Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

10-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Зерттеушіге шомылдыру рәсімінен өтуге қауым болып көмектесейік!

Зерттеушіге шомылдыру рәсімінен өтуге қауым болып көмектесейік!

“Әр мүше өз міндетін дұрыс атқарғанда, дене өседі” (ЕФЕС. 4:16).

85-ӘН Бір-біріңді қарсы алыңдар

АҢДАТПА *

1, 2. Киелі кітапты зерттейтін адамның рухани өсіп, шомылдыру рәсімінен өтуіне кімдер көмектесе алады?

ФИДЖИДЕ тұратын Эми есімді әйел былай дейді: “Киелі кітапты зерттеп, білім алған маған қатты ұнайтын. Біліп жатқандарым шындық екенін де түсінетінмін. Бірақ бауырластармен араласқаннан кейін ғана қажетті өзгерістер жасап, шомылдыру рәсімінен өттім”. Бұл жағдай мына нәрсені анық көрсетеді: көп жағдайда зерттеушілер бауырластардың көмегін көргенде ғана қадамдар жасап, шомылдыру рәсімінен өтеді.

2 Қауымда қатарымыздың көбеюіне әрбір жариялаушы үлес қоса алады (Ефес. 4:16). Вануату аралында тұратын Лейлани есімді ізашар былай дейді: “Халықта “бір баланы бүкіл ауыл өсіреді” деген сөз бар. Мен шәкірт дайындауды да осыған ұқсатамын. Біреудің шындыққа келуіне бүкіл қауымның көмегі керек-ақ”. Расында да, баланың жақсы адам болып өсуіне ата-анасы ғана емес, жақын туыстары мен мектептегі мұғалімдері де үлес қосады. Сол сияқты қауымдағы бауырластар да ақыл-кеңестерімен, өз үлгілерімен, мақтау сөздерімен зерттеушіні демеп, шомылдыру рәсімінен өтуге дайындай алады (Нақ. с. 15:22).

3. Анна, Дорин мен Лейланидің сөздерінен не түсінеміз?

3 Сіз біреумен Киелі кітапты зерттейсіз бе? Олай болса, зерттеу сабағына шақырған бауырластардың көмегін қабылдаңыз. Молдовада тұратын Анна деген арнайы ізашар: “Рухани жетіліп келе жатқан адамның барлық қажеттілігін қамдау жалғыз өзіңе өте ауыр”,— дейді. Сол елде қызмет етіп жүрген Дорин есімді арнайы ізашар болса былай дейді: “Зерттеу сабағына келген жариялаушылардың айтқандары зерттеушіге қалай әсер еткенін көргенде, таңғалып қалатынмын. Мен ондай ойларды айта алмас едім”. Лейлани тағы былай деп қосты: “Бауырластардың көрсеткен сүйіспеншілігі мен жылулығының арқасында зерттеушілер Құдайдың шынайы халқын тапқандарын түсіне алады” (Жох. 13:35).

4. Осы мақала не жайлы болмақ?

4 Сіз басқа бауырласпен зерттейтін адамның рухани өсуіне мен қалай үлес қоса аламын деп ойлайтын шығарсыз. Осы мақалада біз зерттеу сабағына шақырылғанда және сол зерттеуші қауымға келе бастағанда оған қалай көмектесе алатынымызды көреміз. Сондай-ақ зерттеушінің рухани өсіп, шомылдыру рәсімінен өтуіне ақсақалдар қалай көмектесе алатынын білеміз.

ЗЕРТТЕУ САБАҒЫНА ШАҚЫРЫЛСАҢЫЗ

Зерттеу сабағына шақырылсаңыз, өтілетін сабаққа дайындалып барыңыз (5—7 абзацтарды қараңыз)

5. Зерттеу сабағына шақырылған жариялаушының рөлі қандай?

5 Зерттеушіге Құдай Сөзін түсінуге көмектесетін ең бірінші адам — тәлімгері. Ал сіз зерттеу сабағына шақырылсаңыз, тәлімгердің оң қолы екеніңізді ұмытпаңыз. Оны қолдап, көмектесіп отырыңыз (Уағ. 4:9, 10). Зерттеу сабағының мәнді, мағыналы өтуіне қалай үлес қоса алатынымызды келесі абзацтардан білеміз.

