Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

20-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Қызметіңізді қуанышпен атқара беріңіз!

Қызметіңізді қуанышпен атқара беріңіз!

“Тұқымыңды таңертең сеп, кешке дейін де қолың тыным таппасын” (УАҒ. 11:6).

70-ӘН Лайық адамдарды іздеп табайық

АҢДАТПА *

Иса көкке көтерілгеннен кейін шәкірттері Иерусалим мен басқа жерлерде құлшына уағыздады (1-абзацты қараңыз)

1. Иса ізбасарларына қандай үлгі қалдырды және ізбасарлары не істеді? (Мұқабадағы суретті қараңыз.)

ИСА жерде болған кезінде қызметін қуанышпен атқарған, адамдар хабарына құлақ асады деп үміттенген. Ол ізбасарларының да қызметті қуанышпен атқарғандарын қалайды (Жох. 4:35, 36). Иса қастарында жүргенде шәкірттері зор құлшыныспен уағыздады (Лұқа 10:1, 5—11, 17). Бірақ ол тұтқындалып, өлімге кесілгенде, олардың ықыластары сөніп қалды (Жох. 16:32). Қайта тірілген соң, Иса шәкірттерін қайтадан уағыз ісіне қайрады. Иелері көкке көтеріліп кеткеннен кейін, олар уағыз ісін жан сала атқарып, “тәлімдерін бүкіл Иерусалимге таратты” (Ел. іс. 5:28).

2. Ехоба уағыз ісін қалай жарылқауда?

2 Иса I ғасырдағы мәсіхшілердің уағыз ісіне бағыт-бағдар беріп отырды. Ехоба олардың еңбектерін молынан жарылқады. Мысалы, 33 жылы Елуінші күн мейрамында үш мыңдай адам шомылдыру рәсімінен өтті (Ел. іс. 2:41). Шәкірттердің саны күн санап өсті (Ел. іс. 6:7). Алайда, Иса айтып кеткендей, ізгі хабар соңғы күндері бұдан да кең көлемде тарамақ еді (Жох. 14:12; Ел. іс. 1:8).

3, 4. Кейбір аймақтарда уағыздау неге қиын және бұл мақалада не қарастырамыз?

3 Кей елдерде ізгі хабарға құлақ асқан адамдардың көп болғаны сонша, бауырластар олармен Киелі кітапты зерттеп үлгермей жатады. Мұндай аумақта қызметті зор ынтамен атқарасың. Ал басқа елдерде жариялаушыларға оң көзқарас сақтау үшін біраз күш салу керек. Өйткені адамдар үйлерінен табыла бермейді. Тіпті үйде болған күннің өзінде ізгі хабарды тыңдағылары келмейді.

4 Бұл мақаладағы кеңестер уағыздау қиын аймақта қызмет ететін бауырластарға пайдалы болмақ. Біз көбірек адамға уағыздау үшін кейбір жариялаушылардың не істегенін қарастырамыз. Сондай-ақ адамдар бізді тыңдасын-тыңдамасын, неліктен оң көзқарас сақтауымыз керектігін білеміз.

АДАМДАР ҮЙЛЕРІНДЕ БОЛМАҒАНДА ҚУАНЫШЫҢЫЗ СӨНБЕСІН

5. Көп жариялаушы қандай қиындыққа кезігіп жүр?

5 Көп Куәгерлер үшін үйден үйге уағыздау өте қиын. Кейбір адамдар жоғары деңгейде күзетілетін биік үйлерде не қоршалған қалашықтарда тұрады. Мұндай жерлерге күзетшілер үй иесінің шақыруынсыз кіргізбеуі мүмкін. Басқа аймақтарда жариялаушылар үйден үйге емін-еркін жүргенмен, ешкімді кездестірмеуі мүмкін. Ал өзгелері аз ғана тұрғыны бар шалғай аумақтарда уағыздайды. Олар аяқ талдырып, бір үйге әрең жеттім дегенде, үйде ешкім болмауы мүмкін. Сіз де осындай қиындыққа кезігіп жүрсеңіз, мойымаңыз. Өйткені бұл қиындықты жеңіп, қызметіңізді жемісті атқара аласыз. Бұл үшін не істеуге болады?

