Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

24-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Сіз Ібілістің тұзағынан босана аласыз!

Сіз Ібілістің тұзағынан босана аласыз!

“[Олар] Ібілістің... тұзағынан босана алады” (ТІМ. 2-Х. 2:26).

36-ӘН Жүрегімізді сақтайық

АҢДАТПА *

1. Шайтан қай жағынан аңшыға ұқсайды?

 АҢШЫНЫҢ басты мақсаты — жемтігін қақпанға түсіру не өлтіру. Ол аңды айламен ұстап алу үшін тұзақтың түр-түрін қолданады (Әйүп 18:8—10). Бірақ ол алдымен жемтігін жақсылап зерттеп біліп алады. Мысалы, оның қандай жерлермен жүретінін, не нәрсеге қызығатынын бақылайды, қай тұзаққа оңай түсетінін ойланады. Шайтан да аңшы сияқты. Ол біздің қайда баратынымызды, не нәрсеге қызығатынымызды бақылап, бізді мұқият зерттейді. Сосын қандай тұзақ қоятынын ойластырады. Бірақ Киелі кітап бізге оның тұзақтарын байқай біліп, түсіп қалмауды үйретеді. Ал тұзаққа түсіп қалған жағдайда қалай құтылып шығуға болатынын көрсетеді.

Менмендік пен ашкөздік — Шайтанның ең тиімді тұзақтары (2-абзацты қараңыз) *

2. Шайтанның ең мықты екі тұзағы қандай?

2 Шайтанның мыңдаған жылдар бойы қолданып келе жатқан мықты тұзақтарының бірі — менмендік пен ашкөздік *. Ол құстарды айламен қақпанға не торға түсіретін құс аулаушы секілді (Зәб. 91:3). Бірақ, қуанышымызға орай, Ехоба Шайтанның қолданатын айла-амалдарын Киелі кітапта ашып берген. Соның арқасында тұзақтарды айналып өте аламыз (Қор. 2-х. 2:11).

Біз ескерту болсын деп жазылған мысалдарға қарап, Шайтанның тұзақтарынан сақтана аламыз және босана да аламыз (3-абзацты қараңыз) *

3. Ехоба Шайтанның тұзағына түсіп қалғандар туралы Киелі кітапқа не үшін жаздырды?

3 Осы мақалада біз Ехобаның кейбір адал қызметшілерінің өзі менмендік пен ашкөздіктің тұзағына түсіп қалғанын көреміз. Бірақ бұл ешкім де енді Шайтанның тұзақтарынан құтыла алмайды деген сөз емес. Ехоба бұл оқиғаларды “біздерге ескерту ретінде” жазып қалдырды (Қор. 1-х. 10:11). Егер осы ескертулерге ден қойсақ, Шайтанның тұзағын айналып өте алатынымызды, ал түсіп қалған жағдайда құтылып шыға алатынымызды Ехоба біледі.

МЕНМЕНДІК ТҰЗАҒЫ

4-абзацты қараңыз

4. Менмендік неге әкеп соғады?

4 Шайтан біздің менменсіп кеткенімізді қалайды. Осылай бізді өзіне ұқсаса екен және мәңгілік өмірден құр қалса екен дейді (Нақ. с. 16:18). Елші Пауыл мәсіхшінің “кеуде көтеріп, Ібіліске шығарылған үкімге ұшырауы мүмкін” екенін ескерткен (Тім. 1-х. 3:6, 7). Расында да, шындыққа кеше келейік, он жыл бұрын келейік — кез келгеніміз менменсіп кетуіміз мүмкін.

5. Уағыздаушы 7:16, 20-ға сай, адамның менмендігі неден көрінуі мүмкін?

5 Менмендік бар жерде өзімшілдік те бар. Шайтан бірінші кезекте Ехобаны емес, өзімізді ойлағанымызды қалайды. Әсіресе қиындыққа кезіккенде осылай етсек екен дейді. Мысалы, біреу сізге жалған айып таққан ба? Немесе әділетсіздік жасаған ба? Осындайда Шайтан сіздің Ехобаны және бауырластарыңызды кінәлап, оларға ашуланғаныңызды қалайды. Сізді Ехобаның Сөзіндегі ақыл-кеңесті елемей, “ең дұрысы — өз ақылыммен әрекет ету” деп шешсе екен дейді (Уағыздаушы 7:16, 20 оқыңыз).

6. Нидерландтағы әйел бауырластан не үйренеміз?