6. Басқа бауырластың зерттеу сабағына қатысатын болсаңыз, Нақыл сөздер 20:18-дегі принципті қалай қолдана аласыз?

6 Зерттеу сабағына дайындалыңыз. Алдымен, тәлімгерден зерттеуші жайлы біраз біліп алыңыз (Нақыл сөздер 20:18 оқыңыз). Одан былай деп сұрасаңыз болады: “Зерттеуші қандай адам, неге сенеді? Сабақ не туралы болады? Осы сабақтан зерттеушінің нені түсінгенін қалайсың? Зерттеу сабағында істемеуім керек, айтпауым керек немесе керісінше, айтуым керек нәрселер бар ма? Зерттеушінің алға баса беруіне қалай көмектесе аламын?” Әрине, тәлімгер сізге зерттеушінің сырларын ашпағанмен, оның басқа айтқандары сізге бағыт беріп, көмек бола алады. Миссионер болып қызмет ететін Джой есімді әйел бауырласымыз зерттеу сабағына келетін жариялаушыға осы жайында айтып қояды екен. “Зерттеуші жайлы айтып бергеннің арқасында бауырластар сабаққа ынтамен қатысады, пайдалы ойларды айта алады”,— дейді Джой.

7. Зерттеу сабағына дайындалып барғаныңыз не үшін маңызды?

7 Сіз зерттеу сабағына шақырылсаңыз, өтілетін сабаққа жақсылап дайындалып барғаныңыз дұрыс. Мұндай мүмкіндігіңіз болмаса, сабақтың негізгі ойларын бір шолып шығыңыз (Езра 7:10). Дорин деген ер бауырласымыз тағы былай дейді: “Серігім зерттеу сабағына дайындалып келсе, қатты риза болып қаламын. Сондай кезде ол сабаққа жақсы атсалысып отырады”. Екеуіңіздің де зерттеу сабағына дайындалып келгендеріңіз зерттеушінің назарынан тыс қалмайды. Ол да бұдан өзіне сабақ алады.

8. Зерттеу сабағында айтатын дұғаңыз мәнді, мазмұнды болу үшін не істей аласыз?

8 Зерттеу сабағының маңызды бір бөлігі — дұға. Сондықтан менен дұға етуді өтінсе, не туралы айтамын деп алдын ала дайындалып қойыңыз. Сонда дұғаңыз мәнді де мазмұнды болады (Зәб. 141:2). Жапонияда тұратын Ханаё есімді әйел кезінде зерттеу сабағында бір жариялаушының айтқан дұғасын есінде жақсы сақтап қалыпты. “Оның дұғасынан Ехобамен қарым-қатынасы өте жақын екенін сездім. Мен де ол сияқты болсам ғой деп ойладым. Дұғада менің атымды айтқанына да риза болып қалдым”,— дейді Ханаё.

9. Жақып 1:19-да айтылғандай, зерттеу сабағында жүргізушіге тірек болу үшін не істей аласыз?

9 Тәлімгерге тірек болыңыз. Нигериядағы бір арнайы ізашар былай дейді: “Зерттеу сабағында жақсы серік деп мұқият тыңдап, орынды жерлерде жақсы ойлар қосып отыратын жариялаушыны айтар едім. Ол тым көп сөйлеп, зерттеуді өзі жүргізіп кетпейді”. Олай болса, зерттеуде не айтуды, қашан айтуды қалай біле аламыз? (Нақ. с. 25:11). Бұл үшін тәлімгер мен зерттеушінің айтып жатқандарын мұқият тыңдаңыз (Жақып 1:19 оқыңыз). Сонда, сәті туғанда әңгімеге араласа аласыз. Бірақ байқаңыз, тым көп сөйлеп кетпеңіз, тәлімгердің ой желісін бөліп жібермеңіз және басқа тақырыпқа секіріп кетпеңіз. Тақырыпты аша түсу үшін қысқаша бір ой не мысал айтсаңыз болады немесе сұрақ қойсаңыз болады. Ал аса бір алып-қосарыңыз болмаса, зерттеушіні мақтап қойыңыз және оның айтып жатқандары сіз үшін маңызды екенін көрсетіңіз. Қарапайым осы әрекеттер зерттеушінің алға басуына үлкен септігін тигізе алады.

