Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

2-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

“Исаның жақсы көретін шәкіртінен” үлгі алайық

“Исаның жақсы көретін шәкіртінен” үлгі алайық

“Әрі қарай да бір-бірімізді сүйейік, себебі сүйіспеншілік Құдайдан” (ЖОХ. 1-Х. 4:7).

105-ӘН “Құдай — сүйіспеншілік”

АҢДАТПА *

1. Құдайдың сүйіспеншілігі сізді қандай сезімге бөлейді?

ЕЛШІ ЖОХАН: “Құдай — сүйіспеншілік”,— деп жазған (Жох. 1-х. 4:8). Осы екі ғана сөздің астарында өте маңызды шындық жатыр. Өмірдің қайнар көзі болып табылатын Құдай — сүйіспеншіліктің де қайнар көзі. Ехоба бізді жақсы көреді! Ехобаның сүйіспеншілігі қауіпсіздік сыйлап, бізді бақыт пен қанағатқа бөлейді.

2. Матай 22:37—40 тармақтарға сай, ең басты екі заң қандай және екінші заңға мойынсұну неге қиын болып жатады?

2 Мәсіхшілер сүйіспеншілік таныту-танытпауды өздері шешпейді. Өйткені бұл — заң (Матай 22:37—40 оқыңыз). Ехобаны жақынырақ танып-білген кезде, бірінші заңға мойынсұну бізге еш қиынға соқпайды. Өйткені Ехоба — кемелді тұлға, ол бізге түсінікпен қарап, жұмсақтық танытады. Ал екінші заңға мойынсұну бізге қиын болып жатады. Мұның себебі — өзге адамдардың ішіндегі ең жақындарымыз, яғни бауырластарымыз кемелсіз. Кейде олардың айтқан сөздері мен істері көңілімізге тиіп, жанымызға батып жатады. Ехоба бізге осы екінші заңға мойынсұну қиын болатынын біліп, кейбір адамдарға бір-бірімізді не үшін жақсы көруіміз керектігі және сүйіспеншілікті қалай таныту керектігі жайлы нақты нұсқаулар жаздырды. Сол адамдардың бірі — Жохан (Жох. 1-х. 3:11, 12).

3. Жохан не нәрсеге баса назар аударды?

3 Жохан өзінің жазбаларында мәсіхшілер сүйіспеншілік танытуға міндетті екеніне баса назар аударған. Ол Исаның өмірі жайлы жазғанда, Матай, Марқа, Лұқаға қарағанда “сүйіспеншілік” пен “жақсы көру” жайлы жиірек айтқан. Шамамен жүз жасқа келгенде, ол Жохан жазған ізгі хабар мен өзге үш хатын жазды. Киелі рухтың жетелеуімен жазылған бұл жазбалардан мәсіхшінің әрбір әрекетіне сүйіспеншілік ықпал ету керектігін көруге болады (Жох. 1-х. 4:10, 11). Алайда Жоханның өзіне бұны үйренуге біраз уақыт кетті.

4. Жохан өзгелерді барлық кезде жақсы көрген бе?

4 Жас кезінде Жоханның сүйіспеншілік танытпаған кездері болған. Бірде Иса мен оның шәкірттері Самария арқылы Иерусалимге бара жатты. Самариялықтардың бір ауылында оларға ешкім қонақжайлылық танытпады. Сол кезде Жохан қалай әрекет етті? Ол көктен от түсіріп, бүкіл ауылды жойып жіберуге дайын тұрды! (Лұқа 9:52—56). Тағы бірде ол қасындағы елшілерге сүйіспеншілік танытпады. Ол ағасы Жақыппен бірге Исадан Патшалығында дәл қасынан орын беруін сұрауға анасын көндірген көрінеді. Өзге елшілер Жақып пен Жоханның бұл әрекеті жайлы білгенде, қатты ашуланды. (Мат. 20:20, 21, 24). Жохан осындай қателіктер жасаса да, Иса оны жақсы көрді (Жох. 21:7).