6 Нидерланд елінде тұратын бір әйел бауырластың оқиғасын қарастырайық. Өзгелердің кемшіліктері ызасын келтіргені соншалық, ол бұдан артық шыдай алмаймын деп ойлаған екен. Әйел бауырлас былай дейді: “Мен жалғыз қалғандай болдым. Сол бауырластарға деген көзқарасымды ешқашан өзгерте алмаймын деп ойладым. Күйеуіме басқа қауымға ауыспасақ болмайды деп те айттым”. Кейін бұл бауырлас 2016 жылдың наурыз айындағы JW Broadcasting® бағдарламасын көріп шығады. Бағдарламадан өзгелердің кемшілігіне қалай қарау керектігі жайлы біледі. Бауырласымыз былай дейді: “Мен қауымдағы бауырластарды өзгертуге тырыспай, шыншыл әрі кішіпейіл болып, өз кемшіліктеріме назар аударуым керектігін түсіндім. Сол бағдарламадан кейін мен Ехобаны және оның бүкіләлемдік билігін көбірек ойлайтын болдым”. Осы сөздерден не түюге болады? Қиыншылыққа кезіккенде Ехобаға назар тігіңіз. Дұғада одан: “Басқаларға өзің сияқты қарауға көмектесші”,— деп сұраңыз. Өйткені Әкеміз Ехоба өзгелердің кемшіліктерін көрсе де, оларды кеңпейілмен кешіреді. Ол сіздің де осылай еткеніңізді қалайды (Жох. 1-х. 4:20).

7-абзацты қараңыз

7. Ұзиях патшамен қандай жағдай болды?

7 Яһуда патшасы Ұзиях өте қабілетті адам болған. Ол талай соғыстарда жеңіске жетіп, қалалар соғып, ауылшаруашылығын дамытты. Ал “шынайы Құдай оны жарылқап отырды” (Шеж. 2-ж. 26:3—7, 10). “Бірақ әбден күшейіп алған соң, Ұзиях өз сорына тәкаппарланып кетті”. Ехобаның бұйрығына сай, ғибадатханада тек діни қызметкерлер ғана хош иісті зат түтете алатын. Бірақ Ұзиях патша менменсіп, өзгелердің ескертуіне құлақ аспай, ғибадатханаға кіріп, хош иісті затты түтетпек болды. Ехоба оның бұл әрекетін мүлдем жақтырмай, оған алапес ауруын жіберді. Ұзиях патша өмірінің соңына дейін алапесінен айықпады (Шеж. 2-ж. 26:16—21).

8. Қорынттықтарға 1-хат 4:6, 7-ні ескерсек, менмен болып кетпеу үшін не істеу керек?

8 Біз де Ұзиях сияқты менменсіп кетуіміз мүмкін бе? Хосе деген бауырластың мысалына көңіл бұрайықшы. Ол өте табысты бизнесмен болды және қауымда ақсақал болып қызмет етті. Барлық бауырластар оны құрмет тұтатын. Хосе конгрестерде баяндамалар айтатын, одан тіпті аудандық бақылаушылар ақыл-кеңес сұрайтын. Хосе былай дейді: “Бірақ мен Ехобаға арқа сүйемей, өз қабілетіме, өз тәжірибеме сенім артып кеттім. Өзімді мықтымын деп санағандықтан, Ехобаның ескертулеріне, ақыл-кеңесіне құлақ асудың қажеті жоқ деп ойладым”. Кейін Хосе ауыр күнә жасап, қауымнан шығарылды. Қуанышқа орай, Хосе бірнеше жыл бұрын қауымға қайта қабылданды. Ол былай дейді: “Мен мәсіхші үшін оның дәрежесі емес, Ехобаның тілін ала ма, жоқ па — сол маңызды екенін түсіндім”. Ендеше, бойымыздағы қабілет-дарынның бәрі, қауымда атқаратын қызметіміз де Ехобадан екенін ұмытпайық (Қорынттықтарға 1-хат 4:6, 7 оқыңыз). Өйткені менменсіп кетсек, Ехобаның құралы бола алмай қаламыз.

АШКӨЗДІК ТҰЗАҒЫ

9-абзацты қараңыз

9. Ашкөздік Шайтан мен Хауаға не істетті?

9 Ашкөздік туралы ойлағанда, ойымызға бірден Шайтан Ібіліс келетін шығар. Ол кезінде Ехобаның періштесі болғандықтан, көптеген мәртебелі қызмет атқарса керек. Бірақ ол бұдан да көп нәрсені қалады: Ехобаға ғана тиесілі ғибадатты көкседі. Ол біздің де барды қанағат тұтпай, өзі сияқты ашкөз болғанымызды қалайды. Шайтан ашкөздікке итермелеген бірінші адам Хауа болды. Хауа мен Адам “бақтағы жеміс ағаштарының бәрінен тойғанша” жей алатын (Мұс. 1-ж. 2:16). Олар тек біреуіне ғана тиіспеулері керек еді. Бірақ Хауа Шайтанның сөзінен кейін сол тыйым салынған ағаштың жемісін де жеуім керек деп ойлады. Хауа бақтағы молшылықты аз көріп, тағы да алсам екен деді. Содан күнәға батып, ақырында өлді (Мұс. 1-ж. 3:6, 19).

