Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

35-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Ехобаның қауымында өзгелердің орнын бағалаңыз

Ехобаның қауымында өзгелердің орнын бағалаңыз

“Көз қолға: “Маған керегің жоқ”,— дей алмайды. Бас та аяққа: “Маған керек емессің”,— дей алмайды” (ҚОР. 1-Х. 12:21).

124-ӘН Әрдайым адалдық танытайық

АҢДАТПА *

1. Ехоба әрбір адал қызметшісіне не берді?

ЕХОБА әрбір адал қызметшісіне өз қауымынан орын берген. Әрқайсысымыз әртүрлі рөл атқарсақ та, барлығымыз бағалымыз және бір-бірімізге қажетпіз. Осы маңызды жайтты елші Пауыл жақсы түсіндірген. Қалай?

2. Ефестіктерге 4:16-ға сай, неге біз бір-бірімізді бағалауымыз және бірлесе қызметтесуіміз қажет?

2 Бүгінгі мақаланың негізгі тармағында Пауыл айтқандай, ешқайсысымыз Ехобаның өзге қызметшісіне: “Маған керек емессің”,— деп айта алмаймыз (Қор. 1-х. 12:21). Қауымның бірлікте болғанын қаласақ, әрқайсысымыз бір-бірімізді бағалауымыз керек және бірге қызметтесуіміз қажет (Ефестіктерге 4:16 оқыңыз). Егер бірлесе қызметтессек, қауымымыз нығаяды және ондағы әрбір адам өзін керек сезінеді.

3. Бұл мақаладан біз не білеміз?

3 Қауымдағы өзге бауырластарды құрметтейтінімізді қандай жағдайларда көрсете аламыз? Бұл мақалада біз алдымен ақсақалдар өзге ақсақалдарды құрметтейтіндерін қалай көрсете алатынын қарастырамыз. Содан кейін барлығымыз салтбасты бауырластарды бағалайтынымызды, сондай-ақ біздің тілімізде еркін сөйлей алмайтын бауырластарды құрметтейтінімізді қалай көрсете алатынымызды талқылаймыз.

ӨЗГЕ АҚСАҚАЛДАРҒА ҚҰРМЕТ ТАНЫТЫҢЫЗ

4. Ақсақалдар Пауылдың Римдіктерге 12:10-да жазылған қандай кеңесіне құлақ асу қажет?

4 Қауымдағы барлық ақсақалдар Ехобаның киелі рухымен тағайындалған. Десе де олардың әрқайсысының қабілет-дарындары әртүрлі (Қор. 1-х. 12:17, 18). Ақсақалдардың кейбірі жаңадан тағайындалған әрі тәжірибесі аз болуы мүмкін. Ал өзгелерінің қарттықтың не денсаулықтың кесірінен мүмкіндіктері шектеулі шығар. Алайда ешбір ақсақал өзге ақсақалға: “Маған керек емессің”,— демеу керек. Қайта, Пауылдың Римдіктерге 12:10-да (оқыңыз) жазылған кеңесіне құлақ асуы қажет.

Ақсақалдар мұқият тыңдау арқылы бір-біріне құрмет танытады (5, 6-абзацты қараңыз)

5. Ақсақалдар өзге ақсақалдарға қалай құрмет таныта алады және олай еткендері неге маңызды?

5 Ақсақалдар бір-бірін мұқият тыңдау арқылы өзара құрмет таныта алады. Әсіресе маңызды мәселелерді шешу үшін бас қосқанда ақсақалдардың осылай еткендері дұрыс. Неліктен? 1988 жылғы “Күзет мұнарасының” 1 қазанындағы санында (ағ.) мынадай сөздер бар: “Ақсақалдар мынаны жақсы түсінеді: Мәсіх киелі рух арқылы кез келген ақсақалдың ойын бағыттай алады, қандай да бір жағдайды не қиын мәселені шешуге қатысты Киелі кітап принципін есіне сала алады (Ел. іс. 15:6—15). Киелі рух тек бір ақсақалға емес, ақсақалдардың барлығына әсер ете алады”.

6. Ақсақалдарға бірлікте қызметтесуге не көмектеседі және олар солай еткенде қауым мұның қандай пайдасын көреді?

6 Өзге ақсақалдарды құрметтейтін ақсақал ақсақалдар кездесуінде әрдайым бірінші болып сөйлеуге тырыспайды. Ол өзі ғана сөйлей бермейді және өзінің ғана пікірі дұрыс деп есептемейді. Қайта, ол ойын кішіпейілділікпен, қарапайымдылықпен жеткізеді және өзгелердің ойын мұқият тыңдайды. Ең бастысы, ол Жазбалардағы принциптерді көрсетуге және “адал да ақылды құлдың” берген басшылығына құлақ асуға дайын болады (Мат. 24:45—47). Ақсақалдардың талқылауы сүйіспеншілікпен, құрметпен өтетін болса, олардың араларында киелі рух болады. Ал киелі рух оларға қауымды нығайтатын шешімдер қабылдауға бағыт береді (Жақ. 3:17, 18).