5. Бұл мақалада біз не қарастырамыз?

5 Бұл мақалада біз Жоханның үлгісін және оның сүйіспеншілікке қатысты жазған сөздерін қарастырамыз. Қарастыру барысында бауырластарды жақсы көретінімізді қалай көрсетуге болатынын білеміз. Сондай-ақ отбасында отағалар өз үй ішін жақсы көретіндерін қалай көрсете алатындарын қарастырамыз.

ІС-ӘРЕКЕТТЕН КӨРІНЕТІН СҮЙІСПЕНШІЛІК

Ехоба бізді жақсы көретінін көрсетіп, өз ұлын жерге жіберіп, біз үшін өлімге қиды (6, 7-абзацты қараңыз)

6. Ехоба бізді жақсы көретінін қалай көрсетті?

6 Біз жиі сүйіспеншілік дегенді іштегі жылы сезімді сөзбен айтып жеткізу деп түсінеміз. Бірақ сүйіспеншілік шынайы болу үшін, ол іс-әрекеттен де көрініс табу керек (Жақып 2:17, 26 салыстырыңыз). Мысалы, Ехобаны алайық. Ол бізді жақсы көреді (Жох. 1-х. 4:19). Киелі кітапта Ехоба өзінің бізге деген сүйіспеншілігін әдемі сөздермен жеткізген (Зәб. 25:10; Рим. 8:38, 39). Бірақ Ехобаның бізді жақсы көретіні оның сөздерінен ғана емес, істерінен де көрінеді. Жохан: “Құдай бізге деген сүйіспеншілігін былай көрсетті: жалғыз Ұлын осы дүниеге жіберді. Осылайша сол арқылы өмірге ие болуымызға жол ашты”,— деп жазған (Жох. 1-х. 4:9). Ехоба өзінің сүйікті ұлын біз үшін азапты өлімге қиды (Жох. 3:16). Осыдан кейін Ехобаның бізді шын сүйетініне күмәндануға бола ма?

7. Иса бізді жақсы көретінін қалай көрсетті?

7 Иса шәкірттеріне оларды жақсы көретінін айтқан (Жох. 13:1; 15:15). Иса оларды және бізді қаншалықты жақсы көретінін сөзімен ғана емес, ісімен де көрсетті. Ол: “Достары үшін жанын қиған адамның сүйіспеншілігінен артық сүйіспеншілік жоқ”,— деген (Жох. 15:13). Ехоба мен Исаның біз үшін не істегені жайлы ой жүгірткенде, бұл бізді не істеуге талпындыру керек?

8. Жоханның 1-хаты 3:18-ге сай, біз не істеуіміз керек?

8 Біз Ехоба мен Исаны жақсы көретінімізді оларға мойынсұну арқылы көрсетеміз (Жох. 14:15; Жох. 1-х. 5:3). Ал Иса бізге бір-бірімізді сүюді өсиет еткен (Жох. 13:34, 35). Біз бауырластарымызды сүйетінімізді сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де көрсетуіміз керек (Жоханның 1-хаты 3:18 оқыңыз). Бауырластарымызды жақсы көретінімізді көрсетудің нақты қандай жолдары бар?

БАУЫРЛАСТАРЫҢЫЗДЫ ЖАҚСЫ КӨРІҢІЗ

9. Сүйіспеншілігі Жоханды не істеуге талпындырды?

9 Жохан әкесінің қасында қалып, отбасылық балық аулау кәсіптерін алға жылжытып, көп ақша табуына болар еді. Бірақ ол бүкіл ғұмырын Ехоба мен Иса туралы шындықты өзгелерге үйретуге арнады. Жохан таңдаған өмір оңай болған жоқ. Ол Иса туралы уағыздағаны үшін көп қуғын-сүргін көрді. Ал І ғасырдың аяғына таман, қартайған шағында, жер аударылып кетті (Ел. іс. 3:1; 4:1—3; 5:18; Аян 1:9). Тіпті сондай кездері де ол бауырластарын жақсы көретінін көрсете берді. Мысалы, ол Патмос аралында жүргенде Аян кітабын жазып, бауырластар “жуырда болатын жайттарды” білу үшін, жазғандарын қауымдарға жіберді (Аян 1:1). Кейін, Патмос аралынан оралған соң болса керек, Жохан Исаның өмірі мен қызметі жайлы кітабын жазды. Сондай-ақ ол бауырластарды жігерлендіріп, нығайту үшін үш хат жазды. Сіз жанқияр Жоханнан қандай үлгі ала аласыз?

