Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

36-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Адам аулаушы болуға дайынсыз ба?

Адам аулаушы болуға дайынсыз ба?

“Қорықпа! Бұдан былай адамдарды аулайтын боласың” (ЛҰҚА 5:10).

73-ӘН Батылдық дарыта көр

АҢДАТПА *

1. Иса төрт балықшыны не істеуге шақырды және олар шақыруды қабыл алды ма?

ПЕТІР, Әндір, Жақып, Жохан есімді шәкірттер кәсіби балықшылар болған. Иса оларға: “Соңымнан еріңдер, мен сендерді адам аулаушы * етемін”,— деген. Осы шақыруды естігенде, олардың қалай таңғалғанын елестетіп көріңізші. Олар Исаның шақыруын қабыл алды ма? Киелі кітапта: “Олар ауларын тастай сала, оның соңынан ерді”,— делінген (Мат. 4:18—22). Бұл шешім олардың өмірлерін мәңгілікке өзгертті. Олар енді кәдімгі балықтың орнына “адамдарды ауламақ” еді (Лұқа 5:10). Бүгінде де Иса шындықты жақсы көретін ақжүректі адамдарды адам аулаушы болуға шақырады (Мат. 28:19, 20). Сіз Исаның осы шақыруын қабыл алдыңыз ба?

2. Неге біз балық аулаушы болуға қатысты шешімге селқос қарамауымыз керек және бізге осы қадамды жасауға не көмектеседі?

2 Бәлкім, сіздің Киелі кітапты зерттеп жүргеніңізге біраз болған шығар және өміріңізде көп өзгерістер жасаған боларсыз. Енді сізге ізгі хабардың жариялаушысы болуға қатысты шешім қабылдау керек. Егер Исаның шақыруын қабылдауға сенімділігіңіз жетпей жатса, көңіліңіз түспесін. Бұл сіздің бұндай шешімнің қаншалықты маңызды екенін түсінетініңізді көрсетеді. Рас, Киелі кітапта Петір мен оның жолдастарының ауларын бірден тастай салғаны айтылады. Бірақ олар бұл шешімді еш ойланбастан қабылдай салған жоқ. Мысалы, Петір мен Әндір алты айдан аса уақыт бұрын Исаның кім екенін біліп, оны Мәсіх ретінде мойындап қойған еді (Жох. 1:35—42). Бәлкім, сіз де Ехоба мен Иса жайлы көбірек біліп қалған боларсыз және әрі қарай да рухани қадам жасағыңыз келер. Бірақ жариялаушы болуға қатысты шешімді қабылдамас бұрын, жақсылап ойланып алуыңыз керек. Қазір Петір мен Әндірге және олардың жолдастарына бұл шешімді қабылдауға не көмектескенін көрейік.

3. Шебер уағыздаушы болуға қандай қасиеттер көмектеседі?

3 Шебер балықшы болған Исаның алғашқы шәкірттерінің ықыласы, білімі, батылдығы мен ерік-жігері мықты еді. Дәл осы қасиеттер оларға шебер адам аулаушы болуға көмектескені сөзсіз. Бұл мақалада біз шебер уағыздаушы болу үшін осы қасиеттерді қалай дамыта алатынымызды қарастырамыз.

ЫҚЫЛАСЫҢЫЗДЫ АРТТЫРЫҢЫЗ

Петір мен оның жолдастары адам аулаушы болды. Бұл маңызды іс бүгінде де жалғасуда (4, 5-абзацты қараңыз)

4. Адам аулаушы болуға Петірді не талпындырды?

4 Петір балық аулаумен отбасын асырау үшін айналысқан, бірақ ол бұл іске тек жұмыс деп қарамаған. Петір балық аулауды жақсы көргенге ұқсайды (Жох. 21:3, 9—15). Ол адам аулауды да жақсы көруді үйренді. Ехобаның көмегімен Петір бұл істің де қас шеберіне айналды (Ел. іс. 2:14, 41).