10. Сіздің басыңыздан өткен жағдайлар зерттеушіге қалай көмектесуі мүмкін?

10 Өз өміріңізден айта отырыңыз. Реті келіп жатса, зерттеушіге шындыққа қалай келгеніңізді, қиындықтарды қалай жеңгеніңізді және Ехобаның сізге қалай көмектескенін қысқаша баяндап беріңіз (Зәб. 78:4, 7). Кім біледі, сіз зерттеушіге өте қажет мәліметті айтатын шығарсыз. Осылай оның сенімін қатайтып, шомылдыру рәсімінен өтуге талпындырып жіберерсіз немесе қиындығымен күресудің жолын көрсетерсіз (Пет. 1-х. 5:9). Бразилияда ізашар болып қызмет етіп жүрген Габриел деген ер бауырлас Киелі кітапты зерттеген кезі жайында былай дейді: “Бауырластар бастарынан өткен жағдайларын айтып бергенде, Ехоба кімнің қандай қиындықпен күресіп жүргенін жақсы білетінін түсіндім. Олар өз қиындықтарын жеңе алса, мен де жеңе аламын ғой деп ойладым”.

ЗЕРТТЕУШІ ҚАУЫМҒА КЕЛЕ БАСТАСА

Зерттеушінің қауымға келіп тұруына бәріміз әсер ете аламыз (11-абзацты қараңыз)

11, 12. Неге біз Патшалық сарайына келген зерттеушіні жылы қарсы алуымыз керек?

11 Зерттеуші алға басып, шомылдыру рәсімінен өту үшін, қауым кездесулеріне барып, оның пайдасын көруі керек (Евр. 10:24, 25). Зерттеушіні алғаш рет қауым кездесуіне алып келетін тәлімгері шығар. Бірақ оның қауымға әрі қарай да келе беруіне жариялаушылардың бәрі көмектесе алады. Осы орайда сіз не істей аласыз?

12 Құшақ жая қарсы алыңыз (Рим. 15:7). Бауырластар қуана қарсы алса, зерттеуші Патшалық сарайына тағы да келгісі келуі мүмкін. Ол қысылып, өзін ыңғайсыз сезінбес үшін, жылы амандасыңыз, ішке кіргізіп, өзгелермен таныстырыңыз. Сөздерін ден қойып тыңдап, жағдайын біліңіз. Оған қарайтын тәлімгері бар ғой деп ойламаңыз. Өйткені ол бауырласымыз кешігіп жатқан шығар немесе қауымда қандай да бір міндеттері бар шығар. Зерттеушіні құшақ жая қарсы алғанымыз оң нәтижесін беруі мүмкін. Бұған осыдан бірнеше жыл бұрын шомылдыру рәсімінен өткен Дмитрийдің оқиғасы дәлел. Ол былай дейді: “Патшалық сарайына бірінші рет келгенде қобалжып, сыртта тұрдым. Сонда жылы жүзді бір ер бауырлас мені ішке кіргізді. Қасыма көп адам келіп амандасты. Шынымды айтсам, бұлай болады деп күтпедім. Маған қатты ұнағаны соншалық, аптаның әр күнінде кездесу болса ғой деп ойладым. Өйткені басқа еш жерде мен өзімді бұлай жақсы сезінбеген едім”. Дмитрий қазір қауымда — қызмет көмекшісі.

13. Сіздің жақсы жүріс-тұрысыңыз зерттеушіге қалай әсер етуі мүмкін?

13 Үлгі болыңыз. Зерттеуші сіздің үлгілі жүріс-тұрысыңызға қарап, шындықты тапқанын түсіне алады (Мат. 5:16). Қазір Молдовада ізашар болып қызмет ететін Виталий былай дейді: “Мен қауымдағы бауырластардың қалай өмір сүретінін, көзқарастарын, жүріс-тұрыстарын бақылайтынмын. Сонда Ехоба куәгерлері шынымен-ақ Құдай жолында жүретініне күмәнім болмады”.