НЕКЕ ҚҰРМАҒАН МӘСІХШІЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ ТАНЫТЫҢЫЗ

7. Иса неке құрмағандарға қалай қараған?

7 Қауымымыз ерлі-зайыптылардан және балалы отбасылардан құралған. Сондай-ақ қауымда көптеген салтбасты бауырластар да бар. Біз оларға қалай қарауымыз керек? Біз Исаның көзқарасына еліктеуіміз қажет. Исаның өзі жерде болғанда неке құрмаған. Ол салтбасты болып қалып, бар уақыты мен назарын қызметке аударған. Бірақ ол ешқашан мәсіхші міндетті түрде неке құру керек не құрмау керек деп үйретпеген. Алайда ол кейбір мәсіхшілердің неке құрмауды шешетінін айтқан (Мат. 19:11, 12). Иса неке құрмаған салтбастыларға құрметпен қараған. Ол ешқашан салтбастыларды төмен не бір нәрседен құр қалған адамдар деп санамаған.

8. Қорынттықтарға 1-хат 7:7—9 тармақтарға сай, елші Пауыл мәсіхшілерді не жайлы ойлануға талпындырған?

8 Иса сияқты, елші Пауыл да салтбасты болып қызмет еткен. Пауыл мәсіхшінің неке құрғаны дұрыс емес деп ешқашан үйретпеген. Бұл әр адамның жеке шешімі екенін түсінген. Десе де Пауыл мәсіхшілерді Ехобаға салтбасты болып қызмет ету жайлы ойланып көруге шақырған (Қорынттықтарға 1-хат 7:7—9 оқыңыз). Пауыл салтбасты мәсіхшілерді төмен санамаған деп анық айта аламыз. Өйткені ол маңызды жауапкершіліктерді жас әрі салтбасты Тімөтеге тапсырған * (Філіп. 2:19—22). Сондықтан ер бауырластың қандай да бір жауапкершілікке лайықты болуы оның үйленген-үйленбегеніне байланысты деп ойлау дұрыс емес (Қор. 1-х. 7:32—35, 38).

9. Біз неке мен салтбастылық жайлы не дей аламыз?

9 Иса да, Пауыл да мәсіхшілер міндетті түрде неке құру керек немесе салтбасты болу керек деп үйретпеген. Олай болса, неке мен салтбастылық жайлы не дей аламыз? Бұл жайлы 2012 жылғы “Күзет мұнарасының” 1 қазанындағы санында былай делінген: “Шын мәнінде бұл екеуін де [неке мен салтбастылықты] Құдайдың сыйы деп қарастырғанымыз жөн... Салтбастылықты Ехоба адамды масқара ететін немесе қасіретке қалдыратын жағдай деп қарастырмайды”. Осыны ойда ұстап, біз қауымдағы салтбасты бауырластарды құрметтеуіміз қажет.

Салтбасты бауырластардың сезімін құрметтесек, не істеуден аулақ боламыз? (10-абзацты қараңыз)

10. Салтбасты бауырластарды құрметтейтінімізді қалай көрсете аламыз?

10 Біз салтбасты бауырластардың сезімдерін құрметтейтінімізді қалай көрсете аламыз? Біз олардың салтбасты болуларының себептері әртүрлі екенін есте ұстауымыз қажет. Мысалы, кейбір мәсіхшілер неке құрмауды өздері шешкен. Ал өзгелері неке құрғылары келеді, бірақ өз адамын әлі таппаған. Ал өзгелердің жұбайы қайтыс болған болуы мүмкін. Олай болса, қауымдағы бауырластардың олардан не үшін неке құрмағанын сұрағандары немесе жар табуға көмек ұсынғандары орынды бола ма? Әрине, кейбір салтбасты мәсіхшілер өздері көмек сұраулары мүмкін. Ал егер ешқандай көмек сұрамаса да, өзгелердің көмектесуге тырысқаны оларға қалай әсер етеді? (Сал. 1-х. 4:11; Тім. 1-х. 5:13). Ал қазір кейбір салтбасты бауырластардың айтқан сөздеріне назар аударайық.

11, 12. Абай болмасақ, салтбасты бауырластарды қалай ренжітіп алуымыз мүмкін?

