Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

39-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Мәсіхші әйелдерге қолдау көрсетіңіз

Мәсіхші әйелдерге қолдау көрсетіңіз

“Ізгі хабарды жариялайтын қыз-келіншектер қалың қолды құрайды” (ЗӘБ. 68:11).

137-ӘН Ехобаға адал әйелдер

АҢДАТПА *

Біздің құлшынысты әйел бауырластарымыз қолдарына тыным бермей, қауым кездесуіне барады, қызметке шығады, Патшалық сарайын күтіп-ұстауға атсалысады, өзге бауырластарға көңіл бөледі (1-абзацты қараңыз)

1. Әйел бауырластар ұйымға қандай қолдау көрсетіп жүр және олар қандай қиындықтарға кезігеді? (Мұқабадағы суретті қараңыз.)

БІЗ қауымда көптеген еңбекқор әйел бауырластарымыздың барына қуанамыз! Мысалы, олар қауым кездесулеріне қатысады, уағыз ісіне атсалысады, кейбірі Патшалық сарайын күтіп ұстауға үлес қосса, өзгелері бауырластарға көңіл бөледі. Әрине, олардың қиындықтары жоқ емес. Мысалы, олардың кейбірі қарт ата-анасына қарайды, өзгелері отбасынан қуғын көріп жүр. Ал тағы біреулері жалғызбасты ана, олар балаларын асырау үшін ауыр еңбек етеді.

2. Неге біз әйелдерге қолдау көрсетуіміз керек?

2 Неге біз әйел бауырластарға қолдау көрсетуіміз керек? Өйткені бұл дүниеде әйелдерге өздеріне тиесілі құрмет көрсетілмейді. Сондай-ақ Киелі кітап та бізді оларға қолдау көрсетуге талпындырады. Мысалы, елші Пауыл Римдегі бауырластарды Фөбені жылы қарсы алып, “қандай көмек қажет болса да, жәрдемдесуге” талпындырған (Рим. 16:1, 2). Кезінде Пауыл парызшылдардың бірі болған. Ал парызшылдар әйелдерді төмен санайтын. Бірақ Пауыл мәсіхші болғаннан кейін, Иса сияқты, әйелдерге құрметпен және мейіріммен қарайтын болды (Қор. 1-х. 11:1).

3. Исаның әйелдерге деген көзқарасы қандай болды және ол Құдайдың еркін орындайтын әйелдерге қалай қарады?

3 Иса барлық әйелдерге құрмет танытқан (Жох. 4:27). Ол әйелдерге өз заманындағы діни жетекшілер сияқты қарамаған. Киелі кітап туралы бір еңбекте былай делінген: “Иса әйелдердің қадірін түсіретін бірде-бір сөз айтпаған”. Иса әсіресе Әкесінің еркін орындайтын әйелдерге ерекше құрмет танытқан. Ол сол әйелдерді әпке-қарындастарым деп атады, осылай ол ерлермен қоса, әйелдерді де рухани отбасының мүшесі деп қарастыратынын көрсетті (Мат. 12:50).

4. Бұл мақалада біз не қарастырамыз?

4 Иса әрдайым рухани әпке-қарындастарына көмектесуге дайын болған. Иса оларға уақыт бөлген, оларды бағалаған, қорғаған. Қазір Исаға қалай еліктей алатынымызды көрейік.

БАҒАЛЫ ӘЙЕЛ БАУЫРЛАСТАРЫМЫЗҒА УАҚЫТ БӨЛІҢІЗ

5. Неге кейбір әйел бауырластарға өзге бауырластармен араласу қиынға соғады?

5 Әйел не ер болайық — барлығымыз өзгелермен араласуға мұқтажбыз. Бірақ кейде кейбір әйел бауырластарымыз бұл мұқтаждықтарын қанағаттандыра алмай жатады. Неліктен? Кейбір бауырластардың айтқан сөздеріне ден қояйық. Джордан * есімді қыз бауырлас былай дейді: “Салтбасты болғандықтан, қауымда кіммен араласатынымды білмей қаламын. Кейде қауымға түк пайдам жоқ сияқты көрінеді”. Қызмет аясын кеңейтіп, басқа жерге көшіп барған Кристен есімді ізашар болса: “Қауымға жаңадан келген кезде, кейде өзіңді жалғыз сезінесің”,— дейді. Отбасы Куәгер емес бауырластарға үйіндегілермен жақын араласу қиын болуы мүмкін, қауымда да олар өздерін шет қалғандай сезініп жатады. Кейбір бауырластар өздері ауыратындықтан немесе науқас туысына қарайтындықтан, үйлерінен шыға алмайды, сондықтан олар өздерін жалғыз сезінуі мүмкін. Аннет былай дейді: “Көбінесе анама мен қарайтындықтан, бауырластар отырыстарға шақырғанда бара алмайтынмын”.

