Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Онисимэ мен Жеральдина

Өз елдеріне оралғандар Ехобаның мол батасына кенелді

Өз елдеріне оралғандар Ехобаның мол батасына кенелді

КӨБІРЕК ақша табу үшін батыс елдеріне көшіп кеткен бауырластардың біразы өз елдеріне оралды. Олар Ехобаны және өзгелерді жақсы көргендіктен, жариялаушылар қажет жерлерге көшіп барды (Мат. 22:37—39). Бұл бауырластар қандай құрбандықтарға барды және қандай баталарға кенелді? Қазір Африканың батысында орналасқан Камерун еліне қайта көшіп барған бауырластардың оқиғаларын көрейік.

“НАҒЫЗ КӨП БАЛЫҚ ЖҮРЕТІН ЖЕР”

1998 жылы Онисимэ есімді ер бауырлас туған жері Камеруннан басқа елге көшіп кеткен. Ол 14 жыл бойы шетелде өмір сүрген. Бір күні ол қауым кездесуінде уағыз ісі жайлы бір мысал естиді. Баяндамашы былай дейді: “Бір-бірімен дос екі адам екі түрлі жерде балық аулап жатады. Біреуі екіншісіне қарағанда көп балық аулайды. Сонда балықтар аз жүретін жерде отырған досы екінші досының қасына, яғни балықтар көп жүретін жерге барады ғой, солай емес пе?!”

Осы мысалдан кейін Онисимэ Камерундағы жариялаушыларға көмектесу үшін, бейнелі балықтар көп жүретін сол елге көшіп бару жайлы ойлайды. Бірақ оның уайымдары да болады. Ұзақ уақыт шетелде тұрғандықтан, ол: “Қайтадан өз еліме үйреніп кете аламын ба?”— деп ойлайды. Қалай болатынын көру үшін, Онисимэ Камерунда жарты жыл тұрып көруді шешеді. Кейін ол 2012 жылы сол жаққа біржола көшіп барады.

“Мұнда ауа райы ыстық болды, жергілікті жағдай да өзгеше еді. Патшалық сарайындағы тақыр орындықтарға да қайтадан үйренуге тура келді. Бірақ бар назарымды бағдарламаға аударған сайын, бұрынғы Патшалық сарайымдағы жұмсақ та мамық орындықтар ұмтыла бастайтын”,— дейді Онисимэ күлімдеп.

2013 жылы Онисимэ Жеральдина есімді бауырласқа үйленді. Ол Францияда тоғыз жыл тұрғаннан кейін, Камерунға қайта оралған. Өзінің еркін басты орынға қойған бұл жұпқа Ехоба қалай батасын төкті? Онисимэ былай дейді: “Біз Патшалықты жариялаушыларға арналған мектепте оқыдық, қазір Бетелде қызмет етеміз. Ал өткен жылы қауымымыздағы 20 зерттеуші шомылдыру рәсімінен өтті. Қазір мен өзімді, бейнелеп айтқанда, нағыз көп балық жүретін жерде жүрмін деп ойлаймын” (Мар. 1:17, 18). Ал Жеральдина: “Мен өзім ойлағаннан да көп баталарға кенелдім”,— деп қосты.

ШӘКІРТ ДАЙЫНДАУ ІСІ ҚУАНЫШ СЫЙЛАЙДЫ

Джудит пен Сэм-Кастл

Джудит Құрама Штаттарға көшіп кеткен. Бірақ ол қызмет аясын кеңейтуді ойлап жүрген. Ол былай дейді: “Мен Камерундағы отбасымды көруге барған сайын, жылап қайтатынмын. Өйткені Киелі кітапты зерттеу сабағын бастаған адамдарды тастап кетуіме тура келетін”. Сонда да Джудит Камерунға қайта көшіп баруға батпайтын. Өйткені ол жалақысы жоғары жұмыс істейтін. Соның арқасында Камерундағы әкесінің ем-шарасына төлей алатын. Десе де ол Ехобаға арқа сүйеп, Камерунға көшіп барды. Ол басында шетелдегі жайлы өмірін сағынғанын айтады. Бірақ Джудит Ехобаға дұға етіп, жаңа жағдайға бейімделуге көмектесуін сұрайды. Сөйтіп, оған аудандық бақылаушы мен оның әйелі жігер береді.

