Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Қызметіңізді зор құлшыныспен атқарыңыз!

Қызметіңізді зор құлшыныспен атқарыңыз!

ЕГЕР сіз жақын досыңыздан жігерлендірерлік хат алсаңыз, өзіңізді қалай сезінер едіңіз? Шәкірт Тімөте елші Пауылдан дәл осындай хат алды. Бүгінде біз бұл хатты Тімөтеге арналған екінші хат деп білеміз. Сөз жоқ, Тімөте аяулы досының хатын оқу үшін тыныш жер табуға асыққан болар. Бәлкім ол: “Пауылдың жағдайы қалай екен? Ол маған қызметіме пайдалы болатын қандай да бір кеңес берді ме екен? Оның хаты маған қызметімді жемісті атқаруға және өзгелерге қолғабыс болуға көмектесе алар ма екен?”— деп ойлаған шығар. Білетініміздей, Тімөте Пауылдың баға жетпес хатынан осы сұрақтарына жауап алды және басқа да маңызды жайттарды үйренді. Қазір осы хаттағы пайдалы кеңестердің кейбіріне назар аударайық.

“БӘРІНЕ ТӨЗІП ЖҮРМІН”

Тімөте Пауылдың жазған хатының алғашқы жолдарын оқыған кезде, онымен қаншалықты жақын болып кеткенін бірден ұқса керек. Пауыл оны жылы сөздермен “сүйікті балам” деп атады (Тім. 2-х. 1:2). Шамамен б. з. 65 жылы осы хатты алғанда, Тімөте отыздарда еді. Ол кезде Тімөте мәсіхшілер қауымында тәжірибелі ақсақал болатын. Ол Пауылмен 10 жылдан аса уақыт бойы араласып, одан көп нәрсеге үйренген еді.

Тімөте Пауылдың қиындықтарға адалдықпен төзіп жатқанын білгенде, қатты жігерленіп қалса керек. Пауыл Римдегі түрмеде бұғауда отырған еді, әрі өлетін уақыты да таяп қалған болатын (Тім. 2-х. 1:15, 16; 4:6—8). Тімөте Пауылдың “бәріне төзіп жүрмін” деген сөздерінен оның батылдығын көрген шығар (Тім. 2-х. 2:8—13). Тімөте сияқты, біз де Пауылдың танытқан табандылығынан жігер ала аламыз.

“СЫЙЫҢДЫ ОТТАЙ ЖАЛЫНДАТА БЕР”

Пауыл Тімөтені өзіне тапсырылған қызметті жоғары бағалауға талпындырды. Пауыл оның “Құдайдан алған сыйын оттай жалындата бергенін” қалады (Тім. 2-х. 1:6). Пауыл “сый” деген кезде, гректің ха́рисма деген сөзін қолданған. Бұл сөз еш құн талап етпестен, лайықсыз болса да, берілетін сыйға нұсқайды. Тімөте бұл сыйды қауымда ерекше қызмет атқару үшін таңдалған кезде алды (Тім. 1-х. 4:14).

Тімөте бұл сыйды қалай қолданды? Ол “оттай жалындата бер” деген сөздерді оқығанда, үйдегі жай ғана қызған шоққа айналған от жайлы ойлаған шығар. Әдетте ондай от лаулап жанып, көбірек жылу беру үшін, оны қозғап тұру қажет болатын. Пауылдың қолданған аназопере́о деген грек етістігі бір сөздікке сай, “отты қозғау”, “қайта жандандыру”, “отты желпу”, яғни бейнелеп айтқанда, “қандай да бір іске деген құлшынысты ояту” дегенді білдірген. Демек, Пауыл Тімөтені: “Қызметіңді зор құлшыныспен атқар”,— деп талпындырғысы келген. Бүгінде біз де қызметімізді тура солай, зор құлшыныспен, атқаруымыз керек.

