Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

36-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Жастардың күш-қайратын бағалаңыз

Жастардың күш-қайратын бағалаңыз

“Жастардың сән-салтанаты — күш-қайраты” (НАҚ. С. 20:29).

88-ӘН Ақ жолыңнан таймайын

АҢДАТПА *

1. Жасымыз ұлғайғанда қандай мақсаттар қойсақ болады?

ЖАСЫМЫЗҒА жас қосылып, қарттыққа аяқ басқан сайын, Ехобаға бұрынғыдай қызмет ете алмайтын болдым деп уайымдайтын шығармыз. Бірақ біз өмірде жинап-терген тәжірибеміз бен даналығымызды жастардың игілігіне жұмсай аламыз. Мысалы, олардың потенциалын толық ашуға, қауымда жаңа міндеттер алуға көмектессек болады. Көп жылдан бері ақсақал болып қызмет еткен бір қарт бауырлас былай дейді: “Кейбір іске шамам келмей қалғанда, қауымдағы істерді алып кететін жас ер бауырластардың болғанына қатты қуандым”.

2. Бұл мақалада не талқылаймыз?

2 Өткен мақалада біз жасы кіші бауырластар жасы үлкен бауырластармен араласқандарының қандай пайдасын көретінін қарастырдық. Ал бұл мақалада жасы үлкендер кішіпейілділік, қарапайымдылық, ризашылдық пен жомарттық қасиеттерін таныта отырып, жасы кішілермен қалай қызметтесе алатынын және бұның пайдасын бүкіл қауым көретінін талқылаймыз.

КІШІПЕЙІЛ БОЛЫҢЫЗ

3. Філіпіліктерге 2:3, 4-ке сай, кішіпейілділік деген не және кішіпейіл мәсіхші нені түсінеді?

3 Жасы үлкендер жасы кішілерге көмектескілері келсе, кішіпейіл болулары керек. Кішіпейіл адам өзгелерді өзінен жоғары санайды (Філіпіліктерге 2:3, 4 оқыңыз). Кішіпейіл қарт бауырластар барлық нәрсе олар үйреніп қалған жолмен шешіледі деп күтпейді. Олар қандай да бір істі атқарудың Киелі кітапқа негізделген өзге де тиімді жолдары бар екенін мойындайды (Уағ. 7:10). Тәжірибелері мол болса да, олар “бұл дүние өзгеріп” жатқандықтан, жаңа жағдайларға бейімделу керектігін түсінеді (Қор. 1-х. 7:31).

Жасы үлкендер тәжірибелерімен жомарттықпен бөліседі (4, 5-абзацтарды қараңыз) *

4. Бұрын аудандық бақылаушы болғандар леуіліктерден қандай үлгі алады?

4 Кішіпейіл қарт бауырластар бұрынғыдай көп қызмет ете алмайтындарын мойындайды. Мысалы, аудандық бақылаушыларды алайық. Жастары жетпіске келгенде, олардың тағайындалулары ауысады. Бұл өзгеріс оларға оңай тимеуі мүмкін. Өйткені олар қауымдарға аудандық бақылаушы ретінде көмектесуді қатты жақсы көрген. Осы сүйікті қызметтерін атқара беруге деген ықыластары әлі де жанып тұрған шығар. Бірақ олар енді жастарға жол беру керектігін түсінеді. Олар ежелгі Исраилдегі леуіліктерден үлгі алады. Леуіліктер елу жастан кейін киелі шатырдағы қызметтерін тоқтататын. Бірақ олардың қуаныштары қандай да бір тағайындалуға байланбаған еді. Олар қолдарынан келетін кез келген істі жан-тәндерімен атқаратын және жастарға көп көмектесетін (Мұс. 4-ж. 8:25, 26). Бүгінде де аудандық бақылаушылар жетпіс жастан кейін қауымдарды аралауды доғарса да, тағайындалған жаңа қауымдары үшін нағыз бата болып жүр.

5. Дан мен Кетиден қандай үлгі алдыңыз?

