Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

16-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Төлемге ризашылығыңыз арта берсін!

Төлемге ризашылығыңыз арта берсін!

“Адам Ұлы... көптеген адамдар үшін жанын төлем ретінде беруге келді” (МАР. 10:45).

18-ӘН Төлемге ризашылық

АҢДАТПА *

1, 2. Төлем деген не және ол бізге не үшін қажет?

КЕМЕЛДІ болып жаратылған Адам күнә жасағанда, өзін де, бүкіл келер ұрпағын да мәңгілік өмірден құралақан қалдырды. Адам біле тұра күнә жасағандықтан оған еш кешірім жоқ еді. Ал оның күнәсіна еш қатысы жоқ жазықсыз ұрпақтары ше? (Рим. 5:12, 14). Түп аталары өлім жолына түсірген адамдарды құтқарудың амалы бар ма еді? Ехоба оларды күнә мен өлімнің қарғысынан қалай құтқаратынын бірте-бірте ашып отырды (Мұс. 1-ж. 3:15). Сөйтіп, белгіленген уақыт келгенде, Ехоба өз Ұлын “көптеген адамдар үшін жанын төлем ретінде беруге” жіберді (Мар. 10:45; Жох. 6:51).

2 Ал төлем деген не? Грек жазбаларында төлем деген Адамның жоғалтқанын қайтарып алу үшін Исаның төлеген құнын білдіреді (Қор. 1-х. 15:22). Бұл құн бізге не үшін қажет? Ехобаның Мұса Заңында орнатқан әділдік нормасына сай, өмір үшін өмір алыну керек еді (Мұс. 2-ж. 21:23, 24). Адам жоғалтқан кемелді өмірдің орнын Иса өзінің кемелді өмірімен толтырып, Құдайдың әділдікке қатысты нормасын орындады (Рим. 5:17). Осылай Иса төлемге сенім білдіргендердің бәріне “Мәңгілік әке” болды (Ишая 9:6; Рим. 3:23, 24).

3. Жохан 14:31 мен 15:13-ке сай, Исаны өмірін құрбан етуге не талпындырды?

3 Иса өз өмірін құрбан еткен себебі — көктегі Әкесін және бізді қатты сүйді (Жохан 14:31; 15:13 оқыңыз). Осы сүйіспеншілігінің арқасында ол соңына дейін мінсіз болып қалды және Әкесінің еркін толық орындап шықты. Мұның нәтижесінде Ехобаның жер мен адамдарға қатысты бастапқыдағы ой-ниеті жүзеге аспақ. Осы мақаладан Ехоба неліктен Исаның қатты азапталып өлуіне жол бергені жайлы білеміз. Сонымен қатар төлемге ризашылығы мол болған бір Киелі кітап жазушысына тоқталып кетеміз. Ал соңында Ехоба мен Исаның барған құрбандығына біз қалай ризашылығымызды білдіре алатынымызды әрі сол ризашылығымызды қалай тереңдете алатынымызды білеміз.

НЕЛІКТЕН ИСА АЗАП ШЕГУІ КЕРЕК ЕДІ?

Бізге төлем беру үшін Иса қалай азап шеккені жайлы ойланыңыз (4-абзацты қараңыз)

4. Исаның қалай өлгенін айтып беріңіз.

4 Исаның жер бетіндегі өмірінің соңғы күнін елестетіп көрейікші. Негізі, Иса қорғану үшін Әкесінен періштелердің қалың қолын жіберуін сұрай алар еді, бірақ ол бұлай етпеді. Қайта, римдік сарбаздардың оны тұтқындап, аяусыз ұрып-соғуына жол берді (Мат. 26:52—54; Жох. 18:3; 19:1). Олар Исаның жон арқасын дүремен қайта-қайта сабағанда бұлшық еттері жұлмаланып, арқасы осылып-осылып кетті. Кейін олар осы қан жоса арқасына зілдей бөренені артып қойды. Иса оны арқалап, өлімге кесілетін жерге қарай беттеді. Кейін сарбаздар бөренені басқа біреуге көтертіп қойды (Мат. 27:32). Өлімге кесілетін жерге келгеннен кейін сарбаздар Исаның қос қолы мен қос аяғын бөренеге шегеледі. Ал кейін бөренені тік көтергенде, денесінің ауыр салмағынан шеге тескен жерлер одан сайын жыртылса керек. Қасында зар жылап анасы мен достары тұрды. Яһуди басшылары болса оны келеке-мазақ етті (Лұқа 23:32—38; Жох. 19:25). Осылай азапқа толы сағаттардың бірінен кейін бірі өтіп жатты. Жүрегі қысылып, өкпесі тарылып, тыныс алуы барған сайын қиындай берді. Дәл осы ауыр сәтте Иса соңғы дұғасын айтты да, кейін басын иіп ақтық демін шығарды (Мар. 15:37; Лұқа 23:46; Жох. 10:17, 18; 19:30). Бұл өте баяу, азапқа толы қорлық өлім болды.

