Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

23-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

“Сенің есімің киелі болсын!”

“Сенің есімің киелі болсын!”

“Уа, Ехоба, сенің есімің мәңгі қалады” (ЗӘБ. 135:13).

10-ӘН Құдайымыз Ехобаны мадақтайық!

АҢДАТПА *

1, 2. Ехоба куәгерлері қандай тақырыптарды өте маңызды санайды?

БІЗ үшін аса маңызды даулы мәселелер бар. Бұлар — Құдайдың бүкіләлемдік билігі және оның есімінің киелі болуы. Ехоба куәгерлері ретінде біз бұл тақырыптарды талқылағанды ұнатамыз.

2 Барлығымыз да Құдай есімінің жаладан тазаруы қажет екенін түсінеміз. Сондай-ақ Ехобаның бүкіләлемдік билігі ең жақсы билік екені дәлелденуі керектігін де білеміз. Бұл екеуі де өте маңызды әрі көңіл қоюға тұрарлық мәселелер. Алайда Құдайдың бүкіләлемдік билігі мен есімінің киелі болуы екі бөлек мәселе емес.

3. Ехоба деген есім нені қамтиды?

3 Негізі, Ехоба деген есім Құдайымыз жайлы барлық нәрсені қамтиды, оның ішіне билігі де кіреді. Демек, біз Құдай есімінің бүкіл жаладан тазаруы маңызды мәселе десек, онда Ехобаның билігі ең жақсы билік екенінің дәлелденуі де маңызды мәселе дегеніміз. Ехобаның есімі мен оның билігі бір-бірімен тығыз байланысты (“ Ең үлкен даулы мәселенің қырлары” деген қоршауды қараңыз.).

4. Зәбүр 135:13-те Құдайдың есімі жайлы не делінген және бұл мақалада қандай сұрақтарға жауап аламыз?

4 Ехоба деген есім — өте ерекше, дара есім (Зәбүр 135:13 оқыңыз). Құдайдың есімін ерекше ететін не? Оның есіміне алғаш рет қалай күйе жағылды? Құдай өз есімін қалай киелі етуде? Біз оның есімін қорғауға қалай үлес қоса аламыз? Қазір осы сұрақтарға жауап алайық.

ЕСІМНІҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

5. Ехобаның есімінің киелі болуы жайлы естігенде бізде қандай сұрақ туындауы мүмкін?

5 “Сенің есімің киелі болсын!” (Мат. 6:9). Иса дұғамызда айтылуы керек ең басты жайттардың бірі осы болу керектігін айтқан. Бірақ Исаның бұл сөздері нені білдіреді? Кейбіреулердің көкейінде “Ехобаның есімі онсыз да киелі емес пе?” деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұл сұраққа жауап алу үшін біз есімнің артында не тұрғаны жайлы ойлануымыз керек.

6. Есімді бағалы ететін не?

6 Есім деген — жай ғана жазуға не дыбыстауға болатын әріптердің жиынтығы емес. Назар аударсақ, Киелі кітапта: “Жақсат зор байлықтан артық”,— делінген (Нақ. с. 22:1; Уағ. 7:1). Есім неге соншалықты бағалы? Өйткені есімнің артында біреудің абыройы және өзгелердің ол жайлы не ойлайтыны тұрады. Есімнің қалай жазылып, қалай дыбысталатыны маңызды емес. Ең маңыздысы — сол есімнің басқалардың санасында қандай ой тудыратыны.

7. Адамдар қалай Құдайдың есімі жайлы жаман ой тудыруда?

7 Адамдар Ехоба жайлы өтірік айтқанда, өзгелердің санасында ол жайлы жаман ой тудыруға тырысады. Ал мұндай ойға қалған адамдар Құдайды кінәлап, оның есімін қаралауға бейім болады. Осындай жағдай алғаш рет адамзат тарихының басында болған. Едем бағында біреу Құдай жайлы жағымсыз нәрселер айтып, адамдардың ойында ол жайлы жаман пікір қалыптастыруға тырысты. Қазір сол оқиғаға тоқталайық.

ҚҰДАЙ ЕСІМІНІҢ АЛҒАШ РЕТ ҚАРАЛАНУЫ

8. Адам мен Хауа нені жақсы білді және қандай сұрақтар туындайды?

