Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

15-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Иса айтқан соңғы сөздердің маңызы

Иса айтқан соңғы сөздердің маңызы

“Бұл — менің сүйікті Ұлым. Мен оған ризамын! Оны тыңдаңдар!” (МАТ. 17:5).

17-ӘН “Қалаймын”

АҢДАТПА *

1, 2. Иса соңғы сөздерін қандай жағдайда айтқан?

Б. З. 33 жыл, 14 нисан. Күндізгі уақыт. Бұған дейін Исаға жасамаған қылмысты жасады деп жала жабылып, үкім кесілген еді. Кейін оны мазақ етіп, қорлап, әбден азаптады. Сосын қол-аяғын шегелеп, бағанаға іліп қойды. Бірдеңе айтпақ түгілі тыныс алудың өзі жанын азапқа салады. Бірақ Иса сонда да сөйледі, өйткені айтар өте маңызды сөздері болды.

2 Қазір Исаның сол сөздеріне назар аударып, өзімізге қандай тәлім алатынымызды көрейік. Былайша айтқанда, “оны тыңдайық” (Мат. 17:5).

“ӘКЕ, ОЛАРДЫ КЕШІРЕ КӨР”

3. “Әке, оларды кешіре көр” деп Иса кімдерді айтқан болуы мүмкін?

3 Иса не деді? Азап бағанасында ілулі тұрғанда Иса: “Әке, оларды кешіре көр”,— деп дұға етті. Сонда, олар деген кім? Исаның “олар не істеп жатқандарын білмейді” деген сөзіне қарағанда, бұл оның аяқ-қолын шегелеген римдік сарбаздар болуы мүмкін (Лұқа 23:33, 34). Сарбаздар Исаның шын мәнінде кім екенін білмеген еді. Сондай-ақ бұл тармақта Иса оның өлімге кесілуін талап еткен, бірақ кейінірек шындыққа келетін адамдарды да айтса керек (Ел. іс. 2:36—38). Иса әділетсіз азап шексе де, ашынып, кектеніп кетпеді (Пет. 1-х. 2:23). Қайта, оны азаптаған сол адамдар үшін дұға етіп, Ехобадан оларды кешіруді сұрады.

4. Қарсыластарын кешірген Исадан не үйренеміз?

4 Исаның сөздерінен не үйренеміз? Иса сияқты біз де өзгелерді кешіруге ынталы болуымыз қажет (Қол. 3:13). Кейбіреулер, мысалы, туыстарымыз наным-сенімімізді, өмір салтымызды түсінбегендіктен, бізге қарсы шығуы мүмкін. Олар біз туралы өтірік айтып, басқалардың көзінше кемсітіп, әдебиеттерімізді өртеп, тіпті күш көрсетіп қорқытатын шығар. Сондай кезде іштей кектенбей, қайта, Ехобаға дұға айтайық. Көздері ашылып, күндердің күнінде шындыққа келуін сұрайық (Мат. 5:44, 45). Бірақ сорақы әділетсіздік көргенде, кешіру өте қиын болуы мүмкін. Сондайда ашынып, ыза-кекке бой алдырсақ, өзімізді өзіміз жаралаймыз. Бір әйел бауырлас былай дейді: “Кешіру деген — біреудің маған жасаған жамандығын ақтау немесе оған көніп жүре беру деген сөз емес. Бұл бойымдағы өкпе-реніштен арылуды білдіреді” (Зәб. 37:8). Егер біз кешіруді шешсек, болған әділетсіздіктің бізді қатуландырып жіберуіне жол бермейміз (Ефес. 4:31, 32).

“МЕНІМЕН БІРГЕ ЖҰМАҚТА БОЛАСЫҢ”

5. Иса қылмыскерге қандай уәде берді және неге?

5 Иса не деді? Исаның екі жағына бағанаға ілінген екі қылмыскер алғашында Исаны тілдеп, мазақтады (Мат. 27:44). Бірақ біреуі кейін көзқарасын өзгертті. Ол Исаның “еш жамандық жасамаған” бейкүнә адам екенін түсінді (Лұқа 23:40, 41). Ол тіпті Исаның қайта тіріліп, кейін Патша болатынына сенді. Ол Исаның қазір өлетінін білсе де: “Иса, патша болғаныңда, мені есіңе ала көрші”,— деді (Лұқа 23:42). Не деген сенім десеңізші! Иса оған: “Бүгін саған шындығын айтамын, менімен бірге [көкте Патшалықта емес] жұмақта боласың”,— деді (Лұқа 23:43). Иса “саған”, “менімен бірге” деуімен жеке сол адамға назар аударып, соған уәде беріп жатқанын көрсетті. Иса Әкесінің мейірімді екенін білгендіктен, өлім аузында тұрған сол қылмыскерге үміт сыйлады (Зәб. 103:8).

