Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

27-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

“Өздерің туралы тиістісінен артық ойламаңдар”

“Өздерің туралы тиістісінен артық ойламаңдар”

“Әрбіріңе мынаны айтамын: өздерің туралы тиістісінен артық ойламаңдар. Қайта, есті болып, Құдай әрқайсысыңа берген сенімнің мөлшеріне сай ойлаңдар” (РИМ. 12:3).

130-ӘН Кешірімді болайық

АҢДАТПА *

1. Філіпіліктерге 2:3-те қандай кеңес жазылған және оның қандай пайдасы бар?

БІЗ Ехобаның талаптарына кішіпейілділікпен мойынсұнамыз, өйткені ол біз үшін ненің жақсы екенін бізге қарағанда әлдеқайда жақсырақ білетінін түсінеміз (Ефес. 4:22—24). Кішіпейіл болсақ, біз Ехобаның еркін өз қалауымыздан маңыздырақ санаймыз және өзгелерді өзімізден жоғары қоямыз. Нәтижесінде Ехобамен де, бауырластармен де қарым-қатынасымыз жақсы болады (Філіпіліктерге 2:3 оқыңыз).

2. Елші Пауыл нені түсінген және біз бұл мақалада не қарастырамыз?

2 Абай болмасақ, Шайтанның дүниесіндегі көкірек, өзімшіл * адамдар бізге әсер етіп кетуі мүмкін. Ертедегі кейбір мәсіхшілерге осындай қауіп төнген болса керек Пауыл Римдегі бауырластарға былай деп жазған: “Әрбіріңе мынаны айтамын: өздерің туралы тиістісінен артық ойламаңдар. Қайта, есті болып, Құдай әрқайсысыңа берген сенімнің мөлшеріне сай ойлаңдар” (Рим. 12:3). Пауыл адамның өзіне деген қандай да бір шамада қадір-қасиеті болуы керектігін түсінген. Алайда кішіпейілділік қасиеті өзіміз жайлы ойлағанда тепе-теңдік сақтауға көмектеседі. Осы мақаладан қандай үш салада кішіпейілділік өзіміз жайлы тым көп ойламауға көмектесетінін білеміз: 1) некеде, 2) Ехобаның ұйымында жауапкершіліктер атқарғанда және 3) әлеуметтік желіні қолданғанда.

НЕКЕДЕ КІШІПЕЙІЛ БОЛЫҢЫЗ

3. Неге некеде келіспеушіліктер туындауы мүмкін және кейбіреулер оларды қалай шешуге тырысады?

3 Ехоба неке құрылымын күйеу мен әйел үшін бақыттың көзі болсын деп орнатты. Ешкім де кемелді болмағандықтан, некеде келіспеушіліктер болып тұруы мүмкін. Пауыл ерлі-зайыптылардың қандай да бір қиындықтарға кезігетінін жазған (Қор. 1-х. 7:28). Кейбіреулер зайыбымен үнемі ұрыса беретіндіктен, “бір-бірімізге мүлде сай келмейміз” деп ойлауы мүмкін. Егер олар осы дүниенің ықпалына берілген болса, ойларына бірден ажырасу келеді. Олар тек өздеріне жақсы болу жағын ғана ойлайды.

4. Біз қандай ойға жол бермеуіміз керек?

4 “Некем сәтсіз болды” деген көзқарасқа мүлдем жол бермеуіміз керек. Біз Киелі жазбалар азғындықтан басқа себеппен ажырасуға тыйым салатынын білеміз (Мат. 5:32). Сондықтан некеде Пауыл айтқан қиындықтарға кезігіп жатсақ, көкіректікке салынып: “Жұбайым менің қамымды ойламайды. Мен бұдан да көп махаббатқа лайықтымын. Бәлкім, басқа адаммен бақыттырақ болар ма едім”,— деп ойламауымыз керек. Бұндай ойлар тек “мен” деп қалған адамға тән. Осы дүниенің даналығы, тіпті некені үзуге тура келсе де, “жүрегіңді тыңда, өз бақытыңды ойла” деп үйретеді. Ал Құдайдың даналығы “тек өз мүдделеріңді емес, басқалардың да мүддесін ойлаңдар” деп үйретеді (Філіп. 2:4). Ехоба сіздің некеңізді үзбей, сақтап қалғаныңызды қалайды (Мат. 19:6). Бірінші кезекте өзіңізді емес, Ехобаны ойлаңыз. Ехоба осыны қалайды.

5. Ефестіктерге 5:33-ке сай, күйеуі мен әйелі бір-біріне қалай қарау керек?