“ӨЗІҢЕ СЕНІП ТАПСЫРЫЛҒАН ҚАЗЫНАНЫ... АМАН САҚТА”

Аяулы досының хатын әрі қарай оқып жатып, Тімөте қызметінде жемісті болуға көмектесетін тағы бір сөздерді байқады. Пауыл: “Өзіңе сеніп тапсырылған қазынаны бойымыздағы киелі рухтың көмегімен аман сақта”,— деп жазған (Тім. 2-х. 1:14). Тімөтеге қандай қазына сеніп тапсырылған еді? Бұған дейінгі тармақта Пауыл “дұрыс ілім” жайлы, яғни Киелі жазбаларда жазылған шындық жайлы айтқан (Тім. 2-х. 1:13). Тімөте мәсіхші ретінде осы шындық жайлы қауымның ішінде де, сыртында да уағыздау керек болған (Тім. 2-х. 4:1—5). Сондай-ақ ол Құдайдың отарын бағу үшін ақсақал болып тағайындалған болатын (Пет. 1-х. 5:2). Ехобаның киелі рухы мен оның Сөзіне арқа сүйегендіктен, Тімөте өзіне сеніп тапсырылған қазынаны, яғни уағыздауы керек шындықты қорғап, аман сақтай алды (Тім. 2-х. 3:14—17).

Бүгінде бізге де шындық сеніп тапсырылған, біз оны өзгелерге уағыздауымыз керек (Мат. 28:19, 20). Өзімізге сеніп тапсырылған осы қазынаны жоғары бағалау үшін, біз ұдайы дұға етіп, Құдай Сөзін зерттеуді әдетке айналдыруымыз керек (Рим. 12:11, 12; Тім. 1-х. 4:13, 15, 16). Сондай-ақ біз қауымда қосымша қызмет атқаруымыз мүмкін. Мысалы, біз ақсақал не толық уақытты қызметші болуымыз мүмкін. Осындай қызметтерді атқарғанда кішіпейіл болуымыз қажет. Сондай-ақ бізге тапсырылған қызметті тек Ехобаның көмегімен ғана атқара алатынымызды түсінуіміз керек. Сонда Құдайдың бізге сеніп тапсырған қазынасын шынымен де бағалайтынымызды көрсетеміз.

“МЕНЕН ЕСТІГЕНДЕРІҢДІ АДАЛ КІСІЛЕРГЕ СЕНІП ТАПСЫР”

Тімөте өзінің атқарып жүрген қызметін өзгелерге де үйрету керек еді. Сондықтан Пауыл Тімөтеге: “Менен естігендеріңді адал кісілерге сеніп тапсыр, сонда олар да өзгелерге тәлім беруге қабілетті болады”,— деген (Тім. 2-х. 2:2). Пауыл Тімөтені бар үйреніп-білгенін өзге ер бауырластарға үйретуге шақырды. Бүгінде де мәсіхшілер қауымында әрбір бақылаушы осылай етуге талпыну керек. Жақсы бақылаушы өзінің қызметіне қатысты білгендерін қызғанып, іште сақтап қалмайды. Қайта, сол қызметті өзгелер де атқара алу үшін, басқаларды үйретеді. “Олар маған қарағанда көбірек біліп кетеді, бұл қызметті менен жақсырақ атқарып кетеді” деп қорықпайды. Сондықтан мұндай бақылаушы қандай да бір тапсырмаға қатысты негізгі жайттарды үйретумен ғана шектелмейді. Ол өзінен тәлім алып жатқандарға даналық пен түсінікті дамытуға, яғни рухани өсуге көмектеседі. Сонда одан тәлім алған “адал кісілердің” қауымға әлдеқайда көп пайдасы тиетін болады.

Сөз жоқ, Тімөте Пауылдан алған жігерлендірерлік осы хатты жоғары бағалаған. Оның осы құнды кеңестерді қайта-қайта оқып, оларды қызметте қалай барынша қолдануға болатыны жайлы ойланып жүргенін елестету қиын емес.

Пауылдың айтқан кеңестерін біз де қолданғымыз келеді. Бұл үшін біз сыйымызды оттай жалындата беруге, өзімізге сеніп тапсырылған қазынаны аман сақтауға және тәжірибеміз бен білімімізді өзгелермен бөлісуге күш салуымыз керек. Сонда біз, Пауыл Тімөтеге айтқандай, “қызметімізді толықтай атқара” аламыз (Тім. 2-х. 4:5).