6. Исаның қылмыскерге айтқан сөздерінен не білеміз?

6 Исаның сөздерінен не үйренеміз? Иса — Әкесі Ехобаның “болмысының дәлме-дәл көрінісі” (Евр. 1:3). Ехоба да бізге мейірімділік танытып, бұрын жасаған күнә-қателіктерімізді кешіруге дайын. Бірақ бұл үшін шынымен өкінуіміз және Иса Мәсіхтің төккен қанының күшіне сенуіміз керек (Жох. 1-х. 1:7). Кейбіреулер бұрын жасаған күнәларын Ехоба ешқашан кешіре алмайды деп ойлайды. Сіз де сондай ойда болсаңыз, мына жайлы ойланып көріңізші: Иса енді ғана оған сене бастаған қылмыскердің өзіне мейірім танытқан. Ендеше Ехоба оның талап-заңдарына барынша мойынсұнып жүрген адал қызметшісіне одан да зор мейірім танытпай ма?! (Зәб. 51:1; Жох. 1-х. 2:1, 2).

“МЫНАУ — ЕНДІ СІЗДІҢ ҰЛЫҢЫЗ! . . . ЕНДІ ОСЫ КІСІ — СЕНІҢ АНАҢ!”

7. Жохан 19:26, 27-де Иса Мәриям мен Жоханға не деді және не үшін?

7 Иса не деді? (Жохан 19:26, 27 оқыңыз). Иса анасын уайымдады. Ол кезде Мәриям жесір болса керек. Әрине, Исаның інілері аналарын материалдық жағынан қамтамасыз етер еді. Алайда оның рухани қажеттілігін кім ойламақ? Исаның бауырлары ол кезде әлі оның шәкірті болмаса керек. Бірақ Иса соңынан еріп, Әкесіне ғибадат ететіндерді рухани отбасым деп білген (Мат. 12:46—50). Мысалы, Жохан Исаның адал шәкірті және жақын досы болған. Иса анасын жақсы көргендіктен, қамын ойлағандықтан, оны осы шәкіртінің қамқорлығына тапсырды. Жохан Мәриямның рухани қажеттілігін қамдайтынына Иса сенімді болды. Сондықтан ол анасына: “Мынау — енді сіздің ұлыңыз!”— деді. Ал Жоханға: “Енді осы кісі — сенің анаң!”— деді. Сол күннен бастап Мәриям Жоханды өз ұлындай, ал Жохан Мәриямды өз анасындай көріп, оған қамқорлық көрсетті. Иә, Иса шыр етіп дүниеге келгеннен қамқорлап, соңғы демі шығарда да қасынан табылған аяулы анасын қатты жақсы көрді.

8. Исаның Мәриям мен Жоханға айтқан сөздерінен не үйренеміз?

8 Исаның сөздерінен не үйренеміз? Кейде бауырластарымыз өз туыстарымыздан да жақын болып кетеді. Кейбір туыстарымыз бізге қарсы шығып, тіпті бізден бас тартуы мүмкін. Бірақ Ехобаға және оның ұйымына етене жақын жүрсек, бұлардың барлығы бізге “жүз есе артығымен беріледі”. Көп бауырласымыз бізге әкеміздей, анамыздай, ұл не қызымыздай болып кетеді. Бұны бізге Исаның өзі уәде еткен (Мар. 10:29, 30). Сенімдері бір және Ехобаны әрі бір-бірін жақсы көретін осындай рухани отбасында болу сізді қандай сезімге бөлейді? (Қол. 3:14; Пет. 1-х. 2:17).

“ҚҰДАЙЫМ, НЕГЕ МЕНІ ЖАЛҒЫЗ ҚАЛДЫРДЫҢ?”

9. Исаның Матай 27:46-дағы сөздерінен не білеміз?

9 Иса не деді? Иса өлер алдында қатты дауыстап: “Құдайым, Құдайым неге мені жалғыз қалдырдың?”— деді (Мат. 27:46). Киелі кітапта Исаның не үшін бұлай деп айтқаны жазылмаған. Десе де бұл сөздерінен біраз нәрсе білуге болады. Біріншіден, Иса осылай айтуымен Зәбүр 22:1-дегі пайғамбарлықты орындады *. Сонымен қатар бұл сөздерден Ехоба Ұлын “жан-жақтан қорғамағанын” көреміз (Әйүп 1:10). Өлімге дейін барынша сыналуы үшін Әкесі оны толығымен жауларының қолына бергенін Иса жақсы түсінді. Бұл дүниеде ешбір тірі жан ол сияқты сыналған емес. Бұған қоса, Исаның сөздері оның еш жазықсыз екенін, өлімге кесілетіндей еш нәрсе істемегенін көрсетеді.