5 Дан деген бауырлас 23 жыл бойы аудандық бақылаушы болып қызмет еткен. Жасы жетпіске келгенде, әйелі Кети екеуі арнайы ізашар болып тағайындалады. Олар бұл өзгеріске қалай бейімделді? Дан бауырлас жаңа қызметіне құлшына кірісіп кетті. Ол қауымдағы міндеттерін атқарып, ер бауырластарға қызмет көмекшісі болуға көмектесіп, бауырластарға адам көп шоғырланған жерлерде және түрмелерде уағыздауды үйретіп жүр. Қымбатты қария бауырласымыз, қазіргі тағайындалуыңыз қандай болмасын, сіз өзгелерге көп көмектесе аласыз. Бұл үшін жаңа жағдайдан қуаныш табуды үйрене беріңіз, жаңа мақсаттар қойыңыз. Істей алмайтын емес, істей алатын істерге көз тігіңіз.

ҚАРАПАЙЫМ БОЛЫҢЫЗ

6. Қарапайым болудың маңыздылығын мысалмен түсіндіріп беріңіз.

6 Қарапайым адам өзінің шама-шарқын біледі (Нақ. с. 11:2). Ондай адам қолынан келмейтінді істеуге тырыспайды. Соның арқасында ол қуанышын жоғалтпайды, әрі қолынан келетін істі жемісті атқарады. Қарапайым адамды жүк көлігімен тауға қарай көтеріліп бара жатқан жүргізушіге теңеуге болады. Мұндайда ол жылдамдығын азайтып, жоғарыға қарай ақырын жүріп отырады. Ол баяу қозғалғанмен, діттеген жеріне қарай кете береді. Сол сияқты, қарапайым адам қай кезде жылдамдықты өзгерту керектігін біледі. Соның арқасында ол Ехобаға жемісті қызмет ете береді (Філіп. 4:5).

7. Барзилайдың қарапайым болғаны неден көрінді?

7 Сексен жаста болған Барзилайдың оқиғасын алайық. Дәуіт патша оны өзімен бірге патша сарайында тұруға шақырғанда, ол бұдан бас тартты. Өйткені жасы келіп қалғандықтан, ол өзінің шама-шарқын ескерді. Содан орнына жастау Кимхамды жіберді (Сам. 2-ж. 19:35—37). Барзилайдың қарапайымдылығына еліктеген бүгіндегі көп қарияларымыз да қызметтерін жастау бауырластарға қуана тапсырады.

Құдай Дәуітке ғибадатхананы оның ұлы соғатынын айтқанда, ол мұны кішіпейілділікпен қабылдады (8-абзацты қараңыз)

8. Құдайдың ғибадатханасын соққысы келген Дәуіт қалай қарапайымдылық танытты?

8 Дәуіт патша да қарапайымдылық танытқан. Ол Ехобаның үйін соғуды бар жүрегімен қалаған. Бірақ Ехоба үйді жас Сүлеймен соғатынын айтады. Сонда Дәуіт мұнымен келісіп, жобаның құрылысына жан-тәнімен қолдау көрсетеді (Шеж. 1-ж. 17:4; 22:5). Ол “Сүлеймен жас әрі тәжірибесіз, сондықтан бұл ғибадатхананы менің соққаным жақсырақ болар еді” деп ойламады (Шеж. 1-ж. 29:1). Өйткені бұл жоба сол істі қолға алғандардың жасы мен тәжірибесіне емес, Ехобаның батасына байланысты екенін жақсы білді. Дәуіт сияқты қарт бауырластар қызметтері ауысса да, белсенділіктерін жоғалтпайды. Сондай-ақ олардың орнын басқан жастарға Ехоба батасын беретінін біледі.

9. Бір комитет мүшесі қалай қарапайымдылық танытты?

