Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

43-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Ехоба өз ұйымын бағыттап келеді

Ехоба өз ұйымын бағыттап келеді

“Мұның бәрі әскер қуатымен де, күшпен де емес, менің рухыммен жүзеге асады,— дейді Әскербасы Ехоба” (ЗӘК. 4:6).

40-ӘН Сен кімнің меншігісің?

АҢДАТПА *

1. Шомылдыру рәсімінен өткен мәсіхші әрі қарай да не істей беру керек?

СІЗ шомылдыру рәсімінен өткенсіз бе? Өткен болсаңыз, сіз адамдардың алдында Ехобаға сенетініңізді және оның ұйымымен қызметтесуге дайын екеніңізді көрсеттіңіз *. Әрине, Ехобаға деген сеніміңіз әрі қарай да өсу керек және Ехоба бүгінде өзінің ұйымын қолданып жатқанына деген сенімділігіңіз де беки түсу қажет.

2, 3. Бүгінде Ехобаның өз ұйымын қалай бағыттайтынына қарап, нені көруге болады? Мысалдар келтіріңіз.

2 Бүгінде Ехобаның өз ұйымын қалай бағыттайтынына қарап, оның қандай Құдай екенін, оның ниеті мен нормаларының қандай екенін көруге болады. Қазір ұйымымыз паш ететін Ехобаның болмысының үш қырына назар аударайық.

3 Біріншіден, “Құдай ешкімді алаламайды” (Ел. іс. 10:34). Сүйіспеншілік қасиеті Ехобаны “бүкіл адамзат үшін” өз Ұлын құрбан етуге талпындырды (Тім. 1-х. 2:6; Жох. 3:16). Ехоба құлақ асқысы келетін адамдардың бәріне ізгі хабарды жеткізу үшін өзінің халқын қолданады. Осылай ол төлемнің игілігін мейлінше көп адамның көруіне жағдай жасауда. Екіншіден, Ехоба — тәртіп пен татулықтың Құдайы (Қор. 1-х. 14:33, 40). Сондықтан оған қызмет ететіндер тәртіппен әрі татулықта ғибадат етеді деп күткеніміз орынды. Үшіншіден, Ехоба — “Ұлы Тәлімгер” (Ишая 30:20, 21). Осы себептен де оның ұйымы қауымда және уағызда киелі рухтың жетелеуімен жазылған Құдай Сөзі арқылы тәлім беруге ерекше назар аударады. Ехобаның болмысының осы үш қыры ертедегі мәсіхшілер қауымынан қалай көрініс тапты? Ал біздің күндеріміз жайлы не деуге болады? Бүгінде сізге Ехобаның ұйымымен қызметтесуге киелі рух қалай көмектеседі?

ҚҰДАЙ ЕШКІМДІ АЛАЛАМАЙДЫ

4. Елшілердің істері 1:8-де айтылғандай, Иса өзінің ізбасарларына қандай тапсырма берді және олар қандай көмекке ие болмақ еді?

4 Бірінші ғасыр. Иса уағыздаған хабар бүкіл адамзатқа үміт сыйлады (Лұқа 4:43). Ол ізбасарларына өзі бастаған істі жалғастырып, “жердің қиыр шетіне дейін” куәлік беруді тапсырды (Елшілердің істері 1:8 оқыңыз). Әрине, олар бұл істі өз күштерімен атқара алмас еді. Олар Иса уәде еткен “көмекшіге”, яғни киелі рухқа мұқтаж еді (Жох. 14:26; Зәк. 4:6).

5, 6. Исаның ізбасарларына киелі рух қалай көмектесті?