8 Адам мен Хауа Ехобаның есімін, сондай-ақ сол есімнің артында қандай Тұлға тұрғанын жақсы білді. Олар Ехобаның өздеріне өмір сыйлаған, әдемі жұмақ бағын және кемелді неке берген Жаратушы екенін білді (Мұс. 1-ж. 1:26—28; 2:18). Алайда олар кемелді саналарын қолданып, Ехобаның өздері үшін жасаған бар істері жайлы ойланды ма? Осы есімнің артында тұрған Тұлғаға деген сүйіспеншіліктері мен ризашылықтарын дамытты ма? Құдайдың жауы оларды сынаған кезде, бұл сұрақтардың жауабы айқын болды.

9. Мұсаның 1-жазбасы 2:16, 17; 3:1—5 тармақтарға сай, Ехоба алғашқы жұпқа не деді және Шайтан шындықты қалай бұрмалады?

9 Мұсаның 1-жазбасы 2:16, 17; 3:1—5 оқыңыз. Шайтан жыланды қолданып Хауадан: “Құдай сендерге бақтағы ешбір ағаштың жемісін жемеңдер деп шынымен айтты ма?”— деп сұрады. Қулықпен айтылған бұл сұрақтың астарында жатқан өтірік көрінбейтін у сияқты болды. Шын мәнінде, Құдай оларға бақтағы бір ағаштан басқасының бәрінен жей беруге рұқсат берген еді. Ал бақтың ішінде ағаштардың сан алуан түрлері бар еді (Мұс. 1-ж. 2:9). Расында да, Ехоба — жомарт Құдай. Ол бар болғаны бір ағашты белгілеп, оның жемісін жеуге тыйым салды. Шайтан болса шындықты бұрмалап, Құдайды сараң етіп көрсетті. Сонда Хауа: “Құдай бір жақсы нәрсені маған бермей қойған жоқ па екен?”— деген ойға қалған болуы мүмкін.

10. Қалай Шайтан Құдай есімін ашық қаралады және бұл неге әкеп соқты?

10 Осы оқиға орын алып жатқанда, Хауа әлі де Билеушісі ретінде Ехобаға мойынсұнды. Шайтанға жауап бергенде ол Құдайдың айтқан сөздерін анық қайталады. Ол ағашқа тіпті тимеуіміз керек деп қосты. Хауа Құдайдың ескертуіне мойынсұнбаса, өлетіндерін жақсы білді. Бірақ Шайтан оған: “Жоқ, өлмейсіңдер”,— деді (Мұс. 1-ж. 3:2—4). Шайтан бұл жолы астарламай, тікесінен айтты. Ол Хауаға Ехобаны өтірікші деп, Құдай есімін ашық қаралады. Осылай Шайтан ібіліске, яғни жалақорға айналды. Хауа толығымен алданып, Шайтанға сеніп қалды (Тім. 1-х. 2:14). Ол Ехобаға қарағанда Шайтанға көбірек сенім артты. Осының кесірінен Хауа әлемдегі ең бұрыс шешімді қабылдады: ол Ехобаға мойынсұнбауды шешті. Хауа Ехоба тыйым салған жемісті алып жеді, сосын Адамға берді (Мұс. 1-ж. 3:6).

11. Адам мен Хауа Ехобаның есімін қалай қорғаса болар еді?

11 Ойланып көрейік: Хауаның Шайтанға не деуіне болар еді? Мысалы, оның былай дейтіндей жөні бар еді: “Мен сенің кім екеніңді білмеймін, ал Әкем Ехобаны білемін. Мен оны жақсы көремін және оған сенемін. Ол Адам екеумізге бәрін берді. Ол жайлы жаман нәрсе айтуға қалай ғана дәтің барады? Кет, қасымнан!” Ехоба сүйікті қызының адалдықпен осылай дегенін естігенде, бір қуанып қалмас па еді?! (Нақ. с. 27:11). Бірақ Хауаның бойында Ехобаға деген айнымас сүйіспеншілік болмады. Адамның да бойынан бұл қасиет табылмады. Әкелеріне деген осындай сүйіспеншіліктері жетіспегендіктен, Адам мен Хауа Ехобаның есімін қорғай алмады.

12. Шайтан қалай Хауаның санасына күмән септі және Адам мен Хауа не істей алмады?

12 Байқағанымыздай, Шайтан Хауаның санасына күмән септі. Ол Хауаның бойында Ехоба деген есімнің артында қандай Тұлға тұрғанына қатысты күмән ұялатты. Адам мен Хауа Ехобаның есімі мен абыройын Шайтанның өтірігінен қорғай алмады. Олар Шайтанның айдауына оңай еріп, Әкелеріне қарсы бүлік шығарды. Шайтан бүгінде де тура сондай тәсіл қолданады. Ол өтірік айтып, Ехобаның есімін қаралайды. Шайтанның өтірігіне сеніп қалған адамдар оның айдауына оңай еріп, Ехобаның билік ету құқығын мойындамай қояды.