Исаға еліктеп, әйел бауырластардың қамын ойлайық (6—9 абзацтарды қараңыз) *

6. Лұқа 10:38—42 тармақтардан көрінетіндей, Иса Марта мен Мәриямға қалай көмектесті?

6 Иса өзінің рухани әпке-қарындастарымен уақыт өткізді. Ол олар үшін нағыз дос бола білді. Қазір оның Мәрияммен және Мартамен қалай дос болғанын көрейік. Бұл екі әйел де салтбасты болған болса керек (Лұқа 10:38—42 оқыңыз). Иса сөзімен де, ісімен де олар өздерін еркін сезінетіндей жағдай жасады. Мысалы, Мәриям Исаның шәкірті сияқты оның аяқ жағында отыруға қысылмаған *. Мәриямның өзіне көмектеспегеніне наразы болған Марта да Исаға өз ойын ашық айта алған. Осындай жайлы жағдай жасағанының арқасында Иса оларға көмектесе алды. Сондай-ақ Иса Мәриям мен Мартаны және олардың бауыры Елазарды көруге барып тұратын, осылайша олар үшін қам жейтінін көрсететін (Жох. 12:1—3). Елазар қатты сырқаттанып қалғанда, Мәриям мен Мартаның Исадан еркін көмек сұрағаны еш таңғалдырмайды (Жох. 11:3, 5).

7. Әйел бауырластарымызды жігерлендірудің бір жолы қандай?

7 Кейбір әйел бауырластарымыз өзге бауырластармен көбінесе тек қауымда араласа алады. Сондықтан осы мүмкіндікті пайдаланып, оларды құшақ жая қарсы алайық. Олармен сөйлесіп, олар үшін қам жейтінімізді көрсетейік. Жоғарыда айтылған Джордан былай дейді: “Бауырластар түсініктемелерім үшін мені мақтағанда, менімен қызметке жазылғанда не басқалай көңіл бөлуге тырысқанда, қатты жігерленіп қаламын”. Біз әйел бауырластарды бағалайтынымызды көрсетуіміз керек. Кия былай дейді: “Жиналысқа бара алмай қалғанымда, бауырластар жағдайымды сұрап хабарласатынын білемін. Сондай кезде бауырластар мен үшін уайымдайтынын көремін”.

8. Біз тағы қандай жолдармен Исаға еліктей аламыз?

8 Иса сияқты, біз де әйел бауырластармен араласуға уақыт бөлуіміз қажет. Мысалы, оларды қарапайым асқа немесе демалысқа шақырсақ болады. Осылай бас қосқан кездері әңгімеміз сергітерліктей болу керек (Рим. 1:11, 12). Иса салтбасты болудың кейбіреулер үшін қиын екенін білген, бірақ ол үйлену мен балалы болу бақытты болудың кілті емес екенін анық айтқан (Лұқа 11:27, 28). Ехобаға қызмет етуді ең басты орынға қою адамды нағыз бақытқа жеткізеді (Мат. 19:12). Ақсақалдардың да Исанікіндей көзқарас танытқандары дұрыс.

9. Ақсақалдар әйел бауырластарға қалай көмектессе болады?

9 Әсіресе ақсақалдар мәсіхші әйелдерге әпке-қарындастарына не аналарына қарағандай қараулары керек (Тім. 1-х. 5:1, 2). Олар қауым кездесуіне дейінгі не кейінгі уақытты пайдаланып, әйел бауырластарға көңіл бөлсе болады. “Жұмысым мен ізашарлық қызметімді бірге алып жүргенімді байқаған бір ақсақал маған келіп, күн тәртібім жайлы сұрады. Оның мені ойлап жатқанына риза болып қалдым”,— дейді Кристен. Ақсақалдар рухани әпке-қарындастарымен сөйлесуге жүйелі түрде уақыт бөлуімен олардың қамын ойлайтынын көрсетеді *. Аннет бауырлас ақсақалдармен жүйелі түрде сөйлесіп тұрудың пайдасын айтып, былай деді: “Мен оларды, олар мені жақсы таниды. Соның арқасында қандай да бір қиындыққа кезіккенде, олардан тартынбай көмек сұрай аламын”.

ӘЙЕЛ БАУЫРЛАСТАРДЫ БАҒАЛАҢЫЗ

10. Әйел бауырластар жайнап-жадырап жүру үшін не істей аламыз?