5. Лұқа 5:8—11 тармақтарға қарасақ, Петір не үшін қорықты және бізге осындай сезімдерді жеңуге не көмектеседі?

5 Біз Ехобаны жақсы көргендіктен уағыздаймыз. Бұл істі атқаруға деген ықыласымызды арттыратын басты нәрсе — осы. Ехобаға деген сүйіспеншілігіміз “мен бұл істі атқара алмаймын” деген сезімді жеңуге көмектеседі. Адам аулаушы болуға шақырған кезде Иса Петірге: “Қорықпа!”— деген (Лұқа 5:8—11 оқыңыз). Негізі, Петір “Исаның шәкірті болсам, не болар екен?” деп қорқып тұрған жоқ еді. Ол Исаның керемет түрде оларға көп балық ұстап бергеніне қайран қалып, Исамен бірге бір істі атқаруға өзін лайықсыз сезінді. Бәлкім, сіз де Петір сияқты қорқып, “Исаның шәкірті болсам, өзімнен талап етілетін істі атқара аламын ба?” деп уайымдарсыз. Егер солай болса, Ехобаға, Исаға және өзгелерге деген сүйіспеншілігіңізді арттырыңыз. Бұл сіздің адам аулаушы болуға қатысты Исаның шақыруын қабыл алуға деген ықыласыңызды оятады (Мат. 22:37, 39; Жох. 14:15).

6. Бізді уағыздауға тағы не нәрсе талпындырады?

6 Бізді уағыздауға талпындыратын тағы бірнеше себепке тоқталайық. Біз Исаның: “Барыңдар да... шәкірттер дайындаңдар”,— деген бұйрығына мойынсұнғымыз келеді (Мат. 28:19, 20). Уағыздауымыздың тағы бір себебі — адамдар “азып-тозған, бейшара күйде”, олар Патшалық жайлы шындықты естуге зәру (Мат. 9:36). Ехоба әртүрлі адамдардың шындық жайлы тура білім алып, құтқарылғанын қалайды (Тім. 1-х. 2:4).

7. Уағыз ісінің маңыздылығы Римдіктерге 10:13—15 тармақтардан қалай көрінеді?

7 Уағыз ісі адамдардың өмірін құтқаратыны жайлы ойласақ, бұл уағыздауға деген қалауымызды арттырады. Аулаған балықтарын сатып, жеумен ғана шектелетін кәсіби балықшыдан айырмашылығымыз — біз адамдарды өмірлерін құтқару үшін “аулаймыз” (Римдіктерге 10:13—15 оқыңыз; Тім. 1-х. 4:16).

БІЛІМІҢІЗДІ АРТТЫРЫҢЫЗ

8, 9. Балықшылар нені білу керек және неге?

8 Исаның күндерінде исраилдік балықшылар суда мекендейтіндердің қайсысын аулауға болатынын жақсы білу керек болған (Мұс. 3-ж. 11:9—12). Сондай-ақ олар балықты қайдан аулауға болатынын да жақсы білу керек-тін. Әдетте балықтар суы жағымды, азық көп жерде жүреді. Балықшының қай уақытта балық аулауға баратыны да маңызды. Осыған қатысты бір оқиғаны көрейік. Тынық мұхит аралдарында тұратын Куәгер бір миссионер бауырласты балық аулауға шақырған екен. Миссионер бауырлас оған: “Ертең таңертең тоғызда кездесейік”,— дейді. Бірақ жергілікті бауырлас оған: “Сен түсінбедің, біз өзімізге ыңғайлы уақытта емес, балық аулауға қолайлы уақытта барамыз”,— деп жауап берді.

9 I ғасырдағы адам аулаушылар да бейнелі балықтардың қайда және қашан жүретінін жақсы білген. Мысалы, Исаның ізбасарлары ғибадатханада, мәжілісханаларда, үйме-үй және базар алаңдарында уағыздаған (Ел. іс. 5:42; 17:17; 18:4). Біз де өзіміздің аймағымызда тұратын адамдарды жақсы білуіміз керек. Оларға бейімделіп, адамдар көп жүретін жерде және олардың көбісін табуға болатын уақытта уағыздауымыз керек (Қор. 1-х. 9:19—23).