9 Бүгінде де көп қарт бауырлас қарапайымдылық танытып жүр. Солардың бірі — Шигео бауырлас. Ол 1976 жылы 30 жасында филиал комитетінің мүшесі болып тағайындалады. Ал 2004 жылы филиал комитетінің үйлестірушісі болады. Кейін әл-қуаты кетіп қартайғанда, бұл қызметті әрі қарай атқара алмайтынын түсінеді. Сөйтіп, дұға етіп, үйлестірушілік қызметті жастау бауырлас атқарса дұрыс болады деген тоқтамға келеді. Қазір Шигео үйлестіруші болмаса да, өзге комитет мүшелерімен иық тіресе қызмет етіп жүр. Барзилай, Дәуіт патша және Шигео бауырлас сияқты қарапайым да кішіпейіл адам жастардың тәжірибесіздігіне емес, олардың мол күш-қайратына назар аударады. Жастарды бақталастарым деп емес, қызметтегі серіктерім деп біледі (Нақ. с. 20:29).

РИЗАШЫЛ БОЛЫҢЫЗ

10. Жасы үлкен бауырластар қауымдағы жастау бауырластарға қалай қарайды?

10 Жасы үлкендер жасы кішілерді Ехобадан келген сый деп біледі, әрі осы сый үшін олар Ехобаға риза. Олар күш-қайраты мол жастардың қауымның істерін атқаруға дайын екендеріне қатты қуанады.

11. Жастардың көмегін ризашылықпен қабылдағанда, қариялар қандай батаға кенеледі? (Рут 4:13—16)

11 Жастардың көмегін ризашылықпен қабылдаған қариялардың бірі — Нағима. Алғашында Нағима жесір қалған келіні Рутты өз еліне қайтарып жібермек болады. Бірақ Рут енесімен бірге Бетлехемге барамын деп алған бетінен қайтпайды. Сонда Нағима адал келінінің бұл көмегінен бас тартпайды (Рут 1:7, 8, 18). Осының нәтижесінде екеуі де мол батаға кенелді (Рут 4:13—16 оқыңыз). Кішіпейіл қариялар Нағимадан үлгі алады.

12. Пауылдың ризашыл екені неден көрінді?

12 Елші Пауыл да өзгелердің көмегін ризашылықпен қабылдаған. Мысалы, оған жіберген сыйлықтары үшін Філіпідегі мәсіхшілерге рақмет айтқан (Філіп. 4:16). Тімөтеге қолғабыс болғаны үшін ризашылығын білдірген (Філіп. 2:19—22). Сондай-ақ тұтқындалып, Римге бара жатқан кезінде жігерлендіруге келген бауырластары үшін Құдайға ризашылық білдірген (Ел. іс. 28:15). Пауыл белсенді, қуатты адам болған. Ол мыңдаған шақырымдар жүріп уағыздаған және түрлі жердегі қауымдарды нығайтқан. Бірақ ол бауырластардың көмегін қабылдауға намыстанбаған.

13. Қариялар қауымда жастардың барына ризашылықтарын қалай білдірсе болады?

13 Жасы үлкен бауырластар, сіздер қауымда жастардың барына риза екендеріңізді көп жолдармен көрсете аласыздар. Мысалы, олар сізге көлікпен бір жаққа апарып-әкелу, дүкенге бару сияқты көмектерін ұсынса, бұны ризашылықпен қабылдаңыз. Олардың көмектерін Ехобаның сүйіспеншілігі деп біліңіз. Осылай араласқандарыңыз керемет достыққа ұласуы мүмкін. Жас серіктеріңізге рухани өсуге көмектесіңіз. Қауым үшін көп еңбек атқарып жатқандарын байқасаңыз, мақтауды ұмытпаңыз. Уақыт бөліп, өмірде болған оқиғаларыңызды айтып беріңіз. Сонда сіз Ехобаға жастарды қауымға тартқаны үшін “алғыс білдіре” аласыз (Қол. 3:15; Жох. 6:44; Сал. 1-х. 5:18).

ЖОМАРТ БОЛЫҢЫЗ

14. Дәуіт патша қалай жомарттық танытты?