10 Ер болайық, әйел болайық — бәріміз де өзгелер қабілеттерімізді байқап, істеген істерімізді бағалайтындарын айтқанда, жайнап сала береміз. Ал, керісінше, қабілетіміз бен істеген істерімізді бағаламай жатса, көңіліміз түседі. Абигейл есімді салтбасты тұрақты ізашар кейде өзін шет қалғандай сезінетінін айтып, былай деді: “Өзгелер мені “пәленшенің әпкесі”, “түгеншенің қызы” деп атайды. Кейде мені ешкім көзге ілмейтіндей көрінеді”. Ал енді Пам есімді салтбасты әйел бауырластың жағдайын алайық. Ол ұзақ жылдар бойы миссионер болып қызмет еткен. Бірақ кейін ата-анасына қарау үшін үйіне оралды. Ол жетпісте болса да, әлі ізашар болып қызмет етіп жүр. Пам бауырлас: “Маған бәрінен бұрын басқалардың мені бағалайтындарын айтып тұрғаны күш берді”,— дейді.

11. Иса қызметіне қолғабыс болған әйелдерді бағалайтынын қалай көрсетті?

11 Иса “қолда барларымен” өзіне қызмет етіп жүрген адал әйелдерді қатты бағалаған (Лұқа 8:1—3). Иса өзіне қызмет көрсетуге мүмкіндік беріп, бұл әйелдерді зор құрметке бөледі. Бірақ ол мұнымен қоса, оларға терең шындықтарды ашты. Мысалы, Иса оларға өзінің өліп, қайта тірілетіні жайлы айтты (Лұқа 24:5—8). Осылайша ол елшілерін алдағы қиындықтарға дайындағанындай, бұл әйелдерді де дайындады (Мар. 9:30—32; 10:32—34). Иса тұтқынға алынғанда, тіпті елшілердің өздері оны тастап кеткен еді. Ал кейбір әйелдер болса Иса азап бағанасында ілініп тұрған кезде оның қасында болды (Мат. 26:56; Мар. 15:40, 41).

12. Иса әйелдерге қандай іс сеніп тапсырды?

12 Иса әйелдерге маңызды іс сеніп тапсырған. Мысалы, оның қайта тірілгенін бірінші болып әйелдер көрген. Ол өзінің қайта тірілгені жайлы елшілерге айтуды осы адал әйелдерге тапсырған (Мат. 28:5, 9, 10). Б. з. 33 жылы Елуінші күн мейрамында шәкірттерге киелі рух төгілген кезде, олардың арасында әйелдер де болған болуы мүмкін. Егер солай болса, сол әйелдер де керемет түрде өзге тілде сөйлеу қабілетіне ие болып, өзгелерге “Құдайдың ғажайып істері” жайлы айтқан дей аламыз (Ел. іс. 1:14; 2:2—4, 11).

13. Бүгінде мәсіхші әйелдер қандай істер атқарып жүр және олардың еңбектерін бағалайтынымызды қалай көрсете аламыз?

13 Аяулы әйел бауырластарымыздың Ехобаға қызмет ету үшін атқарған әрбір еңбегі мақтауға лайық. Бұл бауырластар ғимараттарды соғу мен күтіп-ұстауға қолғабыс етеді, шеттілді топтарда қызмет етеді, Бетелде ерікті қызмет атқарады, табиғи апаттан зардап шеккендерге көмектесу шараларына қатысады, әдебиеттерімізді аударуға көмектеседі және ізашар, миссионер болып қызмет етеді. Ер бауырластар сияқты, олар да ізашарларға және Патшалықты жариялаушыларға арналған мектепте, сондай-ақ Ғалақат мектебінде тәлім алады. Көптеген әйелдер қауымда және ұйымда ауыр еңбек етіп жүрген күйеулеріне қолдау көрсетеді. Бұл “сый ретіндегі” ер адамдар өзгелерге көмектесу үшін көп іс атқарады. Алайда әйелдерінің қолдауынсыз олар бұл істерді мұншалықты толық атқара алмас еді (Ефес. 4:8). Осылай еңбектеніп жүрген әйел бауырластарды қалай қолдай алатыныңыз жайлы ойланып көріңіз.

14. Зәбүр 68:11-дегі сөздерді ескеретін дана ақсақалдар нені түсінеді?