5. Исаға не нәрсе азапты өлімнен де ауыр тиді?

5 Алайда бір жайт Исаның жанын одан сайын азапқа салған еді. Оның “Құдайды қорлады”, яғни Құдайға да, оның есіміне де еш құрметі жоқ деген атпен өлімге кесілетіні оны қатты уайымдатты (Мат. 26:64—66). Қиналғаны сонша — ол тіпті Әкесінен осындай масқара атпен өлуіне жол бермеуін сұрады (Мат. 26:38, 39, 42). Бірақ неге Ехоба сүйікті Ұлының осылай азапталып, қиналып өлуіне жол берді? Мұның үш себебі бар.

6. Иса не үшін бағанаға іліну керек болды?

6 Бірінші себебі — яһудилерді қарғыстан босату үшін Иса бөренеге ілінуі керек болды (Ғал. 3:10, 13). Яһудилер Құдай Заңын ұстанамыз деп ант еткенмен, осы анттарын бұзды. Осылай олар күнәкар аталары Адамнан берілген қарғысқа тағы бір қарғыс қосып алды (Рим. 5:12). Құдайдың Заңы бойынша, өлім жазасына лайық күнә жасаған исраилдік өлтіріліп, кей жағдайларда мәйіті бағанаға ілінетін * (Мұс. 5-ж. 21:22, 23; 27:26). Бұл оның Құдайдың қарғысына ұшырағанының белгісі еді. Ал Құдайдың Заңын мінсіз ұстанған Иса бағанаға ілінуімен күллі исраилдіктердің қарғысын өзіне алды. Осылай халық қарғыстан босады және олар Исаға сенсе, оның құрбандығының игілігін көрмек еді.

7. Ехоба Ұлының азапталуына жол беруінің екінші себебі қандай?

7 Ехоба Исаның азапталуына жол беруінің екінші себебі — ол Исаны болашақта Бас діни қызметкеріміз болуға дайындады. Иса ең ауыр сынақта Құдайға мойынсұнудың қандай қиын екенін өз басынан біледі. Жаны қиналғаны сонша — Иса Құдайға “қатты дауыстап, көз жасын төгіп” жалбарынды. Өте ауыр жанкүйзелісінен өткендіктен, ол біздің мұңымызды да, мұқтаждығымызды да жақсы біледі және “сыналып жатқанымызда көмекке келе алады”. Әлсіздіктерімізге жаны ашитын мейірімді Бас діни қызметкер тағайындағаны үшін Ехобаға мың да бір рақмет! (Евр. 2:17, 18; 4:14—16; 5:7—10).

8. Ехоба Исаның аяусыз сыналуына жол беруінің үшінші себебі қандай?

8 Ехоба Исаның аяусыз азапталуына жол беруінің үшінші себебін қарастырайық. “Адамдар өте ауыр сынақта Ехобаға адал болып қала ма?” деген сұраққа жауап берілуі керек еді. Шайтан “жоқ, адал болып қалмайды, олар Құдайға арам ниетпен қызмет етеді” деп айтады. Ол адамдарды түп аталары Адам сияқты, Ехобаны шын сүймейді дейді (Әйүп 1:9—11; 2:4, 5). Бірақ Ехоба Ұлының адал болып қалатынына сенімді болғандықтан, оның адам шамасының шегіне дейін сыналуына жол берді. Иса соңына дейін мінсіздік сақтап, Шайтанның айтқаны өтірік екенін дәлелдеді.

ТӨЛЕМДІ ЖОҒАРЫ БАҒАЛАҒАН КИЕЛІ КІТАП ЖАЗУШЫСЫ

9. Жохан бізге қандай үлгі қалдырды?

