Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

47-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Сіз әрі қарай да түзеле бересіз бе?

Сіз әрі қарай да түзеле бересіз бе?

“Сонымен, бауырластар, қуана беріңдер, түзеле беріңдер” (ҚОР. 2-Х. 13:11).

54-ӘН Міне, жол!

АҢДАТПА *

1. Матай 7:13, 14-ке сай, біз қай мағынада жол жүріп келе жатырмыз?

БАРЛЫҒЫМЫЗ жол жүріп келе жатырмыз. Біздің діттеген жеріміз, яғни көздеген мақсатымыз — Ехоба сүйіспеншілікпен билік ететін жаңа дүниеге жету. Біз әр күні сол өмірге жетелейтін жолмен жүруге тырысамыз. Бірақ Иса айтып кеткендей, бұл жол тар, сондықтан онымен жүру кейде қиын (Матай 7:13, 14 оқыңыз). Біз кемелсіз болғандықтан, бұл жолдан оп-оңай ауытқып кетуіміз мүмкін (Ғал. 6:1).

2. Біз бұл мақалада нені қарастырамыз? (“ Кішіпейілділік өзгерістер жасауға көмектеседі” деген қоршауды да қараңыз.)

2 Өмірге жетелейтін тар жолмен жүре беру үшін, біз ойымызды, көзқарасымызды және әрекеттерімізді өзгертуге ықыласты болуымыз керек. Елші Пауыл Қорынт қаласындағы мәсіхшілерді әрі қарай да “түзеле беруге” шақырған (Қор. 2-х. 13:11). Бұл кеңес бізге де қатысты. Бұл мақалада бізге өзгерістер жасауға Киелі кітаптың қалай көмектесетінін және өмір жолынан ауытқымауға рухани толысқан достарымыз қалай қолғабыс бола алатындарын қарастырамыз. Сондай-ақ Ехобаның ұйымынан келіп жатқан нұсқауларға мойынсұну қай кезде қиын болуы мүмкін екенін талқылаймыз және кішіпейілділік Ехобаға қызмет етуге деген қуанышымызды жоғалтпастан өзгерістер жасауға қалай көмектесетінін де көреміз.

ҚҰДАЙ СӨЗІНІҢ СІЗДІ ТҮЗЕТУІНЕ ЖОЛ БЕРІҢІЗ

3. Құдай Сөзі сізге қалай көмектесе алады?

3 Өз ойларымыз бен сезімдерімізді тексеру бізге оңай емес. Өйткені біздің жүрегіміз алдамшы және оның бізді қай жаққа еліктіріп әкететінін түсіну кейде қиын (Ерм. 17:9). Біздің өз-өзімізді “жаңсақ пікірмен” алдап кетуіміз де оңай (Жақ. 1:22). Сондықтан өзімізді тексеру үшін, Құдай Сөзін қолдануымыз қажет. Құдай Сөзі іштей қандай адам екенімізді және жүрегімізде терең жатқан “ой-ниетімізді” аян етеді (Евр. 4:12, 13). Құдай Сөзі іштегі көзге көрінбейтін нәрселерді көрсететін рентген сияқты. Бірақ біз кішіпейіл болсақ қана, Киелі кітаптағы сөздердің және басшылықты қолға алған бауырластардан естіген кеңестердің пайдасын көре аламыз.

4. Саул патшаның көкіректеніп кеткені неден көрінді?

4 Бізге кішіпейілділік жетіспесе не болатынын Саул патшаның оқиғасынан көреміз. Саулдың көкірек болып кеткені сонша — ол өзінің өзгеруі керектігін тіпті іштей де мойындамады (Зәб. 36:1, 2; Абқ. 2:4). Бұл Ехоба оған келесідей нұсқау бергенде айқын көрінді. Ехоба Саулға амалектіктерді жеңгеннен кейін не істеу керектігіне қатысты нақты нұсқау берді. Бірақ Саул Ехобаға мойынсұнбады. Ал Самуил пайғамбар осы қателігі жайлы айтқанда, Саул кінәсін мойындамады. Ол соншалықты ауыр іс жасамадым деп ақталып, кінәсін өзгелерге жапты (Сам. 1-ж. 15:13—24). Саул бұған дейін де осылай әрекет еткен болатын (Сам. 1-ж. 13:10—14). Өкінішке қарай, Саул өз жүрегінің көкіректеніп кетуіне жол берді. Ол өз ой-ниетін түземегендіктен, Ехоба оған қатаң сөгіс айтып, одан бас тартты.