14 Дана ақсақалдар әйел бауырластардың еңбектенуге дайын “қалың қолды” құрайтынын және ізгі хабарды шебер уағыздайтынын түсінеді (Зәбүр 68:11 оқыңыз). Сондықтан олар әйел бауырластардың тәжірибесінен үйренуге тырысады. Жоғарыда айтылған Абигейл ер бауырластар одан адамдармен қалай әңгіме бастауға болатыны жайлы сұрағанда, мәз болып қалады екен. “Сондай кездері мен Ехоба өз ұйымында маған маңызды іс сеніп тапсырғанын көремін”,— дейді ол. Сондай-ақ ақсақалдар адал рухани толысқан әйел бауырластардың қиындықтарға кезігіп жүрген жас қыз бауырластарға тиімді көмек көрсете алатындарын біледі (Тит. 2:3—5). Дау жоқ, әйел бауырластар біздің сүйіспеншілігімізге және ризашылық білдіруімізге әбден лайық!

ӘЙЕЛ БАУЫРЛАСТАР ҮШІН АРАША ТҮСІҢІЗ

15. Әйел бауырластар қай кездері өзгелердің қорғанышына мұқтаж болуы мүмкін?

15 Кейде әйел бауырластарымыз бастарына ауыр жағдай түскенде, өзгелердің қорғанышына мұқтаж болуы мүмкін (Ишая 1:17). Мысалы, жесір не ажырасқан бауырлас бұрын күйеуі істеп жүрген істерді атқаруға көмектесетін адамды қажет етуі мүмкін. Ал қарт әйел бауырласымыз дәрігерлермен сөйлесу үшін біреудің көмегін қажет ететін шығар. Ехобаның ұйымында басқа да теократиялық жобаларға қатысып жүрген ізашар әйел бауырлас кейде өзін жақтап сөйлейтін біреуге мұқтаж болады, өйткені оны кейбіреулер “ол басқа ізашарлар сияқты уағыздамайды” деп сынауы мүмкін. Бұндай бауырластарға қалай көмектессек болады? Қайтадан Исаның үлгісіне оралайық.

16. Марқа 14:3—9 тармақтардан көрінетіндей, Иса Мәриямды қалай қорғады?

16 Өзінің рухани әпке-қарындастарын өзгелер дұрыс түсінбей қалғанда, Иса оларды бірден қорғаған. Мысалы, Марта наразы болған кезде, Иса Мәриямды жақтап сөйлеген (Лұқа 10:38—42). Тағы бірде өзгелер Мәриямды дұрыс емес әрекет етті деп айыптағанда, Иса Мәриямды қайтадан қорғады (Марқа 14:3—9 оқыңыз). Мәриямның игі ниетін түсінген Иса оны мақтап: “Ол маған жақсылық жасады... Ол қолынан келгенін істеді”,— деді. Ол тіпті “ізгі хабар дүниенің қай жерінде уағыздалмасын”, оның бұл жақсылығы еске алынатынын пайғамбарлық етті. Бұл мақала — осы пайғамбарлықтың орындалып жатқанының дәлелі. Исаның ізгі хабардың дүниежүзіне таралатынын осы әйелдің риясыз әрекетімен байланыстырып айтқаны — ерекше жайт! Исаның бұл сөздері өзгелердің сынына түскен Мәриямды қалайша жігерлендірді десеңізші!

17. Әйел бауырластарды қандай жағдайда қорғауға болатынына қатысты мысал келтіріңіз.

17 Сіз әйел бауырластар мұқтаж болған кездері олар үшін араша түсесіз бе? Мысалы, мынадай жағдайды елестетіп көрейік. Кейбір жариялаушылар күйеуі Куәгер емес бір әйел бауырластың жиі қауымға кешігіп келетінін және қауымнан кейін бірден кетіп қалатынын байқайды. Олар оның қауымға балаларын жиі әкелмейтінін де көріп жүреді. Сонда олар: “Неге ол күйеуінен балаларын қауымға жіберуді талап етпейді екен?”— деп, оны сынап-мінейді. Бірақ шындығында бұл әйел бауырлас қолынан келгеннің бәрін жасап жүреді. Оның бар уақыты өз құзырында емес, балаларына қатысты шешімді де ол қабылдамайды. Мұндай жағдайда сіз не істей аласыз? Егер сіз осындай бауырласты мақтасаңыз және өзгелерге оның жақсы істері жайлы айтсаңыз, ол жайлы жағымсыз әңгімелер тоқтауы мүмкін.

18. Әйел бауырластарға көмектесудің тағы қандай жолдары бар?

