Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

51-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Ехоба сағы сынғандарды құтқарады

Ехоба сағы сынғандарды құтқарады

“Жүрегі жаралы жанға Ехоба жақын тұрады, Сағы сынғандарды құтқарады” (ЗӘБ. 34:18).

30-ӘН Ехоба, Құдайымсың, адал Досым

АҢДАТПА *

1, 2. Бұл мақалада біз не қарастырамыз?

КИЕЛІ КІТАПТА өміріміздің “қысқа әрі азапқа толы” екені айтылған (Әйүп 14:1). Сондықтан кейде еңсеміздің неге түсетіні түсінікті-ақ. Ехобаның ежелдегі көптеген қызметшілерінің де еңселері түскен. Кейбірі тіпті өздеріне өлім тілеген (Пат. 1-ж. 19:2—4; Әйүп 3:1—3, 11; 7:15, 16). Алайда олардың сенім артқан Құдайы Ехоба оларды әрдайым жұбатып, күш беріп отырған. Олардың оқиғалары бізге жұбаныш беріп, тәлім болсын деп Киелі кітапқа жазылған (Рим. 15:4).

2 Бұл мақалада біз Ехобаның кейбір қызметшілері еңселерін түсіретін жағдайларда қалай табандылық танытқандары жайлы қарастырамыз. Олар: Жақыптың ұлы Жүсіп, жесір қалған Нағима мен оның келіні Рут, Зәбүрдің 73-інші жырын жазған леуілік және елші Петір. Ехоба оларды қалай нығайтты? Олардың оқиғаларынан біз не нәрсеге үйрене аламыз? Бұл сұрақтардың жауабы “жүрегі жаралы жанға Ехоба жақын тұратынына, сағы сынғандарды құтқаратынына” көзімізді жеткізеді (Зәб. 34:18).

ЖҮСІП ҚАТЫГЕЗДІК ПЕН ӘДІЛЕТСІЗДІК КӨРДІ

3, 4. Жүсіп жас кезінде қандай жағдайларға тап болды?

3 Жүсіп шамамен 17 жасында екі түс көрді. Оның екеуі де Құдайдан еді. Бұл түстер Жүсіп күндердің күнінде отбасының құрметіне бөленетін дәрежелі адамға айналатынын білдірді (Мұс. 1-ж. 37:5—10). Бірақ түс көргеннен кейін көп ұзамай Жүсіптің өмірі күрт өзгеріп кетті. Құрмет көрсету былай тұрсын, ағалары оны құлдыққа сатып жіберді (Мұс. 1-ж. 37:21—28). Сөйтіп, Жүсіп Мысырда жалған құдайларға табынатын Потифар есімді сарай қызметкерінің үйінде құл болды. Әкесінің сүйікті ұлы болған ол бір сәтте бейшара құлға айналды (Мұс. 1-ж. 39:1).

4 Кейін Жүсіптің жағдайы одан сайын қиындай түсті. Потифардың әйелі “мені зорламақ болды” деп, Жүсіпке жалған айып тақты. Ал Потифар жағдайдың анық-қанығын білмей жатып, Жүсіпті түрмеге қаматып, темірмен бұғаулатып тастады (Мұс. 1-ж. 39:14—20; Зәб. 105:17, 18). Жап-жас болған Жүсіптің осындай айыптан кейін өзін қалай сезінгенін елестетіп көріңізші. Бұл жағдайды естіген адамдар Жүсіптің Құдайы Ехоба жайлы не ойлап қалмақ еді? Иә, Жүсіптің сағы сынатынындай-ақ бар еді.

5. Түңіліп кетпес үшін Жүсіп не істеді?

5 Құл болғанда да, түрмеде отырғанда да Жүсіптің еркіндігі мен мүмкіндігі шектеулі болды. Оған оң көзқарас сақтауға не көмектесті? Жүсіп өзі өзгерте алмайтын нәрселерді ойлай бермей, өзіне тапсырылған істі бар ынтасымен атқарды. Бәрінен бұрын, ол үнемі Ехобаға ұнамды болуды ойлап жүрді. Сондықтан Ехоба Жүсіптің барлық ісін оңғарып отырды (Мұс. 1-ж. 39:21—23).

6. Жүсіп түстерінен қалай жұбаныш тапқан болуы мүмкін?

6 Жүсіп өзінің пайғамбарлық мәні бар екі түсі жайлы ой жүгіртіп, содан да жігер алған болуы мүмкін. Осы көрген түстеріне сай, ол отбасымен қайта қауышып, жағдайы оңалмақ еді. Бәрі дәл солай болды. Жүсіп шамамен 37 жасқа келгенде, оның пайғамбарлық мәні бар түстері керемет жолмен орындала бастады (Мұс. 1-ж. 37:7, 9, 10; 42:6, 9).