5 Күйеуі мен әйелі бір-біріне сүйіспеншілік пен құрмет танытулары керек (Ефестіктерге 5:33 оқыңыз). Киелі кітап бізді алудан гөрі беруді көздеуге талпындырады (Ел. іс. 20:35). Ерлі-зайыптыларға бір-біріне сүйіспеншілік пен құрмет танытуға қандай қасиет көмектеседі? Кішіпейілділік. Кішіпейіл күйеу мен әйел өз игіліктерін емес, “өзгенің игілігін ойлайды” (Қор. 1-х. 10:24).

Кішіпейіл ерлі-зайыптылар бір-бірімен бақталаспай, бір команда сияқты әрекет етеді (6-абзацты қараңыз)

6. Стивен мен Стефанидің айтқандарынан не түйдіңіз?

6 Кішіпейілділіктің арқасында көптеген мәсіхші жұбайлар некелерін әлдеқайда бақытты еткен. Мысалға, Стивен есімді отағасы былай дейді: “Егер күйеуі мен әйелі бір команда болса, олар бірлесе әрекет ететін болады, әсіресе қиындықтар туындағанда. Олар “мен үшін ең дұрысы не?” деудің орнына, “біз үшін ең дұрысы не?” деп ойланады”. Оның жұбайы Стефани да осындай ойда екен. Ол былай дейді: “Ешкім де бақталас адаммен өмір сүргісі келмейді. Бір келіспеушілік бола қалғанда, біз қиындықтың түпкі себебін табуға тырысамыз, кейін дұға етеміз, ізденіс жүргіземіз және ашық сөйлесеміз. Біз бір-бірімізбен емес, қиындықпен күресеміз”. Некеде адам өзінен гөрі жұбайын көбірек ойлайтын болса, әлдеқайда бақытты болады.

ЕХОБАҒА ҚЫЗМЕТ ЕТКЕНДЕ “ӘРДАЙЫМ КІШІПЕЙІЛ” БОЛЫҢЫЗ

7. Жауапкершіліктер алғанда ер бауырлас қандай көзқараста болу керек?

7 Біз Ехобаға қызмет етудің кез келген түрін мәртебе санаймыз (Зәб. 27:4; 84:10). Ер бауырластың Ехобаның ұйымында көбірек қызмет етуге ықыласты болғаны мақтауға тұрарлық. Киелі кітапта: “Егер біреу бақылаушы міндетіне ұмтылса, оның игілікті істі қалағаны”,— делінген (Тім. 1-х. 3:1). Алайда ол жауапкершіліктер алғанда өзі жайлы тиістісінен артық ойламауы қажет (Лұқа 17:7—10). Оның мақсаты өзгелерге кішіпейілділікпен қызмет ету болу керек (Қор. 2-х. 12:15).

8. Диотреп, Ұзиях пен Абессаломның оқиғаларынан не нәрсеге үйренеміз?

8 Киелі кітапта өздері жайлы тым көп ойлаған адамдардың оқиғалары бар. Олар бізге ескерту болып табылады. Қарапайымдылықтан жұрдай болған Диотреп қауымда “басшы болуды” көздеді (Жох. 3-х. 9). Ұзиях көкіректікпен Ехоба тапсырмаған істі атқарғысы келді (Шеж. 2-ж. 26:16—21). Патша болғысы келген Абессалом қулықпен халықтың қолдауына ие болуға ұмтылды (Сам. 2-ж. 15:2—6). Киелі кітаптағы осы оқиғалардан көрінетіндей, Ехоба өз мүддесін басты орынға қоятын адамдарды ұнатпайды (Нақ. с. 25:27). Көкіректік пен тәкаппарлық түбінде тек күйреуге алып келеді (Нақ. с. 16:18).

9. Иса қандай үлгі қалдырды?

9 Ал Иса бұл көкірек адамдардан мүлдем өзгеше болды. “Ол Құдайдың кейпіне ие бола тұра, оның дәрежесіне қол сұғуды, яғни онымен тең болуды ойлаған жоқ” (Філіп. 2:6). Ехобадан кейін тұрған екінші тұлға болса да, Иса өзі жайлы тиістісінен артық ойламайды. Бірде ол шәкірттеріне: “Араларыңда кім өзін кіші тұтса, сол — ұлыларың”,— деген (Лұқа 9:48). Кішіпейілділік танытуда Исаға еліктейтін ізашарлармен, қызмет көмекшілерімен, ақсақалдармен және аудандық бақылаушылармен қызметтесу біз үшін зор бата! Кішіпейіл болсақ, біз бір-бірімізге көбірек сүйіспеншілік танытамыз. Иса Құдайдың шынайы қызметшілері сүйіспеншілік танытуларымен ерекшеленетінін айтқан (Жох. 13:35).

