Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

28-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Нанымдарыңыздың шындық екеніне сенімді болыңыз

Нанымдарыңыздың шындық екеніне сенімді болыңыз

“Сен үйренген әрі көзің жеткен нәрселерді бұдан былай да ұстана бер” (ТІМ. 2-Х. 3:14).

56-ӘН Шындық жолын таңда

АҢДАТПА *

1. Біз “шындық” дегенде нені ойда тұтамыз?

“ШЫНДЫҚТЫ қалай таптыңыз?” “Шындықта өстіңіз бе?” “Шындықта жүргеніңізге қанша уақыт болды?” Осы сияқты сұрақтарды көп естіген шығарсыз не өзіңіз қойған боларсыз. “Шындық” дегенде біз нені ойда тұтамыз? Жалпы, бұл сөзді біз сенімімізді, ғибадатымызды және өмір салтымызды сипаттау үшін қолданамыз. “Шындықта” жүрген адамдар Киелі кітаптың неге үйрететінін біледі және сондағы принциптерге сай өмір сүреді. Соның арқасында олар жалған діннің құрсауынан азат және кемелсіз адам үшін ең мүмкін болған бақытты өмірдің рақатын көріп жүр (Жох. 8:32).

2. Жохан 13:34, 35-ке сай, алғашында шындық адамға несімен ұнауы мүмкін?

2 Алғашында шындық сізге несімен ұнады? Бәлкім, Құдай халқының жақсы жүріс-тұрысы ұнаған шығар (Пет. 1-х. 2:12). Я болмаса олардың танытқан сүйіспеншілігі ұнаған болар. Жиналысқа алғаш келгендердің көбі сахнада айтылғандардан гөрі, сол жердегі сүйіспеншілікті ерекше жадында сақтап қалады екен. Бұл таңғалдырмайды, өйткені Иса жұрт оның шәкірттерін өзара сүйіспеншіліктерінен танитынын айтқан (Жохан 13:34, 35 оқыңыз). Бірақ мықты сенімге ие болу үшін бұдан да көп нәрсе қажет.

3. Егер сеніміміз тек бауырластардың арасындағы мәсіхшілік сүйіспеншілікке ғана негізделсе, не болуы мүмкін?

3 Біздің сеніміміз тек Құдай халқының арасындағы мәсіхшілік сүйіспеншілікке ғана негізделмеу керек. Неліктен? Өйткені қандай да бір бауырлас, тіпті ақсақал не ізашар, ауыр күнә жасаса, я болмаса бір бауырлас сізді ренжітіп қойса немесе жолдан тайып, “бұл шындық емес” деп шықса, сіз бұған сүрініп, Ехобаға қызмет етпей қоюыңыз мүмкін. Бұдан мынадай түйін шығаруға болады: егер Құдайға деген сеніміңіз онымен қарым-қатынасыңызға емес, тек өзгелердің әрекетіне негізделсе, сеніміңіз болаттай берік болмайды. Сенімді үйге теңеуге болады. Оны соғу үшін тек сезімдер мен эмоциялар сияқты жұмсақ материалдар ғана емес, нақты айғақтар мен дәлелдер сияқты қатты материалдар да қажет. Сіз Киелі кітапта Ехоба жайлы шындықтар жазылғанына өзіңіз көз жеткізіп алуыңыз керек (Рим. 12:2).

4. Матай 13:3—6, 20, 21-ге сай, сынақтар кейбіреулердің сенімдеріне қалай әсер етеді?

4 Иса кейбіреулердің шындықты “қуана қабылдайтынын”, бірақ сынақ кезінде сенімдері қурап қалатынын айтқан (Матай 13:3—6, 20, 21 оқыңыз). Олар Исаның соңынан ергендер қиындықтарға кезігетінін түсінбеген болса керек (Мат. 16:24). Я болмаса мәсіхшілік өмірді тек қана баталардан тұратын, қиындықсыз өмір деп елестеткен болуы мүмкін. Бірақ осы кемелсіз дүниеде қиындықтарсыз болмайды. Кейде көңілімізге қаяу түсіретін жағдайлар болып тұрады (Зәб. 6:6; Уағ. 9:11).