14. Зерттеушінің рухани өсіп, шомылдыру рәсімінен өтуіне қалай көмектесе аласыз?

14 Шомылдыру рәсімінен өтуге талпынып жүрген зерттеуші алып жатқан білімін өмірде қолданып үйренуі керек. Бірақ бұл оңай бола бермейді. Десе де сіздің Киелі кітап принциптерін қолданып, бақытты болып жүргеніңізді көргенде, ол да әрекет етуге талпына бастайды (Қор. 1-х. 11:1). Ханаё бауырлас былай дейді: “Мен бауырластарға қарап, алып жатқан білімімді қалай қолдануға болатынын көретінмін. Олардан адамдарды мақтауды, кешіруді, сүюді үйрендім. Мен біреудің біреуді жамандап жатқанын естімейтінмін. Мен де солар сияқты болғым келетін”.

15. Қауымға келіп жүрген зерттеушімен дос болудың маңыздылығын Нақыл сөздер 27:17 қалай көрсетеді?

15 Зерттеушімен дос болыңыз. Зерттеуші жиналысқа келе бастағаннан оған көңіл бөле беріңіз (Філіп. 2:4). Одан Киелі кітапты қалай зерттеп жүргені жайында, жұмысы жайында сұрап әңгімелесіңіз. Бірақ жеке өміріне араласып кетпеңіз. Жасап жатқан кішігірім қадамдары үшін мақтап қойыңыз. Мұндай әңгімелер достыққа жетелейді. Ал онымен дос болсаңыз, оған шомылдыру рәсімінен өтуге көмектесе аласыз (Нақыл сөздер 27:17 оқыңыз). Жоғарыда аты аталған Ханаё есімді әйел қазір — тұрақты ізашар. Қауымға енді келе бастаған кезі жайында ол былай дейді: “Кейбір бауырластармен жақын араласқандықтан, қауым кездесулеріне барғым келіп тұратын, тіпті шаршап тұрсам да баратынмын. Куәгер достарымды жақсы көргендіктен, Құдайға сенбейтін бұрынғы достарыммен байланысымды үзу ауыр тимеді. Мен бауырластарға да, Ехобаға да жақын бола бергім келді. Сөйтіп, шомылдыру рәсімінен өттім”.

16. Киелі кітапты зерттеуші қауымға керек екенін сезіну үшін тағы не істей аласыз?

16 Зерттеуші өмірінде өзгерістер жасап, рухани өсе келе, оған қауымға керек екенін түсінуге көмектесіңіз. Мұның бір жолы — оны қонаққа шақыру (Евр. 13:2). Молдовада қызмет ететін Денис Киелі кітапты зерттеп жүрген кезін еске түсіріп былай дейді: “Бауырластар әйелім екеумізді қонаққа шақырып тұратын. Әңгімелерінен Ехоба оларға қалай көмектескенін білгенде, кәдімгідей қанаттанып қалатынбыз. Сол отырыстардан кейін Ехобаға қызмет етеміз деген шешіміміз одан сайын беки түсті және бізді керемет болашақ күтіп тұрғанына да сеніміміз артты”. Киелі кітапты зерттейтін адам жариялаушы болған кезде, оны қызметке шақырып тұрыңыз. Бразилияда тұратын Диего былай дейді: “Уағыздауға мені көп бауырлас шақырып тұратын. Бауырластармен жақынырақ танысудың ең күшті жолы осы қызмет екен. Осылай мен олардан көп нәрсе үйрендім, әрі Ехоба мен Исаға да жақындай түстім”.

АҚСАҚАЛДАР ҚАЛАЙ КӨМЕКТЕСЕ АЛАДЫ?

Ақсақалдар, шын жүректен көңіл бөлгендеріңіз зерттеушіні рухани өсуге талпындыра алады (17-абзацты қараңыз)

17. Ақсақалдар зерттеушілерге қалай көмектесе алады?