14 Жасы үлкен кісілер таныту керек тағы бір қасиет — жомарттық. Мысалы, Дәуіт патшаны алайық. Ғибадатхананы соққаны үшін барлық атақ Сүлейменге тиетінін білсе де, ол ғибадатхананың құрылысына өз қалтасынан көп қаржы шығарды (Шеж. 1-ж. 22:11—16; 29:3, 4). Біз де теократиялық құрылыс жобаларына бұдан әрі қатыса алмай қалсақ, оны қалтамыз көтергенше қаржылай қолдасақ болады. Сондай-ақ жылдар бойы жинаған құнды тәжірибемізді жастардың игілігіне жұмсау арқылы да жомарт болайық.

15. Елші Пауыл Тімөтеге қалай жомарттық танытты?

15 Елші Пауыл да жомарттық танытқан. Ол жас Тімөтені миссионерлік сапарында алып жүріп, оған уағыздау мен тәлім берудің қыр-сырын үйретті (Ел. іс. 16:1—3). Соның арқасында Тімөте шебер уағыздаушы болды (Қор. 1-х. 4:17). Кейін ол Пауылдан үйренгендерін өзге мәсіхшілерге де үйретті.

16. Шигео бауырлас жасы кішілерді не үшін үйретті?

16 Қарт бауырластар “білген-түйгенімнің бәрін жастарға үйретсем, кейін менің керегім болмай қалады” деп қорықпайды. Мысалы, Шигео бауырлас филиал комитетінің жастау мүшелеріне білгендерін үйретіп келген. Өйткені ол өз елінде Патшалық ісін алға жылжытқысы келді. Ал кейін үйлестірушілік қызметті атқара алмай қалған кезде, оның орнына өзі үйреткен бауырластардың бірі келді. Шигео бауырлас филиал комитетінде жинаған 45 жылдық тәжірибесін әлі де жастау бауырластардың игілігіне жұмсап келеді. Осындай жомарт бауырластар Ехобаның халқы үшін нағыз бата!

17. Лұқа 6:38-ге сай, жасы үлкендер өзгелерге не бере алады?

17 Қарт бауырластар, біз сіздерге қарап, Ехобаға адалдық пен мінсіздік сақтап қызмет ету — ең жақсы өмір жолы екенін көреміз. Сондай-ақ Киелі кітап принциптеріне сай өмір сүргенде ғана бақытты болатынымызды білеміз. Сіздердің көп істе тәжірибелеріңіз болса да, жаңа жағдайларға бейімделу керектігін түсінесіздер. Жақында шомылдыру рәсімінен өткен қариялардың да қауымға берері көп. Сіз осы шағыңызда Ехобаны білгенде, қандай қуанышқа кенелгеніңізді айтып бере аласыз. Жастар сіздің басыңыздан өткен оқиғаларды, өмірден алған сабақтарыңызды естуге асық. Сіз жиып-терген қазынаңыздан бере берсеңіз, Ехоба да сізді молынан жарылқайды (Лұқа 6:38 оқыңыз).

18. Жасы үлкендер мен жасы кішілер бір-біріне қалай көмектеседі?

18 Қауымда жасы үлкендер мен жасы кішілер өзара дос болса, бір-біріне демеу бола алады (Рим. 1:12). Екі жақтың да бір-біріне берері бар. Мысалы, қария бауырластарда даналық пен тәжірибе болса, жастау бауырластарда күш-қайрат бар. Олар иық тіресе қызметтессе, көктегі Әкелеріне мадақ әкеледі және қауым үшін бата болады.

90-ӘН Бір-бірімізді жігерлендірейік

^ 5-абзац Қауымдарымызда Ехобаның ұйымын қолдап жүрген жастарға қария бауырластар көп көмектесе алады. Мәдениеті мен шыққан ортасы қандай болмасын, олар жастарды Ехобаға бар күш-қуаттарын беріп қызмет етуге талпындыра алады.

^ 55-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Аудандық бақылаушы жетпіс жасқа келген соң, әйелі екеуінің қызметі ауысты. Көп тәжірибе жинағанның арқасында олар қазіргі қауымдарында басқаларды үйретіп жүр.