10. Адамдарды жақсы көретініңізді қалай көрсете аласыз?

10 Өміріңізді не нәрсеге арнайтыныңыз адамдарды қаншалықты жақсы көретініңізді көрсетеді. Шайтанның дүниесі бар күшіңіз бен уақытыңызды тек өзіңізге ғана жұмсап, бай болуға және өз атағыңызды шығаруға ұмтылғаныңызды қалайды. Ал дүниежүзіндегі Патшалықтың жанқияр жариялаушылары уақыттарын барынша ізгі хабарды таратуға жұмсап, адамдарға Ехобаға жақындауға көмектесіп жүр. Кейбіреулер тіпті уағыздау мен тәлім беруге толық уақыттарын арнайды.

Біз бауырластарды және отбасымызды жақсы көретінімізді істеріміз арқылы көрсетеміз (11, 17-абзацты қараңыз) *

11. Көптеген адал жариялаушылар Ехоба мен бауырластарын жақсы көретіндерін қалай көрсетіп жүр?

11 Көптеген адал мәсіхшілерге өздері мен отбасыларын қамтамасыз ету үшін толық уақытты жұмыс істеуге тура келеді. Сонда да бұл адал бауырластар қолдарынан келгенше Құдайдың ұйымын қолдап жүр. Мысалы, кейбіреулер табиғи апаттан зардап шеккендерге көмектеседі, өзгелері құрылыс жобаларына қатысады және олардың барлығы дүниежүзілік іске садақа жасайды. Бұл істерді олар Құдайды және өзгелерді жақсы көргендіктен істейді. Бауырластарымызды жақсы көретінімізді апта сайын қауым кездесулеріне бару және оған атсалысу арқылы да көрсетеміз. Кейде біз шаршап тұрсақ та, қауым кездесулеріне барамыз. Қобалжып тұрсақ та, түсініктемелер береміз. Әрқайсысымыздың өз қиындығымыз болса да, кездесуге дейін және одан кейін бауырластарды жігерлендіреміз (Евр. 10:24, 25). Аяулы бауырластарымыздың жасап жүрген ерен еңбектеріне қаншалықты ризамыз десеңізші!

12. Жохан бауырластарын жақсы көретінін тағы қалай көрсетті?

12 Жохан мақтау арқылы ғана емес, кеңес беру арқылы да бауырластарын жақсы көретінін көрсеткен. Мысалы, ол өз хаттарында бауырластарын сенімдері үшін және игі істері үшін мақтаған. Бірақ күнәға қатысты тікелей кеңес те берген (Жох. 1-х. 1:8—2:1, 13, 14). Біз де бауырластарымызды жақсы істері үшін мақтауымыз керек. Бірақ біреудің бойында жаман әдет не қате көзқарас пайда болып жатқанын байқасақ, оған айтылуы қажет нәрсені ілтипатпен айтуымыз қажет. Осылай оны жақсы көретінімізді көрсетеміз. Әрине, бұл батылдықты талап етеді. Бірақ Киелі кітапта шынайы достардың бір-бірін қайрайтыны, басқаша айтқанда, түзететіні айтылған (Нақ. с. 27:17).

13. Біз не істеуден аулақ болуымыз керек?

