Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

27-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Ехобаның төзімділігін үлгі етейік

Ехобаның төзімділігін үлгі етейік

“Табанды болуларыңмен жандарыңды сақтап қаласыңдар” (ЛҰҚА 21:19).

114-ӘН Шыдамды болайық

АҢДАТПА *

1, 2. Ишая 65:16, 17-дегі Ехобаның сөздері еш берілмеуге қалай көмектеседі?

“ЕШ БЕРІЛМЕЙІК!” 2017 жылы өткен аймақтық конгресс осылай аталды. Бұл конгрестен қиындықта қайыспай, табанды тұруға не көмектесетінін білдік. Міне, содан бері 4 жыл өтті. Біз әлі де осы дүниенің қиындықтары мен сынақтарына төзіп келеміз.

2 Ал сіз қандай қиындыққа кезіктіңіз? Бәлкім, жақын туысыңыз не жан досыңыз қайтыс болған шығар. Әлде қатерлі дертке шалдықтыңыз ба? Я болмаса қарттықтың азабын тартып жүрсіз бе? Бәлкім, табиғи апаттың, қылмыстың, қуғын-сүргіннің құрбаны болған шығарсыз. Немесе COVID-19 пандемиясының салдарын тартып, қиналып жүрген боларсыз. Бәріміз де осы жамандықтардың келмеске кетіп, ұмыт болатын кезін зарыға күтіп жүрміз (Ишая 65:16, 17 оқыңыз).

3. Біз қазір не істеуіміз керек және неге?

3 Рас, қазір өмірде ешкімге оңай емес. Алда бұдан да үлкен қиындықтарға кезігуіміз мүмкін (Мат. 24:21). Иса: “Табанды болуларыңмен жандарыңды сақтап қаласыңдар,”— деген (Лұқа 21:19). Сондықтан бізге табандылығымызды шыңдай беру керек. Бұл үшін біздікіндей қиындықтарда табандылық танытып, төзіп жүргендер жайлы ойланайық.

4. Төзімділік таныту жағынан неліктен Ехоба — ең керемет үлгі?

4 Төзімділік танытуда ең керемет үлгі көрсетіп жүрген кім? Ехоба Құдай. Сіз мұндай жауапты күтпеген шығарсыз. Алайда мына жайлы ойлап көріңіз. Бұл дүниені Ібіліс билеп отырғандықтан, жер беті қайғы-қасірет пен азапқа толы. Ехоба олардың бәрін сап тыя алса да, белгіленген уақытты күтіп отыр (Рим. 9:22). Қазір Ехоба нақты қандай жайттарға төзіп отырғанын көрейік.

ЕХОБА ҚАНДАЙ ЖАЙТТАРҒА ТӨЗІП КЕЛЕДІ?

5. Құдайдың есімі қалай қараланды және бұл сізге қалай әсер етеді?

5 Есімінің қаралануы. Ехоба өз есімін жақсы көреді әрі өзгелер де оның есімін құрметтегенін қалайды (Ишая 42:8). Бірақ шамамен 6000 жыл бойы оның есімі қараланып, аяқасты болып келеді (Зәб. 74:10, 18, 23). Бұл Едем бағында басталды. Ібіліс (мағынасы “жалақор”) Құдайға жала жауып, Адам мен Хауаны бақытты ететін нәрсені бермей отыр деді (Мұс. 1-ж. 3:1—5). Міне, содан бері Ехоба адамзаттың бақытын байлап отыр деп қараланып келеді. Әкесінің есіміне осылай күйе жағылып жатқаны Исаны қатты мазалаған. Сондықтан ол шәкірттеріне: “Көктегі Әкеміз, сенің есімің киелі болсын!”— деп дұға етуді үйреткен (Мат. 6:9).

6. Бүкіләлемдік билігіне қатысты даулы мәселе шешілу үшін неге Ехоба көп уақыт берді?