Джудит өткенді еске алып: “Үш жылдың ішінде мен төрт адамға шомылдыру рәсімінен өтуге көмектестім”,— деді. Кейін Джудит арнайы ізашар болып қызмет етті. Бүгінде ол күйеуі Сэм-Кастлмен бірге аудандық қызметте жүр. Ал Джудиттің әкесімен не болды? Шетелдегі бір аурухана оған тегін ота жасауға келісті. Қуанышқа орай, ота жақсы өтті.

ЕХОБА ҚОЛДАУ КӨРСЕТТІ

Каролина мен Виктор

Виктор есімді ер бауырлас Канадаға көшіп кеткен. Ол “Күзет мұнарасынан” жоғары білім алу туралы мақаланы оқығаннан кейін, өзінің оқуы жайлы ойланды. Сөйтіп, ол университеттегі оқуын тастап, қысқа мерзімді курстарды оқып алды. “Осының арқасында мен тез арада жұмысқа орналастым. Сондай-ақ бұрыннан бері аңсап жүрген мақсатыма жетіп, ізашар болдым”,— дейді Виктор. Кейінірек ол Каролина есімді бауырласқа үйленіп, екеуі Камерунға барды. Сондағы Бетелде болған кезде, бауырластар оларды Камерунда қызмет етуге талпындырыпты. Виктор былай дейді: “Біз бұл ұсыныстан бас тартудың ешқандай себебін көрмедік. Қарапайым өмір сүріп үйреніп қалғандықтан, бұл шақыруға оңай келістік”. Каролинаның денсаулығымен байланысты қиындықтарға қарамай, олар Камерунға көшуді шешті.

Виктор мен Каролина Киелі кітапқа зор қызығушылық танытқан адамдарға көмектесу үшін Камерунда ізашар болып қызмет етіп жүрді. Басында олар жұмыс істемей, тек жинаған ақшаларына өмір сүрді. Ал ақшалары біткенде, Канадаға бірнеше айға жұмыс істеуге барды. Кейін олар Камерунға қайта оралып, қызметтерін жалғастыра берді. Олар Ехобаның қандай баталарын көрді? Олар Патшалықты жариялаушыларға арналған мектепте оқыды, кейін арнайы ізашар болып қызмет етті. Ал қазір олар құрылыс қызметшілері ретінде қызмет етеді. Виктор былай дейді: “Жайлы өмірімізді тастап кеткеніміз Ехобаның қолдауын көруге жол ашты”.

АДАМДАРҒА ӨМІРЛЕРІН ЕХОБАҒА БАҒЫШТАУҒА КӨМЕКТЕСУ ҚУАНЫШ СЫЙЛАЙДЫ

Стефани мен Алэн

2002 жылы Алэн Германияда университетте оқып жүрді. Сол кезде ол “Жастар, өмірлеріңді неге арнайсыңдар?” деген буклетті оқыған екен. Ондағы мәлімет оны жаңа мақсаттар қоюға талпындырды. Сөйтіп, ол 2006 жылы Қызметті жетілдіру мектебінде оқып, туған елі Камерунға тағайындалды.

Камерунда Алэн көп уақыт алмайтын жұмысқа тұрады. Кейінірек ол жалақысы жақсырақ жұмысқа орналасады. Бірақ бұл жұмыс көп уақытын алатындықтан, “қызметімді атқара аламын ба” деп те уайымдап жүреді. Кейін бауырластар оған арнайы ізашар болуды ұсынған кезде, ол бірден қуана келіседі. Алэнның жұмыс берушісі оған көбірек жалақы ұсынады. Бірақ Алэн оның ұсынысынан бас тартып, арнайы ізашар болады. Уақыт өте Алэн Стефани есімді бауырласқа үйленеді. Стефани Францияда біраз уақыт тұрған. Ол Камерунға көшкеннен кейін қандай қиындықтарға кезікті?