10. Қауымдағы қиындықтар сізге дұрыс шешілмей жатқандай көрінсе, не істейсіз?

10 Сізге қауымда қиындықтар бардай не ақсақалдар оларды дұрыс шешпей жатқандай көрінгенде, не істейсіз? Наразы болудың орнына, басшылықты қолға алғандарды қолдап, кішіпейілділік танытуыңызға болады (Евр. 13:17). Осылай әрекет етуге көмектесетін келесі сұрақтар жайлы ойланып көріңіз: “Мен байқаған қиындықтар түзетуді қажет ететіндей үлкен бе? Дәл қазір сол қателіктерді түзететін уақыт па? Оларды түзету менің ісім бе? Шындыққа тура қарайтын болсам, мен көбірек қауымның бірлігін ойлап жатырмын ба, әлде өзімді ме?”

Жауапкершіліктері бар бауырластар қабілеттерімен ғана емес, кішіпейілділіктерімен де танылу керек (11-абзацты қараңыз) *

11. Ефестіктерге 4:2, 3-ке сай, кішіпейіл болсақ, қауым мұның қандай пайдасын көреді?

11 Ехоба үшін қабілеттен гөрі кішіпейілділік артық, өнімділіктен гөрі бірлік артық. Ендеше, Ехобаға кішіпейілділікпен қызмет ету үшін барыңызды салыңыз. Сонда қауымның бірлікте болуына үлес қосасыз (Ефестіктерге 4:2, 3 оқыңыз). Кішіпейілділікті қандай жолдармен таныта аласыз? Уағыз ісіне мейлінше көбірек атсалысыңыз. Өзгелерге қызмет етудің жолын тауып, оларға жақсылық жасаңыз. Барлығына, соның ішінде қауымда ешқандай жауапкершілігі жоқ бауырластарға да қонақжайлылық танытыңыз (Мат. 6:1—4; Лұқа 14:12—14). Қауымдағы бауырластармен қызметтескенде кішіпейіл болсаңыз, олар сіздің қабілетіңізді ғана емес, кішіпейілділігіңізді де байқайды.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІНІ ҚОЛДАНҒАНДА КІШІПЕЙІЛДІЛІК ТАНЫТЫҢЫЗ

12. Киелі кітаптың бізді достар табуға талпындыратыны неден көрінеді? Түсіндіріңіз.

12 Ехоба бізді отбасымызбен және достарымызбен араласқаннан қуаныш алатындай етіп жаратқан (Зәб. 133:1). Исаның да достары болған (Жох. 15:15). Киелі кітапта шынайы достардың болғаны пайдалы екені айтылған (Нақ. с. 17:17; 18:24). Сондай-ақ онда оқшауланудың жақсы емес екені де айтылады (Нақ. с. 18:1). Көбісі әлеуметтік желі көп достар табуға және жалғыздық сезінбеуге көмектеседі деп ойлайды. Алайда араласудың бұл түрін қолданғанда, абай болғанымыз жөн.

13. Әлеуметтік желіні қолданатындардың кейбірі неге жалғыздық сезініп, депрессияға ұшырайды?

13 Жүргізілген зерттеулерге сай, әлеуметтік желіні шарлауға көп уақыт жұмсайтын адамдар ақырында жалғыздық сезініп, депрессияға ұшырайды екен. Оның бір себебі — адамдар жиі әлеуметтік желіге өмірлерінің тек жақсы жақтарын көрсететін суреттерді таңдап, өздерінің, достарының және болған жерлерінің суреттерін салады. Бұл суреттерді көрген адам өз өмірін сол адамның өмірімен салыстырып, “менің өмірім түк қызық емес, тіпті іш пыстырарлық екен ғой” деп ойлауы мүмкін. “Үйде зерігіп отырғанымда өзгелердің демалыс күндерін күшті өткізіп жатқанын көріп, қатты көңілім түсіп кететін”,— дейді 19 жасар қыз бауырлас.

14. Петірдің 1-хаты 3:8-дегі кеңес әлеуметтік желіні дұрыс пайдалануға қалай көмектеседі?

14 Әрине, әлеуметтік желінің жақсы жақтары да бар. Мысалы, біз отбасымызбен, достарымызбен хабарласып тұра аламыз. Бірақ әлеуметтік желідегі кейбір түсініктемелерден, суреттер мен видеолардан адамдар өздеріне қатты назар аудартқысы келетінін байқағансыз ба? Олар тура “маған қарашы” деп тұрғандай болады. Кейбіреулер тіпті өздерінің не өзгелердің суреттерінің астына дөрекі және тұрпайы сөздер жазып қояды. Бірақ мәсіхшілер әлеуметтік желіні мұндай мақсатта қолданбайды, өйткені олар кішіпейіл болуға және өзгелерді сүюге шақырылады (Петірдің 1-хаты 3:8 оқыңыз).