11 Қызметін жақсы атқарып жүрген бір салтбасты аудандық бақылаушы салтбасты болудың көп пайдасы бар деп есептейді. Бірақ ол бауырластардың игі ниетпен: “Осы сен неге үйленбейсің?”— дейтіндері кейде көңіліне тиіп жататынын айтты. Ал Бетелде қызмет ететін бір салтбасты ер бауырлас былай дейді: “Кейде бауырластар салтбасты бауырластарға аяушылықпен қарайтындай көрінеді. Бұл салтбастылық сый емес, ауыртпалық дегендей сезім тудырады”.

12 Бетелде қызмет ететін бір салтбасты қыз бауырлас былай дейді: “Кейбір жариялаушылар салтбасты бауырластардың барлығы өздеріне жар іздеп жүреді деп ойлайды. Я болмаса барлық салтбасты бауырластар кез келген отырысты жар табудың мүмкіндігі деп қарастырады деген ойда. Бірде мен бетелдік тапсырмамен басқа қалаға бардым. Мен барған күні қауым болады екен. Мені қонақ еткен әйел бауырлас қауымдарында менімен жасты екі ер бауырластың бар екенін айтты. Бірақ ол “сені біреумен қосайын деген ойым жоқ” десе де, Патшалық сарайына кірген бойда мені жаңағы екі ер бауырласқа сүйреп алып барды. Сөйтіп, үшеуміз де біртүрлі жағдайға қалдық”.

13. Бауырластардың қандай үлгісі бір салтбасты қыз бауырласты жігерлендірді?

13 Бетелде қызмет ететін тағы бір салтбасты қыз бауырлас былай дейді: “Мен қауымда көп жылдан бері салтбасты болып жүрген ізашар бауырластарды білемін. Олар өте толысқан, нақты мақсаттары бар, жанқияр, қызметтерінен қанағат алады. Мұндай бауырластардың қауымға тигізер пайдалары көп. Олар байсалды көзқарас танытады. Салтбасты болғандықтан, өздерін өзгелерден жоғары санап кетпейді немесе жарлары не балалары болмағандықтан, өздерін өзгелерден кем санамайды”. Әрбір адамды құрметтеп, бағалайтын қауымға не жетсін! Мұндай ортада ешкім ешкімге аяушылықпен не қызғанышпен қарамайды, елемей кету не жоғары санау деген де болмайды. Барлығы бір-бірін жақсы көреді.

14. Біз салтбасты бауырластарға қалай құрмет көрсете аламыз?

14 Салтбасты бауырластарды неке құрған-құрмағанына қарап емес, жақсы қасиеттеріне қарап құрметтесек, бұл оларды қатты қуантады. Оларға аяушылықпен қарамай, қайта, адалдықтары үшін бағалайық. Сонда салтбасты бауырластарымыз біз оларға “маған керек емессің” деп жатырмыз деп ойламайды (Қор. 1-х. 12:21). Қайта, біз оларды құрметтейтінімізді, қауымдағы орындарын бағалайтынымызды білетін болады.

СІЗДІҢ ТІЛІҢІЗДЕ ЕРКІН СӨЙЛЕМЕЙТІНДЕРГЕ ҚҰРМЕТ ТАНЫТЫҢЫЗ

15. Кейбір бауырластар қызмет аясын кеңейту үшін қандай өзгерістер жасаған?

15 Соңғы жылдары көптеген жариялаушылар қызмет аясын кеңейту үшін өзге тілді үйренуді мақсат еткен. Бұл үшін олар көптеген өзгерістер жасады. Олар өз қауымдарын тастап, жариялаушылар қажет шет тілді қауымдарға көшіп барды (Ел. іс. 16:9). Бұл — сол бауырластардың Ехобаға көбірек қызмет ету үшін қабылдаған жеке шешімдері. Олар жаңа тілде еркін сөйлегенше, біраз жыл өтуі мүмкін. Десе де олардың қауымға тигізер пайдасы көп. Олардың жақсы қасиеттері мен тәжірибелері қауымды нығайтады. Біз бұндай жанқияр бауырластарды қатты бағалаймыз!

16. Ақсақалдар ер бауырластың ақсақал не қызмет көмекшісі болуға лайықты екенін қалай анықтайды?

16 Ақсақалдар кеңесі тілді жақсы білмейтін қандай да бір ер бауырласты ақсақал не қызмет көмекшісі болуға ұсынудан тартынбау керек. Ақсақалдар ер бауырластың бұл қызметке сай келетін-келмейтінін жергілікті тілді қаншалықты білетініне қарап емес, Жазбалардағы талаптарға қарап анықтайды (Тім. 1-х. 3:1—10, 12, 13; Тит. 1:5—9).