13 Кейде біз, керісінше, бауырластарымызды жақсы көретінімізді бір нәрселерді істемеу арқылы көрсетеміз. Мысалы, олардың айтқан сөздеріне тез ренжіп, ашуланудан аулақ болуымыз керек. Исаның кезінде болған бір жағдайды алайық. Бірде ол шәкірттеріне: “Адам Ұлының тәнін жеп, қанын ішпесеңдер, өмірге ие болмайсыңдар”,— деді (Жох. 6:53—57). Шәкірттерінің көбісі оның сөздерін сұмдық көріп, оны тастап кетті. Бірақ шын достары, соның ішінде Жохан да адалдық танытып, Исадан бір елі ажырамады. Олар да Исаның сөздерін түсінбей, таңғалып қалса керек. Бірақ олар Исаның айтқан сөздері дұрыс емес деп ойлап, оған ашуланған жоқ. Қайта, олар Исаның әрдайым шындықты айтатынын біліп, оған сенім артты (Жох. 6:60, 66—69). Достарымыздың айтқан сөздеріне тез ренжіп қалмағанымыз қаншалықты маңызды десеңізші! Қайта, оларға түсініспеушілік туғызған жағдайды түсіндіріп беруге мұрша берейік (Нақ. с. 18:13; Уағ. 7:9).

14. Неге біз жеккөрушіліктің жүрегімізге тамыр жаюына жол бермеуіміз керек?

14 Жохан бауырластарды жек көруден аулақ болуға да шақырған. Егер осы кеңеске құлақ аспасақ, Шайтан бізді пайдаланып кетуі мүмкін (Жох. 1-х. 2:11; 3:15). І ғасырдың аяғында кейбіреулер осылай Шайтанның ықпалына беріліп қалған. Құдай халқы жікке бөлініп, бір-бірін жек көріп кету үшін, Шайтан сол уақыттары қолынан келгеннің бәрін істеп жатты. Жохан өз хаттарын жазып жатқан уақытта қауымға Шайтандікіндей рух танытатын адамдар еніп алған еді. Мысалы, бір қауымда Диотреп деген кісі бауырластардың арасына кәдімгідей жік салды. Ол басқарушы кеңес жіберген ақсақалдарға ешқандай құрмет танытпады. Ол тіпті өзі ұнатпаған адамдарға қонақжайлылық танытқан бауырластарды қауымнан шығаруға тырысты. Не деген паңдық! (Жох. 3-х. 9, 10). Шайтан Құдай халқын жікке бөліп, өз дегеніне жету үшін әлі күнге дейін тырысып бағуда. Бірақ біз жек көрушіліктің арамызға жік салуына ешқашан жол бермейік!

ОТБАСЫҢЫЗДЫ ЖАҚСЫ КӨРІҢІЗ

Иса анасын тәндік және рухани жағынан қамқорлауды Жоханға тапсырды. Бүгінде отағалар да отбасыларының қажеттіліктерін қамдау керек (15, 16-абзацты қараңыз)

15. Отағалар нені ұмытпаулары қажет?

15 Отағалар үшін отбасыларын жақсы көретінін көрсетудің маңызды бір жолы — оларды материалдық жағынан қамтамасыз ету (Тім. 1-х. 5:8). Бірақ олар отбасының рухани қажеттілігін қамтамасыз ету одан да маңызды екенін ұмытпаулары қажет (Мат. 5:3). Иса отағалар үшін жақсы үлгі қалдырды. Жохан кітабынан көретініміздей, Иса тіпті бағанаға ілініп тұрған кезде де отбасының қамын ойлап тұрды. Бағананың қасында Исаның анасы Мәриям мен Жохан тұрған еді. Азап шегіп, қатты қиналып тұрса да, Иса Жоханнан Мәриямды қамқорлауды өтінді (Жох. 19:26, 27). Негізі, Мәриямды қамқорлай алатын Исаның бауырлары бар еді. Бірақ сол кезде олардың ешқайсысы оның шәкірті болмаған көрінеді. Ал Иса Мәриямды тек тәндік жағынан ғана емес, рухани жағынан да қамтамасыз ететін адамға тапсырып кеткісі келді.

