін біреуге мұқтаж болуы мүмкін (Жақ. 1:19). Бір кездері қауымнан қол үзіп қалған Мария былай дейді: “Мен біреудің мені тыңдағанына, жұбатқанына, кеңес беріп, көмектескеніне зәру болдым”.

12. Ехоба қауымнан қол үзгендерді сүйіспеншілігімен қалай өзіне жақындатып тартатынын мысалмен түсіндіріңіз.

12 Киелі кітапта Ехобаның өз халқын сүйіспеншілікпен жетелеп, өзіне жақындатып тартатыны айтылған. Ол мұны қалай істейді? Мынадай жағдайды елестетіп көрейік: Сіз буырқанған теңіздің ортасында суға батып бара жатырсыз. Сонда біреу сізге құтқару шеңберін лақтырады. Сіз бұған қуанып кетесіз, өйткені соның арқасында батпай, су бетінде қалқып тұра аласыз. Алайда аман қалу үшін бұл жеткіліксіз. Су өте суық болғандықтан, сіз қайыққа жетіп алуыңыз керек. Бірақ ол үшін біреу жіп не арқан лақтырып, сізді тартып шығарып алу керек. Ехоба кезінде өзінен алшақтап кеткен исраилдіктер жайлы: “Мен оларды... сүйіспеншіліктің жібімен жетелеп жүрдім”,— деген (Ошия 11:4). Бүгінде Ехоба өзіне қызмет етпей кеткен және қиындықтарға батып жүрген бауырластарға тура осылай қарайды. Ехоба оларды жақсы көреді және оларды өзіне жақындатып тартқысы келеді. Оларға сүйіспеншілігін көрсету үшін Ехоба сізді қолдануы мүмкін.

13. Бауырластық сүйіспеншіліктің күшін көрсететін бір оқиғаны айтып беріңіз.

13 Қауымнан қол үзіп, уағыздауды доғарған бауырластарға Ехобаның оларды жақсы көретінін айтып отырғанымыз маңызды. Өзіміз де оларға сүйіспеншілігімізді көрсете беруіміз керек. Өткен мақалада айтылған Пабло 30 жылдан аса уақыт бойы қауымнан жырақта жүрген. Ол былай дейді: “Бірде таңертең үйден шығып бара жатқанымда, бір мейірімді қарт әйел бауырлас мені көріп, өте жұмсақ мәнерде сөйлесті. Мен жас балаша жылай бастадым. Мен ол бауырласқа оны маған Ехобаның өзі жібергенін айттым. Сол сәтте мен Ехобаға ораламын деп шештім”.

ӘЛСІЗДЕРГЕ СҮЙІСПЕНШІЛІКПЕН ҚОЛДАУ КӨРСЕТЕЙІК

14. Лұқа 15:4, 5-тегі мысалда бағушы қойы табылғанда не істеді?

14 Қауымнан алшақтап кеткен бауырластарды тапқаннан кейін, оларға үздіксіз қолдау көрсете беруіміз керек. Исаның мысалындағы адасқан ұл сияқты олардың да көңілдері қажып жүрген болуы мүмкін. Бәлкім, олар Шайтанның дүниесінде жүргендіктен, рухани әлсіз шығар. Біз оларға Ехобаға деген сенімдерін қайтадан нығайтуға көмектесуіміз керек. Ал жоғалған қой жайлы мысалында Иса бағушының қойды өз иығына салып, отарға әкелгенін айтқан. Бұл бағушы жоғалған қойын табуға көп уақыты мен күшін жұмсады. Бірақ ол қойды тауып қана қоймай, оның өз күшімен отарға қайта алмайтындығын түсініп, қойды көтеріп әкелді (Лұқа 15:4, 5 оқыңыз).

15. Ехобаға қайта оралғысы келетін рухани әлсіз бауырластарға қалай қолдау көрсете аламыз? (“ Баға жетпес құрал” деген қоршауды қараңыз.)