6 Бүкіләлемдік билігіне көбісінің қарсы шығуы. Ехоба көк пен жерге билік жүргізуге толықтай құқылы. Бүкіл жаратылыс үшін онікінен асқан жақсы билік жоқ (Аян 4:11). Ал Шайтан Ехобаның билік етуге құқығы жоқ деп періштелер мен адамдарды алдауға тырысып келеді. Ехобаның бүкіләлемдік билігіне қатысты бұл дау бір-ақ күнде шешіле салатын мәселе емес. Сондықтан ол адамзатқа өз-өзіне билік етіп көруге жетерліктей уақыт берді. Осылай Жаратушыларынан тәуелсіз өмір сүргендері еш жақсылық әкелмейтініне көз жеткізсін деді (Ерм. 10:23). Ехобаның төзімділігінің арқасында бұл мәселе түпкілікті әрі біржолата шешілмек. Жер бетінде нағыз тыныштық пен қауіпсіздікті тек оның Патшалығы ғана орната алатыны дәлелденіп, оның билігі ақталмақ.

7. Кімдер Ехобаға қарсы шықты және олармен не болады?

7 Кейбір балаларының бүлік шығаруы. Ехоба көктегі де, жердегі де балаларын мінсіз етіп жаратты. Бірақ бір рухани ұлы бүлік шығарып, Шайтанға (мағынасы “қарсылас”) айналды. Ол кемелді Адам мен Хауаны да Ехобаға қарсы қойды. Бүлікке кейін кейбір періштелер мен адамдар да қосылды (Яһд. 6). Тіпті Ехобаның таңдаулы халқы Исраил де одан бас тартып, жалған тәңірлерге құлшылық ете бастады (Ишая 63:8, 10). Бұл сатқындық Ехобаға ауыр соққы болып тисе де, ол төзіп келеді. Өйткені өз уақытында бүлікшілерді де, бүліктің барлық салдарын да жояды. Мына дүниеде зұлымдыққа төзіп жүрген Ехобаның адал қызметшілері сол кезде зор жеңілдік сезінетін болады!

8, 9. Ехоба жайлы қандай өтіріктер тараған және осы орайда біздің әрекетіміз қандай?

8 Шайтанның сансыз өтірік таратуы. Шайтан Ехобаның барлық адал қызметшілері оған арам ниетпен қызмет етеді деп жала жапты (Әйүп 1:8—11; 2:3—5). Ол Әйүп пайғамбардың кезіндегідей, бүгінде де Ехобаның адал қызметшілерін айыптауды қояр емес (Аян 12:10). Бірақ біз Ехобаны шын сүйгендіктен, оған адалдық сақтап, қиыншылықтарға төзсек, Шайтанның өтірікші екенін дәлелдей аламыз. Ехоба төзімділігіміз үшін Әйүпті жарылқағандай, бізді де жарылқайды (Жақ. 5:11).

9 Шайтан жалған діннің жетекшілерін қолданып, “Құдай қатыгез, адамдарға қасірет жіберетін — сол” деген жалған ілімдер таратады. Біреудің сәбиі қайтыс болғанда, олар “Құдай оны көкке періште қажет болғандықтан алған ғой” дейді. Бұдан асқан сорақы жала жоқ шығар! Біз Ехобаны жақсы білеміз. Сондықтан ауыр дертке шалдыққанда немесе жақын туысымызды жоғалтқанда, оны ешқашан кінәламаймыз. Қайта, уақыты келгенде Ехоба бәрін қалпына келтіретініне сенімді боламыз. Сондай-ақ тыңдағысы келген адамдардың бәріне оның қаншалықты сүюші Құдай екенін айтамыз. Сонда Ехоба оны қорлағанға жауап бере алады (Нақ. с. 27:11).

10. Зәбүр 22:23, 24-тен Ехоба туралы не білеміз?

10 Аяулы қызметшілерінің қасірет шегуі. Ехоба — жанашыр Құдай. Ол жанымызға батқан ауру-сырқауды, кемелсіздікті, қуғын-сүргінді жек көреді. Осының бәрінен жанайқайымыз шығып қиналғанда, ол да бірге қиналады (Зәбүр 22:23, 24 оқыңыз). Ол қайғы-қасіретіміздің бәрін тоқтатқысы келеді әрі тоқтатады да (Мұс. 2-ж. 3:7, 8; Ишая 63:9 салыстырыңыз). Сол уәделі күн келгенде, “Құдай [көзіміздегі] әрбір жасты сүртіп тастайды, енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды” (Аян 21:4).

11. Ехобаның өмірден өткен достарына деген сезімдерін айтып беріңіз.