7. Петірдің 1-хаты 5:10-ға сай, бізге қиын шақта табанды болуға не көмектеседі?

7 Үйренеріміз. Жүсіптің оқиғасы біздің осы дүниеде қатыгездік пен әділетсіздік көретінімізді есімізге салады. Біз тіпті бауырластарымыздан да әділетсіздік көруіміз мүмкін. Бірақ біз Ехобаға жартасымыз, яғни панамыз ретінде қарайтын болсақ, түңіліп кетпейміз немесе оған қызмет етуді доғарып жүрмейміз (Зәб. 62:6, 7; Петірдің 1-хаты 5:10 оқыңыз). Ехоба Жүсіпке ерекше қарап, оған түстер көрсеткен кезде, оның жасы шамамен 17-де болған болса керек. Бұдан көретініміз, Ехоба өзінің жас қызметшілеріне толықтай сенім артады. Бүгінде көптеген жастар Жүсіп сияқты, Ехобаға зор сенім танытады. Олардың кейбірі тіпті Ехобаға деген адалдықтарынан аттап кетпегендері үшін әділетсіз түрде түрмеге қамалған (Зәб. 110:3).

ҚАЙҒЫҒА БАТҚАН ЕКІ ӘЙЕЛ

8. Нағима мен Рут қандай жағдайды бастан кешті?

8 Елді ашаршылық жайлаған кезде, Нағима мен оның отбасы Яһудадағы үйлерін тастап, Моаб еліне көшіп барды. Сол жерде Нағиманың күйеуі Елимелек қайтыс болды. Сөйтіп, Нағима екі ұлымен жалғыз қалды. Кейінірек екі ұлы Рут пен Орпа есімді моабтық қыздарға үйленді. Шамамен 10 жылдан кейін, арттарынан ешқандай ұрпақ қалдырмай, Нағиманың екі ұлы да өмірден өтті (Рут 1:1—5). Сонда осы үш әйелдің қалай қайғыға батқанын елестетіп көріңізші. Әрине, Рут пен Орпаның қайтадан тұрмыс құруға мүмкіндіктері бар еді. Ал жасы келіп қалған Нағимамен не болмақ еді? Оны кім қамқорлайды? Бірде Нағиманың түңіліп кеткені сонша — ол: “Енді мені Нағима емес, Мара деп атаңдар. Өйткені Құдіреті шексіз Құдай маған өмірдің ащысын татқызды”,— деген. Қайғы жамылған Нағима Бетлехемге қайтып оралды, Рут та оған еріп барды (Рут 1:7, 18—20).

Құдай өзінің қызметшілеріне қиын шақта еңселерін көтеруге көмектеседі. Нағима мен Руттың бұған көзі жеткен. Ал сіздің ше? (8—13 абзацтарды қараңыз) *

9. Рут 1:16, 17, 22-ге сай, қалайша Рут Нағима үшін жігер болды?

9 Айнымас сүйіспеншіліктің арқасында Нағиманың қайғысы жеңілдеді. Мысалы, Рут Нағимадан бір елі ажырамай, оған айнымас сүйіспеншілік танытты (Рут 1:16, 17, 22 оқыңыз). Бетлехемде Рут өзі үшін және Нағима үшін арпа жинап, аянбай еңбек етті. Осының арқасында Рут адамдардың арасында жақсатқа ие болды (Рут 3:11; 4:15).

10. Нағима мен Рут сияқты мұқтаж жандарға Ехоба қалай сүйіспеншілік танытты?

10 Ехобаның исраилдіктерге берген заңынан оның Нағима мен Рут сияқты мұқтаж жандарға жаны ашитыны көрінді. Ол өз халқына егіндікті танаптың шетіне дейін түгел ормай, кедей-кепшіктерге қалдыруды бұйырған (Мұс. 3-ж. 19:9, 10). Соның арқасында Нағима мен Рут алақан жайып, ешкімнен тамақ сұраған жоқ. Олар қадір-қасиетін жоғалтпастан, тамақтарын тауып жей алды.

11, 12. Бағоз Нағима мен Рутты қалай қуанышқа бөледі?

11 Рут масақ теріп жүрген егіндіктің иесі Бағоз есімді дәулетті кісі еді. Ол Руттың өз енесіне деген адалдығы мен сүйіспеншілігіне тәнті болғаны сонша — олардың отбасының мұрасын сатып алып, Рутты әйелдікке алды (Рут 4:9—13). Олардан Ғабит есімді ұл туылды. Ол Дәуіт патшаның атасы болды (Рут 4:17).

12 Кішкентай Ғабитті қолына алып, Ехобаға алғысын жаудырып жатқан Нағиманың қуанышын елестетіп көріңізші. Бірақ алда Нағима мен Рутты бұдан да зор қуаныш күтіп тұр! Олар қайта тірілгенде, Ғабит уәде етілген Мәсіхтің арғы атасы болғанын білетін болады.