6. Жариялаушылар қай жағынан балықшыға ұқсайды?

6 Иса уағыз ісін балық аулауға теңеген (Мар. 1:17). Кейде балықшылар бірнеше күн жүріп, бірде-бір балық ұстай алмайды. Бірақ олар “болды, жетер, енді балық ауламаймын” демейді. Қайта, жағдайға бейімделеді. Мысалы, балық аулайтын уақыттарын, жерлерін өзгертеді, басқа тәсілдерді қолданып көреді. Біз де қызметте осылай етсек болады. Қазір соның бірнеше жолдарын қарастырайық.

Адамдар үйлерінде бола бермейтін аумақта қызмет етсеңіз, басқа уақытта, басқа жерде, басқа тәсілмен уағыздап көріңіз (7—10 абзацтарды қараңыз) *

7. Әртүрлі уақытта уағыздағанның қандай пайдасы бар?

7 Адамдарға әртүрлі уақытта барыңыз. Адамдар үйлерінде болады-ау деген уақытта барсақ, көп адаммен сөйлесе аламыз. Өйткені олар далада жүре бермей, әйтеуір үйлеріне қайтады ғой! Көп бауырластар адамдардың түс қайта не кешке үйлерінде болатынын байқапты. Осы уақыттары олардың көбісі бос болады, әрі әңгімелесуге бейім келеді. Мысалы, Давид есімді ақсақал учаскеде үйінен таппаған адамдарға қызметінің соңында тағы да кіреді екен. “Осылай көп адамды үйлерінен тапқанда мен таңғалып қалдым”,— дейді ол *.

Адамдар үйлерінде бола бермейтін аумақта қызмет етсеңіз, басқа уақытта уағыздап көріңіз (7, 8-абзацты қараңыз)

8. Уағыздаушы 11:6-дағы кеңесті қызметте қалай қолдансақ болады?

8 Осы мақаланың негізгі тармағында айтылғандай, біз еш берілмеуіміз керек (Уағыздаушы 11:6 оқыңыз). Жоғарыда айтылған Давид та солай еткен. Ол бір үйге бірнеше рет барып, ақыры үй иесін табады. Ол кісі ізгі хабарға құлақ асты және былай деді: “Осы үйде 8 жылдан бері тұрамын, бірақ Ехоба куәгерлерінің келгенін бірінші рет көріп тұрмын”. Давид бауырлас былай дейді: “Үйіне көп рет барып тапқан адамдар әдетте жақсы тыңдайды”.

Адамдар үйлерінде бола бермейтін аумақта қызмет етсеңіз, басқа жерде уағыздап көріңіз (9-абзацты қараңыз)

9. Үйлерінде бола бермейтін адамдарға уағыздау үшін кейбір Куәгерлер не істеген?

9 Басқа аумақта уағыздаңыз. Үйлерінде жоқ адамдарды басқа жерлерде кездестіруге болады. Мысалы, кіруге рұқсат етілмейтін көп қабатты үйлерде тұратын адамдарды көшеде не әдебиет арбасымен уағыздағанда жолықтыруға болады. Көп жариялаушы адамдардың саябақтарда, базарларда, сауда орталықтарында хабарымызды жақсы тыңдап, әдебиеттер алатынын байқаған. Боливиядағы Флоран есімді бір аудандық бақылаушы былай дейді: “Біз базарларға, сауда орталықтарына түскі сағат бір мен үш аралығында барамыз. Осы кезде сатушылардың қолдары бостау болатынын байқадық. Олармен жақсы әңгімелесіп, кейде Киелі кітап зерттеу сабақтарын бастап жатамыз”.