ЕХОБА ӨЗ ЕСІМІН КИЕЛІ ЕТЕДІ

13. Езекиел 36:23 Киелі кітаптың ең басты хабарына қалай назар аударады?

13 Ехоба өзіне жабылған жалаға көз жұмып, өзін еш қорғамады ма? Жоқ! Киелі кітаптың басынан аяғына дейін Едем бағында қараланған есімін жаладан тазарту үшін Ехобаның не істегені жайлы айтылады (Мұс. 1-ж. 3:15). Ендеше, Киелі кітаптың ең басты тақырыбын былай түйіндеуге болады: Ехоба Ұлының билік жүргізетін Патшалығы арқылы өз есімін киелі етеді және жер бетінде тыныштық пен әділдік орнатады. Сондықтан Киелі кітапты оқитын болсақ, Ехоба өз есімін қалай киелі ететінін түсінеміз (Езекиел 36:23 оқыңыз).

14. Едем бағында бүлік шыққан кезде, Ехобаның әрекеті оның есімін қалай киелі етті?

14 Шайтан Ехобаға өз ниетін жүзеге асыртпау үшін, қолынан келгеннің бәрін істеді. Бірақ мұнысынан түк шыққан жоқ. Киелі кітапта Ехобаның істері жайлы жазылған және бұл Ехоба Құдайға тең келер ешкімнің жоқ екенін дәлелдейді. Рас, Шайтанның және оған ергендердің шығарған бүлігі Ехобаның жүрегін ауыртты (Зәб. 78:40). Бірақ соған қарамай, Ехоба бұл мәселені даналықпен, шыдаммен және әділдікпен шешті. Сондай-ақ ол өзінің құдіретті күшін сансыз жолмен көрсетті. Бәрінен бұрын, оның әрбір ісінен сүйіспеншілігі көрінеді (Жох. 1-х. 4:8). Ехоба өз есімін киелі ету үшін тынбай әрекет етіп келеді.

Шайтан Хауаға Ехоба жайлы өтірік айтты және ол ғасырлар бойы Құдайды қаралап келеді (9, 10, 15-абзацтарды қараңыз) *

15. Шайтан бүгінде Құдайдың есімін қалай қаралауда және оның нәтижесі қандай болып жатыр?

15 Бүгінде Шайтан әлі де Құдай есімін қаралауда. Ол өтірік айтып, Құдайдың құдіретті, әділ, дана әрі сүйіспеншілігі мол екеніне қатысты адамдардың бойында күмән тудыруға тырысады. Мысалы, Шайтан адамдарды Ехоба Жаратушы емес дегенге сендіргісі келеді. Ал егер адамдар Құдай бар деп сенсе, ол Құдай мен оның талаптары тым қатал әрі әділетсіз дегенге сендіреді. Шайтан тіпті Ехоба тозақ отында азаптайтын тасжүрек әрі қатыгез Құдай деп үйретеді. Адамдар осындай сұмдық өтіріктерге сенген кезде, Құдайдан тез-ақ теріс айналып кетеді. Толығымен жойылатын күні келгенше Шайтан Ехобаның есімін қаралауын қоймайды. Ол сізді де Ехобадан теріс айналдыруға тырысады. Ол дегеніне жете ме екен?

ЕҢ ҮЛКЕН ДАУЛЫ МӘСЕЛЕДЕГІ СІЗДІҢ РӨЛІҢІЗ

16. Адам мен Хауа істемегенді сіз қалай істей аласыз?

16 Ехоба кемелсіз адамдарға есімінің киелі тұтылуына үлес қосуға мүмкіндік береді. Адам мен Хауа істемегенді сіз істей аласыз. Ехобаның есімін қаралайтын, қорлайтын адамдарға толы дүниеде жүрсеңіз де, сіз Ехобаның есімін қорғап, өзгелерге оның киелі, әділ, ізгі және сүюші Құдай екенін айта аласыз (Ишая 29:23, сілт.). Сіз оның билігін қолдай аласыз. Өзгелерге тек Ехобаның билігі ғана ең жақсы билік екенін әрі оның билігі ғана күллі жаратылысты тыныштық пен бақытқа жеткізетінін айта аласыз (Зәб. 37:9, 37; 146:5, 6, 10).

17. Иса адамдарға Ехобаның есімін қалай ашты?