13. Нағима мен Руттың оқиғасынан қандай құнды сабақ аламыз?

13 Үйренеріміз. Біз сынақтарға кезіккенде сағымыз сынып, тіпті қайғыға батуымыз мүмкін. Кейде тығырыққа тірелгендей күй кешетін шығармыз. Сондай кездері көктегі Әкемізге толықтай сенім артып, бауырластарымызға жақын болып қалуымыз керек. Ехоба Нағиманың күйеуі мен балаларын қайта тірілткен жоқ. Тура сол сияқты, ол біздің де сынақтарымызды алып тастамауы мүмкін. Бірақ ол бізге қиындықты еңсеруге көмектеседі. Кейде ол мұны бауырластардың айнымас сүйіспеншілікпен жасаған әрекеттері арқылы істейді (Нақ. с. 17:17).

ЖОЛДАН ТАЮҒА ШАҚ ҚАЛҒАН ЛЕУІЛІК

Бір леуілік Ехобаны өмірде басты орынға қоймайтындардың алдамшы жетістігін көріп, жолдан таюға шақ қалған. Бұндай жағдай бізбен де болуы мүмкін (14—16 абзацтарды қараңыз)

14. Неліктен леуіліктің қатты еңсесі түсті?

14 Зәбүрдің 73-інші жырын жазған адам леуілік болатын. Ол Ехобаның үйінде қызмет ету мәртебесіне ие еді. Бірақ оның да қатты еңсесі түскен кезі болды. Ол зұлымдар мен менмендерге қызғана қарай бастады. Ол олардың жаман іс-әрекеттеріне емес, өзінікінен жақсырақ болып көрінген өмірлеріне қызықты (Зәб. 73:2—9, 11—14). Олар байлыққа көміліп, еш уайымсыз, шалқып өмір сүріп жатқандай көрінді. Осыны көріп, зәбүр жыршысының көңілі түскені сонша — ол: “Мен жүрегімді бекерге таза сақтаппын, Кінәратсыз екенімді көрсету үшін қолымды босқа жуыппын”,— деді. Шынында да, ол Ехобаға қызмет етуді доғаруға шақ қалды.

15. Зәбүр 73:16—19, 22—25 тармақтарға сай, осы зәбүр жырын жазған леуілік еңсесін қалай түзеді?

15 Зәбүр 73:16—19, 22—25 оқыңыз. Леуілік “Құдайдың айбынды ғибадатханасына кірді”. Сол жерде, Ехобаның қызметшілерінің арасында болса керек, ол дұға етіп, өз жағдайын сабырлықпен, тұнық оймен салмақтап-саралай алды. Нәтижесінде ол ойларының ақымақтық болғанын және өзінің Ехобадан алшақтататын қауіпті жолда тұрғанын ұқты. Сондай-ақ ол зұлымдардың “тайғақ жерде тұрғанын” және түбінде “құрып жоғалатынын” түсінді. Жағдайға Ехобаның көзімен қарағаннан кейін, леуілік қызғаныштан арылып, еңсесін көтерді. Ол қайтадан тыныштыққа кенеліп, жүрегі шаттыққа толды. Ол: “Жерде [Ехобадан] басқа ештеңені қаламаймын”,— деді.

16. Біз леуіліктен қандай сабақ аламыз?

16 Үйренеріміз. Өркендеп жатқандай көрінген зұлым адамдарға ешқашан қызғана қарамайық. Олардың бақыттары алдамшы әрі уақытша, олардың ешқандай болашағы жоқ (Уағ. 8:12, 13). Оларға қызғана қарау ұнжырғаның түсуіне және рухани күйреуге әкеп соғады. Егер сіз табысты болып көрінген зұлымдарға қызғана қарап жүрген болсаңыз, осы леуілік сияқты әрекет етіңіз. Құдайдың сүйіспеншілікпен берген кеңестеріне құлақ асыңыз және оның еркін орындайтындармен араласыңыз. Ехобаны барлық нәрседен артық санап, жақсы көретін болсаңыз, нағыз бақытқа кенелесіз. Сондай-ақ “шынайы өмірге” жетелейтін жолда нық тұрасыз (Тім. 1-х. 6:19).

ӘЛСІЗДІККЕ БОЙ АЛДЫРҒАН ПЕТІРДІҢ ҰНЖЫРҒАСЫ ТҮСТІ

Петір ұнжырғасы түскенде бар назарын Ехобаға қызмет етуге аударды. Осы жайлы ой жүгіртсек, өзімізге де, өзгелерге де көмектесе аламыз (17—19 абзацтарды қараңыз)

17. Петірдің ұнжырғасының түсуіне не себеп болды?