5 Исаның ізбасарлары б. з. 33 жылы Елуінші күн мейрамында киелі рухқа кенелді. Киелі рухтың көмегімен олар бірден уағыздай бастады, нәтижесінде қысқа уақыттың ішінде ізгі хабарға мыңдаған адам құлақ асты (Ел. іс. 2:41; 4:4). Қарсылықтар үдей түскенде, шәкірттер қорқынышқа бой алдырмады, қайта, олар Құдайдан көмек сұрады. Олар: “Құлдарыңа сөзіңді батыл жариялай беруге күш дарыта көр”,— деп дұға етті. Кейін олар киелі рухқа кенеліп, “Құдай сөзін батылдықпен жариялай” берді (Ел. іс. 4:18—20, 29, 31).

6 Исаның шәкірттерінің басқа да қиындықтары болды. Мысалы, ол кезде Жазбалардың көшірмесі санаулы ғана болған. Олардың біздікіндей зерттеуге арналған құралдары да болмаған. Оның үстіне, шәкірттер әртүрлі тілдерде сөйлейтін адамдарға уағыздаған. Осы қиындықтардың ешқайсысына қарамастан, бұл құлшынысты шәкірттер мүмкін еместей көрінген нәрсені істеді. Олар шамамен отыз-ақ жылдың ішінде ізгі хабарды “барлық жерде” уағыздап шықты (Қол. 1:6, 23).

7. 100 жылдан аса уақыт бұрын Ехобаның қызметшілері Құдай олардан не талап ететінін қайдан білген және олар не істеген?

7 Біздің күндеріміз. Ехоба әлі де өзінің халқын жетелеп, оларға күш дарытып келеді. Әрине, ол өзінің бағыт-бағдарын бірінші кезекте киелі рухтың жетелеуімен жазылған Сөзі арқылы береді. Киелі кітаптан біз Исаның қызметі жайлы және бастаған ісін ізбасарларына тапсырғаны жайлы оқимыз (Мат. 28:19, 20). Сонау 1881 жылғы “Күзет мұнарасының” шілде айындағы санында былай делінді: “Ехоба бізді даңққа бөлеу үшін не байлыққа кенелту үшін емес, барымызды салып ізгі хабарды уағыздау үшін таңдады”. 1919 жылы жарық көрген “Бұл іс кімдерге сеніп тапсырылған?” деген кітапшада: “Бұл іс тым ауқымды көрінер, бірақ бұл Иеміздің ісі болғандықтан, оның өзі бізге осы істі атқаруға күш береді”,— делінді. Иә, I ғасырдағы мәсіхшілер сияқты, бұл бауырластар да батылдық танытып, өздерін осы іске толықтай арнады. Себебі олар ізгі хабарды әртүрлі адамдарға уағыздауға киелі рух көмектесетініне сенімді болды. Бүгінде бізде де дәл сондай сенімділік бар.

Тарих бойы Ехобаның ұйымы ізгі хабарды тарату үшін ең үздік құралдарды қолданып келеді (8, 9-абзацты қараңыз)

8, 9. Ехобаның ұйымы ізгі хабарды тарату үшін қандай әдістер қолданып келеді?

8 Ехобаның ұйымы ізгі хабарды тарату үшін тарих бойы ең үздік құралдарды қолданып келеді. Бұл құралдарға баспа жүзіндегі әдебиеттер, “Жаратылыс фотодрамасы”, фонографтар, дауысзорайтқыш орнатылған көліктер, радиобағдарламалар және соңғы кездері қолданылып жатқан компьютер мен интернет кіреді. Сондай-ақ Құдайдың ұйымы бұрын-соңды болмағандай ауқымды аударма ісін жүргізуде. Не үшін? Әрбір адам ізгі хабарды өз ана тілінде есту үшін. Ешкімді алаламайтын Ехоба ізгі хабар “әрбір ұлт, ру, тіл және халыққа жарияланатынын” алдын ала айтқан (Аян 14:6, 7). Ол Патшалық жайлы хабар барлық адамға қолжетімді болғанын қалайды.