Адамдар үйлерінде бола бермейтін аумақта қызмет етсеңіз, басқа тәсілмен уағыздап көріңіз (10-абзацты қараңыз)

10. Уағыздаудың тағы қандай тәсілдері бар?

10 Басқа тәсілмен уағыздаңыз. Адамға қайта-қайта және әртүрлі уақытта барсаңыз да оны үйінен таппасаңыз не істеуге болады? Катарина деген бауырлас былай дейді: “Мен үй иесіне айтқым келген сөздерді хатқа жазып қалдырамын”. Бұл бауырласымыздан не үйренеміз? Қандай тәсілмен уағыздамайық, ізгі хабарды аумағымыздағы әрбір үйге жеткізуге тырысайық.

АДАМДАР ТЫҢДАҒЫСЫ КЕЛМЕГЕНДЕ ҚУАНЫШЫҢЫЗ СӨНБЕСІН

11. Кейбір адамдар неге ізгі хабарды тыңдағылары келмейді?

11 Қызметте кейбір адамдар бізді тыңдағылары келмейді. Олар Құдай туралы, Киелі кітап туралы білуім керек деп ойламайды. Өйткені дүниеде болып жатқан қайғы-қасіретті, неше түрлі жамандықты көріп, Құдайдың бар екеніне сенбейді. Кейбіреулері Киелі кітапты оқимыз дейтін діни жетекшілердің екіжүзділігін көргендіктен, Киелі кітаптың бетін ашқызбайды. Ал жұмыстарын, отбасыларын, жеке проблемаларын көп ойлап қиналып жүрген адамдар болса Киелі кітаптың оларға көмектесе алатынын біле бермейді. Айтып жүрген хабарымыздың пайдасы жоқ деп ойлайтын адамдарға уағыздағанда қуанышты болып қалу үшін не істей аламыз?

12. Філіпіліктерге 2:4-тегі сөздер қызметімізге қалай көмектеседі?

12 Адамның қамын ойлайтыныңызды көрсетіңіз. Хабарымызға құлақ аспай жүрген көп адам жариялаушының шынайы қамқорлығын көргенде ойларын өзгерткен (Філіпіліктерге 2:4 оқыңыз). Жоғарыда айтылып кеткен Давид бауырлас былай дейді: “Егер адам “жоқ, маған керек емес” десе, онда Киелі кітабымызды немесе әдебиетімізді сөмкемізге саламыз да: —Бұлай деуіңізге бір себеп бар сияқты ғой, айтып бергіңіз келмей ме?— дейміз”. Адам сіздің оған деген шынайы қамқорлығыңызды бірден сезеді. Ол кейін сіздің не айтқаныңызды ұмытып қалса да, мейірімділігіңізді ешқашан ұмытпауы мүмкін. Тіпті ол сізге ізгі хабар жайлы айтуға мұрша бермесе де, бет-әлпетіңізбен, қимыл-әрекетіңізбен ол адамның сіз үшін маңызды екенін білдіре аласыз.

13. Айтатын хабарымызды үй иесіне қалай бейімдеуге болады?

13 Қызметте үй иесіне қызық болатын, ол қажет ететін ойды айтсақ — оның қамын ойлағанымыз. Мысалы, ол үйде кішкентай балалар бар шығар. Ондай кезде ата-аналарына бала тәрбиесі жайлы немесе отбасын бақытты етуге қатысты Киелі кітаптағы кеңестерді көрсетуге болады. Бәлкім, үйдің есігі көп жерден құлыптанатын шығар. Ондайда дүниені қылмыс жайлап кеткені, адамдардың қорқып өмір сүретіні жайында әңгіме бастап, болашақта мәңгілікке тыныштық орнайтынын айтсаңыз болады. Адаммен қандай тақырыпта сөйлессеңіз де, Киелі кітаптың ол үшін пайдалы екенін көрсетіңіз. Катарина бауырлас былай дейді: “Шындық менің өмірімді қалай жақсартқанын жиі еске алып отырамын. Сонда адамдарға сеніммен сөйлейтінімді байқадым”.