5. Саулдың оқиғасынан қандай сабақ аламыз?

5 Саулдың оқиғасынан сабақ алып, өзімізден былай деп сұрайық: “Киелі кітапта жазылған қандай да бір кеңесті оқығанда, өзімді ақтап, сол кеңесті қолданбаудың жолын іздеймін бе? Менің жасаған ісім соншалықты жаман емес деп ойлаймын ба? Өз қателіктерім үшін өзгелерді айыптауға бейіммін бе?” Осы сұрақтардың біреуіне болса да “иә” деп жауап берсек, онда ойымыз бен көзқарасымызды өзгертуіміз қажет. Әйтпесе жүрегіміз көкіректеніп кетуі мүмкін. Мұндайда Ехоба бізбен достығын үзіп, бізден бас тартады (Жақ. 4:6).

6. Дәуіт патшаның Саул патшадан айырмашылығы қандай болды?

6 Дәуіт патшаның Саул патшадан айырмашылығына назар аударыңызшы. Дәуіт “Ехобаның заңын” сүйген (Зәб. 1:1—3). Ол Ехобаның кішіпейіл жандарды аман сақтап, ал тәкаппарларға қарсы шығатынын білген (Сам. 2-ж. 22:28). Сондықтан Дәуіт Құдай заңына өзінің ойын өзгертуге жол берген. Ол: “Маған ақыл-кеңес айтқан Ехобаны мадақтаймын, Тіпті түнде де көңіл түбіндегі ойларым мені түзетеді”,— деп жазған (Зәб. 16:7).

ҚҰДАЙ СӨЗІ

Жолдан ауытқып кетсек, Құдай Сөзі бізді ескертеді. Егер кішіпейіл болсақ, Құдай Сөзіне бұрыс ойларымызды түзетуге жол береміз (7-абзацты қараңыз).

7. Кішіпейіл болсақ, біз не істейміз?

7 Егер кішіпейіл болсақ, бұрыс ойларымыз іс-әрекетке ұласпай тұрып, Құдай Сөзіне ой қалпымызды өзгертуге жол береміз. Құдай Сөзі бізге “Жол — мынау, осы жолмен жүріңдер!” дейтін дауыс сияқты болады. Жолдан оңға не солға ауытқып кетсек, ол бізді ескертіп тұрады (Ишая 30:21). Ехобаны тыңдасақ, бұның көп пайдасын көреміз (Ишая 48:17). Мысалы, біреуден ескерту естіп, алдында ыңғайсызданып тұрмаймыз. Сондай-ақ Ехобаға жақындай түсеміз, өйткені ол бізді сүйікті баласындай қамқорлайтынын түсінеміз (Евр. 12:7).

8. Жақып 1:22—25 тармақтарда айтылғандай, Құдай Сөзін қалай айна сияқты қолдана аламыз?

8 Құдай Сөзі біз үшін айна іспетті бола алады (Жақып 1:22—25 оқыңыз). Көбіміз таңертең үйден шығарда айнаға қараймыз. Осылай өзгелер бізді көрмес бұрын, қажет жерлерімізді жөндеп аламыз. Сол сияқты, Киелі кітапты күнде оқысақ, ойымыз бен көзқарасымызды қай жағынан өзгертуіміз керектігін көреміз. Көбісі күнде таңертең үйден шықпас бұрын, күнделікті тармақты оқудың көп пайдасын көріп жүр. Олар оқығандары жайлы ой жүгіртеді және күні бойы Құдай Сөзіндегі кеңесті қолданудың жолдарын іздейді. Бұған қоса, біз Құдай Сөзін күнделікті оқып, ой жүгіртуді де әдетке айналдыруымыз керек. Бұл қарапайым іс болып көрінуі мүмкін. Бірақ бұл — өмірге жетелейтін тар жолда қала беруге көмектесетін ең маңызды жайттардың бірі.