17 Елші Петір күш-қуаты тасып тұрған адам болған. Бірақ оның қызбалыққа салынатын, ойын ашық білдіруге дайын тұратын кездері де болды. Соның кесірінен ол кейде артынан өкінетін сөздер айтып, істер жасап қоятын. Мысалы, Иса елшілеріне өзінің азап шегіп, өлтірілетіні жайлы айтқанда, Петір қарсылық білдіріп: “Мұндай нәрсе басыңызға түсе көрмесін!”— деді (Мат. 16:21—23). Сол кезде Иса Петірді түзеді. Кейін Исаны тұтқындауға бір топ адам келгенде, Петір ойланбай әрекет етіп, бас діни қызметкердің құлының құлағын шауып түсірді (Жох. 18:10, 11). Иса Петірді қайтадан түзеді. Оның үстіне, Петір Исаға: “Бәрі тастап кетсе де, мен сізді ешқашан тастамаймын!”— деп мақтанған еді (Мат. 26:33). Бірақ адам алдындағы қорқынышы өз-өзіне деген сенімділігінен басым түсіп, Петір Исадан үш рет танды. Сонда қатты ұнжырғасы түскен ол “сыртқа шығып, өкіріп жылады” (Мат. 26:69—75). Ол “Иса мені кешіре алар ма екен?” деп уайымдаса керек.

18. Иса Петірге еңсесін көтеруге қалай көмектесті?

18 Алайда ұнжырғасы түскен Петір қайғыға батып кеткен жоқ. Қателік жасағаннан кейін ол еңсесін көтеріп, басқа елшілермен бірге Ехобаға қызмет етіп жүрді (Жох. 21:1—3; Ел. іс. 1:15, 16). Оған еңсесін көтеруге не көмектесті? Ол осыған дейін айтқан Исаның дұғасын есте ұстады. Иса Петірдің сенімі әлсіремесін деп жалбарынып, оны қайтып оралуға және бауырластарының сенімін нығайтуға талпындырған еді. Ехоба Исаның шын жүректен айтқан дұғасына жауап берді. Кейін, жігерлендіру үшін болса керек, Иса Петірдің өзіне жеке көрінді (Лұқа 22:32; 24:33, 34; Қор. 1-х. 15:5). Ал түнімен балық ұстай алмаған елшілеріне көрінген күні Иса Петірге сүйіспеншілігін білдіруге мүмкіндік берді. Иса аяулы досын кешіріп, оған көбірек іс сеніп тапсырды (Жох. 21:15—17).

19. Зәбүр103:13, 14-тегі сөздер бізге күнәларымызға Ехобаның көзімен қарауға қалай көмектеседі?

19 Үйренеріміз. Петірге қалай қарағанынан Исаның да Ехоба сияқты мейірімді екенін көреміз. Сондықтан қателік жасап қойғанда, шарасыз күй кешіп, “Ехоба мені ешқашан кешірмейді” деп ойламайық. Шайтанның көздегені де осы екенін ұмытпайық. Ол біздің осындай ойларға бой алдырғанымызды қалайды. Өзімізге де, бізді ренжіткен адамдарға да Ехобаның көзімен қарауға тырысайық. Ол бізді жақсы көреді және шама-шарқымызды біледі (Зәбүр 103:13, 14 оқыңыз).

20. Біз келесі мақалада не қарастырамыз?

20 Жүсіптің, Нағима мен Руттың, леуіліктің және Петірдің оқиғалары “жүрегі жаралы жанға Ехоба жақын тұратынын” дәлелдейді (Зәб. 34:18). Кейде ол біздің сынақтарға кезігуімізге және ұнжырғамыздың түсуіне жол береді. Десе де оның көмегімен сынақтарға төтеп берген кезде, біздің сеніміміз нығаяды (Пет. 1-х. 1:6, 7). Келесі мақалада біз кемелсіздіктің кесірінен немесе қиын жағдайлардың салдарынан ұнжырғасы түскен адал қызметшілерін Ехоба қалай қолдайтынын қарастырамыз.

7-ӘН Ехоба — біздің панамыз

^ 5-абзац Жүсіп, Нағима мен Рут, леуілік және елші Петір ұнжырғаларын түсірген сынақтарға кезіккен. Бұл мақаладан біз Ехоба оларды қалай жұбатып, қалай нығайтқанын көреміз. Сонымен қатар олардың оқиғаларынан қандай сабақ алатынымызды және Ехобаның оларға сүйіспеншілікпен көмектескенінен не үйренетінімізді білеміз.

^ 56-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Нағима, Рут және Орпа күйеулерінен айырылып, қайғыға батты. Кейін Рут пен Нағима Бағозбен бірге Ғабиттің туылғанына қуанды.