9 Кейбір адамдардың үйлері мықты күзетпен қорғалады. Осы сияқты себептерден ізгі хабарды ести алмайтын адамдар жайлы не деуге болады? Сондай адамдарға уағыздау үшін, Ехобаның ұйымы көпшілік орындарында уағыздаудың әртүрлі жолдарын қарастырды. Мысалы, 2001 жылы Басқарушы кеңес әдебиет арбалары мен басқа да стенділерді Францияда, кейінірек басқа да жерлерде қолдануға рұқсат етті. Бұл жақсы нәтиже әкелді. Ал 2011 жылы Құрама Штаттардағы Нью-Йорк қаласының ең ығы-жығы жерлерінде сынама бағдарлама жүргізіле бастады. Алғашқы жылы 102 129 кітап, 68 911 журнал таратылды және 4701 адам Киелі кітапты зерттеуге келісті. Бұл істің киелі рухтың қолдауымен атқарылып жатқаны анық көрінді. Сөйтіп, Басқарушы кеңес әдебиет арбалары мен стенділерді дүниежүзі бойынша қолдануды мақұлдады.

10. Қызметімізді мейлінше жақсы атқару үшін не істей аламыз?

10 Үйренеріңіз. Ехобаның мәсіхшілер қауымы арқылы беріп жатқан тәлімдерін толығымен қолданыңыз. Уағыздау тобыңызбен жүйелі түрде қызметтесіңіз. Тобыңыздағы бауырластар сізге уағыздау мен тәлім беру жағынан жақсаруға көмектеседі. Сондай-ақ олардың жақсы үлгісіне қарап, жігерленіп қаласыз. Қызметте табанды болыңыз. Осы мақаланың негізгі тармағында айтылғандай, біз Құдайдың еркін өзіміздің күшімізбен емес, киелі рухтың күшімен атқарамыз (Зәк. 4:6). Қанша дегенмен, атқарып жатқан ісіміз — Құдайдың ісі.

ЕХОБА — ТӘРТІП ПЕН ТАТУЛЫҚТЫҢ ҚҰДАЙЫ

11. Бірінші ғасырдағы басқарушы кеңес Құдай халқының арасындағы бірлікті сақтау үшін қалай бірлесе әрекет етті?

11 Бірінші ғасыр. Иерусалимдегі басқарушы кеңес Құдай халқының арасындағы бірлік пен татулықты сақтау үшін бірлесе әрекет етті (Ел. іс. 2:42). Мысалы, шамамен б. з. 49 жылы сүндетке отырғызу мәселесі ушығып кеткен кезде, басқарушы кеңес киелі рухтың жетелеуімен осы мәселені қарастырды. Егер қауым осы мәселеге бола жікке бөлінуін қоймаса, бұл оларға ізгі хабарды уағыздауға кедергі болмақ еді. Өздері яһуди болса да, елшілер мен ақсақалдар яһуди дәстүрінің және соны барынша насихаттаған адамдардың ықпалына берілмеді. Қайта, олар Құдай Сөзі мен киелі рухтың басшылығына жүгінді (Ел. іс. 15:1, 2, 5—20, 28). Нәтижесінде не болды? Ехоба олардың шешіміне батасын беріп, қауымда татулық пен бірлік орнады және уағыз ісі алға жылжыды (Ел. іс. 15:30, 31; 16:4, 5).

12. Бүгінде Ехобаның ұйымында тәртіп пен татулық бар екені неден көрінеді?

