Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Оқырман сауалдары

Оқырман сауалдары

Нақыл сөздер 24:16-да: “Әділ жан жеті рет құласа да, қайтып тұрар”,— делінген. Мұнда қайта-қайта күнә жасаса да, Құдайдың кешіріміне ие болатын адам жайлы айтылып тұр ма?

Шын мәнінде, бұл тармақты олай түсінуге болмайды. Бұл тармақта қайта-қайта қиындықтар мен сынақтарға кезіксе де, соларды еңсере білетін адам жайлы айтылған.

Қазір осы тармақтың мәнмәтінін көрейік: “Әділді үйінің жанында зұлымдардай аңдып жатпа, Оның тұратын жерін ойрандама. Әділ жан жеті рет құласа да, қайтып тұрар, Ал зұлым адам апат кезінде сүрініп құлар. Жауыңның құлағанына мәз болма, Сүрінгеніне шаттанып қуанба” (Нақ. с. 24:15—17).

Кейбіреулер 16-тармақтағы сөздер күнә жасап, кейін мұнысына өкініп, қайтадан Құдаймен жақсы қарым-қатынасқа ие болатын адамға нұсқайды деп ойлайды. Мысалы, Англиядағы екі діни жетекші бұрында уағыздаушылар 16-тармақты дәл осылай түсіндіргенін және қазіргілер де солай түсіндіретінін айтты. Сондай-ақ олардың айтуынша, бұндай көзқарас, сайып келгенде, “жақсы адам күнә жасай алады, бірақ әрдайым өкінгендіктен, ол ешқашан Құдайға деген сүйіспеншілігін жоғалтпайды және оның ықыласынан айырылмайды” дегенді білдіреді. Бұндай көзқарас күнәсімен күрескісі келмейтін адамға ұнауы мүмкін. Мұндай адам қайта-қайта күнә жасай берсе де, Құдай оны үнемі кешіре береді деген ойда болуы мүмкін.

Бірақ 16-тармақтың шын мағынасы бұндай емес.

16, 17-тармақта “құлау” деп аударылған еврей сөзі әртүрлі мағынада қолданылуы мүмкін. Бұл сөзді тура мағынада қолдануға болады. Мысалы, бұқаның жол бойында құлап жатуы, біреудің үйдің төбесінен құлап кетуі және мұнараның құлауы (Мұс. 5-ж. 22:4, 8; Ишая 30:25). Сондай-ақ бұл сөзді келесі тармақтағыдай бейнелі мағынада да қолдануға болады: “Ехоба адамның жүрген жолын ұнатса, Оның қадамына бағыт береді. Мұндай адам жығылса да, омақаса құламайды, Өйткені Ехоба оны қолынан демеп, қолдайды” (Зәб. 37:23, 24; Нақ. с. 11:5).

Қазір Эдуард Пламтрэ есімді профессордың не дегеніне назар аударайық. Ол “құлау” деген еврей сөзінің ешқашан күнәға қатысты қолданылмағанын айтты. Ал тағы бір ғалым 16-тармақтағы сөздерді былай деп түсіндірді: “Құдайдың халқына жамандық жасау — бекершілік, өйткені олар бәрібір аман қалады, ал зұлымдармен олай болмайды”.

Олай болса, Нақыл сөздер 24:16-дағы “құлау” деген сөз күнә жасайтын адамға емес, қайта-қайта қиындықтарға ұшырайтын адамға қатысты айтылған. Қазіргі зұлым дүниеде әділ адам денсаулығына не басқа да жайттарға байланысты қиындықтарға кезігуі мүмкін. Тіпті сенімі үшін үкімет тарапынан қуғын көруі мүмкін. Бірақ ол Құдай оны қолдап, қиындықтарды еңсеруге көмектесетініне сенімді бола алады. Сіз Құдай халқының жиі табысқа жететінін көріп жүрсіз, солай емес пе? Бұлай болуының себебі — “Ехоба құлап бара жатқандардың бәрін сүйейді, Бүгілгендердің бәрін демейді” (Зәб. 41:1—3; 145:14—19).

“Әділ жан” басқалардың құлағанына, яғни қиындыққа ұшырағанына мәз болмайды. Бірақ “Құдайдан қорқатындар түбінде игілік көретінін” білгені оған жұбаныш береді (Уағ. 8:11—13; Әйүп 31:3—6; Зәб. 27:5, 6).