17. Өзге елге көшіп барған отбасылар нені шешіп алулары қажет?

17 Кейбір мәсіхші отбасылар пана табу үшін не жұмыс істеу үшін өзге елге көшіп баруы мүмкін. Бұндай жағдайда олардың балалары сол елдің негізгі тілінде білім алатын шығар. Ата-аналарына да жұмыс табу үшін сол елдің тілін үйрену қажет болуы мүмкін. Ал егер сол елде олардың ана тілінде өтетін топ не қауым бар болса, мұндайда олар не істеу керек? Ана тіліндегі қауымға бару керек пе, әлде сол елдің негізгі тілінде өтетін қауымға барғандары дұрыс па?

18. Ғалаттықтарға 6:5-ке сай, біз отағасының қабылдаған шешіміне қалай құрмет таныта аламыз?

18 Отағасы * өз отбасы үшін ненің дұрыс болатынын анықтап, отбасының қай қауымға баратынын шешіп алу керек (Ғалаттықтарға 6:5 оқыңыз). Бұл әркімнің жеке ісі болғандықтан, біз отағасының шешіміне құрметпен қарауымыз керек. Отағасы қандай шешім қабылдамасын, біз сол отбасын қауымымыздың бір бөлігі ретінде құшақ жая қарсы алайық (Рим. 15:7).

19. Отағалары дұға ете отырып нені шешулері қажет?

19 Кейбір отбасылар өз ана тілдерінде өтетін қауымға баруы мүмкін. Бірақ балалары ата-анасының тілінде еркін сөйлемейтін шығар. Егер олардың қауымы орналасқан жерде халық жергілікті тілде сөйлейтін болса, балаларына ата-анасының тіліндегі қауым кездесуін түсіну және рухани өсу қиын болуы мүмкін. Неге? Өйткені балалары ата-анасының тіліндегі емес, жергілікті тілдегі мектепке барып жүрген болуы мүмкін. Мұндай жағдайларда отағалары дұға етіп, балаларына Ехобаға және оның халқына жақын болуға қалай көмектесе алатындарын шешулері қажет. Оларға балаларына өз ана тілдерін үйрету қажет болады, я болмаса балалары түсінетін тілдегі қауымға ауысу керек болады. Отағалары не шешпесін, олар барып жүрген қауымдағылар бұл отбасын құрметтеп, бағалауы қажет.

Жаңа тілді үйреніп жүрген бауырластарды бағалайтынымызды қалай көрсете аламыз? (20-абзацты қараңыз)

20. Жаңа тілді үйреніп жүрген бауырластарды құрметтейтінімізді қалай көрсетеміз?

20 Осы қарастырылған себептермен көптеген қауымдарда жаңа тілді үйренуге қиналып жүрген бауырластар бар. Оларға өз ойларын жеткізу қиын болуы мүмкін. Бірақ біз олардың қалай сөйлейтініне қадалып қалмай, Ехобаға деген сүйіспеншіліктері мен оған қызмет етуге деген ықыластарын көре білуіміз қажет. Егер бұл бауырластарымыздың осындай әдемі қасиеттерін көре білсек, оларға деген құрметіміз артады. Сонда біз оларға тілді білмегендеріне бола, “маған керек емессің” дегендей болмаймыз.

БІЗ ЕХОБА ҮШІН БАҒАЛЫМЫЗ

21, 22. Ехоба бізді қандай құрметке бөледі?

21 Ехоба бізге өз қауымынан орын беріп, бізді керемет құрметке бөледі. Ерлер де, әйелдер де, салтбастылар да, неке құрғандар да, жастар да, қарттар да, қандай да бір тілде жақсы сөйлейтіндер де, жақсы сөйлемейтіндер де — барлығымыз Ехоба үшін және бір-біріміз үшін аса бағалымыз (Рим. 12:4, 5; Қол. 3:10, 11).

22 Пауылдың адамның денесі жайлы керемет мысалынан үйренгендерімізді қолдана берейік. Сонда Ехобаның қауымында өзіміздің және өзгелердің орнын бағалаудың бұдан да көп жолдарын табамыз.

90-ӘН Бір-бірімізді жігерлендірейік

^ 5-абзац Ехобаның халқы әртүрлі ортадан шыққан және қауымда әртүрлі рөл атқарады. Бұл мақалада біз Ехобаның отбасының әрбір мүшесін құрметтегеніміз неге маңызды екенін көреміз.

^ 8-абзац Біз Тімөте ешқашан үйленбеген деп нақты айта алмаймыз.

^ 18-абзац Мұндағы “отағасы” деген сөз күйеулері мәсіхші емес аналарға да қатысты айтылған.