15 Бауырластарға қауымға оралуға кедергі болып жатқан әлсіздіктерін жеңуге көмектесу үшін, көп уақыт пен күш жұмсауымыз қажет болуы мүмкін. Ехобаның киелі рухының, Киелі кітаптың және ұйым шығаратын әдебиеттердің көмегімен біз оларға қайтадан рухани мықты болуға көмектесе аламыз (Рим. 15:1). Бұны қалай істесек болады? Бір тәжірибелі ақсақал былай дейді: “Қауымнан қол үзгендер Ехобаға қайта оралуды нық шешіп жатса, олардың көбісімен Киелі кітапты зерттеу * қажет болып жатады”. Егер ақсақал сізден осындай бауырласпен зерттеуді сұраса, бұған қуана-қуана келісіңіз. Әлгі ақсақал тағы былай деп қосты: “Зерттеуді жүргізетін бауырлас зерттеуші сенім арта алатындай жақсы дос бола білу керек”.

КӨКТЕГІ ҚУАНЫШ ПЕН ЖЕРДЕГІ ҚУАНЫШ

16. Бізге періштелердің көмектесетінін қайдан білеміз?

16 Ехобаға қайтуды аңсайтын бауырластарды табуға періштелер де үлес қосатыны көп жағдайлардан көрінеді (Аян 14:6). Мысалы, Эквадорда тұратын Сильвио Ехобаға бар жүрегімен дұға етіп, қауымға қайтуға көмектесуін сұраған екен. Ол әлі де дұға етіп жатқанда, есік қағылады. Қараса, екі ақсақал келіп тұр екен. Сол кезден бастап ақсақалдар оған қажетті көмекті көрсетеді.

17. Рухани әлсіздерге көмектесу бізді қандай сезімге бөлейді?

17 Рухани әлсіз бауырластарға Ехобаға қайтуға көмектессек, зор қуанышқа кенелеміз. Сальвадор деген ізашар қауымнан қол үзіп қалғандарға көп көңіл бөлуге тырысады екен. Ол былай дейді: “Кейде қуаныштан көзіме жас келеді. Ехоба тағы бір бағалы қызметшісін Шайтанның дүниесінен алып шыққанын және осы орайда Ехобамен қызметтес болғанымды ойласам, бойымды шексіз қуаныш кернейді” (Ел. іс. 20:35).

18. Сіз де қауымнан қол үзіп қалған болсаңыз, не нәрсеге сенімді бола аласыз?

18 Егер сіз Ехобаның халқынан ажырап қалғандардың бірі болсаңыз, Ехобаның сізді әлі де жақсы көретініне сенімді болыңыз. Ол сіздің оралғаныңызды қалайды. Оған оралу үшін өз тарапыңыздан әрекет етуіңіз керек болады. Бірақ Исаның мысалындағы әке іспетті Ехоба да сіздің жолыңызға қарап жүр. Ол сізді құшақ жая қарсы алуға дайын!

103-ӘН Бағушылар — Құдайдың сыйы

^ 5-абзац Ехоба қауымнан қол үзіп қалғандар өзіне қайта оралса екен дейді. Біз Ехобаның “маған қайта оралыңдар” деген шақыруын қабыл алғысы келгендерге көмектесу үшін, көп нәрсе істей аламыз. Бұл мақаладан оларға қалай көмектесе алатынымыз жайлы білеміз.

^ 7-абзац Кейбір есімдер өзгертілген.

^ 15-абзац Қауымнан қол үзіп, уағыздауды доғарған кейбір бауырластар “Құдай сүйіспеншілігіне бөлене беріңіз” деген кітаптың кейбір бөліктерін зерттесе, кейбірі “Ехобаға жақында” кітабының кейбір тарауларын қарастыруы мүмкін. Мұндай зерттеуді кім жүргізетінін қауымның қызмет комитеті шешеді.

^ 68-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Үш бауырлас қауымға оралғысы келетін бауырласқа көмектесуде. Олар онымен хабарласып тұрады, оны жақсы көретінін көрсетеді және оны түсінікпен тыңдайды.