Оқырман сауалдары
Мәсіхшілер хат алмасуға арналған қосымшаларды қолданғанда не үшін абай болу керек?
Кейбір бауырластарымыз туыстарымен және бауырластармен байланыста болу үшін хат алмасуға арналған қосымшаларды (мессенджерлерді) қолданады. Бірақ бұндай қосымшаларды қолданғанда, толысқан мәсіхшілер мына бір принципті есте ұстайды: “Парасатты қатерді көріп, бас сауғалар, Аңғал тіке жүріп, жапа шегер” (Нақ. с. 27:12).
Ехоба бізді жамандықтан жан-жақты қорғағысы келеді. Сондықтан біз арамызға іріткі салатындармен, қауымнан шығарылғандармен және бұрыс ілімдерді насихаттайтындармен араласпаймыз (Рим. 16:17; Қор. 1-х. 5:11; Жох. 2-х. 10, 11). Қауымда да Құдай заңын ұстанғысы келмейтін адамдар кездесуі мүмкін (Тім. 2-х. 2:20, 21). Кіммен достасатынымызды шешкенде, біз осыны ескеруіміз керек. Ал электронды хабарлама арқылы араласқан кезде дұрыс ортаны таңдау қиын.
Көп адамнан тұратын үлкен чаттық топтарға келгенде әсіресе абай болуымыз керек. Кейбір бауырластар осындай топтарға қосыламын деп, бармақ тістеп қалған. Жүздеген не тіпті мыңдаған адамнан тұратын топтарға қосылудан не үшін сақ болуымыз керек? Өйткені соншама адамның ішінде кімнің кім екенін, рухани күйінің қандай екенін біліп-болжау мүмкін емес. Зәбүр 26:4-те: “Өтірікшілермен араласпаймын, Екіжүзділерден де өзімді аулақ ұстаймын”,— делінген. Осы принциптің астарында тек өзіміз жақсы танитын адамдармен хабарлама алмасуымыз керек деген ой да жатыр.
Тіпті кішігірім топтарда да қанша уақыт отыратынымызға және әңгіме желісіне мән беруіміз керек. Осындай чаттарда әрбір хабарламаға жауап беруім керек немесе соңына дейін отыруым керек деп ойламаңыз. Пауыл кейбіреулердің “өсек тасып, өзгенің ісіне араласатынын” айтқан (Тім. 1-х. 5:13). Бұл чаттарда әңгімелескенде де орын алуы ғажап емес.
Егер біреу өзге бауырласты сынап-мінесе не ол жайлы құпия мәліметті айтса, толысқан мәсіхші оны тыңдамайды, өзі де бұндай әңгіме айтпайды (Зәб. 15:3; Нақ. с. 20:19). Ол елең еткізіп, жаға ұстатар әңгімелерден де, рас-өтірігі белгісіз мәліметтерден де аулақ жүреді (Ефес. 4:25). Ал біздің jw.org сайтымыз бен ай сайын шығатын JW Broadcasting® бағдарламасында рухани байытатын, сенім артуға тұратын мәліметтер ағыл-тегіл.
Кейбір бауырластар электронды хат алмасуға арналған мессенджерлерді қандай да бір өнімді жарнамалау үшін, алып-сату үшін не жұмыс ұсыну үшін пайдаланады. Бұлар рухани істерге қатысы жоқ іскерлік мәселелер. Ақшақұмарлықтан қашық болғысы келетін мәсіхші ешқашан табыс көру мақсатында бауырластарын пайдаланбайды (Евр. 13:5).
Көмекке мұқтаж не табиғи апаттан зардап шеккен бауырластарға ақша жинау мақсатында мессенджерлерді қолдануға бола ма? Әрине, бауырластарымызды жақсы көргендіктен, олардың жағдайын біліп, көмектескіміз келеді (Жақ. 2:15, 16). Бірақ сол үшін көп адамды жинап чат ашатын болсақ, жергілікті филиалдың не қауымның жақсылап ұйымдастырған көмектесу шараларына кедергі болуымыз мүмкін (Тім. 1-х. 5:3, 4, 9, 10, 16). Оның үстіне, ешқайсысымыз да басқалардың алдында Құдайдың отарын қамқорлау үшін арнайы тағайындалған адамдай көрініп қалғымыз келмес еді.
Ендеше, хат алмасуға арналған қосымшаларды не жалпы электронды құрылғыларды қолданғанда, олардың қаупін ескеріп, абай болайық. Осылайша біз әрбір ісімізбен Құдайды дәріптейміз (Қор. 1-х. 10:31).