5. Көптеген бауырластар нанымдарының шындық екеніне толық сенімді екендерін қалай дәлелдеп жүр?

5 Бауырластарымыздың басым бөлігі нанымдарының шындық екеніне толықтай сенетіндерін дәлелдеп жүр. Қалайша? Қандай да бір бауырлас ренжіткенде не оның жүріс-тұрысы мәсіхшілерге сай келмегенде, олардың сенімдері еш шайқалмайды (Зәб. 119:165). Сынақтарға кезіккен сайын, олардың сенімдері әлсіремейді, керісінше, мықты бола түседі (Жақ. 1:2—4). Осындай мықты сенімге қалай қол жеткізе аламыз?

“ҚҰДАЙ ЖАЙЛЫ ТУРА БІЛІМ” АЛЫҢЫЗ

6. Бірінші ғасырдағы шәкірттер сенімдерін не нәрсеге негіздеді?

6 I ғасырдағы шәкірттер өздерінің сенімдерін Жазбалардағы білімге және Иса Мәсіхтің ілімдеріне, яғни “ізгі хабардың шындығына” негіздеген (Ғал. 2:5). Бұл шындық мәсіхшілердің ілімдерін түгел қамтыған, оның ішінде Исаның төлем құрбандығы мен оның қайта тірілуі жайлы ілімдер де бар. Елші Пауыл бұл ілімдердің шындық екеніне сенімді болған. Бұны қайдан білеміз? Ол Жазбаларды қолданып, “Мәсіхтің азап шегуі және қайта тірілуі керек болғанын” дәлелдеген (Ел. іс. 17:2, 3). I ғасырдағы шәкірттер осы ілімдерді қабылдады және Құдай Сөзін түсіну үшін киелі рухқа жүгінді. Олар осы ілімдердің Жазбаларға негізделгеніне көздерін жеткізіп алды (Ел. іс. 17:11, 12; Евр. 5:14). Олар өз сенімдерін тек сезімдер мен эмоцияларға негіздемеді және олардың Ехобаға қызмет етуіне бауырластармен араласуды ұнатқандары ғана себеп болған жоқ. Қайта, олардың сенімдері “Құдай жайлы тура білімге” негізделді (Қол. 1:9, 10).

7. Киелі кітап шындықтарына негізделген сенімнің біз үшін қандай пайдасы бар?

7 Құдай Сөзіндегі шындықтар ешқашан өзгермейді (Зәб. 119:160). Қандай да бір бауырлас бізді ренжітсе де, күнә жасаса да, не өзіміз қиындыққа кезіксек те, шындық еш өзгермейді. Сондықтан біз Киелі кітап ілімдерін өте жақсы білуіміз керек және олардың шындық екеніне сенімді болуымыз қажет. Дүлей дауылдарда зәкірдің қайықты ұстап тұратыны сияқты, Киелі кітап шындықтарына негізделген берік сенім де сынақтарда шайқалмауға көмектеседі. Сіз нанымдарыңыздың шындық екеніне деген сенімділігіңізді қалай нығайта аласыз?

“АҚЫЛ-ОЙЫҢЫЗДЫ ІСКЕ ҚОСЫҢЫЗ”

8. Тімөтеге 2-хат 3:14, 15-тен көрінетіндей, нанымдарының шындық екеніне Тімөтенің көзін не жеткізді?

8 Тімөте нанымдарының шындық екеніне сенімді болды. Ол мұндай сенімге қалай қол жеткізді? (Тімөтеге 2-хат 3:14, 15 оқыңыз). Тімөте “Киелі жазбалардағы” шындықтар жайлы алғаш рет анасы мен әжесінен білген. Бірақ оның өзі де сол жазбаларды зерттеуге уақыт пен күш жұмсағаны шүбәсіз. Зерттеп-білгендері Жазбаларда жазылғандардың шындық екеніне Тімөтенің көзін жеткізді. Кейінірек, оның өзі де, анасы мен әжесі де мәсіхшілердің ілімдері жайлы білді. Күмән жоқ, Тімөте Исаның ізбасарларының танытқан сүйіспеншілігіне тәнті болған, әрі ол сол бауырластармен араласып, оларға қамқорлық көрсеткісі келген (Філіп. 2:19, 20). Алайда оның сенімі адамдарға деген сүйіспеншілікке емес, оны Ехобаға жақындатып тартқан шындықтарға негізделді. Сіз де Киелі кітапты зерттеп, Ехоба жайлы білгендеріңізді ақыл-оймен саралауыңыз қажет.