11 Өмірден өткен достарын ұзақ уақыт көрмеуі. Ехоба қайтыс болып кеткен адал қызметшілерін көруді аңсайды (Әйүп 14:15). Ол досы Ыбырайымды қатты сағынады (Жақ. 2:23). “Бетпе-бет сөйлескен” Мұсаны да көргісі келеді (Мұс. 2-ж. 33:11). Дәуіт пен өзге де зәбүр жыршыларының әдемі мадақ жырларын қайта тыңдағысы келеді (Зәб. 104:33). Осы достары өлім ұйқысында жатса да, Ехоба оларды жадынан шығарған жоқ (Ишая 49:15). Олардың қандай адам болғаны бүге-шігесіне дейін есінде. Осы мағынада “ол үшін бәрі тірі” (Лұқа 20:38). Уақыты келгенде Ехоба оларды тірілтеді. Сонда олар Ехобаға қайтадан дұға етіп, ғибадат етіп, оның жүрегін қуантады. Егер сіз жақыныңыздан айырылған болсаңыз, осы ойлар жаныңызға жұбаныш берсін дейміз.

12. Осы соңғы күндері Ехобаның жанына әсіресе не батады?

12 Зұлымдардың басқаларға жәбір көрсетуі. Едем бағында бүлік шыққанда, Ехоба адамзаттың жағдайы бұдан былай нашарлай беретінін білді. Ехоба дүниеде болып жатқан зұлымдықты, әділетсіздікті, зорлық-зомбылықты жек көреді. Ол қашанда жетім-жесірлер сияқты ең әлсіз, ең қорғансыз жандарға жаны ашып, қамдарын ойлаған (Зәк. 7:9, 10). Ал өзінің адал қызметшілерінің жәбір көріп, түрмеге жабылып жатқаны оның жүрегін одан сайын ауыртады. Осы қиындықтарда онымен бірге табандылық танытып жатқан сіздерді ол қатты жақсы көреді!

13. Адамзат қаншалықты бұзылып кетті және Ехоба оларға қандай шара қолданады?

13 Адамдардың азғындануы. Шайтан Құдайға ұқсас жаратылған адамдарды құлдыратып, аздырып-тоздырғаннан ләззат алады. Нұхтың күндерінде “Ехоба адам баласының жер бетінде жасаған зұлымдығы орасан зор екенін” көргенде, “өзі жаратқан адамдарға қарап қынжылып, жүрегі ауырған” (Мұс. 1-ж. 6:5, 6, 11). Содан бері адамзаттың күйі ушықпаса, еш жақсарған жоқ. Шайтан адамдардың жыныстық азғындықтың түр-түрін жасап жатқанына, қарсы жынысты, бір жынысты адамдардың азғын істерге белшесінен батып жатқанына мәз болады (Ефес. 4:18, 19). Ал таза ғибадат ететіндерді осындай күнәға еліктіргенде, оның төбесі көкке жетеді. Шыдамы шегіне жеткенде, Ехоба азғындықты түптамырымен жойып, оны қаншалықты жек көретінін көрсетеді.

14. Адамдар Құдай жаратқан жермен не істеп жатыр?

14 Жердің бүлінуі. “Адамның адамға билік етуі тек зиян келтіргені” былай тұрсын, Ехоба сеніп тапсырған табиғат пен жан-жануар әлеміне де олардың зияны тиіп жатыр (Уағ. 8:9; Мұс. 1-ж. 1:28). Ғалымдардың ескертуінше, алдағы бірнеше жыл ішінде өсімдіктер мен жануарлардың 1 000 000 түрі жойылып кету қаупі бар. Кейбір адамдардың неге қайта-қайта дабыл қағып жатқаны түсінікті-ақ. Қуанышқа орай, Ехоба “жерді бүлдіргендерді құртып”, дүниенің әр бұрышын әсем баққа айналдыруды уәде етеді (Аян 11:18; Ишая 35:1).

ЕХОБАНЫҢ ТӨЗІМДІЛІГІН ҮЛГІ ЕТЕЙІК

15, 16. Бізді Ехоба сияқты төзімді болуға не талпындырады? Мысал келтіріңіз.