10. Исаның Әкесіне айтқан сөздерінен не үйренеміз?

10 Исаның сөздерінен не үйренеміз? Біріншіден, Ехоба сенімімізді сынға алатын әрбір сынақтан бізді қорғап отырады деп күтпеуіміз керек. Иса соңына дейін, өлім құшқанға дейін сыналды. Біз де қажет болса сеніміміз үшін өлуге дайын болуымыз керек (Мат. 16:24, 25). Бірақ Ехоба шамадан тыс сыналуымызға ешқашан жол бермейді (Қор. 1-х. 10:13). Екіншіден, біз де Иса сияқты әділетсіз жапа шегуіміз мүмкін (Пет. 1-х. 2:19, 20). Біз дұрыс емес бірдеңе істегендіктен емес, осы дүниелік болмағандықтан және шындық жайлы куәлік еткендіктен қарсылықтарға кезігеміз (Жох. 17:14; Пет. 1-х. 4:15, 16). Иса қасірет шегуіне Ехобаның не үшін жол беріп жатқанын жақсы түсінген. Бірақ бастарына сынақ түскенде, Ехобаның кейбір адал қызметшілері: “Ехоба қалай ғана бұған жол берді?”— деп ойлаған (Абқ. 1:3). Мұндай кезде мейірімді де шыдамды Құдайымыз оларды сенімі әлсіз деп жазғырмайды, қайта, өзі ғана бере алатын жұбанышқа мұқтаж екендерін түсінеді (Қор. 2-х. 1:3, 4).

“ШӨЛДЕДІМ”

11. Иса Жохан 19:28-дегі сөздерді не үшін айтты?

11 Иса не деді? (Жохан 19:28 оқыңыз). Иса не үшін “шөлдедім” деді? Ол бұл сөзді “жазба орны жүзеге асу үшін”, яғни Зәбүр 22:15-тегі пайғамбарлық орындалу үшін айтты. Онда: “Күшім таусылды, қыш ыдыстың сынығындай қурап кеттім, Тілім таңдайыма жабысып қалды”,— делінген. Оның үстіне, Исаның бағанадағы азабы бар, оған дейін де көрген қаншама қорлығы бар, ол әбден шөлдесе керек. Шөлін қандыру үшін ол өзгелерден көмек сұрады.

12. Исаның “шөлдедім” деген сөзінен не үйренеміз?

12 Исаның сөздерінен не үйренеміз? Иса өз сезімдерін ашық айтудан ұялмаған, мұны әлсіздік деп қарастырмаған. Әдетте біз не нәрсеге мұқтаж екенімізді өзгелерге айтпауды жөн көреміз. Бірақ көмек қажет болғанда өзгелердің көмегіне жүгінуден ұялмауымыз керек. Мысалы, қарт не денсаулығы нашар бауырлас өзгелерден дүкенге не дәрігерге апарып-әкелуін сұраса болады. Жігеріміз жасып, көңіліміз түсіп жүрсе, ақсақалдан не рухани толысқан досымыздан бізді тыңдауын, “жақсы сөз” айтып еңсемізді көтеруін өтінсек болады (Нақ. с. 12:25). Бауырластар бізді жақсы көретінін, “қиын шақта” қасымыздан табылатынын ешқашан естен шығармайық (Нақ. с. 17:17). Бірақ олар бізге көмектессін десек, қандай көмек керек екенін айтуымыз керек, өйткені олар біздің ойымызды оқи алмайды.

“ТҮГЕЛ ОРЫНДАЛДЫ!”

13. Өле-өлгенше мінсіз болып қалғанның арқасында Иса не істей алды?

13 Иса не деді? 14 нисан, күндізгі сағат үш шамасы. Иса соңғы демін шығарарда: “Түгел орындалды”,— деп айтты (Жох. 19:30). Ол Әкесінің тапсырған ісін түгел орындады. Өле-өлгенше мінсіздігінен таймағанының арқасында Иса көп іс атқара алды. Біріншіден, ол Шайтанның өтірікші екенін дәлелдеді. Шайтан кедергі жасауға қанша тырысса да, Иса кемелді адам кемелді түрде мінсіздік таныта алатынын көрсетті. Екіншіден, ол өз өмірін адамзат үшін төлем ретінде берді. Иса біз үшін өмірін құрбан еткеннің арқасында біз Ехобамен жақсы қарым-қатынаста бола аламыз және мәңгі өмір сүру үмітіне иеміз. Үшіншіден, Иса Ехобаның билігі әділ екенін дәлелдеп, Әкесінің есімін күйеден тазартты.