14. Нақыл сөздер 27:17-ге сай, қызметке шыққан екі жариялаушы бір-біріне қалай көмектесе алады?

14 Қызметтегі серігіңіздің көмегіне жүгініңіз. I ғасырда елші Пауыл Тімөтеге уағыздаудың және тәлім берудің жақсы әдістерін үйреткен. Ол оған осы білгендерін өзге мәсіхшілерге де үйретуді тапсырды (Қор. 1-х. 4:17). Біз де Тімөте сияқты, қауымдағы тәжірибелі бауырластардан көп нәрсе үйрене аламыз (Нақыл сөздер 27:17 оқыңыз). Шон деген ер бауырлас адамдары өз дінін берік ұстанатын ауылды жерде ізашар болып қызмет еткен екен. Оған қызметін қуанышпен атқаруға не көмектесті? Ол былай дейді: “Қызметке шыққан бауырлас екеуміз бір-бірімізге жақсы серік болуға күш салдық. Біз бір үйден шығып екінші үйге жеткенше бір-біріміздің тәлім беру шеберлігімізді шыңдайтынбыз. Алдыңғы үй иесімен қалай сөйлескенімізді айтып, осындай жағдайға тағы кезіксек, қалай жақсырақ жауап беруге болатынын талқылайтынбыз”.

15. Уағыз ісінде дұғаның маңызы қандай?

15 Ехобаға дұға айтыңыз. Біз Ехобаның құдіретті киелі рухы болмаса ешқандай істі атқара алмаймыз. Сондықтан қызметке шығарда үнемі одан көмек сұраңыз (Зәб. 127:1; Лұқа 11:13). Мысалы, “сені танып білгісі келетін, шындыққа сусаған адамдарды жолықтыршы” деп нақты дұға айтыңыз. Сосын дұғаңызға сай әрекет етіп, қызметте жолыққан адамдардың бәріне уағыздаңыз.

16. Уағыз ісінде жеке зерттеудің маңызы қандай?

16 Уақыт бөліп, жеке зерттеңіз. Киелі кітапта: “Құдайдың ізгі де ұнамды әрі кемелді еркіне не жататынына көз жеткізіңдер”,— делінген (Рим. 12:2). Құдай туралы шындықты көбірек білген сайын, қызметте адамдарға сеніммен сөйлейтін боламыз. Катарина бауырлас былай дейді: “Маған Киелі кітаптың негізгі ілімдерін тағы бір зерттеп, сенімімді қатайту керек болды. Содан мен Жаратушы Құдайдың бар екенін және Киелі кітап оның Сөзі екенін бүге-шігесіне дейін зерттедім, әрі ұйымымыздың артында Ехобаның өзі тұрғанына тағы да көз жеткіздім”. Осылай Катарина сенімін нығайтты және қызметін бұрынғыдан да зор қуанышпен атқаратын болды.

ҚУАНЫШЫМЫЗДЫ СӨНДІРМЕУГЕ СЕБЕП

17. Неге Иса қызметін қуанышпен атқара берген?

17 Кейбір адамдар құлақ аспаса да, Иса ізгі хабарды қуанышпен уағыздай берген. Өйткені ол адамдардың шындыққа қаншалықты зәру екенін білген және мүмкіндігінше көп адамға Патшалық туралы хабарды жеткізгісі келген. Сондай-ақ басында тыңдамаса да, кейінірек ойларын өзгертетін адамдардың да болатынын білген. Мысалы, Исаның өз отбасын алсақ, жерде үш жарым жыл қызмет еткенде бірде-бір бауыры оның шәкірті болмады (Жох. 7:5). Бірақ Иса қайта тірілген соң олар мәсіхші болды (Ел. іс. 1:14).