15 Көктегі Әкеміз бірнеше мың жыл бойы жер бетіндегі қаншама қасіретке төзіп келе жатқанын ойлаңызшы (“ Ехоба төзіп отырған жайттар” деген қоршауды қараңыз). Ехоба қиындықтардың барлығын бір демде-ақ тоқтата алар еді. Бірақ оның шыдамдылығының арқасында біз батаға кенеліп отырмыз. Мына мысалға назар аударыңызшы: бала күтіп жүрген бір ерлі-зайыптыға дәрігерлер балаларының ауру болып туылып, қатты қиналатынын, көп өмір сүрмей, қайтыс болатынын айтады. Алда көп тауқымет тартанын білсе де, олар балаларын жарық дүниеге әкеледі. Оны өз жандарынан артық сүйгендіктен, ата-анасы кез келген қиыншылыққа төзіп, сәбилеріне бар жақсыны береді. Оны барынша бақытты етуге тырысады.

16 Осы мысалдағы сияқты, Адам мен Хауаның ұрпақтары да мына дүниеге кемелсіз болып келеді. Ехоба оларды сонда да жақсы көреді және қамдарын ойлайды (Жох. 1-х. 4:19). Бірақ ол әлгі ата-ана сияқты шарасыз емес. Ол адамзатты азапқа салып жатқан ауру-сырқауды түгел жоятын күнді белгілеп қойған (Мат. 24:36). Ехобаның мұндай сүйіспеншілігі бізді қанша қажет болса, сонша төзуге талпындырады емес пе?!

17. Еврейлерге 12:2, 3-те Иса туралы айтылған сөздер бізге төзімді болуға қалай көмектеседі?

17 Ехоба — төзімділіктің кемелді үлгісі. Әкесінің осы қасиетіне Иса да еліктеген. Ол біз үшін қастық сөздерге, қорлыққа, бағанадағы азапқа төзді (Еврейлерге 12:2, 3 оқыңыз). Өйткені Ехобаның төзімділігі оған күш берді. Ол сізге де күш бере алады.

18. Петірдің 2-хаты 3:9-да айтылғандай, Ехобаның шыдамдылығы қандай жеміс әкелуде?

18 Петірдің 2-хаты 3:9 оқыңыз. Мына зұлым дүниені қашан жойған дұрыс екенін Ехоба жақсы біледі. Оның шыдамдылығы қандай жеміс әкелгенін ойлап көріңізші: миллиондаған адамнан тұратын ұлы жамағат жиналып, бүгінде олар Ехобаға қуана ғибадат етіп, оны мадақтап жүр. Ехоба олардың туылып, ол туралы білім алып, өмірлерін бағыштаған уақытқа дейін төзімділік танытқанына олар шексіз риза! Ехоба соңына дейін төзімді болған осы миллиондаған жанға уәде еткен сыйын береді. Сол кезде Ехобаның төзімділік танытқаны ең дұрыс шешім болғаны бәріне айқын болады!

19. Біз не істеуге бекінуіміз керек және бұл үшін біз қандай сый аламыз?

19 Шайтан қаншама қайғы-қасірет әкелсе де, Ехоба “бақытты Құдай” болып қала береді (Тім. 1-х. 1:11). Біз одан қиындыққа қуанышпен төзуді үйренеміз. Ехоба өзінің есімін киелі ететін, бүкіләлемдік билігін ақтайтын, барлық зұлымдық пен қиындықтарымызды түптамырымен жоятын күн келгенше шыдамды болып, қуанышымызды жоғалтпаймыз. Көктегі Әкеміз де төзіп отырғаны бізге жұбаныш болсын және бізге де төзуге күш берсін! Сонда мына сөздердің орындалуына куә боламыз: “Сынақтарда табандылық танытатын адам бақытты, себебі Ехобаның ықыласына ие болып, өзін сүйетіндерге уәде еткен өмір тәжін алады” (Жақ. 1:12).

139-ӘН Жұмақта жүргеніңді елестет

^ 5-абзац Әрқайсысымыздың басымызда қиындық бар. Кейбір қиындықтардың шешімі болғанмен, басқаларына төзуден басқа амал жоқ. Бірақ біз жалғыз емеспіз. Ехоба да көп нәрсеге төзіп келеді. Бұл мақаладан Ехоба қандай тоғыз жайтқа төзіп отырғанын білеміз. Сондай-ақ оның төзімділігі қандай жақсылық әкеп жатқанын және одан қандай үлгі алатынымызды көреміз.