12 Біздің күндеріміз. Құдай халқының арасындағы бірлік пен татулықты сақтау үшін, Ехобаның ұйымы көп еңбектенеді. Сонау 1895 жылғы “Күзет мұнарасының” 15 қарашадағы санында Қорынттықтарға 1-хат 14:40-қа негізделген “Лайықты әрі тәртіппен” деген мақала жарық көрді. Онда мынадай сөздер болды: “Елшілер ертедегі қауымға тәртіпке қатысты көптеген нәрселер жазған. Бұрын бізге тәлім болсын деп жазылған осы сөздерге мойынсұнғанымыз өте маңызды” (Рим. 15:4). Бірінші ғасырдағыдай, бүгінде Ехобаның ұйымы мәсіхшілер қауымындағы тәртіп пен татулықты сақтау үшін барынша еңбектенуде. Мысалы, “Күзет мұнарасын” зерттеу үшін жергілікті басқа қауымға, тіпті басқа елдегі қауымға барсаңыз, зерттеудің қалай өтетінін және қандай мақала қарастырылатынын білесіз. Сіз ол жерде өзіңізді мүлдем бөтен сезінбейсіз. Мұндай тамаша бірлік тек Құдай рухының арқасында ғана мүмкін (Соф. 3:9, сілт.).

13. Жақып 3:17-ні есте тұтып, біз қандай сұрақтар жайлы ойлануымыз керек?

13 Үйренеріңіз. Ехоба өз халқының киелі рух арқылы иемденген бірліктерін сақтап қалғанын қалайды (Ефес. 4:1—3). Сондықтан былай деп ойланып көріңіз: “Қауымымда бірлік пен татулықтың болуына үлес қосамын ба? Басшылықты қолға алғандарға мойынсұнамын ба? Әсіресе қауымда жауапкершіліктерім болса, басқалар маған сенім арта ала ма? Бәрін уақтылы істеймін бе? Өзгелерге көмектесуге дайынмын ба?” (Жақып 3:17 оқыңыз). Егер жақсаратын тұстарыңызды байқасаңыз, киелі рух сұрап дұға етіңіз. Киелі рухқа болмысыңызды қалыптастыруға және әрекеттеріңізге әсер етуге жол берген сайын, бауырластарыңыз сізді жақсы көріп, бағалай түседі.

ЕХОБА БІЗГЕ ТӘЛІМ БЕРІП, ҚАЖЕТІМІЗБЕН ҚАМДАЙДЫ

14. Ехоба бірінші ғасырдағы халқына өзінің еркі жайлы тура білімге ие болуға қалай көмектесті? (Қолостықтарға 1:9, 10).

14 Бірінші ғасыр. Ехоба өзінің халқына тәлім беруден қуаныш алады (Зәб. 32:8). Ехоба олардың оны танып-білгенін, оны жақсы көргенін және мәңгілік өмір сүргенін қалайды. Мұның бәрі ол беріп жатқан тәлімнің арқасында ғана мүмкін (Жох. 17:3). Бірінші ғасырда Ехоба өзінің халқына тәлім беру үшін мәсіхшілер қауымын қолданды (Қолостықтарға 1:9, 10 оқыңыз). Сондай-ақ Иса уәде еткен “көмекші” киелі рухтың да рөлі ерекше болды (Жох. 14:16). Киелі рух шәкірттерге Құдай Сөзін түсінуге және Исаның айтқан сөздері мен істеген істерін естеріне түсіруге көмектесті. Кейін осы жайттардың көбісі Інжілге жазылды. Бұл білгендері ертедегі мәсіхшілердің сенімдерін, сондай-ақ Құдайға, оның Ұлына және бір-біріне деген сүйіспеншіліктерін нығайтты.

15. Ехоба Ишая 2:2, 3-тегі уәдесін орындап жатқанына сіз қалай куә болып жүрсіз?

15 Біздің күндеріміз. Ехоба “соңғы күндерде” оның жолдарына үйрену үшін, барлық халықтар оның бейнелі тауына ағылып келетінін пайғамбарлық еткен (Ишая 2:2, 3 оқыңыз). Бүгінде біз бұл пайғамбарлықтың орындалып жатқанына куәміз. Таза ғибадат барлық жалған ғибадат түрлерінен асқақ тұр. Ехобаның жасап жатқан рухани тойын айтсаңызшы! (Ишая 25:6). Ол “адал да ақылды құл” арқылы рухани ас-суды молынан ғана емес, мақалалар мен баяндамалардан бастап анимациялар мен видеоларға дейін түрлі-түрлі етіп беріп жатыр (Мат. 24:45). Біз де Әйүптің досы Елиху сияқты: “[Құдайға] тең келетін тәлімгер бар ма?!”— дей аламыз (Әйүп 36:22).