18. Біз неліктен уағыздауды доғармауымыз керек?

18 Біз уағыздаған адамдардың ішінен түбінде қайсысы Ехобаның қызметшісі болатынын білмейміз. Кейбіреулердің шындыққа келуіне ұзақ уақыт кетуі мүмкін. Басқалары болса басында бізді тыңдамағанмен, жақсы жүріс-тұрысымызды және жүзімізден қуаныш кетпейтінін көріп, кейін “Құдайды мадақтай” бастауы мүмкін (Пет. 1-х. 2:12).

19. Қорынттықтарға 1-хат 3:6, 7-де айтылғандай, біз нені ұмытпауымыз қажет?

19 Шындықтың дәнін себетін және суаратын біз болғанмен, өсіретін — Құдай екенін ұмытпайық (Қорынттықтарға 1-хат 3:6, 7 оқыңыз). Эфиопияда қызмет ететін Гетахун есімді ер бауырлас былай дейді: “Тұратын жерімде 20 жылдан астам уақыт бойы менен басқа Куәгер болған жоқ. Бірақ мұнда қазір 14 жариялаушы бар. Оның 13-і шомылдыру рәсімінен өткен. Олардың ішінде әйелім мен үш балам бар. Қазір кездесулерімізге шамамен 32 адам қатысады”. Гетахун бауырлас Ехоба ақжүрек адамдарды ұйымына тартатын уақытты шыдаммен күтті әрі мұның керемет жемісін көрді! (Жох. 6:44).

20. Біз қай мағынада құтқарушыларға ұқсаймыз?

20 Ехоба үшін әрбір адамның өмірі қымбат. Ол Ұлы екеуі осы дүниенің соңы келгенше барлық халықтардан адамдарды жинай береді (Хаг. 2:7). Ол бізге де осы іске қатысу мәртебесін сыйлады. Біздің уағыз ісіміз жарылыс болған шахтадағы құтқару ісіне ұқсайды. Тірі қалған шахташыларды құтқарушылардың бірнешеуі ғана табуы мүмкін. Десе де құтқарушылардың барлығының еңбегі бағалы. Біз де адамдарды Шайтанның дүниесінен құтқарып жатырмыз. Алда әлі қанша адамды құтқаратынымызды білмейміз. Бірақ бұл істе Ехоба кез келгенімізді қолдануы мүмкін. Боливияда тұратын Андреас былай дейді: “Киелі кітапты зерттеп, кейін шомылдыру рәсімінен өткен бір адамның артында қаншама Куәгердің еңбегі жатыр десеңізші!” Біз де қызметімізге осылай қарайық. Сонда Ехоба еңбегімізге батасын береді және қызметіміз қуаныштың көзі бола береді!

66-ӘН Ізгі хабарды жариялайық

^ 5-абзац Қызметте адамдар үйінде болмағанда немесе айтып жатқан хабарымызды тыңдағылары келмегенде, әрі қарай да қуанышпен уағыздау қиын болып жатады. Осындайда не істесек болады? Бұл мақалада пайдалы болатын біраз кеңестер бар.

^ 7-абзац Жариялаушылар түрлі аумақтарды өңдегенде жеке мәліметті қорғауға қатысты заңдарды ескерулері қажет.

^ 60-абзац СУРЕТТЕР СИПАТТАМАСЫ: (жоғарыдан төмен қарай): Бір ерлі-зайыптының учаскесінде ешкім үйінде болмады. Бірінші үйдің иесі жұмыста, екіншісі ауруханада, үшіншісі дүкенде жүр. Олар бірінші үй иесіне сол күні кешке барды. Екінші үй иесін аурухананың жанында әдебиет арбасымен уағыздап тұрғанда жолықтырды. Ал үшінші үй иесіне қоңырау соқты.