9. Сіз қандай негізгі үш шындыққа көз жеткізуіңіз керек?

9 Алдымен кем дегенде мына үш негізгі шындыққа көз жеткізіп, оларға сенімді болуыңыз керек: біріншіден, Ехоба Құдай барлық нәрсеге бастау берген Жаратушы екеніне (Мұс. 2-ж. 3:14, 15; Евр. 3:4; Аян 4:11); екіншіден, Киелі кітаптың Құдайдың адамзатқа жіберген хабары екеніне (Тім. 2-х. 3:16, 17); үшіншіден, Ехоба Мәсіхтің қол астында өзіне ғибадат ететін халықты ұйымдастырғанына және сол халықтың Ехоба куәгерлері екеніне сенімді болуыңыз керек (Ишая 43:10—12; Жох. 14:6; Ел. іс. 15:14). Осы үш негізгі шындыққа көз жеткізу Киелі кітапты егжей-тегжейлі білу керек деген сөз емес. Сіздің мақсатыңыз “ақыл-ойыңызды іске қосып”, нанымдарыңыздың шындық екеніне деген сенімділігіңізді нығайту болу керек (Рим. 12:1).

ӨЗГЕЛЕРГЕ СЕНІМДІЛІКТЕРІН НЫҒАЙТУҒА КӨМЕКТЕСІҢІЗ

10. Шындықтарды білуден бөлек, тағы не істеуіміз керек?

10 Құдай жайлы, Киелі кітап пен Құдай халқы жайлы негізгі шындықтарға көзіңіз жеткен соң, бұл шындықтарды өзгелерге дәлелдеу үшін Жазбаларды қолдана білуіңіз қажет. Неліктен? Өйткені мәсіхшілер ретінде бізге бір жауапкершілік жүктелген: біз өзіміз білген шындықтарды тыңдаушыларымызға үйретуіміз қажет * (Тім. 1-х. 4:16). Киелі кітаптағы шындықтарға өзгелердің көздерін жеткізген кезде, өзіміздің де сол шындықтарға деген сенімділігіміз нығаяды.

11. Елші Пауыл тәлім беруге қатысты қандай үлгі көрсетті?

11 Елші Пауыл адамдарға тәлім бергенде, Иса жайлы шындыққа олардың көзін жеткізу үшін, “Мұса Заңы мен пайғамбарлар жазбаларын қолданған” (Ел. іс. 28:23). Өзгелерге шындықты үйреткенде, Пауылға қалай еліктесек болады? Біз Киелі кітаптағы шындықтарды ауызша айтып қана қоя салмауымыз керек. Зерттеушілеріміз Ехобаға жақындай түсу үшін біз оларға Жазбаларды зерттеуге және білгендері жайлы мұқият ойлануға көмектесуіміз қажет. Біз олардың шындықты бізге тәнті болғандықтан емес, сүюші Құдайымыз туралы білгендеріне көздері жеткендіктен қабылдағанын қалаймыз.

Ата-аналар, балаларыңызға “Құдайдың терең даналығын” үйретіп, сенімдерін шыңдауға көмектесіңіздер (12, 13-абзацты қараңыз) *

12, 13. Ата-аналар балаларының шындықта қалуына қалай көмектесе алады?

12 Ата-аналар, сіздер балаларыңыздың шындықта қалғанын қалайсыздар, бұған күмән жоқ. Сіздер балаларыңыз қауымда жақсы ортамен араласса, рухани өседі деп ойлауларыңыз мүмкін. Алайда балаларыңыз нанымдарының шындық екеніне сенімді болу үшін, жақсы достардың болғаны жеткіліксіз. Олардың Құдаймен жеке қарым-қатынастары болуы қажет және Киелі кітаптың үйрететіндері шындық екеніне сенімді болулары керек.