9 Төлем туралы ілім көп мәсіхшінің сенімін нығайтқан. Олар қарсылықтарға қарамастан ізгі хабарды уағыздай берген, өмірде түрлі сынақтарға төтеп беріп, соңына дейін адал болып қалған. Мысалы, елші Жоханды алайық. Ол Мәсіх пен төлем жайлы алпыс жылдан астам уақыт бойы уағыздады. Бірақ жүзге таяған шағында Рим үкіметі оны империяға қауіпті адам деп тауып, Патмос аралына жер аудартып жіберді. Сонда, қандай қылмысы үшін? “Құдай жайлы айтып, Иса туралы куәлік еткені үшін” (Аян 1:9). Жоханның табандылығы мен сенімі бәріміз үшін керемет үлгі!

10. Жоханның төлемге деген ризашылығы жазбаларынан қалай көрінеді?

10 Жоханның жазбаларынан оның Исаға деген сүйіспеншілігі мен төлемге деген терең ризашылығы байқалады. Ол төлем жайлы, төлемнің игілігі жайлы жүзден астам рет айтқан. Мысалы, ол: “Егер біреу күнә жасап қойса, Әкенің қасында әділ көмекшіміз Иса Мәсіх бар”,— деген (Жох. 1-х. 2:1, 2). Сонымен қатар Жохан “Иса туралы куәлік” етудің маңыздылығына баса назар аударған (Аян 19:10). Иә, бұл елшінің төлемді жоғары бағалағаны сөзсіз. Ал біз төлемді бағалайтынымызды қалай көрсете аламыз?

ТӨЛЕМГЕ РИЗАШЫЛЫҒЫҢЫЗДЫ ҚАЛАЙ КӨРСЕТЕ АЛАСЫЗ?

Төлемді шын бағалайтын болсақ, күнә жасауға азғырылғанда, бұдан бас тартамыз (11-абзацты қараңыз) *

11. Азғырылуға қарсы тұруға не көмектеседі?

11 Азғыруларға қарсы тұрыңыз. Егер төлемді шынымен бағаласақ, күнә жасауға азғырылғанда, “сонша күресіп қайтемін, күнә жасасам жасаймын да, кейін кешірім сұрай саламын ғой” деген ойдан аулақ боламыз. Керісінше, “Ехоба мен Иса мен үшін осыншама құрбандыққа барғанда, мен қалай ғана бұлай істеймін” деп ойлаймыз. Сондай-ақ Ехобадан жалбарынып күш сұрап, “азғырылуыма жол бермеші” деп дұға айтамыз (Мат. 6:13).

12. Жоханның 1-хаты 3:16—18 тармақтардағы кеңесті қалай қолдансақ болады?

12 Бауырластарды сүйіңіз. Төлемге деген ризашылығымызды бауырластарды жақсы көру арқылы да көрсете аламыз. Өйткені Иса өмірін тек біз үшін ғана емес, бауырластарымыз үшін де қиды. Демек, олар Иса үшін аса бағалы жандар (Жоханның 1-хаты 3:16—18 оқыңыз). Бауырластарды сүйетінімізді қалай көрсете аламыз? (Ефес. 4:29, 31—5:2). Мысалы, олар ауырып қалғанда, қатты қиындық көріп жүргенде немесе табиғи апаттан зардап шеккенде көмек қолын созсақ болады. Ал бауырласымыз бізді ренжіткенде не істейміз?

13. Не үшін кешірімшіл болуымыз керек?

13 Сіз бауырласыңызды кешіре алмай, өкпе сақтап жүрсіз бе? (Мұс. 3-ж. 19:18). Солай болса, мына кеңеске құлақ асыңыз: “Әлдекімнің біреуге ренжуге себебі болса да, өзара төзімді болып, бір-біріңді кеңпейілмен кешіріңдер. Ехобаның өздеріңді кеңпейілмен кешіргеніндей, сендер де солай етіңдер” (Қол. 3:13). Сіз әр кез бауырласыңызды кешірген сайын, көктегі Әкеміз берген сый — төлемді қатты бағалайтыныңызды көрсетесіз. Төлемге деген ризашылығымызды тереңдете беру үшін не істесек болады?

ТӨЛЕМГЕ РИЗАШЫЛЫҒЫҢЫЗДЫ ҚАЛАЙ АРТТЫРА АЛАСЫЗ?