ШЕБЕР БАЛЫҚШЫ... 1. қолайлы уақытта және қолайлы жерде балық аулайды (8, 9-абзацты қараңыз)

10. Ехобаның ұйымы бізді қандай құралдармен жабдықтаған?

10 Әдетте балықшының жақсы құралдары болу керек. Сондай-ақ ол оларды дұрыс қолдана білуі қажет. Біз де өзімізге тапсырылған істі атқару үшін жақсы жабдықталып, құралдарымызды қолдана білгеніміз жөн. Иса өз шәкірттеріне адамдарды қалай аулау керектігіне қатысты нақты нұсқаулар берген. Ол оларға өздерімен бірге не алып жүру керектігін, қай жерде уағыздау керектігін және не айту керектігін үйреткен (Мат. 10:5—7; Лұқа 10:1—11). Бүгінде Ехобаның ұйымы бізді “Тәлім беру құралдарымен” жабдықтаған. Бұл құралдар бүгінде өте тиімді *. Ехобаның ұйымында біз оларды қалай қолдануды да үйреніп жатырмыз. Бұл бізге сенімділікпен уағыздауға әрі шебер тәлімгер болуға көмектеседі (Тім. 2-х. 2:15).

ШЕБЕР БАЛЫҚШЫ... 2. өз құралдарын дұрыс қолдана біледі (10-абзацты қараңыз)

БАТЫЛДЫҒЫҢЫЗДЫ АРТТЫРЫҢЫЗ

11. Неге адам аулаушылардың батыл болуы қажет?

11 Кәсіби балықшылардың батыл болғаны маңызды. Олар жиі судың ортасында түнімен жұмыс істейді. Ал теңізде жағдай аяқастынан күрт өзгеріп, кез келген уақытта дауыл басталып кетуі мүмкін. Адам аулаушыларға да батылдық қажет. Өйткені біз уағыздап, өзіміздің Ехоба куәгері екенімізді айта бастағанда, бейнелі дауылдарға кезігуіміз мүмкін. Мысалы, отбасымыз бізге қарсы шығатын шығар, таныстарымыз үстімізден күлер, я болмаса кейбіреулер бізді тыңдаудан бас тартар. Бірақ біз бұған таңғалмаймыз, өйткені Иса ізбасарларын қарсыластарының ортасына уағыздауға жіберетінін айтқан (Мат. 10:16).

12. Ешуа 1:7—9 тармақтарға сай, батылдығымызды арттыруға не көмектеседі?

12 Батылдығыңызды қалай арттыра аласыз? Біріншіден, уағыз ісіне Исаның көктен жетекшілік етіп жатқанына көз жеткізіп алыңыз (Жох. 16:33; Аян 14:14—16). Екіншіден, Ехобаның сіздің қамыңызды ойлайтынына деген сеніміңізді нығайтыңыз (Мат. 6:32—34). Сеніміңіз мықты болған сайын, батылдығыңыз да арта түседі. Петір мен оның жолдастары табыс көздерін тастап, Исаның соңынан еруімен мықты сенімдерін көрсетті. Сол сияқты, сіз де Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттейтініңізді және қауым кездесулеріне баратыныңызды таныстарыңыз бен жақындарыңызға айтуыңызбен зор сеніміңізді көрсеттіңіз. Жүріс-тұрысыңыз бен өмір салтыңыз Ехобаның әділ нормаларына сай келу үшін сіз көптеген өзгерістер жасадыңыз. Бұл да сенім мен батылдықты талап етті. Батылдығыңызды әрі қарай да арттырар болсаңыз, қайда барсаңыз да Құдайыңыз Ехоба сізге “жар болатынына” сенімді боласыз (Ешуа 1:7—9 оқыңыз).