13 Егер ата-аналар балаларына Құдай жайлы шындықты үйретуді қаласа, Киелі кітапты зерттеуде өздері жақсы үлгі көрсетулері керек. Олар уақыт бөліп, білгендері жайлы ой жүгіртулері қажет. Сонда олар балаларына да солай етуді үйрете алады. Ата-аналар зерттеушілеріне үйрететіндері сияқты, балаларына да Киелі кітапты зерттеуге көмектесетін “Ізденіс құралы”, “Күзет мұнарасының онлайн кітапханасы” сияқты құралдарды қолдануды үйретулері қажет. Осылайша олар балаларына Ехобаны жақсы көруді және оның бізге рухани ас-суды дайындап жатқан арнасына, яғни “адал да ақылды құлға” сенім артуды үйретеді (Мат. 24:45—47). Ата-аналар, балаларыңызға Киелі кітаптың негізгі шындықтарын үйретумен ғана шектелмеңіздер. Оларға жасы мен қабілеттеріне қарай, “Құдайдың терең даналығын” үйретіп, мықты сенім дамытуға көмектесіңіз (Қор. 1-х. 2:10).

ПАЙҒАМБАРЛЫҚТАРДЫ ЗЕРТТЕҢІЗ

14. Неге Киелі кітап пайғамбарлықтарын зерттеуіміз керек? (“ Мына пайғамбарлықтарды түсіндіре аласыз ба?” деген қоршауды да қараңыз.)

14 Пайғамбарлықтар — Құдай Сөзінің маңызды бөлігі. Олар біздің Ехобаға деген сеніміміздің мықты болуына көмектеседі. Сіздің сеніміңізді қандай пайғамбарлықтар нығайтқан? Бәлкім, сіз “соңғы күндер” жайлы пайғамбарлықтар дерсіз (Тім. 2-х. 3:1—5; Мат. 24:3, 7). Сенімділігіңізді нығайтуға тағы қандай пайғамбарлықтар көмектеседі? Мысалы, Даниялдың 2-нші және 11-інші тарауында жазылған пайғамбарлықтардың бұрын қалай орындалғанын және қазір қалай орындалып жатқанын айтып бере аласыз ба? * Егер сеніміңіз Киелі кітапқа нық қаланса, оны ештеңе шайқалта алмайды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Германияда аяусыз қуғынға ұшыраған бауырластарымыздың мысалын алып көрейікші. Олар Киелі кітаптағы соңғы күндерге қатысты пайғамбарлықтарды толық түсінбесе де, олардың Құдай Сөзіне деген сенімдері берік болған.

Киелі кітапты, соның ішінде пайғамбарлықтарды зерттегеніміз сынақ кезінде сеніміміздің шайқалмауына көмектеседі (15—17 абзацтарды қараңыз) *

15—17. Нацистік режим кезінде қуғын көрген бауырластарға табанды болуға не көмектесті?

15 Нацистік Германияның билігі кезінде мыңдаған бауырласымыз концлагерьлерге айдалды. Гитлер мен СС басшысы Генрих Гиммлер Ехоба куәгерлерін жек көрді. Бір әйел бауырластың айтуынша, Гиммлер концлагердегі бір топ әйел бауырласқа былай деген екен: “Сендердің Ехобаларың билік етсе, көкте билік ететін шығар, бірақ жерде біз билеушіміз! Көрейік, кім қалар екен, сендер ме, біз бе!” Ехобаның халқына сенімдерінде берік тұруға не көмектесті?

16 Киелі кітап зерттеушілері Құдай Патшалығы 1914 жылдан бастап билік етіп жатқанын білетін. Олар өздерінің осындай қатты қуғынға ұшырағанына еш таңғалмады. Олар Құдай еркінің жүзеге асуына ешқандай адами үкімет кедергі бола алмайтынына сенімді болды. Таза ғибадатты жоқ қылу, Құдай Патшалығынан үстем үкімет орнату Гитлердің қолынан келмеді. Біздің бауырластарымыз күндердің күнінде Гитлердің билігі аяқталатынына сенімді еді.