10-абзацты қараңыз

10. Дәуіт патша ашкөздіктің тұзағына қалай түсіп қалды?

10 Дәуіт патша Ехобаның арқасында мол дәулетке, атақ-дәрежеге ие болды және көп жауларын жеңді. Ехобаның берген сыйларының көптігі сонша, ол: “Бәрін атап шыға алмас едім!”— деген (Зәб. 40:5). Бірақ бір кездері Дәуіт Ехобаның жасаған жақсылықтарын ұмытып кетті. Ол барды қанағат етпей, одан да көп нәрсені көкседі. Өзінің бірнеше әйелі болса да, өзге біреудің әйелін қалады. Содан ол хеттік Ұрияның әйелі Барсабияны үйіне алдырып, онымен жақындасты. Барсабия жүкті болып қалды. Осы күнәсі аз болғандай, Дәуіт Ұрияны өлтіртті (Сам. 2-ж. 11:2—15). Ол қалай ғана бұндай күнәға барды? Төбеде Ехоба бәрін көріп тұрғанын қалай ұмытып кетті? Иә, көзін ашкөздік тұмшалағандықтан, ол өзімшілдікпен әрекет етті және кейін бұның ащы зардабын тартты. Қуанышқа орай, Дәуіт күнәсін мойындап, жасаған ісіне өкінді. Сөйтіп, Ехобамен қарым-қатынасын түзеді (Сам. 2-ж. 12:7—13).

11. Ефестіктерге 5:3, 4-ті ескерсек, ашкөздікке бой алдырмауға не көмектеседі?

11 Дәуіттен қандай сабақ алсақ болады? Ашкөздікке бой алдырмас үшін Ехобаның жасап жатқан барлық жақсылықтарына риза болуымыз керек (Ефестіктерге 5:3, 4 оқыңыз). Барды қанағат етуіміз керек. Киелі кітапты енді зерттеп жатқан адамдар да ризашыл болуды үйрене алады. Мысалы, олар күнде нақты бір нәрсе үшін Ехобаға рақмет айтса болады. Сонда олар бір аптада жеті түрлі тақырыпта дұға айтады (Сал. 1-х. 5:18). Сіз де сөйтесіз бе? Ехобаның сізге қандай жақсылық жасағаны туралы ойлансаңыз, бойыңызда ризашылық оянады. Ризашыл болсаңыз, қанағатшыл боласыз. Ал қанағат ашкөздіктің тұзағынан сақтайды.

12-абзацты қараңыз

12. Ашкөздік Яһуда Исқариотқа не істетті?

12 Басында Яһуда Исқариот жақсы адам болған. Иса оны елшісі етіп таңдады (Лұқа 6:13, 16). Яһуда қабілетті, сенімді адам болғандықтан, Иса оны садақаға жауапты етіп қойды. Бұл қаржымен Иса мен елшілері уағыз қызметіндегі шығындарын жабатын. Бұл бүгіндегі дүниежүзілік іске жұмсалатын садақаға ұқсайды. Бірақ кейіннен Яһуда сол қаржыдан ұрлай бастады. Иса ашкөздіктің қаупі жайлы қанша ескертсе де, Яһуда ұрлауын қоймады (Мар. 7:22, 23; Лұқа 11:39; 12:15).

13. Яһуданың ашкөз екені қай кезде анық көрінді?

13 Яһуданың ашкөздігі Иса өлмес бұрын болған бір жағдайда анық көрінді. Иса мен оның шәкірттері және Мәриям мен Марта алапеспен ауырған Шимонның үйінде қонақта отырған еді. Бәрі ас ішіп отырғанда, Мәриям өте қымбат тұратын иісмайды алып, Исаның басына құя бастады. Бірақ бұған Яһуда мен өзге шәкірттер наразы болды. Өзге шәкірттер бұл ақшаны уағыз ісіне жұмсаған дұрыс болар еді деп ойласа керек. Алайда Яһуданың ниеті қара еді. Ұры болғандықтан оның бар ойы жәшіктен ақша ұрлау болды. Ашкөздік жүрегін торлап алғаны сонша, ол кейін Исаны құлдың құнына сатып жіберді (Жох. 12:2—6; Мат. 26:6—16; Лұқа 22:3—6).

14. Бір ерлі-зайыпты Лұқа 16:13-тегі кеңесті қалай қолданды?