ШЕБЕР БАЛЫҚШЫ... 3. батылдықпен кез келген жағдайда жұмыс істей береді (11, 12-абзацты қараңыз)

13. Ой жүгірту мен дұға ету батылдығыңызды қалай арттырады?

13 Батыл болу үшін тағы не істеуіңіз керек? Батылдық сұрап, Ехобаға дұға етіңіз (Ел. іс. 4:29, 31). Ехоба дұғаларыңызға жауап береді және ол сізді ешқашан тастамайды. Сізді қолдау үшін ол әрдайым қасыңыздан табылады. Ехобаның ежелде өз қызметшілерін қалай құтқарғаны жайлы ой жүгіртіңіз. Қиындықтарыңызды жеңуге және өміріңізде өзгерістер жасауға Ехобаның қалай көмектескені жайлы да ойланыңыз. Өз халқын Қызыл теңізден өткізген Құдай сізге де Мәсіхтің шәкірті болуға сөзсіз көмектесе алады (Мұс. 2-ж. 14:13). “Ехоба менің жағымда; мен еш қорықпаймын. Адам баласы маған не істей алады?!”— деп айтқан зәбүр жыршысы сияқты, сіз де Ехобаға сенім артыңыз (Зәб. 118:6).

14. Масае мен Тамоенің оқиғаларынан не үйрендіңіз?

14 Ехобаның табиғатынан ұяң адамдарға батыл болуға көмектескені де батылдығымызды арттырады. Мысалы, Масае есімді қыз бауырлас өте ұялшақ болған. Ол сенімі жайлы өзгелерге ешқашан айта алмаймын деп ойлаған. Оған бейтаныс адамдармен сөйлесудің қиын болғаны сонша — бұл ол үшін аса алмайтын белестей көрінген. Бірақ ол Ехобаға және өзгелерге деген сүйіспеншілігін арттыру үшін ерекше күш салды. Масае уағыздау ісінің қаншалықты шұғыл іс екені жайлы ой жүгіртті және уағыздауға деген ынтасын арттыруды сұрап, Ехобаға дұға етті. Ақырында, ол қорқынышын жеңді, тіпті тұрақты ізашар болып қызмет етті. Ехоба жаңа жариялаушыларға да “батыл болуға” көмектесе алады. Бұны Тамое бауырластың оқиғасынан көруге болады. Ол алғаш рет үйме-үй уағыздағанда бір әйел шығып: “Мен Ехоба куәгерлерімен сөйлескім келмейді!”— деп айғайлап, есікті тарс жауып қояды. Сонда қорқынышқа еш бой алдырмаған Тамое серігіне: “Не айтқанын естідің бе? Мен бірде-бір сөз айтып үлгермедім, бірақ ол менің Ехоба куәгері екенімді таныды. Соған мен қатты қуаныштымын”,— дейді. Тамое қазір тұрақты ізашар болып қызмет етеді.

ЕРІК-ЖІГЕРІҢІЗДІ АРТТЫРЫҢЫЗ

15. Ерік-жігер дегеніміз не және неге бұл мәсіхшілерге қажет қасиет?

15 Табысты балықшылардың ерік-жігерлері мықты келеді. Ерік-жігер дегеніміз — адамның өзін-өзіне бағындырып, істелу қажет нәрсені істей білу қабілеті. Кәсіби балықшылардың ерік-жігері мықты болғаны маңызды, өйткені оларға ерте тұру керек, ауа райының қандай болғанына қарамай, жұмыстарын соңына дейін атқару қажет. Бізге де табанды болып, жұмысымызды соңына дейін атқару үшін ерік-жігер қажет (Мат. 10:22).

16. Біз ерік-жігерімізді қалай арттыра аламыз?

16 Біз ерік-жігермен туылмаймыз. Керісінше, біз табиғатымыздан күш салуды қажет етпейтін істерді істеуге бейімбіз. Ерік-жігер болу үшін ұстамдылық қасиеті керек. Бізге істегіміз келмейтін істерді істеп үйрену үшін көмек қажет. Бұл көмекті Ехоба бізге киелі рухы арқылы береді (Ғал. 5:22, 23).