14. Төлемге деген алғысымызды тереңдетудің бір жолы қандай?

14 Ехобаға төлем үшін рақмет айтыңыз. Үндістанда тұратын Джоанна есімді 83 жасар әйел бауырлас былай дейді: “Мен Ехобаға күн сайын төлемге рақмет айтуды маңызды санаймын”. Әр күні бүгін қандай қателіктер жасадым деп ойланып, жеке дұғада Ехобадан солар үшін кешірім сұраңыз. Бірақ ауыр күнә жасаған болсаңыз, ақсақалдардан көмек сұрағаныңыз жөн. Олар сізді құлақ қойып тыңдап, Құдайдың Сөзінен жақсы кеңестер айтады. Сондай-ақ сізбен бірге дұға етеді. Рухани “сауығуыңыз үшін”, олар Ехобадан Исаның құрбандығының күшімен сізді кешіруін сұрайды (Жақ. 5:14—16).

15. Төлем туралы оқып, ой жүгіртуге неге уақыт бөлген жөн?

15 Төлем туралы ой жүгіртіңіз. “Исаның қалай қиналғаны туралы оқығанда, көзім еріксіз жасқа толады”,— дейді 73 жасар Раджамани есімді әйел бауырлас. Құдайдың Ұлы қалай азапталғаны жайлы ойлау сізге де ауыр шығар. Бірақ оның құрбандығы жайында ой жүгіртсек, біздің Исаға деген және Әкемізге деген сүйіспеншілігіміз тереңдей түседі. Ендеше, неге төлем тақырыбын отбасылық ғибадатта не жеке зерттеуде жан-жақты зерттеп көрмеске? Бұл төлем жайында көбірек ой жүгіртуге көмектеседі.

Иса қарапайым асты қолданып, шәкірттеріне өзінің құрбандығын қалай еске алу керектігін көрсетті (16-абзацты қараңыз)

16. Өзгелерге төлем жайлы тәлім берудің өзімізге қандай пайдасы бар? (Мұқабадағы суретті қараңыз.)

16 Төлем жайлы тәлім беріңіз. Төлем жайлы өзгелерге айтқан сайын, ризашылығымыз да тереңдей береді. Төлемді жақсы түсіндіретін керемет құралдарымыз бар. Мысалы, “Құдайдан келген қуанышты хабар” кітапшасының 4-тарауы. Ол “Иса Мәсіх деген кім?” деп аталады. Немесе “Киелі жазбалардан не білеміз?” кітабының 5-тарауы. Ол “Төлем — Құдай берген ең керемет сый” деп аталады. Сондай-ақ жыл сайын өтетін Мәсіхтің өлімін еске алу кешіне қатысқанда және осы жиынға өзгелерді шақырғанда да, төлемге деген ризашылығымыз артады. Иә, Ехобаның Ұлы туралы өзгелерге тәлім беру неткен мәртебе!

17. Ехоба сыйлаған төлемге не үшін ризасыз?

17 Иә, төлемге риза болуға және сол ризашылығымызды тереңдете беруге себептер жетіп артылады. Кемелсіз болсақ та төлемнің арқасында Ехобамен дос бола аламыз. Төлемнің арқасында Шайтанның жасаған істерінің бәрі күл-талқан болады (Жох. 1-х. 3:8). Төлемнің арқасында Ехобаның жерге қатысты о бастағы ниеті жүзеге асады. Бүкіл жер беті жұмаққа айналады. Айналамызда Ехобаны сүйетін, оған қызмет ететін адамдар ғана болады. Ендеше, Ехобаның бізге берген керемет сыйы — төлемді әр күні бағалайық!

20-ӘН Сен Ұлыңды қидың

^ 5-абзац Неліктен Иса азапты өліммен өлді? Осы сұрақтың жауабын білгеніміз төлемге деген ризашылығымызды арттырады.

^ 6-абзац Қылмыскерді тірідей бағанаға шегелеу немесе байлау римдіктердің салты болған. Ехоба Ұлының осылай өлтірілуіне жол берген.

^ 55-абзац СУРЕТТЕР СИПАТТАМАСЫ: Әдепсіз бейне көруге, темекі тартуға және пара алуға азғырылған үш ер бауырлас бұлардан бас тартып жатыр.