Желіге салған мәліметіңізден мақтаншақтық байқала ма, әлде кішіпейілділік пе? (15-абзацты қараңыз)

15. Киелі кітап бізге маңызсынып кетуден аулақ болуға қалай көмектеседі?

15 Егер әлеуметтік желіні пайдаланып жүрсеңіз, былай деп ойланып көріңіз: “Түсініктемелерім, суреттерім мен видеоларым өзгелерге мақтанып жатқандай әсер қалдырмай ма? Өзгелердің бойында қызғаныш оятпаймын ба?” Киелі кітапта: “Осы дүниедегінің бәрі — тән құмарлығы, көздің қалауы және дүние-мүлікке мақтану — Әкеден емес, осы дүниеден бастау алған”,— делінген (Жох. 1-х. 2:16). Киелі кітаптың басқа аудармасында “дүние мүлікке мақтану” деген тіркес “маңызды болып көрінуді қалау” деп аударылған. Мәсіхшілер өздерін маңызсынып, жұрттың назарын өздеріне қаратқысы келмейді. Киелі кітаптағы мына бір кеңеске ден қойыңыз: “Атаққұмар болып, бір-бірімізді бақталастыққа итермелемейік, іштарлық та жасамайық” (Ғал. 5:26). Кішіпейілділік қасиеті бізге осы дүниедегі өздерін маңызсынып кеткен адамдардың рухын жұқтырып алмауға көмектеседі.

“ЕСТІ БОЛЫҢДАР”

16. Неге біз көкіректіктен аулақ болуымыз керек?

16 Біз кішіпейілділік қасиетін дамытуымыз керек, өйткені көкірек адамдар естілік таныта алмайды (Рим. 12:3). Көкірек адамдар дауласқанды жақсы көреді, әрі өзімшіл келеді. Олардың ойлары мен әрекеттерінен жиі өздері де, өзгелер де жапа шегіп жатады. Олар ойларын өзгертпесе, Шайтан олардың саналарын соқыр қылып, ақыл-ойларын бұзады (Қор. 2-х. 4:4; 11:3). Ал кішіпейіл адамдар есті болады. Олар өздеріне қатысты байсалды көзқарас сақтап, өзгелердің олардан көп жағынан жоғары екенін түсінеді (Філіп. 2:3). Сондай-ақ олар “Құдай тәкаппарларға қарсы тұратынын, ал кішіпейілдерге рақымын төгетінін” біледі (Пет. 1-х. 5:5). Есті адамдар Ехобаның қарсыласына айналғысы келмейді.

17. Кішіпейіл болып қалу үшін не істеуіміз керек?

17 Кішіпейіл болып қалу үшін біз Киелі кітаптағы: “Ескі болмыстарыңнан іс-әрекеттерімен қоса арылып,.. жаңа болмысқа ие болыңдар”,— деген кеңеске құлақ асуымыз керек. Бұл көп күш салуды талап етеді. Біз Исаның үлгісін зерттеп, оған барынша еліктеуге тырысуымыз керек (Қол. 3:9, 10; Пет. 1-х. 2:21). Бұл — күш салуға тұратын іс. Кішіпейілділік дамытар болсақ, отбасымыз бақытқа кенеледі, қауымда татулық пен бірлік болады және әлеуметтік желіні бұрыс мақсатта қолданудан сақ боламыз. Бәрінен бұрын, Ехобаның батасы мен ықыласына ие боламыз.

117-ӘН Ізгілік қасиеті

^ 5-абзац Бүгінде біз көкірек, өзімшіл адамдарға толы дүниеде өмір сүрудеміз. Олардың көзқарастарын жұқтырып алмас үшін, абай болуымыз керек. Осы мақаладан қандай үш салада өзіміз туралы тиістісінен артық ойламауымыз керектігін білеміз.

^ 2-абзац СӨЗ МӘНІ: Көкірек адам басқалардан гөрі өзін көп ойлауға бейім. Сондықтан ол өзімшіл келеді. Ал кішіпейілділік қасиеті адамға өзімшіл болмауға көмектеседі. Кішіпейіл адамның бойында көкіректік пен тәкаппарлық болмайды.

^ 56-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Конгресте баяндама айтуға және өзге бауырластарға жетекшілік етуге қабілеті бар ақсақал уағыздау кездесуін жүргізу және Патшалық сарайын тазалау сияқты қызметтерді де қуана атқарады.