14. Әрбір күнімізді қалай өткізуіміз керек?

14 Исаның сөздерінен не үйренеміз? Тірі жүрген әрбір күнімізде мінсіздік сақтауға бекінейік. “Күзет мұнарасының Ғалақат Киелі кітап мектебінің” оқытушысы болған Максвелл Френд бауырластың айтқан сөздері көңіл қоюға тұрарлық. Ол халықаралық конгресте айтқан адалдық жайлы баяндамасында былай деді: “Бүгін істеуге, бүгін айтуға болатынды ешқашан ертеңге қалдырма. Ертең тірі болатыныңа кім кепіл?! Әрбір күніңді мәңгілік өмірге лайық екеніңді дәлелдеудің соңғы мүмкіндігі деп қарастыр”. Иә, әрбір күнімізді мінсіз екенімізді дәлелдейтін соңғы мүмкіндіктей өткізейік. Сонда өліммен бетпе-бет келген күннің өзінде Ехобаға: “Ехоба, мінсіздігімнен таймау үшін, Шайтанның өтірікші екенін дәлелдеу үшін, есіміңді ақтап, бүкіләлемдік билігіңді қолдау үшін қолымнан келгеннің бәрін істедім”,— дей аламыз.

“РУХЫМДЫ ӨЗ ҚОЛЫҢА ТАБЫСТАЙМЫН”

15. Лұқа 23:46-ға сай, Иса не нәрсеге сенімді болды?

15 Иса не деді? (Лұқа 23:46 оқыңыз). Ол толық сенімділікпен: “Әке, рухымды өз қолыңа табыстаймын”,— деді. Иса болашағы Ехобаның қолында екенін жақсы білді және Әкесі оны ұмытпайтынына сенімді болды.

16. 15 жасар бауырласымыздан не үйренеміз?

16 Исаның сөздерінен не үйренеміз? Өміріңізді Ехобаның қолына аманаттауға дайын болыңыз. Бұл үшін оған “бар жүрегіңізбен сенім артыңыз” (Нақ. с. 3:5). Джошуа деген 15 жасар бауырласымыздың мысалын алайық. Ол емі жоқ ауыр дертке шалдығады. Дәрігерлер Құдай заңына қайшы келетін ем-шараларды ұсынғанда, ол бұдан бас тартады. Өлер алдында ол анасына былай дейді: “Анашым, менің өмірім Ехобаның қолында. Ехоба менің қамымды ойлайды. Ол мені міндетті түрде қайта тірілтеді. Мен бұған еш күмәнданбаймын. Ехоба менің жүрегімдегіні біледі. Мен оны қатты жақсы көремін”. Әрқайсысымыз былай деп ойланып көрейік: өліммен бетпе-бет келіп, сенімім сыналғанда, өмірімді Ехобаның қолына табыстаймын ба? Оның мені ұмытпайтынына сенемін бе?

17, 18. Бұл мақаладан не үйрендік? (“ Исаның соңғы айтқан сөздерінен не үйренеміз?” деген қоршауды да қараңыз.)

17 Исаның соңғы айтқан сөздерінен көп маңызды ой түйдік. Өзгелерді кешіруіміз керектігін, Ехобаның бізді кешіретініне сенімді болуымыз керектігін еске түсірдік. Біздің бауырластардан тұратын керемет рухани отбасымыз бар. Олар бізге көмектесуге әрқашан дайын. Бірақ бұл үшін көмек керек екенін оларға айтуымыз керек. Сондай-ақ басымызға қандай күн туса да, Ехоба қиындықтарымызды еңсеруге көмектесетінін білеміз. Әрбір күнді мінсіздігімізді дәлелдейтін соңғы күн деп қарастыру керектігін көрдік және өмірімізді Ехобаға аманаттасақ, ол бізді тірілтетініне сенімділігіміз артты.

18 Шынымен де, Исаның өлер алдында азап бағанасында айтқан сөздері мән-мағынаға толы! Ехобаның: “Оны тыңдаңдар!”— деген сөзіне құлақ асып, Исаның сөздерінен үйренгендерімізді өмірде қолданайық! (Мат. 17:5).

126-ӘН Сақ жүріп, аяғыңды нық бас

^ 5-абзац Матай 17:5-тен көрінетіндей, Ехоба оның Ұлы Исаны тыңдағанымызды қалайды. Ал Иса ақтық демі шығарда не деп айтты? Оның бұл сөздерінен не үйренеміз? Бұл мақала осы жайлы болмақ.

^ 9-абзац Исаның Зәбүр 22:1-дегі сөздерді не үшін келтірген болуы мүмкін екенін осы журналдағы “Оқырман сауалдарынан” оқып көріңіз.