17 Ехобаның есімін қорғаған кезде, біз Иса Мәсіхтің үлгісіне еліктейміз (Жох. 17:26). Иса адамдарға Әкесінің есімін ашты. Ол мұны Ехобаның есімін қолдану арқылы ғана емес, оның абыройын қорғау арқылы да істеді. Мысалы, ол Ехобаны қатал, талапшыл, адамдардан тым алыс, мейірімсіз етіп көрсеткен парызшылдарға қарсы сөйледі. Иса адамдарға Әкесінің иліккіш, шыдамды, сүйіспеншілігі мол, кешірімді екенін түсінуге көмектесті. Сондай-ақ ол күнделікті өмірде Әкесінің қасиеттеріне кемелді түрде еліктеп, адамдарға Ехобаның қандай екенін көрсетті (Жох. 14:9).

18. Ехобаға қатысты жала мен өтіріктерді қалай жоққа шығара аламыз?

18 Исаға ұқсап біз де өзгелерге Ехоба жайлы білгендерімізді айтып, оның сүйіспеншілігі мол әрі мейірімді Құдай екенін үйрете аламыз. Осылай етсек, Ехобаға қатысты жала мен өтіріктерді жоққа шығарамыз. Адамдарға Құдай есімін киелі тұтуға көмектессек, Ехобаның есімінің киелі болуына үлес қосамыз. Сондай-ақ біз кемелсіз болсақ та, Ехобаға еліктей аламыз (Ефес. 5:1, 2). Ехобаның шын мәнінде қандай екені сөзімізден және ісімізден көрініп тұрса, оның есімінің киелі болуына септігімізді тигіземіз. Біз адамдарға Құдай жайлы бұрыс пікірден арылуға көмектесу арқылы Ехобаның есімін ақтаймыз *. Сондай-ақ кемелсіз адам мінсіздік сақтай алатынын дәлелдейміз (Әйүп 27:5).

Біз зерттеушілерге Ехобаның мейірім мен сүйіспеншілікке толы болмысын білуге көмектескіміз келеді (18, 19-абзацты қараңыз) *

19. Тәлім бергенде басты мақсатымыз қандай болу керектігі Ишая 63:7-ден қалай көрінеді?

19 Ехобаның есімі киелі болу үшін біз істей алатын тағы бір нәрсе бар. Өзгелерге Киелі кітап шындықтарын үйреткенде, біз жиі Құдайдың бүкіләлемдік билігіне және оның билік етуге құқылы екеніне назар аударамыз. Адамдарға Құдайдың заңдарын үйрету маңызды болғанмен, біздің басты мақсатымыз — оларға Әкеміз Ехобаны сүюге және оған адал болуға көмектесу. Біз Ехоба деген есімнің артында қандай Тұлға тұрғанына назар аударып, Ехобаның тартымды қасиеттеріне екпін түсіруіміз керек (Ишая 63:7 оқыңыз). Осылай тәлім берер болсақ, өзгелер Ехобаны жақсы көріп, оған мойынсұнуды және мұны Ехобаға адал болғысы келгендіктен істеуді үйренеді.

20. Келесі мақалада не жайлы қарастырамыз?

20 Бірақ біздің жүріс-тұрысымыз бен берген тәліміміздің өзгелерге Ехобаның есімі жайлы жақсы пікірде болуға және оған тартылуға талпындырып жатқанына қалай көз жеткізе аламыз? Келесі мақалада осы сұраққа жауап алатын боламыз.

2-ӘН Сенің есімің — Ехоба

^ 5-абзац Күллі саналы жаратылыстар үшін қандай маңызды даулы мәселе бар? Бұл мәселе неге маңызды және оның бізге қандай қатысы бар? Осы және осымен байланысты сұрақтардың жауабын білгеніміз Ехобамен қарым-қатынасымызды нығайтуға көмектеседі.

^ 18-абзац Ехобаның есімінің ақталуы жайлы түсінік 2017 жылы өткен жылдық жиында қарастырылды (jw.org® сайтынан 2018 жылдың қаңтарында шыққан бағдарламаны қараңыз. КІТАПХАНА/JW BROADCASTING® деген жерді қараңыз).

^ 62-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Шайтан Хауаға Құдайды өтірікші деп қаралады. Ғасырлар бойы Шайтан Құдайды қатыгез етіп көрсетіп келеді және адамдарды Құдай жаратпаған деген жалған ілімдерді таратуда.

^ 64-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Зерттеу сабағын өткізіп отырған ер бауырлас Құдайдың болмысына назар аударып жатыр.