Стефани былай дейді: “Менің аллергиям, басқа да денсаулықпен байланысты қиындықтарым пайда болды. Бірақ кейін емделіп, жағдайым жақсарды”. Бұл ерлі-зайыпты табандылықтары үшін көп батаға кенелді. Алэн былай дейді: “Біз Кэти деген шалғай орналасқан бір ауылда уағыздадық. Ол жақта бірнеше адам Киелі кітапты зерттеуге ықылас білдірді. Кейінірек біз олармен зерттеу сабағын телефон арқылы жүргіздік. Олардың екеуі шомылдыру рәсімінен өтті. Ол жерде бірнеше жариялаушыдан тұратын топ құрылды”. Ал Стефани: “Зерттеушілеріңнің өмірлерін Ехобаға бағыштағанын көруден артық қуаныш жоқ шығар. Осы жерде жүріп, осындай қуанышты біз талай рет бастан кешірдік”,— деп қосты. Бүгінде Алэн мен Стефани аудандық қызметте жүр.

“БІЗ ІСТЕУІМІЗ ҚАЖЕТ НӘРСЕНІ ІСТЕДІК”

Леонс пен Жэзель

Жэзель Италияда дәрігерлікке оқып жүргенде, шомылдыру рәсімінен өтті. Оған өзімен зерттеу жүргізген ерлі-зайыптының қарапайым өмірі қатты әсер еткені сонша — ол да көбірек қызмет етуді қалады. Сөйтіп, Жэзель оқуы аяқталып қалғанда ізашарлық қызметті бастады.

Жэзель Ехобаға көбірек қызмет ете алу үшін Камерунға қайта оралғысы келді. Бірақ оның уайымдары да болды. Ол: “Егер Камерунға көшетін болсам, Италияда тұрақтау құқығымнан айырылып, сондағы отбасым мен достарымнан жырақтап кетпек едім”,— дейді. Бірақ Жэзель еш нәрсеге қарамай, 2016 жылдың мамыр айында Камерунға қайтадан көшіп барды. Кейінірек ол Леонс деген бауырласқа тұрмысқа шықты. Камерундағы Бетел оларға жариялаушылар қатты жетіспейтін Айос қаласына көшіп баруды ұсынды.

Айостағы өмір қандай болды? Жэзель былай дейді: “Ол жерде апталап электр қуаты болмайтын. Сондықтан телефондарымыз ұзақ уақыт сөндірулі жататын. Мен ошаққа тамақ пісіруді үйрендім. Түнде су басында адам аз болатындықтан, біз арбамыз бен қолшамымызды алып, түнделетіп суға баратынбыз”. Осындай қиындықтарға төзуге оларға не көмектесті? Жэзель былай дейді: “Бізге төзімді болуға Ехобаның киелі рухы көмектесті. Күйеуім екеуміз бір-бірімізге қолдау көрсетуге тырыстық. Сондай-ақ отбасымыз бен достарымыз бізге жігер беріп, ара-тұра қаржылай көмектесіп тұрды”.

Жэзель туған жеріне қайтқанына өкінді ме? Ол былай дейді: “Мен титтей де өкінбеймін. Әрине, басында қиындықтар болды, көңіліміз де түсті. Бірақ оларды жеңген кезде, күйеуім екеуміз істеуіміз қажет нәрсені істеп жүргенімізге сенімді болдық. Біз Ехобаға арқа сүйейміз және оған жақындай түскенімізді сеземіз”. Леонс пен Жэзель Патшалықты жариялаушыларға арналған мектепте оқыды. Олар қазір уақытша арнайы ізашар болып қызмет етіп жүр.

Көп балық аулау үшін, қиындықтарға қарамай батылдық танытатын балықшылар іспетті, туған елдеріне оралған бауырластар да ізгі хабарға құлақ асатын ақжүректі адамдарға көмектесу үшін көптеген құрбандықтарға барады. Ехоба осы еңбекқор жариялаушылардың өз есіміне деген сүйіспеншіліктерін ешқашан ұмытпайды (Нех. 5:19; Евр. 6:10). Егер сіз шетелде тұрсаңыз және туған еліңізде жариялаушылар жетіспесе, сол жаққа қайта аласыз ба? Егер қайтатын болсаңыз, мол батаға кенелесіз! (Нақ. с. 10:22).