17. Қорынттықтарға 1-хат 9:25—27 тармақтарға сай, Пауыл өзінің ерік-жігерін қалай арттырғаны жайлы не деген?

17 Елші Пауылдың ерік-жігері мықты болған. Бірақ ол дұрыс нәрсені істеу үшін денесін “ұрғылауға” тура келгенін айтқан (Қорынттықтарға 1-хат 9:25—27 оқыңыз). Ол өзгелерді де өздерін тәрбиелеуге, барлығын “лайықты әрі тәртіппен” жасауға шақырған (Қор. 1-х. 14:40). Рухани кестені мықтап ұстану үшін, соның ішінде бейнелі балық аулау ісіне атсалысу үшін, бізге ерік-жігерімізді қайрау қажет (Ел. іс. 2:46).

КЕЙІНГЕ ШЕГЕРМЕҢІЗ

18. Ехоба уағызымызды нәтижелі деп білу үшін не істеуіміз қажет?

18 Кәсіби балықшылар істерінің қаншалықты нәтижелі екенін қанша балық ұстағандарына қарап анықтайды. Ал біздің жемісті болуымыз Құдайдың ұйымына қанша адам әкелгенімізге байланысты емес (Лұқа 8:11—15). Егер біз табанды болып, ізгі хабарды уағыздай берсек және өзгелерге тәлім бере берсек, Ехоба біздің ісімізді жемісті деп біледі. Өйткені біз оған және оның Ұлына мойынсұнып жүрміз (Мар. 13:10; Ел. іс. 5:28, 29).

19, 20. Бүгінде біз қандай ерекше себеппен уағыздаймыз?

19 Кейбір елдерде балық аулауға белгілі бір айларда ғана рұқсат етіледі. Балықшылар балық аулау маусымы аяқталайын деп жатқан кезде бұл істі шұғыл атқаруға тырысады. Бүгінде адам аулаушылар да уағыз ісіне дәл осындай себеппен атсалысып жүр: осы дүниенің соңы тез таяп келеді. Адамдардың өмірін құтқаратын бұл іске берілген уақыт бітіп барады! Сондықтан бұл істі кейінге шегермеңіз және оған атсалысу үшін жағдайым толықтай керемет болу керек деп ойламаңыз (Уағ. 11:4).

20 Қазірден бастап ықыласыңызды, біліміңізді, батылдығыңызды және ерік-жігеріңізді арттырыңыз. Сегіз миллионнан астам адам аулаушыларына қосылып, Ехоба сыйлайтын қуанышқа кенеліңіз (Нех. 8:10). Бұл іске барынша атсалысуға беліңізді бекем буыңыз және Ехоба уақыт бітті демейінше, тоқтамаңыз. Келесі мақалада біз Патшалық туралы ізгі хабарды талмай жариялай беруге көмектесетін үш жайтты қарастырамыз.

66-ӘН Ізгі хабарды жариялайық

^ 5-абзац Иса кішіпейіл де еңбекқор балықшыларды өзінің шәкірті болуға шақырған. Бүгінде де Иса тура осындай қасиет танытатын адамдарды адам аулаушы болуға шақырып келеді. Бұл мақалада біз Исаның шақыруын қабылдауға тартынатын Киелі кітапты зерттеушілер не істей алатындарын талқылаймыз.

^ 1-абзац СӨЗ МӘНІ: “Адам аулаушы” деген тіркес ізгі хабарды уағыздайтындардың және өзгелерге тәлім беріп, Мәсіхтің шәкірті болуға көмектесетіндердің барлығына қатысты айтылған.

^ 10-абзац 2018 жылғы “Күзет мұнарасының” қазан айындағы санынан “Шындықты үйретейік” деген мақаланы қараңыз (9—15 б.).