РУХАНИ ТОЛЫСҚАН ДОСТАРЫҢЫЗДЫ ТЫҢДАҢЫЗ

РУХАНИ ТОЛЫСҚАН ДОСТАР

Қандай да бір рухани толысқан мәсіхші бізге жұмсақтықпен ескерту жасауы мүмкін. Мұндайда бауырласымыздың батылдық танытып, бізбен сөйлескеніне риза боламыз ба? (9-абзацты қараңыз).

9. Досыңыз сізді қай кезде түзетуі мүмкін?

9 Сіздің жолдан ауытқып, Ехобадан алшақтап кеткен кезіңіз болған ба? (Зәб. 73:2, 3). Сондай кезде рухани толысқан досыңыз батылдықпен сізді түзеткен болса, сіз оны тыңдап, ақыл-кеңесін қабылдадыңыз ба? Егер сіз солай еткен болсаңыз, онда дұрыс істедіңіз. Ескерту жасағаны үшін досыңызға риза екеніңізде дау жоқ (Нақ. с. 1:5).

10. Досыңыз сізді түзетіп жатса, бұған қалай қарауыңыз керек?

10 Құдай Сөзінде “Досыңның жаралағаны — адалдығы” деген сөз бар (Нақ. с. 27:6). Бұл сөздер нені білдіреді? Мынадай мысалды қарастырайық. Сіз көліктер ығы-жығы көшеден өтпекші болып, жолдың жиегінде тұрсыз делік. Бірақ телефоныңызға алаңдап, жан-жағыңызға қарамай алға жүре бердіңіз. Сол сәтте досыңыз қолыңыздан шап беріп ұстап, сізді артқа қарай тартады. Оның қолыңызды мықтап ұстағаны сонша — қолыңыз көгеріп қалады. Бірақ оның дереу әрекет еткені сізді көліктің астына түсуден сақтап қалды. Көгерген қолыңыз бірнеше күн ауырып жүрсе, осы үшін досыңызға ренжисіз бе? Әрине, ренжімейсіз! Қайта, көмегі үшін риза боласыз. Сол сияқты, досыңыз сіздің сөзіңіз не ісіңіз Құдайдың әділ талаптарына сай келмейтінін айтып ескертсе, бұл сізге басында ауыр тиюі мүмкін. Бірақ бұл үшін наразы болудан не ренжуден аулақ болыңыз, өйткені бұл ақымақтық болады (Уағ. 7:9). Қайта, досыңызға сізді батылдықпен ескерткені үшін рақмет айтыңыз.

11. Досының берген кеңесіне адам не себепті құлақ аспауы мүмкін?

11 Досының сүйіспеншілікпен берген кеңесіне адам не себепті құлақ аспауы мүмкін? Көкіректіктің кесірінен. Көкірек адамдар “құлақтарына жағатын” сөздерді жақсы көреді, олар “шындыққа құлақ салмайды” (Тім. 2-х. 4:3, 4). Олар өздерін тым ақылды және өзгелерден жоғары санағандықтан, біреудің кеңесіне мұқтаж емеспін деп ойлайды. Алайда елші Пауыл: “Кім шын мәнінде ешкім емес бола тұра, өзі туралы жоғары ойда болса, өз-өзін алдайды”,— деп жазған (Ғал. 6:3). Сүлеймен патша да осыған қатысты: “Қарт болса да, ескертуді елемейтін ақылсыз патшадан гөрі жарлы болса да, ақылды жас жігіт артық”,— деген (Уағ. 4:13).

12. Ғалаттықтарға 2:11—14 тармақтарда айтылған оқиғада елші Петір бізге қандай үлгі қалдырды?

12 Елші Петірдің бізге қандай үлгі қалдырғанына назар аударайық. Елші Пауыл оны жұрттың көзінше түзеткен (Ғалаттықтарға 2:11—14 оқыңыз). Пауылдың кеңесті қалай айтқанына және қай жерде айтқанына қадалып, Петірдің оған наразы болуына болар еді. Бірақ Петір ақылмен әрекет етті. Ол кеңесті қабыл алып, Пауылға ешқандай реніш сақтамады. Кейінірек ол Пауыл жайлы “сүйікті бауырласымыз” деп жазды (Пет. 2-х. 3:15).