16. Жоханның қандай жауапкершіліктері болды?

16 Жоханның көптеген жауапкершіліктері болған. Елшілердің бірі болғандықтан, ол уағыз ісіне жетекшілік еткен. Жохан үйленген болуы да мүмкін, сондықтан ол отбасының материалдық және рухани күйін қатар алып жүрген болса керек (Қор. 1-х. 9:5). Бұдан бүгінде отағалар не нәрсеге үйренсе болады?

17. Неліктен отағалардың өз отбасыларының рухани күйін ойлағандары маңызды?

17 Отбасылы ер бауырластың көптеген маңызды жауапкершіліктері болуы мүмкін. Мысалы, ол жүріс-тұрысы Ехобаға даңқ әкелу үшін, жұмысында істерін тыңғылықты атқару керек (Ефес. 6:5, 6; Тит. 2:9, 10). Оның тағы қауымда бақташылық сапар жасау, уағыз ісіне жетекшілік ету сияқты жауапкершіліктері болуы мүмкін. Оның бұл істерімен қоса, әйелімен және балаларымен жүйелі түрде Киелі кітапты зерттеуді қатар алып жүргені де маңызды. Отбасының тәндік, эмоциялық және рухани күйінің жақсы болуы отағалардың жауапкершілігінде. Ал үй ішіндегілер болса олардың әрбір ісін қатты бағалайды (Ефес. 5:28, 29; 6:4).

“СҮЙІСПЕНШІЛІГІМНЕН АЙЫРЫЛМАҢДАР”

18. Жохан не нәрсеге нық сенді?

18 Жоханның өмірі ұзақ әрі қуанышты оқиғаларға толы болды. Ол сол ғұмырында қиындықтардың да түр-түрін көрді. Бірақ бұл қиындықтар оның сенімін еш шайқалтпады. Ол Исаның өсиеттерін орындауға, соның ішінде бауырластарын жақсы көруге әрдайым барын салды. Соның арқасында Жохан Ехоба мен Исаның оны жақсы көретініне және кез келген қиындыққа төзуге күш беретініне нық сенді (Жох. 14:15—17; 15:9, 10; Жох. 1-х. 4:16). Шайтан мен оның дүниесі Жоханға бауырластарын жақсы көруге және сүйіспеншілігін сөзімен, ісімен көрсетуге тосқауыл бола алмады.

19. Жоханның 1-хаты 4:7-дегі сөздер бізді не істеуге талпындырады және неге?

19 Жохан сияқты, біз де сүйіспеншілік атаулыдан жұрдай Шайтанның дүниесінде өмір сүріп жатырмыз (Жох. 1-х. 3:1, 10). Ол біздің бауырластарға деген сүйіспеншілігімізді суытқысы келеді. Бірақ өзіміз жол бермесек, ол ешқашан бізге өз дегенін істеткізе алмайды. Ендеше, бауырластарымызды жақсы көруге және сүйіспеншілігімізді сөзімізбен, ісімізбен көрсетуге нық бекінейік! Сонда Ехобаның отбасының бір бөлігі болудан қуаныш тауып, өміріміз мән-мағынаға толады (Жоханның 1-хаты 4:7 оқыңыз).

88-ӘН Ақ жолыңнан таймайын

^ 5-абзац Киелі кітаптағы “Исаның жақсы көретін шәкірті” деген сөздер Жоханға нұсқаса керек (Жох. 21:7). Жас болса да, Жоханның тамаша қасиеттері көп болғанға ұқсайды. Жылдар өте Ехоба оған сүйіспеншілік жайлы көп нәрсе жаздырды. Бұл мақалада біз Жоханның жазбаларынан және оның өзінен не үйренетінімізді қарастырамыз.

^ 59-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Жауапкершіліктері көп отағасы апат кезінде көмек көрсетіп жатыр, дүниежүзілік іске садақа жасап жатыр. Ол отбасылық ғибадатқа өзге де бауырластарды шақырған.