14 Иса шәкірттеріне: “Сендер Құдайға және байлыққа бірдей қызмет ете алмайсыңдар”,— деген (Лұқа 16:13 оқыңыз). Бұл ескертудің бүгінде де пайдасы бар. Бұған Румынияда тұратын бір ерлі-зайыптының мысалы дәлел. Оларға бір дамыған елден уақытша жұмыс табылады. “Біз банкке қомақты ақша қарыз едік. Сондықтан бұл жұмыс Ехобаның батасы ғой деп ойладық”,— дейді олар. Бірақ бір тұзақ бар еді. Сол жұмысты істесе, олар Ехобаға бұрынғыдай қызмет ете алмайтын. Кейін олар 2008 жылғы 15 тамыздағы “Күзет мұнарасының” “Біртұтас жүрекпен адалдық сақтаңдар” деген мақаласын оқиды. Сосын мынандай ойға келеді: “Басқа елге көшу себебіміз көбірек ақша табу болса, демек, Ехобамен достығымызды екінші орынға қойғанымыз. Біз бұған келіссек, рухани күйіміздің нашарлап кететінін түсіндік”. Сөйтіп, олар бұл жұмыстан бас тартты. Кейін күйеуі өз елдерінен жалақысы шығындарын жабуға жететін бір жұмыс тапты. Әйелі: “Біз Ехобаның қолы қысқа емес екенін көрдік”,— дейді. Қазір бұл ерлі-зайыпты ақшаға құл болмай, Ехобаға қызмет етіп жатқандарына қатты қуанады.

ШАЙТАННЫҢ ТҰЗАҚТАРЫНАН САҚ БОЛЫҢЫЗ

15. Шайтанның тұзақтарынан босану мүмкін бе? Қалай?

15 Өзіміздің менменсіп немесе ашкөз болып бара жатқанымызды байқасақ ше? Бұл тұзақтан енді құтыла алмаймыз деген сөз бе? Пауыл Ібіліс тірідей ұстап алған адамдардың “оның тұзағынан босана алатынын” айтқан (Тім. 2-х. 2:26). Мысалы, Дәуіт патша Натан пайғамбардың қатаң сөгісінен кейін күнәсіна өкініп, Ехобамен қарым-қатынасын түзеген. Біз де Ехобаның көмегін қабыл алсақ, Шайтанның кез келген қақпанынан босана аламыз. Ехоба Шайтаннан анағұрлым күшті екенін ешқашан ұмытпайық!

16. Шайтанның тұзақтарына түспеуге не көмектеседі?

16 Шайтанның тұзағына түсіп, кейін одан босанып шыққаннан гөрі тұзаққа мүлдем жоламаған артық. Бірақ өз-өзімізге сенімді болып кетпейік. Өйткені Ехобаға бұрыннан қызмет етіп жүрген адамдар да ашкөздік пен менмендіктің тұзағына түсіп қалған. Сондықтан Ехобаға күнде жалбарына дұға етіп, осы екі жаман қасиет санаңызды улап, әрекеттеріңізге әсер етіп жатқан жоқ па — соны байқауға көмектесуін сұраңыз (Зәб. 139:23, 24). Оларды жүрегіңізге ешқашан ұялатпаңыз!

17. Таяуда Ібіліспен не болады?

17 Ібіліс мыңдаған жылдар бойы бізге тұзақ құрып келеді. Бірақ жақын арада оның өзі мың жылға бұғауланып, кейін мәңгілікке жойылады (Аян 20:1—3, 10). Біз сол уақытты асыға күтеміз. Ал сол күн келгенше оның тұзақтарынан сақтанып жүрейік. Ашкөздік пен менмендіктің жүрегімізге ұялауына ешқашан жол бермейік. “Ібіліске қарсы тұрайық, сонда ол бізден қашып кетеді” (Жақ. 4:7).

127-ӘН Қандай адам болуым керек?

^ 5-абзац Шайтан өте мықты аңшыға ұқсайды. Ехобаға қанша уақыттан бері қызмет етпейік, ол бәрімізді тұзаққа түсіргісі келеді. Оның ең күшті тұзақтарының бірі — менмендік пен ашкөздік. Біз осы екі тұзаққа кейбіреулердің қалай түсіп қалғанын және сол тұзақтардан қалай аулақ бола алатынымызды білеміз.

^ 2-абзац СӨЗ МӘНІ: бұл мақала адамның өзін басқалардан жоғары санайтын менмендігіне және байлықты, билікті, жыныстық қатынасты, т.б. шектен тыс қалайтын ашкөздігіне баса назар аударады.

^ 53-абзац СУРЕТТЕР СИПАТТАМАСЫ: Менмен болып кеткен ер бауырлас кеңесті қабылдамай жатыр. Көп зат сатып алған әйел бауырлас тағы да алуды ойлап тұр.

^ 55-абзац СУРЕТТЕР СИПАТТАМАСЫ: Құдайдың бір рухани ұлы және Ұзиях патша менмен болып кетті. Ашкөздіктің кесірінен Хауа тыйым салынған ағаштың жемісін жеді, Дәуіт Барсабиямен күнә жасады, Яһуда ақша ұрлай бастады.