13. Біреуге кеңес бергенде, нені есте ұстауымыз керек?

13 Ал егер сіз өзіңіз досыма кеңес беруім қажет деп ойлап жатсаңыз, нені есте ұстағаныңыз жөн? Досыңызға бармас бұрын, “мен тым әділ болып жатқан жоқпын ба?” деп ойланып көріңіз (Уағ. 7:16). Тым әділ адам өзгелерді Ехобаның талаптары бойынша емес, өз талаптары бойынша соттайды және ондай адам мейірімділікпен әрекет етпеуі мүмкін. Осылай ой жүгірткеннен кейін де досыңызбен сөйлесу қажет деп ойласаңыз, онда проблеманы нақты анықтап, досыңызға оның ойын білуге көмектесетін сұрақтар қойыңыз. Адамның не ойлайтынын білген кезде, оған өз қателігін түсінуге көмектесу жеңілірек болады. Сөздеріңіздің Жазбаларға негізделгеніне көз жеткізіңіз. Досыңызға үкім айту сіздің емес, Ехобаның ісі екенін ұмытпаңыз (Рим. 14:10). Өз ақылыңызға сүйенбей, Құдай Сөзіндегі даналыққа жүгініңіз және біреуге кеңес бергенде, Иса сияқты жанашыр болыңыз (Нақ. с. 3:5; Мат. 12:20). Бұл неге маңызды? Біз өзгелерге қалай қарасақ, Ехоба да бізге солай қарайды (Жақ. 2:13).

ҚҰДАЙДЫҢ ҰЙЫМЫНАН КЕЛГЕН НҰСҚАУЛАРҒА МОЙЫНСҰНЫҢЫЗ

ҚҰДАЙДЫҢ ҰЙЫМЫ

Құдайдың ұйымы бізді жиналыстармен, видеолармен және әдебиеттермен қамдайды. Олар бізге Құдай Сөзіндегі кеңестерді қолдануға көмектеседі. Кейде Басқарушы кеңес ұйымдағы істерге қатысты өзгерістер жасайды (14-абзацты қараңыз).

14. Ехобаның ұйымы бізді немен қамдайды?

14 Ехоба өмір жолында бізге өзінің ұйымының жердегі бөлігі арқылы бағыт-бағдар беріп отырады. Ұйым бізді жиналыстармен, видеолармен және әдебиеттермен қамдайды. Соның арқасында бәріміз Құдай Сөзінде жазылған кеңестерді қолдана аламыз. Бұл мәліметтердің барлығы толығымен Жазбаларға негізделген. Уағыз ісін ең тиімді жолмен атқаруға қатысты шешімдер қабылдаған кезде, Басқарушы кеңес киелі рухқа жүгінеді. Сонда да олар осы қабылдаған шешімдерін жүйелі түрде қайта қарастырып отырады. Олар мұны не үшін істейді? Өйткені “бұл дүние өзгеруде” және Құдайдың ұйымы жаңа жағдайларға бейімделу керек (Қор. 1-х. 7:31).

15. Кейбір жариялаушылар қандай қиындыққа кезікті?

15 Күмән жоқ, Киелі кітап ілімдеріне қатысты қандай да бір түсінік өзгергенде немесе моральдық нормаларға қатысты нұсқау алғанда, бізге оларды қабылдау жеңіл. Бірақ Құдайдың ұйымы біздің өмірімізге басқалай әсер ететін шешімдер қабылдағанда, бұған қалай қараймыз? Мысалы, соңғы жылдары ғибадат орындарын соғу мен оларды күтіп ұстау тым қымбатқа түсе бастады. Сондықтан Басқарушы кеңес бір Патшалық сарайын мүмкіндігінше көп қауымдардың қолдануына қатысты басшылық берді. Бұл өзгерістің нәтижесінде қауымдар бірікті және кейбір Патшалық сарайлары сатылды. Жиналған ақша аса қажет жерлерде ғибадат орындарын соғуға жұмсалды. Сіздің Патшалық сарайыңыз сатылса не қауымыңыз өзге қауыммен біріксе, сізге жаңа жағдайларға бейімделу қиын болуы мүмкін. Қазір кейбір жариялаушыларға қауым кездесулеріне бару үшін ұзағырақ жол жүруге тура келеді. Ал Патшалық сарайын соғу не күтіп ұстау үшін ауыр еңбек еткен бауырластар болса оның не үшін сатылып жатқанын ойлап, уайымдауы мүмкін. Олар жұмсаған уақыттары мен күштері босқа кеткендей сезімде болатын шығар. Десе де олар осы өзгерісті қабылдап, мойынсұнушылық танытып жатыр. Бұл бауырластар мақтауға әбден лайық.