Шындықтарды жүрегіңізге жеткізіп, оларды өмірде қолданыңыз (16-абзацты қараңыз) *

16. Ехобаның беріп жатқан тәлімдерінің игілігін көру үшін не істей аласыз?

16 Үйренеріңіз. Құдайдың киелі рухы сізге Құдай Сөзінен оқып-білгендеріңізді өмірде қолдануға көмектеседі. Сіз де зәбүр жыршысы сияқты, былай деп дұға етсеңіз болады: “Уа, Ехоба, мені өз жолыңа бағытташы. Шындық жолыңда жүрейін. Жүрегімді біртұтас етші, есіміңді қастерлейін” (Зәб. 86:11). Сондай-ақ Ехобаның өз Сөзі және ұйымы арқылы беріп жатқан рухани ас-суын әрі қарай да қабылдай беріңіз. Әрине, сіздің мақсатыңыз жай ғана білім алу емес, сіз шындықтардың жүрегіңізге жеткенін және оларды өмірде қолдануды қалайсыз. Бұл орайда Ехобаның рухы сізге көмектесе алады. Сонымен қатар сіз бауырластарыңызды да жігерлендіргіңіз келеді (Евр. 10:24, 25). Неліктен? Өйткені олар сіздің рухани отбасыңыз. Ехобадан киелі рух сұрап, қауым кездесулерінде шын жүректен түсініктеме беруге және тапсырмаларыңызды барынша тыңғылықты атқаруға көмектесуін өтініңіз. Осылайша сіз Ехобаға және оның Ұлына олардың бағалы “қозыларын” жақсы көретініңізді көрсетесіз (Жох. 21:15—17).

17. Ехобаның ұйымын адалдықпен қолдайтыныңызды қалай көрсете аласыз?

17 Жуырда жер бетінде Құдай рухының көмегімен алға басып жатқан осы ұйым ғана қалады. Сондықтан Ехобаның ұйымымен барынша қызметтесіңіз. Кездестірген әрбір адамға ізгі хабарды айту арқылы Ехоба сияқты ешкімді алаламай, барлық адамды жақсы көретініңізді көрсетіңіз. Ехоба сияқты тәртіп пен татулықты сүйетініңізді қауымның бірлігіне үлес қосу арқылы көрсетіңіз. Сондай-ақ Ұлы Тәлімгеріңізге құлақ асып, оның жасап жатқан рухани тойынан тойына ішіп-жеңіз. Сонда Шайтанның дүниесінің ақыры келгенде, сіз еш қорықпайсыз. Қайта, Ехобаның ұйымымен адал қызметтескен адамдардың арасында сенімділікпен нық тұратын боласыз.

3-ӘН Сен бізге күш бердің, үміт бердің

^ 5-абзац Сіз Ехобаның бүгінде өз ұйымын бағыттап жатқанына сенесіз бе? Бұл мақалада біз Ехоба ертедегі мәсіхшілер қауымын қалай бағыттағанын және бүгінде өз халқын қалай бағыттап жатқаны жайлы білеміз.

^ 1-абзац СӨЗ МӘНІ: Ехобаның ұйымы жердегі және көктегі бөліктен тұрады. Бұл мақаладағы “ұйым” деген сөз оның жердегі бөлігіне нұсқайды.

^ 52-абзац СУРЕТТЕР СИПАТТАМАСЫ: Қажеттілік бар жерде қызмет етіп жүрген бауырластар жайлы видеолар көргеннен кейін, ізашар қыз бауырлас олардың үлгісіне еліктеп, қажеттілік бар жерде қызмет етуді мақсат етеді. Ақырында, ол өз мақсатына жетеді.