18 Әйел бауырластарға іс жүзінде көмек ұсыну арқылы да олардың қамын ойлайтынымызды көрсетеміз (Жох. 1-х. 3:18). Науқас анасына қарайтын Аннет былай дейді: “Кейбір бауырластар анама қарайласып тұрады. Сол кездері мен басқа шаруаларымды тындырып аламын. Кейде олар бізге тамақ алып келеді. Сонда мен бауырластардың мені жақсы көретінін және қауымның бір бөлігі деп қарастыратынын көремін”. Джорданға да бір бауырлас көмектесіп, көлік ұзақ қызмет ету үшін не істеу керектігін үйретіпті. “Бауырластардың менің қауіпсіздігімді ойлайтынын көріп, мәз болып қалдым”,— дейді ол.

19. Ақсақалдар әйел бауырластарға тағы қандай жолдармен жәрдем бере алады?

19 Ақсақалдар да әйел бауырластардың не нәрсеге мұқтаж екенін байқауға тырысады. Әйелдерге басқалардың қалай қарайтыны Ехоба үшін маңызды екенін олар біледі (Жақ. 1:27). Ақсақалдар Иса сияқты бейімделгіш болып, кейбір жағдайларда ережелер орнатпай, түсінікпен қарай алады (Мат. 15:22—28). Олар бірінші болып көмек көрсететін болса, әйел бауырластар Ехобаның және ұйымның қамқорлығын сезінеді. Кияның басқа жерге көшетінін білгенде, оның топ бақылаушысы бірден көмектесудің қамын жасады. Кия былай дейді: “Осының арқасында мен көп стреске түспедім. Ақсақалдар мені жігерлендіріп, көмек көрсеткенде, қауымда менің де орным бар екенін әрі қиын шақта жалғыз емес екенімді түсіндім”.

ӘЙЕЛ БАУЫРЛАСТАРЫМЫЗДЫҢ БӘРІ ҚОЛДАУҒА МҰҚТАЖ

20, 21. Мәсіхші әйелдердің бәрін жақсы көретінімізді қалай көрсете аламыз?

20 Айналамызға көз тастасақ, ауыр еңбек етіп жүрген мәсіхші әйелдердің көп екенін көреміз. Олардың бәрі біздің қолдау көрсетуімізге лайық. Исаға еліктеп, біз де әйел бауырластарға көмектесу үшін, уақыт бөліп, олармен жақын танысайық, олардың Ехобаға қызмет ету үшін атқарып жүрген істерін бағалайтынымызды көрсетейік және қажет кезде оларға араша түсіп, қорғауға дайын болайық.

21 Римдіктерге жазған хатының аяғында Пауыл тоғыз мәсіхші әйелдің атын атаған (Рим. 16:1, 3, 6, 12, 13, 15). Пауылдың сәлем жолдап, мақтағанын естігенде, бұл әйелдердің бір марқайып қалғанында сөз жоқ. Біз де қауымдағы әйел бауырластардың барлығына қолдау көрсетейік. Осылай біз әйел бауырластар рухани отбасымыздың баға жетпес бөлігі екенін көрсетеміз.

136-ӘН Ехоба “қарымтаңды толығымен” қайтарады

^ 5-абзац Мәсіхші әйелдер көптеген қиындықтарға кезігеді. Бұл мақалада біз Исаға еліктеп, әйел бауырластарға қалай қолдау көрсете алатынымызды білеміз. Иса әйелдерге көңіл бөлген, оларды бағалаған, қорғап сөйлеген. Біз одан көп нәрсеге үйрене аламыз.

^ 5-абзац Кейбір есімдер өзгертілген.

^ 6-абзац Бір еңбекте былай делінген: “Шәкірттер ұстаз болуға дайындалған кезде, ұстаздарының аяқ жағында отыратын болған. Алайда әйелдерге ұстаз болуға рұқсат етілмейтін. Яһуди ер адамдардың көбісі тәлім алуға құштар Мәриямның Исаның аяқ жағында отырғанын көргенде, төбе шаштары тік тұрар еді”.

^ 9-абзац Ақсақалдар әйел бауырластарға көмектескен кезде, абай болулары қажет. Мысалы, ақсақал әйел бауырласқа жалғыз бармау керек.

^ 65-абзац СУРЕТТЕР СИПАТТАМАСЫ: Адал әйелдерге көңіл бөлген Исаға еліктеп, бір ер бауырлас екі әйел бауырласқа көлігінің дөңгелегін ауыстыруға көмектесіп жатыр. Тағы бір ер бауырлас науқас әйел бауырластың жағдайын сұрап жатыр. Ал үшінші ер бауырлас жұбайымен бірге қызы бар әйел бауырластың отбасылық ғибадатына қатысып жатыр.