16. Қолостықтарға 3:23, 24-те айтылған кеңесті қолданғанымыз қуанышымыздан айырылмауға қалай көмектеседі?

16 Егер біз барлық нәрсені Ехоба үшін жасап жатқанымызды және ол өз ұйымына бағыт-бағдар беріп жатқанын есте ұстасақ, қуанышымыздан айырылмаймыз (Қолостықтарға 3:23, 24 оқыңыз). Дәуіт патша ғибадатхананы соғу үшін садақа жасаған кезде, бізге жақсы үлгі қалдырды. Ол: “Саған осындай сый-тарту беретіндей мен кіммін сонша, мына халық кім?! Себебі барлығы да сенен келді ғой. Өз қолыңмен бізге бергеніңді өзіңе әкеліп отырмыз”,— деген (Шеж. 1-ж. 29:14). Біз де садақа жасаған кезде, Ехобаның өз қолымен бізге бергенін өзіне қайтарамыз. Сонда да Ехоба оның ісін қолдау үшін жұмсап жатқан уақытымызды, қаражатымызды, күшімізді қатты бағалайды (Қор. 2-х. 9:7).

ТАР ЖОЛДА ҚАЛА БЕРІҢІЗ

17. Қандай да бір өзгеріс жасау керектігін түсінгенде, неге көңіліңіз түспеу керек?

17 Өмірге жетелейтін тар жолда қала беру үшін, барлығымыз Исаның ізімен тура жүруіміз қажет (Пет. 1-х. 2:21). Бірақ сіз қандай да бір өзгеріс жасау керектігін байқасаңыз, көңіліңіз түспесін. Негізі, өзгеріс жасауыңыз керектігін байқағаныңыздың өзі сіздің Ехобаның нұсқауларына сай әрекет еткіңіз келетінін көрсетеді. Есіңізде болсын, Ехоба біздің кемелсіз екенімізді біледі, сондықтан ол бізден Исаға кемелді түрде еліктейді деп күтпейді.

18. Діттеген жерімізге жету үшін не істеуіміз керек?

18 Бәріміз де бар назарымызды болашаққа тігіп, ойымызды, көзқарасымызды, әрекеттерімізді өзгертуге ықыласты болайық (Нақ. с. 4:25; Лұқа 9:62). Сондай-ақ кішіпейіл болып қалайық, “қуана берейік, түзеле берейік” (Қор. 2-х. 13:11). Осылай етер болсақ, “сүйіспеншілік пен тыныштықтың Құдайы [бізбен] бірге болады”. Сонда діттеген жерімізге жетіп қана қоймай, жол жүрудің өзінен де қуаныш аламыз.

34-ӘН Мінсіздік жолымен жүру

^ 5-абзац Кейбірімізге ойымызды, көзқарасымызды, әрекеттерімізді өзгерту қиын болып жатады. Біз бұл мақаладан не үшін барлығымыз өзгеруіміз қажеттігін және өзгерістер жасаған кезде қалай қуанышымызды жоғалтып алмауға болатынын қарастырамыз.

^ 76-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Жас ер бауырлас бұрыс шешімінің салдарын айтып беріп жатқанда, жасы үлкен ер бауырлас (оң жақта) оны үндемей тыңдап, оған кеңес беру шынымен қажет пе, жоқ па — сол жайлы ойланып отыр.