17 Бұл бауырластардың сенімдері ақталды. Нацистік режим құлар алдында “жерде біз билеушіміз!” деп бөскен Генрих Гиммлер бассауғалап, қашуға мәжбүр болды. Қашып жүргенінде ол Любке деген ер бауырласты кездестіріп қалады. Ол Любкенің концлагердегі Куәгерлердің бірі болғанын білетін. Әбден еңсесі түскен Гиммлер Любке бауырласқа: “Сонымен, Киелі кітап зерттеушісі, енді не болады?”— деп сұрады. Сонда бауырласымыз Ехоба куәгерлері нацистік режимнің құлайтынын және өздері азат болатынын о бастан білгендерін айтты. Сөйтіп, Ехоба куәгерлері жайлы жағымсыз көп нәрсе айтқан Гиммлердің аузына құм құйылды. Көп ұзамай ол өз-өзіне қол жұмсады. Бұл жағдайдан қандай сабақ аламыз? Киелі кітапты, соның ішінде пайғамбарлықтарды зерттегеніміз Құдайға деген сеніміміздің қамалдай берік болуына және сынақ кезінде сеніміміздің шайқалмауына көмектеседі (Пет. 2-х. 1:19—21).

18. Жохан 6:67, 68-ден көрінетіндей, неге біз Пауыл айтқан “тура білім мен түсінікке” ие болуымыз керек?

18 Шынайы мәсіхшілерді ерекшелендіретін сүйіспеншілік қасиетін әрқайсысымыз танытуымыз қажет. Бірақ біз “тура білім мен түсінікке” де ие болуымыз керек (Філіп. 1:9). Әйтпесе “адамдардың алдап-арбауынан туған ілімдердің” ықпалына беріліп қалуымыз мүмкін, ондай адамдардың арасында жолдан тайғандар да бар (Ефес. 4:14). Шәкірттердің көбісі Исаның соңынан еруді доғарғанда, елші Петірдің “мәңгілік өмірге жеткізетін сөздердің” Исада екеніне сенімді болғаны көрінді (Жохан 6:67, 68 оқыңыз). Петір Исаның ілімдерін толық түсінбесе де, адал болып қалды, өйткені Мәсіх жайлы шындыққа көзі жеткен еді. Сіз де Киелі кітап ілімдеріне деген сенімділігіңізді берік ете аласыз. Солай етсеңіз, сынақ кезінде өзіңіздің де сеніміңіз шайқалмайды және өзгелерге де сенімдерін мықты етуге көмектесесіз (Жох. 2-х. 1, 2).

72-ӘН Патшалық туралы шындықты жариялайық

^ 5-абзац Бұл мақала Киелі кітаптағы шындықтың өте маңызды екенін түсінуге көмектеседі. Сондай-ақ бұл мақалада нанымдарымыздың шындық екеніне қалай толық сенімді бола алатынымызды талқылаймыз.

^ 10-абзац 2012—2015 жылдары “Күзет мұнарасында” басылып отырған “Киелі кітапқа негіздеп әңгімелесу” айдары өзгелермен Киелі кітап ілімдері жайлы пікір алысуға көмек болады. Онда “Ехоба куәгерлері Исаны Құдай деп санай ма?” “Құдайдың адамдарды тозақ отында азаптайтыны рас па?” “Құдай Патшалығы қашан билік ете бастады?” деген сияқты тақырыптар бар.

^ 14-абзац Бұл пайғамбарлықтар жайлы білу үшін “Күзет мұнарасының” 2012 жылының 15 маусым айындағы және 2020 жылының мамыр айындағы санын қараңыз.

^ 60-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Бір ата-ана отбасылық ғибадат кезінде балаларымен зор алапат жайлы пайғамбарлықтарды зерттеп жатыр.

^ 62-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Зор алапат кезінде дәл сол отбасы болып жатқан жағдайларға таңғалып жатқан жоқ.