17 Киелі кітапты зерттеушілерге уақыт бөліңіз. Ақсақалдар, сіздер зерттеушілерге шын жүректен көңіл бөлсеңіздер, оларды шомылдыру рәсімінен өтуге талпындыра аласыздар. Мысалы, қауым кездесулерінде олардың хал-жағдайын сұрап тұрасыз ба? Зерттеушілердің аттарын жаттап алсаңыз, қауымда қол көтергенде атымен атасаңыз, олар риза болып қалады. Ал қауымда бір бауырлас сізді зерттеу сабағына шақыратын болса, жоспарыңызды бейімдей аласыз ба? Ұмытпаңыз, сіз зерттеушіге өзіңіз ойлағаннан да көп көмектесе аласыз. Нигерияда тұратын Джеки есімді ізашар былай дейді: “Зерттеу сабағында қасымдағы серігімнің ақсақал екенін білгенде, зерттеушілердің көбісі таңғалып қалады. Бір зерттеушінің айтқаны есімде: —Менің шіркеудегі пасторым ешқашан өйтпес еді. Ол тек ақша төлейтін бай адамдарға ғана барады,— деді ол”. Бұл зерттеуші қазір қауымға келіп жүр.

18. Ақсақалдар Елшілердің істері 20:28-дегі сөздерді қалай қолданса болады?

18 Тәлімгерлерді үйретіңіз және жігерлендіріңіз. Ақсақалдар, сіздерге маңызды жауапкершілік жүктелген. Сіздер жариялаушыларға қызметтерін жақсы атқаруға, соның ішінде Киелі кітапты зерттеу сабақтарын жақсы жүргізуге көмектесе аласыздар (Елшілердің істері 20:28 оқыңыз). Зерттеу сабағына барғанда, тәлімгердің сізден қысылып тұрғанын байқасаңыз, зерттеу сабағын жүргізіп беруді ұсыныңыз. “Ақсақалдар менен зерттеушілерімнің жағдайын сұрап тұрады. Олар зерттеу жүргізгенде қиналған жерлерімді байқаса, жақсы кеңестер айтып тұрады”,— дейді Джеки. Ақсақалдар зерттеу сабағы бар бауырластарды табанды болуға талпындырып, жігерлендіру үшін көп нәрсе істей алады (Сал. 1-х. 5:11). Джеки былай деп қосты: “Ақсақалдар сенің ерен еңбегіңді қатты бағалаймыз дегенде, мәз болып қаламын. Мұндай сөздер ыстық күндегі салқын судай сергітіп тастайды, бойыма сенімділік құйып, зерттеу сабағын әрі қарай да қуана жүргізе беруге күш береді” (Нақ. с. 25:25).

19. Бауырластардың барлығы қандай қуанышқа бөлене алады?

19 Біздің зерттеу сабағымыз болмаса да қауымдағы зерттеушілердің рухани өсуіне өз септігімізді тигізе аламыз. Басқа бауырластың зерттеу сабағына шақырылсаңыз, қосар ойыңызды дайындап барыңыз. Сонда тәлімгерді қолдап, көмектесе аласыз. Бірақ көп сөйлеудің қажеті жоқ. Зерттеушілер Патшалық сарайына келе бастағанда олармен достасып, жақсы жүріс-тұрысыңызбен үлгі көрсете беріңіз. Ақсақалдар болса уақыт тауып, оларға көңіл бөле алады, ал тәлімгерлерін үйретіп, оларды мақтап отырса болады. Сонда зерттеушінің Ехобаны жақсы көріп, оған қызмет етуіне кішкене-кішкенеден бәріміз көмектесе аламыз. Бұл бізді зор қуанышқа бөлейді емес пе?!

79-ӘН Оларға берік тұруды үйретіңдер

^ 5-абзац Киелі кітапты зерттеу сабағы бәрімізде жоқ шығар, бірақ қауымға келіп жүрген қызығушының шомылдыру рәсімінен өтуіне бәріміз көмектесе аламыз. Ал қалай көмектесе алатынымызды осы мақаладан білеміз.